1899
Арнаулы жасақ – арландардың арманы
Арнаулы жасақ – арландардың арманы
Жуырда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» қызметінің тұрақты орналасу орнына барып, арнаулы бөлімшедегі офицерлермен кездескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев олардың қызметі әскери уақытта ғана емес, бейбіт кезеңде де аса маңызды екенін айта келе: «Барлау басқармасының және «Бүркіт», «Сұңқар», «Арыстан» құрылымдарының қызметі әдетте БАҚ-та көрсетілмейді. Бұл жөнінде көп әңгіме айтылмайды. Бұл түсінікті. Сіздердің жұмыстарыңыз, әсіресе, қазіргі заманда өте маңызды болған соң келіп отырмын», – деді. Расында да, әлемдік геосаяси ахуал қысқа күнде қырық құбылып, терроризм мен экстремизм жалпақ жаһанға қауіп төндіріп тұрғанда еліміздің қауіпсіздігіне кепіл болатын арнаулы жасақтар жайлы білетінімізден білмейтініміз көп.
Арнайы жасақ – мемлекеттің әскери қуатының ғана емес, экономикалық һәм әлеуметтік дамуының да жинақталған көрінісі. Ел ішіндегі тыныштық пен тұрақтылықты кірпік қақпай қорғайтын жауынгерлерге артылған жауапкершілік ерен. Арқаға түсер жүктің жеңіл болмайтынын білсе де, Отан қорғауды ер жігіттің қасиетті борышы деп білетін талай жас арнаулы жасақтың сапында қызмет етуге талпынады. Бала кезінде Елбасымыз да арнайы жасақтың офицері болуды армандаған екен. «Сіздердің еңбектеріңіз өте ауыр: бұл күн сайынғы ауыр жаттығу мен қиын сынақ. Бірақ жас кезіңде бұл бір жағынан жақсы да. Жасөспірім шағымызда бәріміз де сіздер сияқты болғымыз келген. Бүгінгі күннің нағыз батырлары – сіздер!», – деді Нұрсұлтан Назарбаев «Арыстанның» айбынды сарбаздарымен кездесу кезінде.
Арнаулы қызмет күштерінің қатарына қабылдануға ниеттілер көп-ақ. Бірақ бұл мақсатқа жету үшін қара күштің аздық ететінін орта жолға келгенде бір-ақ түсініп жататындар бар. Арманшыл жастар таңдаудан қателеспес үшін Елбасы арнайы жасақ жауынгерлерін қандай сынақ күтіп тұрғанын ескертті. «Арнаулы мақсаттағы бөлімшелер мемлекетке әскери уақытта да, бейбіт кезде де қажет болады. Арнаулы жасақ жауынгерінің күнделікті қызметі өміріне қауіпті қатерлермен байланысты психофизикалық зор ауыртпалықтарға толы. Бұл айрықша дайындық пен машықты, өз ісін жетік меңгеруді, қару қолдана білуді, сондай-ақ психологиялық орнықтылықты қажет етеді», – деп Мемлекет басшысы арнаулы мақсаттағы бөлімшелерге қатаң іріктеу арқылы моральдық тұрғыдан ұстамды және күш-қуаты мықты сарбаздар ғана келетінін айтты.
Қазақстанның арнаулы мақсаттағы жасақтары
Бүгінде Қазақстанда әр түрлі күштік құрылымдарға қарайтын 20-ға тарта арнаулы қызмет бөлімшесі бар. Көпшілік олардың кейбірінің атауын ғана естігені болмаса, мақсат-міндетін, атқаратын қызметін біле бермейді. Қазақстан Республикасы Президентінің күзет қызметіне қарасты «Қалқан» жауынгерлік қорғаныс бөлімшесі Елбасының қауіпсіздігіне жауапты болса, Республикалық гвардияның «Көкжал» арнаулы жасағы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты «Арыстан» арнайы бөлімшелері терроризмге қарсы күресу мақсатында құрылған. Ал ҚР ҰҚК-нің «Қуат» арнаулы жасағына еліміздің қылмыстық ахуал ушығып тұрған аймақтарын бақылауда ұстау міндеті жүктелген. ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты төрт арнаулы жасақ бар: «Сұңқар», «Бүркіт», «Арлан» және «СОБР». «Арлан» – 470 әскерден тұратын шағын құрылымдық күш. Қарулы топ қандайда бір әскери қақтығыс орын алған жағдайда жедел іске кірісу үшін тәулік бойы кезекшілікте тұрады. «СОБР» – қоғамдағы жаппай тәртіпсіздікке қарсы әрекет ететін қауіпсіздік күші, жалпы саны – 929. Ал құрамына 1 мыңнан астам жауынгер енетін «Сұңқар» – резервтегі негізгі күштеріміздің бірі. Ол қырғи-қабақ келеңсіздік орын алған кезде, Алматыдан Қазақстанның кез келген түкпіріне әп-сәтте жететін дайындығы тастүйін жігіттерден жасақталған. Еліміздің алты аймағына орналасқан «Бүркіт» арнайы бөлімшесіндегі сарбаздардың саны бес жүзді құрайды. Бөлімше қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету және аса қауіпті қылмыскерлерді тұтқындау мақсатында құрылған.Айбыны асқақ «Арыстан»
Арнаулы жасақтардың ішінде «Арыстанның» атағы ерек. Халықаралық тәжірибе бойынша шыңдалып, америкалық ЦРУ мен ФБР, израильдік «ЯМАМ», ағылшындардың САС, немістердің GSG-9 базасында даярлықтан өткен «арыстандықтардың» айбыны 2011 жылы елімізді дүр сілкіндірген террорлық актілер кезінде танылды. Олар Ақтөбе, Тараз, Боралдайда қару кезенген лаңкестердің көзін жойған болатын. 2011 жылдың 3 желтоқсанында «Арыстан» қызметінің жауынгерлері Алматы облысы, Іле ауданына қарасты Боралдай ауылында қарулы діни-экстремистік топты залалсыздандыру бойынша антитеррористік операция өткізді. Бұл лаңкестік топтың мүшелері сол жылы 8 қарашада екі полиция қызметкерін өлтірген және Қазақстан бойынша бірнеше лаңкестік акт жасауды жоспарлаған. Қарулы қылмыскерлер Боралдайдағы Шпак көшесі, 43-үйге бекінгені белгілі бола салысымен, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Алматы қаласының ішкі істер арнаулы қызметтері ауданды толықтай қоршауға алды. Операция кезінде экстремистер өз еркімен берілуден бас тартып, жауынгерлерге қарсы оқ жаудырды. «Арыстандықтардың» оперативті қызметінің арқасында қарулы қарсылық көрсеткен лаңкестік топтың бес мүшесінің көзі жойылды. Арнайы операция түнгі сағат 23.50-де аяқталды. Өкінішке қарай, діни-экстремистік топты залалсыздандыру бойынша жүргізілген антитеррористік операция кезінде «Арыстан» екі жауынгерінен айрылды. Майор Роман Долгов пен майор Тахир Алпысов ұрыс кезінде алған ауыр жарақаттан көз жұмды. Екі сардар да Қазақстан Президентінің Жарлығымен жауынгерлік тапсырманы орындау барысында көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Боралдай операциясы кезінде «арыстандықтардың» ішінде тағы бір жауынгер мемлекеттік наградаға ие болды. Капитан шеніндегі жас жігіт Рауан Қабылановтың ұрыс кезіндегі батыл қимылы қарулы лаңкестердің шабуылын әлсіретті. Оның қылмыскерлер бекінген үйге лақтырған гранатасы лаңкестерді бір сәтке есеңгіретіп тастады. Осыны пайдаланып, арнаулы топтың жігіттері жаралыларды тасаға алып шықты. Капитан Рауан Қабыланов жауынгерлік тапсырманы орындау барысында көрсеткен осы ерлігі үшін II дәрежелі «Айбын» орденіне лайық деп танылды. «Арыстан» десе еске түсетін тағы бір үлкен операция 2011 жылы тамыздың 23-нен 24-іне қараған түні жасалған еді. Сол түні «арыстандықтар» Қостанай облыстық ұлттық қауіпсіздік департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, Арқалық қаласына таяу ауданда Ресей Федерациясына ірі көлемде есірткі жеткізбекші болған қарулы қылмыстық топты құрықтау операциясына кірісті. Жамбыл облысынан 204 қап марихуананы нығыздап салып, «УАЗ» автокөлігімен Наурызым ауданындағы Дәмді ауылына жеткізіп, одан әрі шекара асырмақ болған есірткі тасымалдаушылар арнаулы жасақ жауынгерлерінің торына түсті. Қылмыстық топтың жетекшісі Қайрат Биқаев 20 жылға бас бостандығынан айырылса, топтың өзге мүшелері 16 жылға кесілді. Операция кезінде қылмыскерлер есірткі тиелген «УАЗ» автокөлігімен «Арыстан» қызметкері Қайрат Ибраимовты қағып өткен болатын. Бірнеше жерден сүйектері сынған 26 жастағы жауынгер Арқалықтағы аймақтық ауруханада жатып көз жұмды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен аға лейтенант Қайрат Ибраимов жауынгерлік тапсырманы орындау барысында көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.Талап күшті, тәртіп қатал
Қызметін адал атқару үшін өз басын қатерге тігуден тайынбайтын осындай жауынгерлерді даярлайтын бөлімшенің тарихы өткен ғасырдың соңынан, ел тағдыры таразыға түсетін алмағайып кезеңнен бастау алады. 1974 жылы Ю.Андроповтың бастамасымен құрылған КСРО МҚК-нің «Альфа» арнайы жасағының аймақтық тобы ретінде «Арыстан» 1990 жылы құрылды. 1991 жылы еліміз тәуелсіздігін алған соң арнаулы бөлімше Президенттің күзет қызметі қарамағына өтті. Ал 1993 жылдан бастап ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамында қызмет етіп келеді. Арнаулы қызмет күштерінің құрылымы туралы ақпарат әдетте аса құпия сақталады. Алайда өткен жылы аты аңызға айналған «Альфаның» құрылғанына 40 жыл толуына орай отандық порталдардың біріне сұхбат берген «Арыстанның» оқыту әдістемесінің авторы Виктор Стороженко мен «Альфа» арнайы бөлімшесінің ардагерлері ассоциациясының президенті Ренат Сүлейменовтің әңгімесі арқылы арнайы жасақ сапында қызмет етудің біраз қыр-сырына қанықтық. В.Стороженконың айтуынша, жоғары білімі мен ҚР Қарулы күштерінде жұмыс тәжірибесі бар немесе әскери кафедраны тәмамдаған кез келген азамат үшін «Арыстанның» есігі ашық. Бірақ іріктеуден тек таңдаулылар ғана өтеді. Үміткерлерді кешенді психо-физиологиялық тестілеу мен екі қатал комиссияның сынағы тосып тұр: әуелі Қорғаныс министрлігінің Әскери-әуе күштерінің қатарында қызмет етуге жарамдылығы, содан соң Ұлттық қауіпсіздік комитетінде патрульдік-постық қызметке бейімділігі тексеріледі. В.Стороженконың сөзінен ұққанымыз, «Арыстанның» сапындағы белсенді қызмет 10 жылдан аспайды. «Бізге офицерлер әдетте 25 жастан бастап келеді. 27 жас бұл қызмет үшін тым кештеу. Арнайы жасақ жауынгерлерінің қызметі әдетте 10 жылмен шектеледі. 10 жылдан артық қызмет еткендер саусақпен санарлық. Терроризмге қарсы күрес сарбаздарының қызмет жолы тіпті қысқа, өйткені тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да арқаға түсетін жүк ауыр. Зілдей қару-жарақты көтеріп жүруді айтпағанда, салмағы 80 келіге дейін жететін бронды күртемен қозғалудың өзі оңай шаруа емес. 35 жастан асқандардың көпшілігі командир немесе инструктор қызметіне ауысады», – дейді маман. Антитеррористік «Альфа» арнайы бөлімшесінің ардагерлері ассоциациясының президенті Ренат Сүлейменовтің айтуынша, «Арыстанның» сапындағы алғашқы 1-1,5 жыл – жауынгердің нағыз сыналар шағы. «Жаңадан келген жауынгерлер үшін жаттығулардың қарқынды ырғағына ілесу оңайға түспейді. Таң атпастан 10 шақырым жүгіру, қол күресі, ату жаттығулары, тактикалық дайындық – бірінен соң бірі жалғасып кете береді. Кешке құр сүлдерің қалып, төсекке әрең жетесің. Жүрегің айнып, асқа тәбетің жоғалады. Қысқасы, артық салмақтан бірден арыласың. 1,5-2 жылдан соң мұндай ырғақ қалыпты құбылысқа айналып, тұла бойың оған әбден бейімделіп кетеді», – дейді ол. «Арыстанның» арландары отандық және шетелдік қарудың кез келген түрін еркін қолданып, өз нысанасына қашықтықтың алыс-жақындығына қарамастан тәуліктің кез келген мезгілінде дөп тиюі тиіс. Сондай-ақ, олар жарылғыш заттарды дайындау мен залалсыздандыру, қауіпті нысандарға ену, парашютпен секіру, аквалангпен сүңгу, карталарды сызу мен оқу, көліктің кез келген түрін, оның ішінде әуе және су көліктерін басқару секілді сан алуан қызметті атқаруға қабілетті болуы шарт. Айтпақшы, «Арыстанның» жауынгерлері жыл сайын квалификациялық емтихан тапсырады, одан екі мәрте құлағандар қызметімен қош айтысады.Күрең берет үшін күрес
Халық арасында «күрең береттілер» атанып кеткен «Бүркіт» арнаулы жасағының сапына да жүздің арасынан жүйрік шығып, мыңнан тұлпар екенін дәлелдегендер ғана қосылады. Көп сөйлеп көпірмейтін, денесі шымыр, қозғалысы шапшаң, ойы ұшқыр, бес қаруы сай жауынгерлерге қарап талай бозбала бой түзегені ақиқат. Ендеше, Ішкі істер министрлігінің ең қуатты әрі беделді жасақтарының біріне баланатын «Бүркіттің» сарбазы болғысы келетін үміткерлерге қандай талап қойылатынын айта кеткен жөн. Күрең берет кию мәртебесіне ие болу қиынның қияметі. Ішкі істер министрлігіне қарасты ішкі әскер бөлімінің құрамындағы «Бүркіт» арнаулы жасағының сапына жаңа сарбаздарды қабылдау рәсіміне куә болған адамның бұған көзі жетері анық. Бүгінде бұл бөлімшеге тек кәсіби мамандар, яғни әскери қызметке келісімшарт бойынша келген азаматтар ғана қабылданады. Олардың өздері «Бүркіттің» жауынгері атану үшін күрделі сынақтардан сүрінбей өтуі шарт. Арнайы бөлімде бір жылға дейін қызмет етіп, ешқандай сөгіс алмаған сарбаздардың ғана қызыл беретке қол созуға мүмкіндігі бар. Өтініш білдірген азаматтардың арасынан сынақтың алғашқы кезеңіне жіберілетін үміткерлерді командирлер іріктейді. Үміткерге бірінші кезеңде қойылатын негізгі шарт – радиостанция арқылы байланыс орнатуға, бронды техниканы жүргізуге қабілетті болуы тиіс. Осы талаптарды мүдірмей орындағандар екінші кезеңге жолдама алады. Бұл кезеңде жауынгерлердің біліктілігі сынға түседі. Үміткерлер жауынгерлік және арнайы дайындық бойынша ұзын саны 25 норматив тапсырады. Тікенек сымдармен қоршалған алаңқай, жалғыз аяқ көпір, биік дуалдар өздеріне тосқауыл бола алмайтынын іспен көрсеткен, атыс қаруларымен сауатты жұмыс істей білген, 300 метр жерде орналасқан кедергілерден қиналмай өтіп, қарсыластарын қапыда қалдырған мықтылар сынақтың бұдан да қиын бөлімінде кездеседі. Екінші бөлімде күрең беретке қол созған жігіттер қоян-қолтық төбелеске шығып, білек күштерін сынайды. Тоғыз минутқа созылатын бұл сынақта сарбаздардың мықтылығымен қоса ептілігі, жедел ойлау қабілеті де тексеріледі. Былғары қолғап шеберлері әр раундта 3 минуттан қолғап түйістірген соң, аз уақыт тынығатыны белгілі. Ал бұл жерде үзіліске орын жоқ. Әуелі үміткерлер өз арасында үш жұп құрап жұдырықтасады, одан кейін олар арнайы жасақтың әбден ысылған жігіттеріне қарсы тұруы шарт. Бір айта кетерлік жайт, «Бүркіттің» жауынгерлері жаңадан қабылданып жатқан сарбаздан жеңілсе, күрең беретін өткізуге мәжбүр болады. Сондықтан олар үміткерлерді бас-көз демей сабалап, жұдырықтың астына алады. «Бүркіттің» сапында тұруға ұмтылған жігіттер 9 минут бойына шыдамдылық танытып, тәжірибелі, апайтөс жігіттердің жойқын соққыларына төтеп бере алса ғана мақсаттарына жетпек. Іріктеу шарттарының қатал екенін аңғарту үшін тағы бір дерек келтіре кеткен жөн: 2000-2014 жылдар аралығында күрең берет кию мәртебесіне небәрі 185 жауынгер қол жеткізіпті. Әйтсе де, арнаулы жасақ қатарында қызмет етуге талпынатын жастардың саны жылдан жылға артып келеді. Олардың көздегені материалдық игілік емес, өйткені арнаулы жасақ сарбаздар жалақысының мемлекеттік қызметкерлердің айлығынан айырмасы шамалы. ІІМ Ұлттық Ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, полковник Мұхаметқали Сатов былтырғы жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Ақтас» оқу-жаттығу алаңында өткен «Бүркіт» сапына жаңа сарбаздар қабылдау рәсімінде: «Күрең берет иесі атану ешқандай материалдық үстемдік бермейді. Бұл атаққа қол жеткізген сарбаздарға ақшалай сыйақы төленбейді, болмаса қосымша қаржылай көмек көрсетіліп, жалақыларына үстемақы қосылмайды. Сынақтан сүрінбей өткендердің бір ғана міндеттері бар: әскери тапсырманы бірінші болып орындау», – деген болатын. Демек, әскери мектептерде оқығысы келетін, арнаулы жасақтардың жауынгері атануды армандайтын өрендердің көбейгені – Отанын шын сүйетін, елдің тыныштығы, шекараның бүтіндігі үшін қалтқысыз қызмет етуге даяр азаматтар қатарының артқаны. «Ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай» істері түгесілмеген кешегі Исатай мен Махамбеттей ерлердің бүгінгі ізбасарлары тұғырлы Тәуелсіздігіміз бен баянды болашағымызға кепіл.Анар ЛЕПЕСОВА