1087
Жарық дүние есігін ашпай кеткен...
Жарық дүние есігін ашпай кеткен...
Денсаулық сақтау саласына еселеп қаржы бөлінсе де, медициналық мекемелерге заманауи құрал-жабдықтар сатып алынып жатса да, ана мен бала өлімінің көрсеткіші төмендемей тұр. Бұл мәселе осыдан он шақты жыл бұрын да өзекті болған. Әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Сонда бұған дейінгі қолға алынған шаралардың еш нәтиже бермегені ме, қалай?
Қазақстанда былтыр небәрі жарты жылдың ішінде 1 900-ге жуық нәресте өлімі тіркелген. Статистика комитеті жариялаған мәліметтерге сәйкес, 2018 жылы қаңтар-шілде аралығында республика бойынша 1 жасқа дейінгі 1 898 нәресте өлімі есепке алынған. Бұл көрсеткіш 2017 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 1,2 пайызға жоғары. Өлім-жітімнің көбі перинаталдық кезеңде орын алған. Бұл себеппен 957 нәресте шетінесе, бұл 1 жасқа дейінгі балалар арасындағы жалпы өлім санының 50,4 пайызын көрсетті. Сонымен қатар, туа біткен ауытқулардан – 368 (19,4 пайыз), тыныс органдары ауруларынан – 132 (7 пайыз), инфекциялық және паразиттік аурулардан – 99 (5,2 пайыз) және жазатайым жағдайдан, улану мен жарақаттан 82 (4,3 пайыз) нәресте шетінеп кеткен.
Биыл да ахуал оңалған жоқ. Бала өлімі бойынша Солтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облысы көш бастаса, одан кейінгі тізімді Қызылорда, Түркістан, Алматы облысы жалғайды. Айталық, биылғы тоғыз айда Атырау өңірінде 1 жасқа дейінгі 156 нәресте көз жұмса, оның 98-і облыстық перинаталдық орталықта, елуден астамы өзге медициналық мекемелерде жан тапсырған. Өлім-жітім әсіресе тамыз, қыркүйек айларында күрт өскен. Екі айда 42 бала шетінеген. Оның дені туа салысымен инфекциялық ауру жұқтырған. Себебі перинаталдық орталықтарда санитарлық талаптар сақталмайды. Медициналық ұйымдардың инфрақұрылымы тозған. Материалдық-техникалық жағдайы да мәз емес. Мамандар тапшылығы өз алдына бөлек мәселе.
Ал ана мен бала өлімінің көрсеткіші бойынша алда келе жатқан Маңғыстау облысында былтыр 154 сәби өлімі тіркелсе, оның 95-і перзентханада, 42-сі ауруханада шетінеп кеткен. 146-сы бір жасқа дейінгі балалар. Мәселен, таяуда үшінші сәбиіне жүкті болған Оралхан Қойшыбаева 7-айында уақытынан бұрын толғатып, перинаталдық орталыққа жеткізіледі. Дәрігерлер келіншектің толғағын қайтаруға тырысып бағады. Алайда, Оралхан ота жасауды сұрағанмен, дәрігерлердің жайбарақаттығынан шарана ана құрсағында шетінеп кетеді. Бұл жөнінде жаны шырылдаған ана: «Егер дәрігерлер жедел түрде консилиум жасап, ертерек ота жасаса, мұндай жағдайға тап болмас едім. Болары болды, бояуы сіңді деп отыра алмадым. Жан-жаққа арыз жаздым. Менен кейінгі ана болғысы келетін келіншектер бармағын тістеп қалмаса екен деймін», – деді ақпарат құралдарына берген сұхбатында. Ашынған ана дәрігерлерді кінәласа, ақ халаттылар ананың өзін жазғырады. «Аналардың көбі жүктілік кезінде ауруын асқындырып алады. Шарананы құтқаруға күш салдық. Шала жетілген баланың өкпесі толық дамымаған», – деді периниталды орталық басшылығы. Десе де, Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Есенғалиева: «Соңғы жарты жылдық есеп бойынша біздегі көрсеткіш 9 да 0. Былтырғыға қарағанда төмендеу бар. Бірақ республикалық деңгейде жоғары болып тұрғанын» жасырмайды.
Сорақысы сол, жақында Атырауда 31 дәрігер жұмыстан шығу жөнінде арыз жазды. 30 қыркүйекте Атырау облыстық перинаталды орталықта тірі туған шақалақты тоңазытқыш камерасына салып, үсіріп өлтіру дерегі тіркелген еді. Алғашында тіршілік белгісін білдірмеген нәресте мұздату камерасына барғанда аяғын қозғаған. Бірақ бас дәрігер «оны мұздату камерасында қалдыруға» бұйрық берген. Өңір жұртын ғана емес, ел халқын дүр сілкінткен оқиға болды. Облыстық перинаталды орталығының дәрігері Айгүл Шмалина: «Жұмыстан шығамыз деп арыз жазуымыздың бір-ақ себебі бар. Антикоррупциялық комитеттің Нұр-Сұлтанда болған брифингісінен кейін халық арасында дәрігерлер жайында жақсы ақпарат тарап жатқан жоқ. 17 жыл орталықта жұмыс істегенде «қылмыскер» деген атақты бірінші рет естіп тұрмын», – деді.
Алайда, Атырау облысы өңірлік коммуникация қызметінің басшысы Дәулет Нығмет дәрігерлердің жұмыстан кетпегенін, барлық дәрігер өздерінің орнында жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Дегенмен, бала өліміне кінәлі деген орталықтың бас дәрігері мен акушеріне қатысты қылмыстық іс әлі тергелуде.
Мамандар не дейді?
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкімет отырысында Қазақстанда жылына 2,5 мың сәби өлімі тіркелетінін айтты. «Соңғы жарты жылдықта тізімді Солтүстік Қазақстан облысы бермей келеді. Сондықтан өңірдегі бас дәрігерлер жазалануы керек! Аймақтағы ауруханалар медициналық құрал-жабдықпен жеткіліксіз деңгейде жабдықталған. Егер мемлекеттік сатып алуға бөлінген ақшаны уақытылы игере алмасаңдар, қайтарыңдар!» деген еді. Денсаулық сақтау министрлігі комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова: «Елдегі барлық перинаталдық орталықтарға тексеріс жүргіземіз. Комиссия мүшелері тек талдау жүргізіп қоймай, дәрігерлерді оқытады. Әсіресе, бала өлімі жиі тіркелетін аймақтар қатаң бақыланады» десе, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры Риза Боранбаева: «Бала өліміне әкелетін туа біткен жүрек ақауы, сосын өкпе қабынуы. Егер бес жасқа дейінгі балаларды алып қарасақ, олардың 82 пайызы жасына толмай шетінейді. Көбі алты күнге дейін ғана өмір сүреді» дегенді тілге тиек етеді.Қазақстан бала өлімі бойынша 2 орында
Әлемде әрбір 11 секундта бір әйел немесе шақалақ көз жұмса, жыл сайын 2,8 млн жүкті әйел мен нәресте о дүниелік болады екен. 2017 жылы жүктілік пен бала босану кезіндегі асқынулар салдарынан 290 мың әйел көз жұмған. 2018 жылы 15 жасқа дейін 6,2 млн бала өмір сүрсе, оның ішінде 5,3 млн бала бес жасқа дейін және қалғаны бір жасқа дейін көз жұмғандар. 2018 жылы Сахарадан бастап Африканың оңтүстігіндегі елдерде бес жасқа толмаған әрбір 13-бала көз жұмса, Еуропа елдерінде бұл қайғылы жағдай әрбір 196 балаға тән. «Қауіпсіз, қолжетімді және сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ететін елдерде әйелдер мен балалар аман қалып, әрі қарай өмір сүруде», – деп мәлімдеді ДДСҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус. Яғни, сарапшылар дұрыс тамақтанбайтын, гигиена сақталмайтын және акушер-дәрігерлер жетіспейтін кедей мемлекеттерде нәрестелерге қауіп төнуде. Осы себепті Сахара, Африканың оңтүстігіндегі елдерде жүктілік және босану кезінде әйелдердің ажал құшу көрсеткіші дәулетті өңірлерге қарағанда 50 есе жоғары. Балалар өлімі бойынша статистика да осындай. Басты себеп – кедейлік екенін тілге тиек етеді. ЕАЭО елдері арасында бес жасқа дейінгі балалардың өлім-жітімі деңгейі бойынша бірінші орында Ресей (13 мың бала), одан әрі Қазақстан (4 мың), Қырғызстан (3 мың), Армения (1 мың) және Беларусь (1 мыңға жуық) орналасқан. Ал әлемде бала өлімі бойынша үштікті Үндістан (882 мың бала), Нигерия (866 мың) мен Пәкістан (409 мың) бастап тұр. Былтыр Үндістанда 5 жасқа дейінгі төрт мыңға жуық бала қайтыс болған. Ондыққа кірген Конго, Эфиопия, Қытай, Индонезия, Танзания, Ангола және Бангладеш елдерінде 5 жасқа дейінгі балалардың жалпы өлімі 3,2 млн баланы құрады. Бала өлімі оқиғаларының 51 пайызы перинаталдық кезеңде болса, 19,8 пайызы туабітті кеміс, 6,2 пайызы тыныс мүшелерінің сырқаты, 4,8 пайызына сәтсіз жағдайлар, 4,7 пайызы инфекциялық және паразиттік сырқаттар, 1 пайызына тамақ қорыту органы ауруларына себеп. Камал Ормантаев, балалар хирургиясының атасы, академик:Алдымен ананың денсаулығын түзеу керек
– Өмiрге сәби әкелетiн ананың өзi ауру. Сондықтан болашақ ана боларлық қыз-келiншектер бiрiншi кезекте өзiнiң денсаулығын түземесе, бала тууға асықпауы шарт. Себебi, анадан балаға берiлетiн тұқымқуалаушылық аурулар да белең алуда. Сол сияқты Қазақстанның қайсыбiр жерiн алсаңыз да, экологиялық мәселелерi шашетектен. Айталық, оңтүстiк өңiр, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарының экологиясының өзi бiр төбе. Бала туу жасындағы әйелдерде қан аздық, дәрумен жетіспеушілігі көп. Бұл дұрыс тамақтанбаудан туындайтыны белгілі. Ет жемеген, жеміс-жидек көрмеген адамның денсаулығы қайдан оңсын?! Ана ауру болғаннан кейін бала да іштен ауру болып туады. Аналардың 85 пайызы анемияға шалдыққан. Бұл іштегі баланың өсіп-өнуін тежейді. Соның әсерінен балалардың 40 пайызы салмағы аз, шала немесе кемтар болып туылады. Ол ол ма, балалар арасында миға қан құйылу ауруы (инсульт) асқынып барады. Мысалы, он жылдай бұрын 4-5 айлық нәрестелердің арасында сирек кездесетін бұл ауру бойынша әрі кетсе он бала ғана түсетін. Бір жылда 95 бала түскені жанға батты. 1 жасқа дейін қайтыс болатын балаларды «балалар өлімі» деп атайды. ТМД елдерімен салыстыра қарасақ, 1000 балаға шаққанда, Ресейде – 10 бала, Украинада – 8, Белоруссияда – 6, ал Қазақстанда 15 бала өледі. Дәрігердің білімі аз болса, алдындағы науқасқа дұрыс диагноз қоймаса, оған кім кінәлі? Бұл тұрғыда әуелі дәрігер дайындауға жауаптыларды жазалау керек. Аманкелді Тыныбеков, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, балалар жұқпалы аурулар кафедрасының профессоры:Кінәнің бәрін дәрігерге арту – дұрыс емес
– Елімізде 1 жасқа дейінгі нәрестелер өлімінің көбеюіне жүктілік кезеңдерінде пайда болатын аурулар себеп. Перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлар дегеніміз жүктілік кезінде пайда болатын ақаулар. Бала анасының құрсағында жатқанда пайда болған ауытқулардың кесірінен кейін осындай жағдайға тап болады. Мысалы, жатырдағы инфекциялар. Бұл мәселе сонау Кеңес үкіметінде де болды, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері әлі күнге бірінші орындағы мәселе. Жүктілік басталғанға дейін және жүктілік кезінде әйелдер кеңесіне міндетті түрде бару керек. Трагедияның алдын алу үшін әр жүктілікті жоспарлау керек. Бала көтермей тұрып толық тексерістен өтіп, жыныс жолдарындағы дерттерді анықтап, емделу қажет. Жыныс жолдарының қаншама ауруы бар, ал ондай анадан қалай ғана сау бала туылады? Кез келген адамның денсаулығының жағдайы толықтай дәрігерлерге байланысты емес, оның 50 пайызы адамның өзіне байланысты. Сондықтан жүктілікке немқұрайлылық таныту бұл түйткілді өршіте береді. P.S. «Таяқтың екі ұшы бар». Жазықты қайсы, шарасыз кім? Кінә тағу да, қара күйе жағу да оңай. Бәлкім, білім мен білік ұштаспайтын тұстар көп шығар? Тіпті, бар кілтипан маман дайындайтын медициналық оқу орындарында жатқан шығар, кім білсін? Қалай десек те, адам жанына араша түсуші дәрігердің антына адал болып, ісіне жауапты болғаны абзал. Кәсіби қателік жіберген дәрігерді жазалаудың жолын іздегеннен гөрі сол қателіктің орын алмауын қарастырған жөн. Дегенмен, қандай қателіктің де өтеуі болатынын әсте ұмытпау керек.