Ұмытыла бастаған ұлттық тағамдар
Ұмытыла бастаған ұлттық тағамдар
Қазақтың ұлттық тағамы дегенде ет, бауырсақ, құрт-май, тары-талқан мен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде әзірленетін наурыз көжені айтамыз. Бірақ ұлттық тағамдарымыз мұнымен шектелмейтіні сөзсіз. Дегенмен, уақыт сырғып, заман жаңарған сайын барлық ұлттың асханасымен етене жақын таныса бастағанымыз рас. Алайда өзіміздің ұлттық асымызды ұмыт қалдырмағанымыз жөн.
Қазақ халқы әу бастан қуаты жоғары, құнарлы тағамдарды жиі пайдаланған. Сондай тағамдардың бірі – үлпершек. Бұл ас түрін бүгінде дайындамақ түгілі атауын да естімейтініміз рас. Үлпершек – құрамында түрлі дәрумені бар аса пайдалы тағам. Негізінен, бұл тағамды үйінен ұзатылып кеткен қыз төркіндеп келгенде пісіріп береді. Үлпершек «қайда жүрсең де біздің жүрегіміздесің» деген мағынада жылқы немесе сиырдың жүрегінен жасалады. Жүректі тіліп, қанын тазалайды да, ішіне тұз бен бұрыш себеді. Сосын ұсақталып туралған ет және маймен толтырады да, бір ай бойы ұнға батырып қояды. Ұмыт бола бастаған тағы бірұлттық тағамның түрі – сүмесүт. Бұл тағамды кейбіреулер сүттік деп те атайды. Оны көпті көрген қариялар болмаса, жұрттың бәрі біле бермеуі мүмкін. Бұл үшін марқаның жүнін мейлінше тықырлап, қырқып алып сояды. Терісін сыпырып алғаннан кейін оның жүнін күйдіріп жібермей тағы да қайта үйітеді. Үйітілген теріні күйеден, шаң-тозаңнан тазартып жуады. Артық етін сыдыртады. Енді теріні қойдың қою сүті құйылған қазанға салады да баппен қайнатады. Қайнаған сәтте тері сүтті бойына сіңіріп жұта бастайды. Сүт азайған сайын қазанға еселеп сүт құйып отырады. Тері неғұрлым піскен сайын сүтті молынан сіңіре береді де қалыңдығы бармақтай болып ісіне түседі. Тері әбден «тойғаннан» кейін сүтті әрі қарай сіңірмейді. Бұл сүмесүт дайын болды деген сөз.
Осыдан кейін оны алып суытады. Енді бұрынғыдай тері емес, қалың әрі өн бойы сүтке толған жұмсақ желін тәріздес тағам дайын болады. Мұны енді сығылмайтындай етіп, дәмі шықпайтын ыдыстарға салып, күн түспейтін салқын жерде сақтайды. Сүмесүтті бір жапырақ тіліп, ұзақ жолдарда баланың аузына салып қояды. Бүгінгі күні аты жиі естіле бермейтін тағы бір тағам түрі – қарма. Қарма – қазақ даласында бұрыннан бар, балық шаруашылығымен айналысатын ру-тайпаларда болады. Балық сүйегін, оған аздап балық етін де қосып қазанға қарып қуырады. Келіге салып, ұнтақтайды. Сосын кәдімгі диірменге тартса, одан қызылқоңыр талқан шығады. Қарма деген тағам осылай жасалады.
Мұны «балық жармасы» деп те атайды. Денсаулыққа өте пайдалы. Балықшы ауылдарда әлі күнге осы тағамды жасайтындар бар. Шалжығар деген тағам түрін білесіз бе? Бұл да қазақтың ұлттық тағамдарының бірі. Шалжығар тағамының жасалу жолы мынадай. Жаңа сойылған қойдың етін құйрық, өкпе-бауырымен қоса түгел қарынға тығып, тұз, бұрыш, сарымсақ, пияз қосады да аузы тігілген қарынды шұңқырға от жағып, оның шоғына көмеді де, топырақпен бастырып тастайды. Қарындағы еттің демі шығып тұруы үшін қойдың асық жілігінен түтік жасап, бір басын қарынға тығып, екінші басын пештің мұржасы секілді, топырақтан шығарып қояды. Қазақта түймеш деген де тағам бар. Тұшпара секілді. Түймеш – қазақтың төл асы.
Ертеректе қазақтар соғымның сүр етінен түймеш, жентек, парша деген тағамдар жасаған. Ол үшін етті арнайы дөңбекке салып, ағал балға, қолтоқпақ сияқты ұрғылармен жаншып етті ұсақтайтын болған. Түймештелген етке бидайдың немесе тарының талқанын қосып, илеп қатырады. Етті салқындату мақсатында керсенге салып суық жерде сақтайды. Осыдан кейін барып, етті қамырға салып түйеді. Сондықтан да бұл тағамды қазақтар «түймеш» деп атаған. Көп жағдайда етті ұзатылатын қызға түйдірген. Құдалар жағы қыздың әзірлеген түймешіне қарап, қалыңдықтың ұқыптылығы мен тазалығын байқайтын болған. Қазақ халқының көшпелі халық болғанын ескерсек, ұлттық тағамдар қатарында ұмыт бола бастаған көмбе тағамы бар. Тағамның бұл түрін бабаларымыз көбіне далада көшіп-қонып жүргенде немесе аң аулағанда ыдыс жоқ жағдайда жерді қазып, жас етті қарынға салып дәмді етіп пісірген. Көмбені дайындау тәсілі әр өңірде әр алуан. Оңтүстік және солтүстіктің қазақтары аталған тағамды «қарын көмбе» деп атайды.
Аты айтып тұрғандай, көмбе асын дайындаудың еш қиындығы жоқ. Жерді үлкен қазан көлеміндей етіп қазып, шұңқырдың жан-жағы әбден қызғанша от жағылады. Қызған шұңқырдан оттың күлін алып тастап, тез арада жаңа сойылған қойдың немесе аңның етін қажетті қоспаларға араластырып өз қарнына салып буады. Аузына қамыстан ұзын түтік жасап, әлгі қызған шұңқырға салады. Қарынға қақпақ ретінде шұңқыр ішінен шыққан ыстық топырақты жауып қайта көмеді. Топырақтың үстіне қызуы мол ағаштардан от жағады. Қамыстан жасалған ұзын түтіктен бұдақтап бу шыға бастағанда от жағуды тоқтатады. Дегенмен қарын тағы 2-3 сағат бойы ыстық топырақта жатып, өз буына өзі піседі. Дайын болған асты алу үшін топырақты ақырын ғана алып, қарынның үстінгі бөлігін ойып жіберіп, ішіндегі етті алады.
Уызқағанақ – қойдың уыз сүтін бүйенге құйып, аузын буып, бақыраштағы суға салып пісіреді. Ол – қойлы ауылдың сүйікті асы.
Қорықтық – жазда ыстық тастың шұңқырына қойды сауып жасайды немесе ыстық малта тастарды бақыраштағы сүтке салып, оны пісіреді. Ол – далада қойшылар жасайтын тағам.
«Жаубүйрек» деген тағам бар. Анасы баласын алыс сапарға шығарып салғанда дайындайды. Бауырды малдың ішкі майына орайды. Ас бұзылмай, ұзақ уақыт сақталады. Ал төп – тарының шикі, піскен сөгінен, талқанынан, күріштен әзірленетін тағам. Қазанға су құйылып, тұз салынып пісіріледі де үстіне шыжық, май қосып әкелінеді.
Ежігей – қой сүтінен дайындалған тағам. Ол қайнатылған қатық пен сары ірімшіктің қоспасынан әзірленетін дәмі тәтті, өзі жұмсақ болатын ас екен. Бұдан да басқа ұмыт болған ұлттық тағам түрлері көп. Қазақ халқының ұлттық тағамдарының барлығы құнарлы, дәрумендерге өте бай. Олар әсіресе адамға көктем кезінде аса пайдалы. Халқымыз дастарқанға бұл тағамдардың барлығын жыл бойы молшылық болсын деген ниетпен қояды.