981
Жастардың бойына діни экстремизмге қарсы иммунитет егу маңызды
Жастардың бойына діни экстремизмге қарсы иммунитет егу маңызды
Алматы қаласында Алматы Менеджмент Университетінің базасында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен «Діни экстремизмнің алдын алу мәселелеріндегі жастардың рөлі» екі күндік оқыту семинары басталды. Оған 80-нен астам студент жастар мен волонтерлік ұйымдардың өкілдері қатысуда.
Шараның мақсаты – жастардың бойында антиэкстремистік сананы қалыптастыру, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелерінде құқықтық және азаматтық жауапкершілік деңгейін арттыру, Қазақстан жастарының радикалды және деструктивті діни ағымдарға қайта оралуына жол бермеу.
Спикерлер ретінде Дінтанушылар конгресі қоғамдық ұйымының сарапшысы Мейрам Иманбаев пен медиатренер, белгілі блогер Яков Федоров жастарға жан-жақты ақпарат беруге тырысты. Дінтанушылар конгресінің сарапшысы Мейрам Иманбаевтың айтуынша, бұл іс-шараны Дін істері комитеті екі жылдан бері ұйымдастырып келеді. «QAZAQSTAN WITHOUT EXTREMISM!» жобасы бойынша семинар Қазақстанның бірқатар өңірінде (6 облыста) өткізілмек. Бұған дейін үш өңірде болдық. Ендігі бағыт – Шымкент, Астана қаласы. Қараша айының соңына таман біздің семинарымызға қатысқан жастар бұл тақырыпты қалай түсінеді және қалай қабылдайды деген мәселе бойынша шығармашылық әлеуетін қоса отырып, ақпарат құралдарында мақала немесе әлеуметтік желіде жазба қалдыра алады. Сондай-ақ, бейнеролик түсіру арқылы өңір жастары ұсыныстарын жіберуіне болады. Яғни, жастар антиэкстремистік қозғалысы көшбасшыларының арасында «Әлеуметтік желілердегі үздік пост-жарияланым», «Діни экстремизмге қарсы әрекет бойынша үздік креативті акция», «Еріктілер қозғалысының үздік ұйымдастырушысы» аталымдары бойынша байқау жарияланды. Біз соның ішінде іріктеу жүргізу арқылы қараша айының аяғында жобаны қорытындылаймыз», – деді сарапшы Мейрам Иманбаев.
Мұның өзектілігі не? Әуелі жастардың бойында діни радикализм мен экстремизмге қарсы иммунитет қалыптастыру маңызды. 2011 жылы еліміздің бірқатар өңірінде діни себептерге байланысты радикализмнің көріністері қылаң берді. Соның негізінде Дін істері агенттігі құрылды. Діни бірлестіктер туралы заң қабылданғаны мәлім. Бұл тұрғыда Дінтанушылар конгресі қоғамдық ұйымының сарапшысы Мейрам Иманбаев: «Дін саласындағы радикализм мен экстремизм жайында айтқанда көп жағдайда мемлекеттік органдардың өздерінің тиісті атқаратын функциясы бар. Ал Дін істері комитеті мен жергілікті атқарушы органдардың негізгі жұмысы – халықтың, әсіресе жастардың бойында діни радикализмге қарсы тұруды ақпараттық тұрғыдан түсіндіру керек. Осы арқылы біріншіден, мемлекеттің зайырлы қағидатына деген құрмет күшейеді, екіншіден, дәстүрлі дініміз бен тарихымызды асқақ етеміз, үшіншіден, құндылықтарды нығайта отырып қоғаммда дінді біржақты түсінетін көріністерге тойтарыс бере аламыз» дегенді айтты.
Сарапшының пікірінше, елімізде діни ахуал тұрақты. «Азаматтардың мемлекет жүргізіп отырған саясатына көзқарасы қалай? Діни ағымдарға тойтарыс берудегі әлеуеті қандай? Мемлекеттік органдар бәріне зерттеу жүргізу арқылы, сараптайды. 2013 жылдан бері уәкілеттік орган жүргізген әлеуметтік сауалнаманың барлығы дін саласындағы мемлекеттік саясатқа деген сенімін көрсетуде. Ел халқының зайырлы даму қағидатын қолдау көрсеткіші де басым. Дегенмен, дінді біржақты түсінетін келеңсіздіктің бар екені рас. Халықтың қауіпсіздігі өз алдына, рухани тұрғыдан жікке бөлінбеуі үшін жат пиғылды теріс ағымдардың ара-жігін ажыратып, нақты көрсету қажет. Бұл бағытта ел мұсылмандарының басын қосатын іргелі институт – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атқарып отырған жұмысы шашетектен. Мүфтияттан тыс жатқан ешбір мешіт жоқ. Сондықтан азамат ретінде әуелі мемлекеттің заңына бағынуы керек, мемлекеттің зайырлы даму қағидатын құрметтеуі керек. Ал жалпы, азаматтардың дінге сену не сенбеуі өз еркінде. Бірақ дін туралы анық-қанық зерттеп, танығыңыз келсе, ақпаратты ресми органнан білген дұрыс. Әсіресе, жастар дін туралы көлденең көк аттыдан сұрамауы тиіс. Елімізде 2700-дей мешіт бар. Кез келген мешітте жамағаттың сұрағына жауап беретін білімді мамандар жұмыс істейді. Осыдан бес-алты жыл бұрынғы жағдаймен салыстырсақ, қазір мешіттегі имамдардың 25 пайызы жоғары білімді, оның ішінде арнайы білім алғандар көп», – деді Дінтанушылар конгресінің сарапшысы Мейрам Иманбаев.
Сол сияқты блогер Яков Федоров өткізген «Әлеуметтік желілердің экстремизмге қарсы әрекет ету жұмысындағы әлеуметтік коммуникация мен ақпараттық алмасудың тиімді құралы ретіндегі рөлі» лекциясы аясында әлеуметтік желілердің психологиясы кеңінен ашылды. Қатысушылар үшін медиатренер қоғамдық пікірді қалыптастыру немесе сананы манипуляциялау құралы ретінде жаңа медианы таныстырды. Сонымен қатар, радикалды көзқарастарға қарсы әрекет ету жөніндегі жұмыс стратегиясы айтылды, сондай-ақ, әлеуметтік желілердегі волонтерлік ұйымдардың жұмысы талқыланды. Дәріс соңында Яков Федоров әлеуметтік желілер арқылы жастармен тікелей диалогты қалай құру керектігін көрсетті.
«Кез келген әлеуметтік желі арқылы тор құрып, адамдарды қызықтыруға болады. Мұндай топтар әртүрлі әдіс пайдаланады. Кейбір ақпаратты ресми мекемеден алуға мойны жар бермейтіндер «діни білімді» әлеуметтік желі арқылы алғысы келеді. Әсіресе, белсенді әлеуметтік желілерде (Twitter, Youtube) ақпарат көп. Сондықтан бұл тұрғыда қоғам сапалы контент қалыптастыруы керек. Әлеуметтік желіні тиімді пайдалану қажет. Жастар әр нәрсеге әуес болады. Дін саласы жөнінде ақпараты болғаны дұрыс. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айыра білген жөн», – деді медиатренер Яков Федеров.
Шын мәнінде, жастар жылдам қабылдағыш, тез еліктегіш. Олардың радикалды көзқарастардың ығына жығылуы да оңай. Екі күндік семинар жастардың бұрыс жолға түсіп, жат ағымның жетегінде кетпес үшін жан-жақты ақпаратқа қанықтарып, тұшымды мәліметтер беретіні сөзсіз.