45521
Хазірет сұлтан
Хазірет сұлтан
Белгілі библиограф ғалым Үшкөлтай Субханбердинаның үлкен еңбегінің нәтижесінде бүгінде кириллица әрпімен жеке кітап болып шыққан «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 16-17 – сандарында айтулы алаш азаматы Міржақып Дулатовтың «Хазірет Сұлтан» атты мақаласы жарияланған екен. Бұл мақалада Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи мавзолейі мен көне қаланың тарихына қатысты біршама ғылыми деректер орын алыпты. Сондай-ақ мұнда аталған мавзолейдің осы ғасыр басындағы кейбір проблемалары да сөз болады. Бүгінгі ұрпақ үшін осы аталған мәселелердің әлі де мән-маңызы бар деп білгендіктен мақаланы сол қалпында көшіріп басуды жөн көрдік.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
«Түркістан»,
№ 34-35. 31 тамыз. 2000.
Қай жердің қазағы болса да Хазірет Сұлтанды естуімен біледі. «Хазірет Сұлтанға барамыз... пәленше Хазірет Сұлтанға кетіпті...» деген сөзді қазақ арасында көп есітуге болады. Хазірет Сұлтанға барғыш – тақуалар, софылар. Хазірет Сұлтанға барып-қайтқандар қажыға барып қайтқандардан аз-ақ кем болады. Олар бастарына сәлде орап қайтып, жұрт Меккеден келгендей қолдарын алып, құрмет етеді. Қазақ осылай құрметтесе де, Хазірет Сұлтанның бір жерде бар екенін естісе де, көбі ол хақында анық ешнәрсе білмейді. Осы майдың (мамыр – ред.) бірінде Ташкентке бара жатып, Түркістанға түсіп, Хазірет Сұлтанды мен де зиярат еттім. Хазірет Сұлтан Түркістанда болғандықтан, әуелі Түркістан шаһары жайынан біраз жазу тиіс көрінді. XV ғасырдың аяғына шейін Түркістанның аты «Иасы» екен. Кішкене ғана Иасы деген қышлақ XII ғасырда, сол жерге Қожа Ахмет Иасауи Хазірет Сұлтан келген соң, даңқы шығып кетіпті. 1166 жылы Қожа Ахмет Иасауи опат болып, онан кейін оның бейітін түрік тұқымы, әсіресе, қазақ халқы әр уақыт зиярат ететін болыпты. Зияратқа әр жерден халық көп келетін болған соң ол жерде сауда ашылып, кішкене қышлақ бірте-бірте зорайып шаһарға айналады. Қожа Ахмет Иасауи хазіреті хақында сөйлеген һәм халыққа тараған неше түрлі кереметтер жалғыз қара халық пен саудагерлерді ғана емес, заманындағы қаһармандарды да өзіне тартқан. Мысалы, 1397 жылы күзді күні атақты Әмір-Темір Иасыға келіп, әулиенің басына зор мешіт салдырып, белгі орнатуға жарлық қылған. Осы күнгі мешіт – белгі сол. Әмір-Темір нәсілінен ең соңғы хан Махмұд 1495 жылы Түркістан шаһарын Махмұд Шайбаниға беріп, өзінің үлкен ағасы Ахмед сұлтан қойған Махмұд Тарқанды тұтқын қылыпты. 1582 жылы Түркістандағы Бұхараның ханы Ғабдулла келіп, халық оған бағынғандығын білдірген. Сонан былай қарай Түркістанды билеушілер Ғабдулла ханның әмірі бойынша сайланып һәм өзгеріліп тұрған. XVII ғасырдан бастап Түркістанды қазақ билеп, Түркістан шаһары қазақ хандарының астанасы болған. Түркістанды қазақтан ең әуелі билеген Есім хан. Велияминовтың кітабында жазылған: «Есім хан – Сығай ханның баласы». Монғол һәм түрік тарихын жазған атақты Әбілғазы (Абуалғазы) Хиуаға хан болып тұрған ағасы Сфандияр ханнан кетіп, 1625 жылы Түркістандағы Есім ханға барған. Әбілғазы жазады: «Мен Түркістандағы қазаққа кетіп, Есім ханда үш ай қонақ болдым. Ол кезде Ташкентті билеп тұрған Тұрсын хан еді. Түркістанға о да келді. Есім хан Тұрсын ханға амандасуға жалғыз өзі барып, мені үйде тастап кетті. Қайтып келіп мені ертіп, Тұрсын ханмен таныстырып отырып: «Мынау Әбілғазы – белгілі Жәдігер ханның тұқымы. Бұл күнге шейін бұлардан бізге қонаққа ешкім келген жоқ еді, бізден оларға барғандар көп болды, Әбілғазыны сіз алмассыз ба?» – деді. Сонан кейін мен Тұрсын ханның қолында тұратын болдым. Екі жылдан кейін Есім хан Тұрсын ханды өлтіріп, мал-мүлкін шауып алды. Сонда мен Есім ханға айттым: «Мен сен екеуіңнен бір пайда бола ма деген үмітпен келіп едім. Сендердің өз араларың мұндай болды. Енді маған Бұхарадағы Иманқұл ханға баруға рұхсат беріңіз». Есім хан: «Жарайды, бар» деді. Мен Иманқұл ханға кеттім. Түркістанда Есім ханнан соң хан болған өзінің баласы Жиһангер, онан соңғы Батыр хан, Батыр ханнан соң Жиһангердің баласы Тәуке хан, онан кейін Қайып хан, Қайыптан соң Тәуке ханның балалары Болат һәм Самеке (Самеке 1735 жылы опат болған). Бұлардан кейінгі Ғабдул Самедхан 1764 жылы опат, ең соңғы хан Абылай – 1781 жылы опат болған. Абылайдың баласы Уәли ханның Түркістанға дәуірі жүре алмаған. 1785 жылы Түркістанды қазақ хандарынан Бұхарадағы Маңғыт нәсілінен болған Мір Шаһмұрад алған. Алса да көп билей алмай 1799 жылы Ташкентте билеп тұрған Юнус қожа алған. Юнус қожа өлген соң Түркістан тағы да Бұхараға қарап қалған. 1819 жылы жаз күні Түркістанды Қоқан ханы Омар алып, сонан 1864 жыл 12 июльге шейін Түркістанды Қоқан биледі. Омар хан әулиелерді зиярат етемін деп шығып, алдымен Түркістанға әскер жіберіпті. Сол кезде Бұхара үкіметінің сайлауы бойынша Түркістанды қазақ төресі Тоқай төре билеп тұр екен. Омар ханның әскері таң алдында ұйықтап жатқан күзетшілерді шетінен бауыздап, Түркістан қорғанының қақпасын ашып, соғыссыз шаһарды алған. Шаһарға жау кіріп, жұрт азан-қазан болып жатқанда, Тоқай төре қатын-баласымен бір тесіктен шығып қашып, Бұхараға барған. Мұнан кейін Омар хан қалған әскерімен Түркістанға кіріп, Түркістанды маңайындағы қазақтармен өзіне бағындырыпты. Омар хан Түркістанда бірнеше күн тұрып, Қожа Ахмет Иасауидің мешітінде болып, 70 қой құрбан шалып, Түркістанға һәм маңайындағы халыққа хакім қылып Шихалбтал деген кісіні сайлап, көңілі өсіп Ташкент арқылы Қоқанға қайтыпты. Хан Қоқан шаһарына кіргенде күміс теңгеден шашу шашып, келер күні сарайына Қоқанның үлкен моллаларын жинап, өзін Әмір Әлмусиллмин деп халыққа ескертіпті. Омар хан тәж киіп, Әмір Әлмусиллмин деген сөзді ойдырып мөр жасатып, Шыңғыс хан мен Әмір-Темірге еліктеп маңызданыпты. Тоқай төре Бұхараға барып, әмірден бірнеше жүз құрама әскер алып, Түркістанға қайта барса да, жолы болмай тағы да қашып құтылыпты. Ақырында Бұхара ханы Насырулла Тоқай төренің басын алыпты. 1821 жылы қазақтан Тентек төре деген шығып, Түркістанды Қоқан билеуінен құтқарамын деп 12 мың адаммен Сайрамға барып жиналған екен. Мұны Омар хан есітіп қалып, Әбулқасым Аталықты басшы қылып әскер жіберіп, Тентек төрені жуасытып, Қоқанға бағындырыпты. Түркістан халқы 1864 жылы тағы да Қоқан хандығынан бөлінуге талаптанып қараса да ретін таба алмайды. Ақырында көптен бір ханның қол астында белгілеп орныға алмай тұрған Түркістанды 1864 жылы 12 июньде соғыспен орыс полковнигі Веревкин алыпты. Сол жолы Түркістанды орысқа бермеске хан Абылайдың шөбересі, Кенесары ханның баласы Садық төре де соғысқан екен. Түркістанның мұнша атақты шаһар болып, заманындағы хандар көз тігіп, әрқайсысы өзіне қаратып алуға қан төгіп, тарих жүзінде белгілі орын алуына себепші болған Қожа Ахмет Иасауидің бейіті һәм оның үстіне орнатқан мешіт белгі екені мағлұм болды. Әмір-Темір көрегеннің замандасы Шарифалдин Уализаданың «Сапарнама» деген кітабында Қожа Ахмет Иасауи хазіретінің үйіндегі мешіттің салынуы хақында былай жазылған: «Самарқанда «Діл хошы» бағының миуаларын егіп болған соң Әмір-Темір әскерін Ташкентке қарай жөнелтіп, Сырдариядан өтіп, Ташкентке 50 шақырым жерде Шыназ деген қышлақтың қасына келіп түсіпті. Бұл арада қыстамақшы болып, әскерге жылы үйлер салдырыпты. Мұнан Әмір-Темір өзі Қожа Ахмет Иасауиді зиярат етіп, басына белгі орнаттыруға Иасыға жөнеліпті. Әмір-Темір Иасыға келген соң өзінің планы бойынша мешіт белгі салып, бір жылдың ішінде тәмәм болыпты». Мешіттің биіктігі 100 кез шамасында, 3-4 күмбезді, күмбездердің сырты глазурьмен қапталып, әртүрлі дұғалар жазылған. Мешіт күйдірілген күмбезден салынған. Үлкен дарбазадан бір зор бөлмеге кіресің, бұл бөлменің ортасында мыс (бронза) қазан бар, қазанның алабы бес қанат үйдің шаңырағындай, айналасында арабша сөздер жазылған һәм «Әмір-Темірдің жарлығы бойынша бұл қазанды құйған шебер Абдулғазиз Сроралдинұғлы, Термезден» деген жазу бар. Бұл үлкен белменің төріндегі есік хазіреттің өзі жатқан (қабірі) бөлмеге кіргізеді. Есігіндегі шығар ағашы ғажайып нақышталып, болат тұтқада жазылған шығарда «Ғазалдин Тәжалдинұғлы» деген шебердің аты бар. Қазандағы һәм есіктегі жазудың екеуінен де көрінеді, мешіттің 1397 жылы салынғандығы. Мешітте Әмір-Темір сыйлаған ескі жазулы төрт Құран һәм есіктегі бронзадан құйылған алты шамдал бар, биіктігі бір кезден артық, ауырлығы 2-3 пуд шамасында жазумен нақышталған. Бұл мешітті салған бас шебер 1387 жылы Әмір-Темір тұтқын қылып алған Шериаздық қожа Хусайын деген адам екен. Қожа Ахмет Иасауи мешітінде бірнеше қазақ хандары қойылыпты. Мұндағы хандарға: Орта жүздің ханы Абылай, 1781 жылы опат болды, ұлы жүздің ханы – Жолбарыс, 1740 жылы 5 апрельде Ташкентте мешіт ішінде сарттар өлтірген, Әбілхайыр хан – 1460 жыл шамасында опат болған һәм арғынның атақты Жәнібек батыры мен Кенесары сұлтанның әкесі Қасым хан да осында қойылған... Есім хан бұл мешіттің ішінде болмаса да маңайында қойылған екен, үстіне орнатқан белгісі бұл күнде жоғалып кетіпті. Бұлардан басқа Әмір Темірдің шөбересі Бабырхан һәм одан Сұлтан мұнда қойылған деседі. Тарих жүзінде біздің қазақ халқының һәм хандарының осындай қатынасы бар Хазірет Сұлтан мешітінің осы күні әр жері жарылып тозылуға бет алып тұрғандай түрі бар. Қожа Ахмет Иасауидің нәсіліміз деп неше жүз жылдан бері уақыт жерлерін пайдаланып, зиратқа келген аңқау қазақтарды жем қылып келген басындағы қожалар мешіттің мәңгіге қалуын тілеуден өз кеңірдектерін артығырақ қайғыратын секілді. 1910 жылы Түркістан шаихтары мешітті түзетеміз деп жұрттан есепсіз көп ақша жинапты. Көбін өз қалталарында қалдырып, жиналған ақша осы-ақ деп 12 мың сом көрсетіп, Козловский деген инженерді алдырып, мешіттің бағзы жерлерін түзеттіре бастаған екен, ісінің оннан бірі бітпей тұрғанда, қожалар инженермен жанжалдасып, іс тоқтапты да, жиналған ақшаның көбі қожаларда қалыпты. Бұлардан есеп алушы, тексеруші ешкім жоқ. Жиылған малдың, ақшаның бәрі қазақтікі деп айтарлық, қожалар әр облыстағы қазақтарға барып, Хазірет Сұлтан мешітін түзетуге деп мал жинапты. Ақмешіт уезінде Хан деген жердегі диуана қожалардан бұрын болыс болған Ғұламқадір деген қожа һәм Мұзафар деген би екеуі 1910 жылы Атбасар уезіне шығып, Бағаналының Қайдауыл деген ауылынан көп ақша жинап алып өздері жеп қойыпты. 1909 жылы Әулиеата уезінің қазағы, ботбай руынан Нұрманбет Бәки баласы деген бір бай Хазіреттің зиратына ақша жинай барған Шуһап қожа дегенге таңдамастан жылқысының бір шетінен 100 жылқы бөліп берген екен. Қожалар бұл жылқының қымбаттарын сатып, түстерін бояп, Түркістанға тек тұяқ санын түгел қылып, ылғи арық-тұрақ, көтеремнен 100 жылқы әкеліп тапсырыпты... Бишара момын қазақ әулиесінің атын атап, мың түрлі тіленші қожаларға жем болып тұрған жайы бар. Түркістан қожаларының зиратты түзететін ойы жоқ. Зиратқа келгендерді ерікті-еріксіз талаудан басқа кәсібі жоқ. Түркістан хакімдері қол астындағы мұсылмандардың басқа істері туралы қырағы болса да, қожалардан жоғарыдағы айтылған қиянаттарын не себептен көрмей жүргенін біле алмадық. Қожа Ахмет Иасауидің бірнеше бөлмелері бұзылып құлағалы тұр деп, қауіп етіп, үкімет осы күні печаттап қойыпты. Абылай хан жатқан бөлме, ақ сарай деген бөлме, зиратхана деген бөлме һәм мешіттің құдығы бәрі де жабулы. Бұл мешітке қожалар ие болып тұрғанда, жұрттан жылында миллиондап ақша жиылса да пайда жоқ. Мешіттің тарихы бір белгі болып мәңгіге қалуын тілеушілер болса, оны түзетуді археологические обществолардың біріне тапсырып, қайдан болса да жиналған ақшаның жарты тиынына қиянат болмайтын жолмен жиылып, инженерлерді сол общество өзі жалдап түзеттірсе ғана мақсұт орындалар еді. Болмаса, енді біраз жылдарда бес-алты жүз жыл ғұмыр сүрген Қожа Ахмет Иасауи мешітінің орнында сүйеулі бір оба томпайып қалуы ғажап емес.Міржақып Дулатов
«Қазақ» газеті,
№16-17 сандары. 1913 .