1186
Дәстүрлі әннің насихаты жақсы болса, тыңдаушысы көбейеді
Дәстүрлі әннің насихаты жақсы болса, тыңдаушысы көбейеді
Нью-Йорктегі Карнеги-холл, Вашингтондағы Джон Кеннеди атындағы өнер орталығында ән салып, әлемді тамсандырған дәстүрлі әншілердің бірі, «Мен қазақпын» тележобасының жеңімпазы, жақында өткен Д.Рақышев атындағы республикалық дәстүрлі әншілер байқауының бас жүлдегері Бейбіт Мұса «Түркістан» газетіне шағын сұхбат берген болатын.
– Жақында Түркияға ғылыми конференция аясында дәстүрлі ән өнерімізді насихаттап қайттыңыздар. Қазақ өнерін түрік елі қалай бағалады?
– Ақын, қазақ әдебиетінің классигі Ілияс Жансүгіровтің туғанына 125 жыл толуына орай Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бастамасымен «Үш арыс» кітап-альбомы жарық көрген болатын. Алматы облысының әкімі А.Батталовтың қолдауымен Үш арысқа арналған ғылыми конференция Түркияның Анталья қаласында жалғасын тапты. Конференциядан кейін дәстүрлі әнімізді ұлықтауға арналған концертіміз жоғары деңгейде өтті. Түрік елі қазақтарды үлкен құрметпен, жылы шыраймен қарсы алды. Сіздер өз елдеріңізге, өз жерлеріңізге келдіңіздер деп, үлкен құрмет білдірді. Қазақ халқын қатты құрметтейтіндері жылы шырайлары мен қошеметтерінен білініп жатты.
– Өнер адамы үнемі ізденіс үстінде жүреді, жаңашылдыққа ұмтылады. Осы бағытта қандай жаңалықтарыңызбен бөлісе аласыз?
– Биыл Талдықорған қаласында «Мен қазақпын» деген атпен концерт бердім. Араға 1-2 ай салып Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында шығармашылық кешімді өткіздім. Мүмкіндігімнің жеткенінше осы дәстүрлі ән өнерін дамыту бағытында жұмыс істеп келемін. Концерттерімде қобыз сарыны секілді ансамбльдермен қосылып, этно-рок стилінде өзіміздің халық әндерін және халық композиторларының әндерін орындадым. Өнердегі жаңашылдығым осы деуге болатын шығар. Сонымен бірнеше бейнебаян түсірдік.
– Биыл Алматыда өткен әдемі шығармашылық кешіңіздің куәсі болдық. Жарыңыз Айнұр – өнер адамы, ұлыңыз Расул өкшеңізді басып келе жатқан ерекше өнерпаз екенін көріп, тәнті болдық. Ұлыңыздың өнерге келуі қалай басталды және сізден басқа тәлім алып жатқан ұстазы бар ма?
– Ұлым Расулдың бойынан 5-6-сыныпқа дейін домбыра тарту өнерін аса бір байқай қоймадым. Байқамағаннан кейін оны домбыраға әкеліп, қинап, мәжбүрлемедім. Актерлік қабілетін байқап жүрдім, театрларда кішігірім рөлдерді сомдап, каратэ үйірмесіне қатысып жүрді. 6-сыныпта домбыра дыңғырлатып ақырын бір әнді сүйемелдеп отырғанын байқағаннан кейін қолға алдық. Қазіргі таңда ән сабағынан дәрісті тек өзімнен алады. Күй сабағынан арнайы маманнан дәріс алады. Өйткені Расулды үнемі қадағалап отыруға біздің уақытымыз бола бермейді. Домбыра бойынша анасы Айнұр Нұрбергеновадан және Бота Дүнгенбаева деген домбырашы апайынан сабақ алады. Қолына домбыра ұстап ән салып жүргеніне екі жылдың көлеміндей уақыт болды. Осы аралықта жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі әндер байқауына қатысып, лауреат атанып, бас жүлдені де алып жатқан жайы бар. Алдағы уақытта Расулды үлкен халықаралық байқауларға дайындап жатырмыз. Бикен Римова атындағы драма театрда кішігірім рөлдерді ойнады. Оқушылар сарайында да бір жылдай өнер театрына сабаққа қатысты. Бүгінде ұлымыздың өнеріне көбірек көңіл бөліп жатырмыз.
– Ұлттық ән өнерін дамыту, оны насихаттау жұмыстары сіздің көңіліңізден шыға ма?
– «Отан – отбасынан басталады» деген сөз бар ғой. Мектеп қабырғасынан бастап балаларға ұлттық өнерімізді, дәстүрлі ән өнерімізді арнайы сабақ ретінде кіргізсе деген ойым бар. Бала өзінің буыны бекіп, сана-сезімі нығайғанша өзінің ұлттық өнерін, тілін, дінін, ділін бойына сіңіріп өсуі керек. Сонда ғана біз «Мен қазақпын» деп мақтана алатын ұлт боламыз. Ұлттық дәстүрлі ән, күй, жыр өнері болсын, осындай құнды қазыналарымызды ұлттық арналардан жиі-жиі жарнамалау керек. Не нәрсенің насихаты көп болса, сол нәрсенің тұтынушысы да көп болады. Мысалы, эстрада, рок, хип-хоп жанрлары теледидардан, ғаламтордан көп жарнамаланады. Оны күн сайын көре берсе, адамның сана-сезімі соған байланып қалады. Сол секілді біздің ұлттық дәстүрлі өнеріміздің барлығын баланың санасына сіңіріп өсіру керек, жарнамасын көбейту керек. Осыны бала күннен санасына сіңірген, кеудесіне дәнегі егіліп өскен бала кейін жайқалып өскен шынарға айналады. Өз басым ондай жанның рухы биік әрі асқақ болады деп есептеймін.
Дәстүрлі өнерді ұлықтаушы, орындаушы, насихаттаушы жандарға мемлекет тарапынан арнайы көңіл бөлінсе нұр үстіне нұр болар еді. Бізде дәстүрлі әншілердің материалдық-тұрмыстық жағдайы мүлдем қарастырылмаған. Мысалы, біздің Қазақстанда итальяндық операға өте жоғары деңгейде жағдай жасалған. Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік Опера және балет театры орындаушыларының жалақысы өте жоғары. Ал біздің ұлттық өнерді ұлықтап жүрген орындаушыларымыздың айлығы төмен, 80-90 пайызы пәтер жалдап тұрады. Қазақ «үйі жоқтың күйі жоқ» деп бекер айтпаған. Отбасын асырау үшін амалсыз тойға шығады, асабалыққа ден қояды. Басқа нәрсеге көңілі ауып кеткеннен кейін ұлттық өнерді дамыту екінші жоспарға қалып қояды. Осылайша ән-жыр, күй өнеріміз ақырын-ақырын артта қала береді. Осы мәселеге мемлекет тарапынан көңіл бөлінсе деген ойым бар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым Жолдасбекқызы