870
Балығы тайдай тулаған өлке
Балығы тайдай тулаған өлке
Теңіз төскейінен орын тепкен айдынды Арал өңірі – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған тарихи мекен, жыр өлкесі. Киелі топырағында талай сындарлы кезеңдерді бастан өткерген Арал бүгінде теңізі мен су маржаны, ақ алтыны – ас тұзымен әлемге әйгілі. Аралда негізінен ата кәсіп саналатын балық және мал шаруашылығы кеңінен қанат жайған.
– Негізгі мақсатым – туған жерімді, елімді көркейту. Бір тал ексең де Арал ауданын көркейту. Артта өнегелі, жақсы із қалса деймін, – дейді аудан әкімі Мұхтар Оразбаев. Халық шаруашылығының негізгі салалары – балық аулау, балық, тұз өңдеу және мал шаруашылығы. Ауданда ас тұзының, тевардит, мерабилит және шыны өндірісіне қажетті кварц топырағының мол қоры бар.
Бүгінгі күні ауданда балық шаруашылығы саласы ауыл шаруашылығы салаларының бірі болып қалыптасқан деуге болады. Балық шаруашылығы, өңірдің экономикасының дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, оларды жұмыспен қамтамасыз етуде маңызды болып отыр. Себебі Арал теңізі мен Сырдария өзенінің жағасында тұратын жергілікті халықтың өмірі мен тұрмысы балық аулаумен тығыз байланысты. Бәрімізге белгілі, өткен ғасырдың 60-жылдары Сыр өңірі балық шаруашылығының дамуы бойынша республикада алдыңғы қатарда болды. Жылына 55-60 мың тоннаға дейін балық ауланды. Алайда Арал теңізінің тартылуы, 80-жылдардан бастап балық шаруашылығы саласын тоқырауға ұшыратты. Ондаған балық өңдейтін кәсіпорындар мен балық аулайтын шаруашылықтар жабылды. Балықшылар басқа өңірлерге көшуге мәжбүр болды. Теңіз суының тұздылығы 30 мгр/л дейін өсіп, балық аулау мүлдем тоқтайтын деңгейге жетті. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2000 жылы Солтүстік Арал теңізінен бар-жоғы 400 тонна балықтың бір-ақ түрі, камбала глосса балығы ауланған.
Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып, ғасыр жобасы атанған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының бірінші кезеңінің жүзеге асырылуы нәтижесінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде балық шаруашылығының дамуына үлкен мүмкіндіктер берді. Жоба шеңберінде Солтүстік Арал теңізіндегі Көкарал су тоспасы, Айтек су құрылысы кешені және Сырдария өзеніндегі қорғаныс бөгеттері салынды. Теңіздегі балық қоры молайып, тұрғылықты халықтың игілігіне айналды. Нәтижесінде, теңіз деңгейі Арал қаласына 17 шақырымға дейін жақындаған. Сырдария өзенінен Солтүстік Арал теңізіне құйылатын судың көлемі көбейіп, өңірдегі көптеген биологиялық түрлер қалпына келе бастады. Көлемі 20-30 мың гектардан асатын ондаған ірі көлдер қалпына келіп, балық шаруашылығының дамуына мүмкіндік жасады. Теңізде бұрын жойылып кеткен балықтың 14 түрі қайта пайда болды. Қазір онда балықтың 22 түрі кездеседі.
Ауданда балық аулау көлемі жыл санап артуда. Мәселен, балық аулау көлемі 2000 жылмен салыстырғанда 20 есеге өсіп, қазіргі таңда 400-ден 8000 тоннаға жетті. Аудан аумағында балық шаруашылығы маңызы бар Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 20 көл бар.
Арал өңіріндегі «Аралтұз» АҚ – республикадағы тұз қазу мен оны өндеу бойынша ең iрi кәсiпорын. Биыл мекеменiң құрылғанына 92 жыл толды. Йодталған ас тұзын шығарады және оның негiзгi өндiрушiсi. Акционерлік қоғам сапалы тауар шығару бойынша көптеген халықаралық және республикалық көрме дипломдарының иегерi. 2001-2003 жылдары «Аралтұз» АҚ-да зауыт тарихында бiрiншi рет қайта құру жұмыстары атқарылып, өндiрiске «тұзды екiншi рет байыту» технологиясы енгiзiлген. Яғни тұзды жуу, майдалау, йодтау және кептіру жұмыстары қазіргі заман талабына сай орындалуда. 2012 жылдан бастап «Аралтұзға» жаңа инвестордың келуіне орай, көптеген игілікті шаралар жүзеге асты.
Елбасының қолдауымен жүзеге асқан индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы – бизнесті дамытуға және жаңа бастамаларды іске асыруға кең өріс алған. Соның арқасында «Аралтұз» АҚ ас және техникалық тұз өндірісін ұлғайту» жобасын іске қосқан. Жобаға екі жарым миллиард теңгенің үстінде инвестиция салынды. дүниежүзі бойынша тұз өндіруге арналған құрал-жабдықтың көшбасшысы Испания (Construcciones Mecanicas J.SERRA, S.A.) компаниясының құрал-жабдықтары алынған. Бұған дейін зауыт өнімділігі жылына 120 мың тонна болса, жаңа зауытты іске қосу арқылы өнімділікті 1,7 есеге ұлғайтуға мүмкіндік алған. Жылына 400 мың тонна тұз өндіріледі. Ресейдің 10-15 пайыз нарығын иеленіп отыр. Бұрын «Аралтұз» АҚ-на ішкі нарықтағы ас тұзының 70 пайызы тиесілі болса, жаңа зауытты іске қосу арқылы ішкі нарықтағы үлес 90 пайызға дейін жеткен. Сәйкесінше сыртқы нарықтағы үлесі де ұлғайған.
Халқының 99,9 пайызы қазақ ұлтынан құралған өлкеде демография оң көрсеткішке ие. 5 жылда адам саны 7 мыңға өскен. Елден ешкім көшпейді, қайта көшіп келушілер көп. Арал ауданы әкімдігінде көптеген жастар жұмыс істейді.
Б.БАЛЫҚБАЙ