1033
Оңай берілетін онлайн несие
Оңай берілетін онлайн несие
«Бір басымда бір жарым миллион теңге қарызым бар». Түнгі уақытта телефонына келген осы бір хабарлама оның есін шығарыпты. Бір танысым інісінің басына түскен жағдайды баяндап бергенде онлайн несиенің талайды түңілдіріп жүргеніне кезекті рет көз жеткіздім. Интернет арқылы оп-оңай рәсімделетін бұл қарызды көпшілік «батпан құйрық» көретіні рас. Бірақ оның соңы орға жықпай қоймайтыны тағы рас.
Онлайн несие, микронесие рәсімдейтін шағын ұйымдар туралы бұған дейін талай рет айтылып, талай рет жазылғаны бізге де, оқырман қауымға да белгілі. Бірақ «айтпаса сөздің атасы өледі» дегенге иек артатын қазақ емеспіз бе?! Онсыз да күнін әзер көріп жүрген көп қазақтың басына қара бұлттай үйірілген несие қарызы күн санап өсіп бара жатқанын жасырып-жаба алмаспыз. Тіпті, бір несиесін екінші банктен қарыз алып жауып жүргендер қаншама?! Экономистер елдің ең басты қателігі осы екенін айтқанымен, оларда өзге амал жоқ. Оның үстіне, алған қарызын ұтымды пайдалануға бәрінің бірдей қаржылық сауаты жете бермейді.
«Онлайн несиеден опық жедім»
Жұрттың онлайн несиеге үйір болуының басты себебі – ешқандай құжатты талап етпейтіндігі. Иә, интернет арқылы онлайн қарыз алу үшін жеке басыңызды куәландыратын құжатыңыздың деректерін енгізсеңіз болғаны. Ал ақшадан қысылып тұрған адам үшін бұл өте ұтымды. Тіпті, мұндай несие беретін ұйымдар жұмыссыздардың да бетін қайтармайды. Жұмысың, табысың туралы анықтама талап етпейтін «жылдам ақша берушілер», әсіресе жастарды еліктіріп отыр. Онлайн несиенің орға жығарын болжамаған жастардың бірі – Мәулен (есімі өзгертілді). Әуелде қаржыдан қысылған Мәулен жалақыға дейін онлайн қарыз алуға бекінген. Бірақ ол бір айдан кейін қарызын қайтару үшін одан әрі «былыққа» батарынан күдіктенбеген де. Жалақы алған күні қарызымнан құтыла қоямын деп ойлаған азамат жағдайдың бұлай аяқталарын білгенімде, онлайн несиеге жоламас едім дейді. «Өзім бар-жоғы 40 мың теңге жалақы аламын. Тығыз уақыт аралығында қаржы қажет болғандықтан, онлайн несиеге жүгінгеннен өзге амалым болмады. Өйткені банкке барып, құжат тапсырып жүруге уақыт тапшы еді. Оның үстіне банктің менің жалақыма несие шығара қоюы да екіталай. Сонымен не керек, интернет арқылы тез арада онлайн қарыз рәсімдедім де, еш кедергісіз 35 мың теңгені қолыма алдым. Ол кезде ақша тапқаныма қуандым да, арты қалай болатыны туралы ойламадым. Жалақы алған күні қарызымнан құтыла қоярмын деп ойладым», – дейді онлайн несие алып опық жеген Мәулен. Кейіпкеріміздің айтуынша, ол онлайн несие берушілердің пайызы тым жоғары екенін білмеген. Қарызын дәл уақытында қайтара алмаған азамат пайыздық үлесті көргенде төбесінен жай түскендей болған. Сөйтіп, бір айдан кейін қарызын қайтаруға шамасы келмеген Мәулен амалсыздан екінші бір жылдам несие рәсімдеушінің көмегіне жүгінген. «Осылай тізбек жалғасып кете берді. 40 мың теңге жалақым еш нәрсеге жетпегесін, бірінен алып, екіншісіне төлеп жүре бердім. Соңында қарызға белшеден баттым. Екі-үш ай ішінде 10-нан астам микрокредит ұйымына берешек болып, жалпы қарызым 1,5 миллион теңгеден асып түсті» деп жағдайын түсіндірді кейіпкеріміз. Ең қызығы, әбден қарызға батқан 23 жасар жігіттің бетін қайтарған ұйым болмапты. Бәрі де сұраған сомасын еш қиындықсыз беріп отырған. Осылайша, Мәулен онлайн несие алудың «маманына» айналып шыға келеді. Тіпті, бұл «былыққа» достарын да батырып үлгеріпті. Соңғы сәтте бүкіл қарызын қағазға түсіріп, есебіне жеткісі келгенде Мәулен бұл қарыздан бір өзі құтыла алмасын анық түсінеді. «Не істерімді білмей кеттім. Достарымның атынан рәсімделген несиелер де бар. Бәрі бір-бірін жабу үшін алынған қарыз болғандықтан, өтеу мерзімдері де бір уақытта. Ең қиыны да сол болды. Тығырықтан шығудың жолын таба алмадым. Өзімді іштей жегеніммен, артқа қарай жол жоқ. Болар іс болды, бояуы сіңді. Жағдайымды ешкімге түсіндірмедім. Ақымақ болып көрінгім келмеді, шынымды айтсам», – дейді Мәулен. Біздің кейіпкеріміз онлайн несие алып, оңбай ұтылғандардың бірі ғана. Елімізде мұндай жандар өте көп. Олардың біразы онлайн несиенің қыр-сырын толық білмейді. Ал жастардың көбі үшін мұндай несие берушілер интернеттегі «құтқарушылар» іспеттес.Айы оңынан туған алаяқтар
Онлайн несие рәсімдеуші ұйымдардың ешбір құжат талап етпейтіндігі алаяқтарға қолайлы болып тұр. Мұндай ұйымдардың көпшілігі қарыз алушыдан жеке куәлік қана талап етеді. Осыны ұтымды пайдаланған алаяқтар талай жұртты сан соқтырып жүр. Мысалы, өткен аптада Алматыда құқық қорғаушылар онлайн несиемен айналысқан алаяқты қолға түсіргенін хабарлады. 32 жастағы әйел 269 адамның атынан онлайн несие рәсімдеп үлгерген. Алаяқтың құрығына түскендердің бәрі – базардағы саудагерлер. Күдікті қала базарларынан тауар сатып алу арқылы сатушылардың сеніміне кірген. Тауарға төлейтін қолма-қол ақшасы болмағандықтан, банк картасы арқылы төлеуге келіскен. Сөйтіп, сатушылардың банк карталары мен жеке куәліктері туралы мәліметтерге қол жеткізген. Одан кейін алаяқ қажетті мәліметтерді енгізу арқылы онлайн несие ұйымдарынан әлгі сатушылардың атынан қарыз алған. Тіпті, саудагерлер өзін танып қоймас үшін базарға әр келген сайын келбетін өзгертіп, шашын түрлі түске бояп алған. Қазір күдікті ұсталып, тергеліп жатыр. Алматы қалалық полиция департаменті ресми өкілінің айтуынша, күдікті осыған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылған екен. Осы оқиғаның ізінше Таразда интернет арқылы алаяқтық жасаған 28 жастағы тұрғын ұсталды. Ол онлайн несие рәсімдеу арқылы жұрттың 500 мың теңгеден астам қаражатын қолды қылған. Алаяқтың бұл әрекетінен 10 адамның жапа шеккені белгілі болды. Уақытша ұстау абақтысына қамалған күдікті бар кінәсін мойындап отыр. Қазір осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүруде. Айта кетейік, жыл басынан бері Жамбыл облысында осыған ұқсас 70-тен астам дерек тіркеліпті. Ал өткен айда Көкшетау қаласында осындай бір алаяқ қолға түскен болатын. Көкшетаулық алаяқ 30 жастағы азаматты алдап соғыпты. Көкшетау қалалық полиция бөліміне хабарласқан жергілікті тұрғын өзінің атына онлайн несие рәсімделгенін несие беруші ұйымнан хабарласқан кезде бір-ақ білген. Ал полиция қызметкерлері жедел іздестіру шарасы кезінде алаяқтығы үшін бұрын сотты болған күдіктіні бір тәуліктің ішінде ұстады. Ол зардап шегушінің әріптесі арқылы несие карта туралы мәліметтерді біліп, ұялы телефонның көмегімен онлайн несие рәсімдеген. Дәл осындай оқиғалардың бірі жыл басында Қостанай облысында тіркелді. Интернеттегі алаяқтар Қостанай облысы тұрғынының атынан онлайн қарызға өтініш берген. Әйел бұдан несиені кешіктіру туралы хабарлама алғанда ғана хабардар болыпты. Қостанай облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, аралас тауарларды сатуға арналған жаңа технологиялар, әртүрлі веб-сайттардың пайда болуы онлайн несие алуға арналған түрлі тәсілдер сызбаларын жасауға мүмкіндік береді. Тиісінше, бұл – алаяқтар үшін оңай олжаға кенелудің бір жолы. Ізгілік пен қазақылықтың ортасы саналатын оңтүстік өңірде де алаяқтардан аяқ алып жүру мүмкін болмай барады. Мәселен, қыркүйек айында Арыс аудандық ішкі істер бөліміне жергілікті тұрғындардың бірі келіп, банк картасындағы қомақты сомасының жымқырылғандығы жайлы арызданған. Белгілі болғандай, күдікті әйелдің төленбеген несиесі болғандықтан, банк картасындағы ақшасын пайдалана алмаған. Сондықтан ақша табудың оңай жолын іздеп, арам ой туындап, оны іске асыру үшін көрші әйелді пайдаланған. Яғни, күдікті жәбірленуші көршісіне барып, банк картасына танысына айтып ақша салдырып, сосын шығарып аламын деп өтінген. Осылайша, жалған сылтаумен жәбірленушінің құпия кодын, деректерін біліп алып, 3 банктен 300 мыңнан астам теңгеге онлайн несие рәсімдеген. Сондай-ақ жәбірленуші әйелдің шотына келіп тұрған жүктілік кезінде берілетін бірреттік жәрдемақысы, яғни 400 мыңнан астам ақшасын ұялы телефон арқылы басқарып, өз пайдасына жаратқан. Жалпы, күдікті әйел өзінің көршісіне 700 мыңнан астам теңгеге шығын келтірген. Міне, мұның бәрі бүгінгі қоғамда алаяқтарға құрбан болудың оп-оңай екендігін дәлелдейді. Өкініштісі, сол арамзалардың бәрін бірдей қолға түсіру мүмкін болмай тұр. Ал алданған аңқау жұрт осындай әккі алаяқтардың кесірінен онлайн несие қарызын төлеп, жазықсыз шығынға батып жүр.Заңды білу маңызды
Интернетте жарнамасы жер жарып тұрған онлайн несие беруші ұйымдардың бәрі бірдей заңды жұмыс істей ме? Бұл аса маңызды сауал болғанымен, нақты шешімі табыла қоймаған мәселе. Кейбір дереккөздерге сенсек, мұндай ұйымдардың басым көпшілігінің жұмысы заңсыз. Рұқсаты болмай, қызметі заңмен реттелмеген онлайн несие сервисі қарыз алушының мойнына үлкен пайызды, айыппұлды және қосымша қызмет ақысын еселеп қосады. Негізінен, елімізде тек арнайы рұқсаты бар банктер мен микроқаржылық ұйымдар ғана несие беруге құқылы. Ал өзгелердің жұмысы заңсыз болып есептеледі. Ұлттық банк өткен жылы ақшаны интернет арқылы оңды-солды тарататын фирмаларға жылдық пайыздық мөлшерлеме 100 пайыздан аспауы тиіс деген норма бекіткен. Алайда ережені елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Оны бүгінгі күні 700-1000 пайызға дейін үстемеақымен несие төлеп жүрген жандар дәлелдейді. Статистикалық деректерге жүгінсек, елімізде соңғы бес жыл ішінде 200 млрд теңгенің онлайн несиесі берілген. Жан басына шаққанда 3-4 қарыздан келеді. Ал онлайн несие көмегіне жүгінетіндердің 55 пайызы – жоғары білімді және отбасын құрмаған азаматтар. Сарапшы мамандардың пікіріне сенсек, онлайн несиенің зардабын тартқан азаматтардың басым көпшілігі өздерінің құқықтарын қорғауға құлықты емес тәрізді. Өйткені онлайн несие алып, орға жығылғандардың көпшілігі өз құқығын қорғағаннан гөрі тағы да қарызданып-қауғаланып сол несиені өтегенді құп көреді. Егер кез келген адам онлайн несие алып, үстемеақысының тым жоғары екенін білсе, заң жүзінде өз құқығын қорғай алады. Азаматтық кодекстің 159-бабына сәйкес, арнайы рұқсаты жоқ онлайн сервистің келісімшарты, яғни үстемеақы және өзге де төлемдер заңсыз болып танылады. Онлайн несие алған кез келген адам келісімшарт бөліктерін заңсыз деп тану туралы сотқа жүгінсе, тек негізгі борышын ғана қайтаруға құқылы. Алайда мұны онлайн қарыз алғандардың көбі ескере бермейді. Ескергеннен бұрын, біздің елде өз құқығын толық білетіндер аз. Ал әлгіндей микроқаржы ұйымдарының уысынан құтылу үшін өз құқығың мен міндетіңді білу аса маңызды. Ол үшін Азаматтық кодексті, Коллекторлық қызмет туралы заңды мұқият оқып шығу қажет. Әйтпесе, әлі талай қазақ онлайн несиеден опық жейтіні анық.