1157
Шерубай Құрманбайұлы: Мемлекеттік тілмен тең қолданылатын тіл болмауы тиіс
Шерубай Құрманбайұлы: Мемлекеттік тілмен тең қолданылатын тіл болмауы тиіс
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілі ұлтаралық тіл болуы тиіс деді. Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тілі болуы үшін не істеуіміз қажет?
– Егер тілдік заңнама, тілдік құқық тұрғысынан қарар болсақ, қазақ тілі қазірдің өзінде еліміздегі ұлтаралық қарым-қатынас тілі қызметін атқаруы тиіс еді. Неге дейсіз бе? Өйткені ол – мемлекеттік тіл. Мемлекеттегі барлық ресми қарым-қатынас, шағын тілдік қауымдастықты айтпағанда азаматтардың кез келген қоғамдық орындағы өзара тілдік қатынастары елдің мемлекеттік тілінде жүзеге асырылуға тиіс. Бірақ біздің мемлекеттік тіліміздің заң жүзіндегі мәртебесі болғанымен, іс жүзіндегі қолданысы оған сәйкес келмей отыр.
Мемлекеттік тіл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын, мәртебесі Конституцияда бекітілген мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iсқағаздарын жүргiзу тiлi. Білім беру, байланыс (пошта, телеграф) пен бұқаралық ақпарат тарату да ел аумағындағы мемлекеттің тілінде жүзеге асырылады. Мемлекеттік тіл мемлекеттің саяси-әлеуметтік, ғылыми-экономикалық, мәдени-рухани өмірінде халықты біріктіру, ықпалдастыру қызметін атқарады. Мемлекеттік тілдің ең маңызды, ең басты қызметінің бірі – көпұлтты, көпэтносты мемлекеттегі ұлтаралық қатынастың негізгі құралы болу. Ол тілдің қоғам өмірінің барлық саласындағы қолданысын тілге мәртебе берген мемлекет өзінің құқық қорғау органдары мен мемлекеттік құрылымдары, Конституциясы мен Тіл туралы және басқа да заңдары арқылы қамтамасыз етуге тиіс. Егер ол міндетті жүзеге асыра алмаса, онда мәселенің себептері анықталуы қажет. Тіл саясатын жүргізу тұжырымдамасын, тілдік заңнаманы қайта қарау, жетілдіру қажет болуы мүмкін. Өкінішке қарай, қазақ тілі 30 жылға таяу уақытта әлі мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қоғам өмірінің барлық саласында кеңінен қолданыла алмай отыр. Егер мемлекеттік тіл атына сай өз қызметін атқарса, соны қамтамасыз ете алсақ, ол сөз жоқ ұлтаралық қатынас тіліне айналады.
– Шындығын айтқанда, қазіргі қолданыстағы Тіл туралы заң о баста ресми тілге байланысты мүмкіндігі шектеулі еді. Бүгінде тіптен мүмкіндіктері шектелді. Содан да жаңа заң қабылдау ісі әлдеқашан қажеттілікке айналған.
– Қазіргі қолданыстағы Тіл туралы заң 1997 жылы қабылданды. Одан бері 20 жыл уақыт өтті. 1989 жылғы халық санағы бойынша ел халқының 41 пайызы қазақ болса, қазір 70 пайыздан асты. Қазақ мектептерінің, оларды бітіргендердің, қазақ мектебіне баратындардың саны жыл сайын артып отыр. Жалпы елдегі тілдік ахуал 90-жылдардағыдан, Тіл туралы заң шыққан кезеңдегіден көп өзгерді. Алайда осы жағдаятқа сәйкес қазақ тіліне, оның өрісін кеңейтуге деген қоғамдағы сұраныс пен талап, оған деген қажеттілік те соншалықты артты деу қиын. «Қазақ тіліне деген қажеттілік туғызылмай отыр» деген пікір әр жерде күнде айтылады. Сол қажеттілікті туғызудың ең тиімді жолы – тілдік заңнаманы жетілдіру, заң талаптарын күшейту. Ата заңның 7-бабы баршамызға белгілі. Тіл туралы заң талаптары да соған бағынады. 4-бапта: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тiлi – қазақ тiлi» делінсе, келесі 5-бапта: «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деп тұр. Заңымыз солай деп тұрғаннан кейін де 30 жыл өтсе де, қазақ тілі қоғам өмірінің барлық саласында қолданылатын, шын мәнінде мемлекеттік тілге айнала алған жоқ. Күнде айтылатын 100 насихат, 1000 уағызымыз нәтиже бермеді. «Еліңнің мемлекеттік тілін білу – парызың», «азаматтық борышың» деген сөздер азаматтарымыздың ар-ұятына әсер етіп, тілдің қолданысын кеңейте алмады. Қайта-қайта айтыла берген соң осы сөздердің қадірі қашып, елдің құлағы үйреніп, ешкім елемейтін жағдайға жеткен сияқты. Тіпті, ел алдында уәде берген талай министрлер мен лауазымды басшылар заң талабы нақты болмағаннан кейін айтқандарын артынша ұмытып, уәделерін жұтып қоюды әдетке айналдырды. Тіл туралы заңның 23-бабында: «Мемлекеттiк тiлдi белгiлi бiр көлемде және бiлiктiлiк талаптарына сәйкес бiлуi қажет кәсiптердiң, мамандықтардың және лауазымдардың тiзбесi Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленедi» делінген еді. Тәуелсіздігімізді жариялағанымызға ширек ғасырдан асса да сол тізбе әлі белгіленбей отыр. Осы бапта айтылған заңдар да қабылданған жоқ. Тілдік заңнамамыз осылай болып тұрғанда, оның мемлекеттік тілдің мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетеді, оған сұраныс туғызады деп қалай айтуға болды? Сондықтан «қазақ тілін қолдансаң да болады, орыс тілін қолдансаң да болады» деген солқылдақ заңның талаптарын нақтылап, әр тілдің орны мен қолданыс аясын айқын көрсетіп беретін әрі орындалуы қадағаланатын мемлекеттік тіл туралы заң керек екендігі ешқандай талас тудырмайды.
– Латын әліпбиіне көшу елдегі қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюіне жол аша ма?
– Қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюі біздің қай графиканы пайдаланатынымызға тіреліп тұрған жоқ. Мемлекет өзі заңмен мәртебе берген тілге қажеттілік туғызып, оның өмірдің барлық саласындағы қолданысын қадағаласа, талап етсе, оны азаматтардың бәрінің үйренуіне тиісті жағдай туғызса, ең бастысы отандық білім беру жүйесін жаппай мемлекеттік тілге көшірсе, жазудың қай таңбаға негізделгеніне қарамастан, сол тілді ел халқы түгел меңгереді. Сондықтан кирилл әліпбиінен құтылған күні орыстілді қазақстандықтардың бәрі қазақша сайрап кетеді, қазақ тілінің өрісі бірден кеңейіп шыға келеді деуге болмайды.
– Латын негізді әліпбиге көшуден ұтар тұстарымыз қайсы?
– Ең алдымен, мәжбүрлі түрде енгізілген кірме дыбыстардан, басы артық таңбалардан арылып, ұлт тілінің төл дыбыстық жүйесін қалпына келтіруге, әліпбиіміз бен емле ережелерімізді ықшамдауға мүмкіндік аламыз. Егер Ахмет Байтұрсынұлы анықтап берген 28 дыбысты таңбалайтын төл әліпбиімізді қалпына келтіре алсақ, сол міндет орындалады. Сондай-ақ отарлау саясатының бір белгісі, негізгі құлдарының бірі ретінде енгізілген үстем тілдің графикасынан арылып, кең тараған әрі заманауи технологияға көбірек бейімделген латынға негізделген жаңа әліпбиге көшу отарсызданудың, ұлттық жаңғырудың сипаты ретінде көрінеді, қоғамдық санаға қозғау салады деген үміттеміз. Орыстілді ақпараттық кеңістіктің өрісі біршама тарылып, одан айрықшаланатын өз жазуы арқылы ақпарат алатын ұлттық кеңістікті кеңейтуге мүмкіндік туындайды деген де болжам бар.
– Қазіргі әліпбиге өзгеріс енгізу қажет деп санайсыз ба?
– Иә, солай деп санайтындар қатарындамын. Бірінің артынан бірін ұсынған әліпбилердің ешқайсысы тілдің дыбыстық жүйесін дәл бейнелеген, кәсіби біліктілікпен жасалған әліпби бола алмады. Өкінішке қарай, үшіншісі де мінсіз болмай шықты. Ол туралы мамандар айтудай-ақ айтып жатыр. Бұл істің осылай басталып, әліпби ұсыну жұмыстарының жүйесіз жүргізілуі латын әліпбиіне көшу идеясына, үлкен үмітпен басталған маңызды қадамның сәтті жүзеге асуына салқынын тигізе бастады. Егер әліпбидің кемшіліктері түзетілмей, осы нұсқаға негізделген оқулықтар мен кітаптар, газет-журналдар шығарыла бастаса, жаңа әліпбиге деген жұртшылықтың көзқарасы мүлде өзгеріп, одан жери бастауы мүмкін. Сондықтан бұл іске өте сергек қарап, алдыңғы қателіктерді қайталамайтын, айқындалған кемшіліктер түзетілген әліпби нұсқасына тоқталудан басқа жол жоқ.
– Сіз терминтану саласының маманысыз. Латынға көшкенде мыңдаған кірме терминдерді жазу мәселесі қалай шешіледі?
– Жаңа әліпбиге көшу кезінде мамандарды да, көпшілікті де көбірек толғандырып отырған мәселенің бірі осы – кірме терминдерді жазу жайы. Дәл осы шет тілдерінен енген терминдерді таңбалау мәселесінде лингвист ғалымдар мен тіл тұтынушыларының бәрінің ойлары бір жерден шыға бермейді. Емле ережелерін жасап жатқан ғалымдардың қазіргі жаңа әліпбидегі 32 әріпті пайдалана отырып жазған кірме сөздерінің бірқатарын қабылдағысы келмей ё, ц, щ, э, ю, я сияқты таңбаларды іздеп жүрген тіл сөйлермендері де бар. Әліпби ауыстыру кезінде осындай жағдайлардың болатынын да есепке алғанымыз жөн. Егер алдағы уақытта қазіргі бекітілген әліпби нұсқасынан в, ф, х, Һ, ч сияқты таңбалар алынып тасталар болса, бұл мәселе төңірегіндегі әңгіме қазіргіден де арта түседі. Жұртшылық мәдени шок алғандай болмауы үшін, лингвистер қауымының алдында терминдерді ұлт тілінің төл табиғатына, дыбыстық жүйесіне икемдеп жазудың мән-маңызы мен қажеттілігін түсіндіру жұмыстарын жүргізу міндеті тұр. Егер көпшілікті осыған дайындамай, жүйелі түсіндіру жұмыстарын алдын ала жүргізбей «Ендігі жерде былай жазасыңдар» деген жағдайда жұрт төбесінен жай түскендей дүрлігіп, жаңа емлені қабылдауы қиын болады. Себебі қазақстандық лингвистикалық қауым ұзақ уақыт өз тілінің терминдерін өзгенің орфографиялық ережесі бойынша жазып, айтып дағдыланып қалды. Кеңестік жүйе құлағанымен 70 жылда оның санаға сіңіріп кеткен сабағы, білім беру жүйесі арқылы үйретіп кеткен дәстүрі қалды. Кирилл әліпбиі енген кезден бергі кезеңде біздің қауымның кірме сөздер құрамындағы жат дыбыстарды өзіне икемдеп алу дәстүрі ұмытылған, бөтен сөздерді бейімдеп алу қабілеті әлсіреген. Көз, құлағы орыс тіліндегідей жазылған терминдерге әбден үйренгендіктен қазіргі аздаған өзгерістердің өзін көп көріп отырғандар әліпбиде қалған кірме дыбыстар таңбасын атасынан қалған мұрадай қорғауға дайын екенін ұмытуға болмайды. Солардың ырқына көніп, әліпбиді төл дыбыстық жүйені дәл бейнелеген Ахаңның нұсқасына қайтара алмасақ, онда тілдік реформамыз жартыкеш болып, әліпби ауыстырудағы ең басты мақсатымызға жете алмаймыз. Қазақ үшін түкке керегі жоқ алты әріптен (ё, ц, щ, э, ю, я) арылғанымызды үлкен жетістік санап, осыған да шүкір дейтін болсақ, онда орта жолда қалғанымыз. «Қазақ тілінің айтылым сөздігін» (2001ж.) жасап, жариялап кеткен фонетист ғалым Сапархан Мырзабек «Кеңеспен бірге «топан суындай қаптап келген» (Х.Досмұхамедұлы) орыс сөздерін Ахаң бастаған алыптар халық тілінің тезіне салып, тез-ақ жуасытып таста-
ды» деп жазып еді. Ал бүгін күн тәртібінде: «Жаңа әліпби мен емле тағдырын шешуді міндетіне алып отырған тілшілер қауымы оларды жуасыта ала ма, әлде, өздері жуастық танытып, кірме таңбаларға төрден орын бере ме?» деген мәселе тұр.
– Оларды «жуасыту» сондай қиын мәселе ме?
– Оның қиындық туғызуының себебі олар біздің үйімізге кіріп, баяғыда төрімізге отырып алған. Талай қазақ кірме дыбыстар мен сөздерге санасының төрінен орын беріп қойған. Мәселенің қиындығы да сонда болып отыр. Қонақжай халық ретінде оларды қалдыруға да болар еді. Бірақ кірме таңбалар мен терминдер төрімізге аяғын шешпей шығып кеткен. Алаш ардақтыларының сөзімен айтқанда, кірме терминдер тілімізге үстіне «қазақтың шапанын жамылып, тымағын кимей» кіріп кеткен. Сондықтан да дыбыстық жүйемізді бұзып, бейнелеп айтқанда «төрімізді былғап тұр». Енді жаңа емлемізді де соларға икемдеп жасауға тура келіп отыр. Әйтпесе, өзге тілден сөз алмайық деп отырған ешкім жоқ. Соларды алудың, жазудың тәртібі әліпбиге, емлеге барып тіреліп тұр ғой. Ал осы мәселені жаңа әліпбиге көшіп жатқан ең оңтайлы сәтте, қазіргі кезеңде шешіп алмасақ, кеш болады. Келер ұрпақ та оларға көзін үйретіп, санасына сіңіріп алады. Оған олар емес, мәселені ұтымды сәтте, ұрымтал тұста шеше алмай, соларға қалдырып кеткен бүгінгі ұрпақ, біз кінәлі боламыз. Сол себептен дәл қазіргі кезеңде біздің мойнымызда үлкен жауапкершілік тұр.
– Сұхбатыңызға рақмет. Әліпбиіміз қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне шақ келетін қалыпқа түсіп, соған икемделіп жасалған емлеміздің бекітілуіне тілектеспіз!
Сұхбаттасқан
Дағжан Белдеубайұлы