Түркіге ортақ тіл қажет

Түркіге ортақ тіл қажет

Түркіге ортақ тіл қажет
ашық дереккөзі
1520

Түбі бір түркіге ортақ тіл қажет. Ынтымақтастық пен серіктестікті нығайту үшін, бауырлас халықтар арасындағы қарым-қатынасты жақсарту үшін, мәдени, саяси, дипломатиялық, экономикалық және тарихи құндылықтарды өскелең ұрпақтың санасына сіңіру, әлемдік деңгейде насихаттау үшін. Түркі бірлігін нығайту үшін жалпыға ортақ тіл қалыптастыру аса маңызды. Бірақ ол қай тіл? Қандай тілді түбі бір түркі қабылдай алады? Түркінің басқа тілдері ортақ тілдің көлеңкесінде қалып қоймай ма? 

жесурхан ташЖесурхан Таш, «Сахипкыран» стратегиялық зерттеу орталығы директо­рының орынбасары, Түркия: – Әлемдік деңгейде ең көп қолданылған тілдердің тек бір бөлігі ғана жазба әдебиетін қалыптастырған. Осы жазба тілдердің ішіндегі ең ықпалды тілдердің бесіншісі – түрік тілі. Ғылыми түрде дәлелденген дәйекке сүйенсек, түрікшенің жазба әдебиетінің кем дегенде 1500 жылдық тарихы бар. Бір ескеретін жайт, түрік тілі дегеніміз – қазіргі Түркия азаматтары қолданып жүрген тіл ғана емес, сонымен қатар түбі бір түркінің тілі. Солардың барлығын қосқанда әлемдегі ең көп қолданылған бесінші тіл дәрежесіне көтеріледі. Түркітектес халықтар 12 миллион шақырымға созылатын алаңға билік еткен. Осынау ұлан-ғайыр жерге қоныстанған ұлыстың тілі де бір-бірінен ерекшеленіп кеткен. Жағрапиялық тұрғыда бір-біріне жақын орналасқан түркілер бірін-бірі жақсы түсінсе, керісінше, алыс аймақтарға шашырай орналасқандары аудармашысыз ұғыныса алмайды. Мәселен, Әзірбайжан мен Түркиядағы ба­уырлар еркін араласса, Болгария мен Қазақстандағы түркі бауырларға тәржімеші керек. Еуразияның қай жерін мекендесе де, түркі халықтары үшін тіл кедергі туғызбайды. Түркі әлемінің ортақ тілі онсыз да бар. Диалектілер, екпіндер мен ауызекі қолданыс арқылы күшейген тіл қос құрлықты түгел жаулап алған. Қуанышымызға қарай, түркі халықтарының тілге қатысты проблемасы жоқ, тек ортақ қатынас құралы ретінде ортақ тілге мұқтаж. Он екі миллион шақырымдық аумаққа тарыдай шашыраған түркілерден ортақ диалектіні қолдануды талап ету қисынсыз. Түркі тіліне асыл қазыналарды сыйдырған Махмұт Қашқаридың еңбектерінен ұғатынымыз, мың жыл бұрын да түркілердің тілі түрлі диалекті мен екпіндер арқылы қолданылғанын білеміз. Қашқарлы кезеңінен кейін қарай мың жылға тереңдесек, түркі халықтары өзгеріске ұшыраған диалектілер түріндегі түркі тілдерімен алдымыздан шығады. Қарым-қатынас мүмкін­дік­терінің барынша жетілгенін және Жер шары алақандағыдай боп қалғанын ескерсек, түркі халықтары ортақ бір тілді таңдай алады. Оны бұқаралық ақпарат құралдары арқылы оңай жүзеге асыра отырып, алдымен ортақ әліппені қалыптастыру шарт. Бірақ бұл сая­си шешімдер мен уақытты талап ететіндіктен, бүгін-ертең шешілетін шаруа емес. Үкіметтік емес ұйымдар мен мүдделі азаматтардың бастамалары мен жігері арқылы түркіге ортақ тілдің іргетасы қалана берсе, игі.

АсемгулӘсемгүл ЖҰМАҒҰЛОВА, журналист, PhD докторы: – Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері латын әліпбиіне көшу мәселесі талқыланып жатыр. Әсіресе, соңғы екі-үш жылдың төңірегінде бұл тақырып өзекті мәселеге айналды. 2013 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың: ­«Латын әрпіне көшу – қазақ тілін дамыту мен жаңғыртудағы ішкі қажеттілік», – дегенін бәріміз білеміз. Президент 2025 жылға дейін толықтай латын әліпбиіне көшуіміз қажет деген тапсырма берді. Қазақ тілі дәрежесінің халықаралық деңгейге көтерілуіне және іс жүзінде де мемлекеттік тіл ретінде жаппай қолданысқа ие болуына аталмыш реформаның ықпал жасайтыны рас. Осы мәселе төңірегінде лингвист ғалымдар тарапынан алғашқы қадамдар да жасалынып жатқаны бәрімізге мәлім. Латын әліпбиіне көшу арқылы түркітілдес бауырларымызға әлдеқайда жақындай түсетініміз ақиқат. Ортақ қазына саналатын басқа түркітілдес халықтардың әдебиеті мен тарихын терең білу үшін де латын әліпбиіне қажеттілік туындап отыр. Түркітілдес халықтардың кейбіреулері біздің қазіргі қолданыстағы кирилл әліпбиін түсінбейді. Түркітілдес халықтардың бір-бірімен ортақ байланысының дәнекері осы әліпби болмақ. Әсіресе, шетелдегі қандас бауырларымыздың латын әліпбиіне көшкенімізді қалап отырғаны шындық. Оларға қазақ тіліндегі кирилл әріптерімен жазылған шығармаларды оқу қиындық туғызып отыр. Әрине, латын әріптері қазақ тіліндегі барлық дыбыстарды дұрыс жеткізуі тиіс, мұны лингвист ғалымдар шешеді. 90 жылдан астам тарихы бар Түркия Республикасы латын әліпбиін осы күнге дейін қолданып жүр. Түркия Республикасының құрушысы және алғашқы президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің 1928 жылғы 1 қарашадағы әліпби реформасы түрік хал­қының халықаралық аренаға шығуы­на мүмкіндік туғызды. Кеңес Одағы ыдыраған соң тәуелсіздікке қол жеткізген Әзірбайжан, Өзбекстан мен Түркіменстан қайтадан латын әліпбиімен қауышты. Осы сияқты мысалдар кириллицадан латын әліпбиіне көшу міндеттілігінің бар екенін айқындап отыр. 1924 жылдың маусым айында қабылданған араб әліпбиінің маңыздылығы төмендеп, 1930-40 жылдары ұлт зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы мен Нәзір Төреқұлов латын әліпбиіне көшу қажеттілігінің туындағанын дәлелдеп берген. Алаш зиялылары құрастырған латын әліпбиімен қайтадан қауышу – заманның талабы. Әрине, ескі әліпбиден айырмашылықтары да болуы тиіс. Латын әліпбиіне көшу арқылы өзіміздің 30-40 жылдары жарияланған тарихи және әдеби мұрамызды, әсіресе тың дүниелерді оқи аламыз. Бүкіл халықтың бірден латын әліпбиін үйренуі де күрделі. Әсіресе, қарт адамдарға жаңа әліпбиді меңгеру оңай соқпайтыны айдан-анық. Латын әліпбиіне көшу, әрине, уақытты және қаржыны қажет етеді. Қарияларға латын әліпбиін үйретудің арнайы курстарын ашу қажет және барлық шығармалар латын әріптерімен қайтадан басылуы керек. Сонымен қатар латын әліпбиінің технологиялар тілі екенін де ұмытпаған жөн.

МетинМетин ДЕМИРТҮРІК, Берлин, Германия: – 1993 жылдың 21-22 наурызында Түркияның Анталья қаласында «Түркі мемлекеттері мен түркі қоғамдарының достық-бауырластық және серіктестік құрылтайы» өткізілді. Құрылтай нәтижесінде тіл, әліппе, мәдениет, білім, ғылым, экономика, технология, саясат, құқық саласындағы ынтымақтастық мәселесі талқыланды. Аталған шараға барлық түркі елдері мен автономиялық республикалардан өкілдер қатысты. Жан-жақты талқылаулардың қорытындысында түбі бір түркінің бүгінгі ұрпағына ортақ әліппе қалыптастыру, оған негіз ретінде Түркия түрікшесін алуға шешім қабылданған. Оған Түркия халқының саны басқа түркі мемлекеттеріне қарағанда, едәуір көп екендігінен емес, Түркия түрікшесін анағұрлым көп адам қолданатындығы себеп болған еді. Түркі әлемінің ортақ тілі ретіне Түркия түрікшесін алып, әліппені латын әрпіне көшіру аса маңызды әрі тиімді. Түркілердің ынтымақтастығы мен жақындасуына да игі әсер етеді. Әлбетте, барлық диалектілердің сақталуын және дамуын қамтамасыз ете отырып, ортақ тіл мәселесін шешу керек. Сонымен қатар барлық түркі елдерінің тілге қатысты пікірлері ескерілуі тиіс. Бір болуға талпынған сәтте пікір қайшылықтарының кесі­рінен ортаға от түсуден сақтанған жөн. Қаншама жыл бойы бір-бірінен ұзақта болған бауырлас халықтар бірлік жолындағы бастамаларға бірге атсалысады деген үміттемін.

амангелді құрметұлыАмангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ, журналист: – Меніңше, ресми қолдану мен бұқараға іс жүзінде ортақ тіл бола алатын қасиетке ие тіл дегенде екі бағыт қарастырылуы керек сияқты. Мəселен, Түркия мен Əзірбайжан үшін түрік тілі маңызды. Бірақ бұл тіл қыпшақ, қарлұқ тайпаларынан тараған немесе чуваш сияқты бұлғар тайпасынан тараған халықтар үшін қиын соғады. Бəрібір арнайы оқу курстары арқылы үйренуге мəжбүр. Сондықтан түрік тілі бірден қалың бұқараның көңілінен шығатын ортақ тіл бола алмайды. Əрі түрік тілінде қолданылып жүрген қазіргі латын əліпбиінде түрік тілінің бірқатар дыбыстары қамтылмаған. Мəселенің бұл жағы да ескерілуі тиіс. Ал, қазақ тілі латын əліпбиіне көшпей ортақ тіл болуға жарамайды. Қазақ тілін оғыз тайпаларынан тарағандар түсінбейді. Оның үстіне саяси мəселелер бар. Ортақ тіл идеясы түркі жұртын дəл қазір біріктіре алатын идея емес. Керісінше ірітетін идея. Əсіресе, өзбек пен қазақтың, түрік пен қазақтың, өзбек пен түріктің арасына сына болып қағылуы мүмкін. Алдымен түркі халықтарын бір-бірінің тіліне қызықтыратын жобалар жасалуы керек. Бас-басына би болуға деген амбицияны жою керек. Қысқасы, ортақ тіл ғалымдар арасында ғана талқыланғаны дұрыс.

ахмет арсланАхмет АРСЛАН, әлеуметтанушы, Түркия: – Өкінішке қарай, түркі әлеміндегі ең маңызды мәселелердің бірі – ортақ тіл мәселесі әлі күнге шешімін таппады. Көш басын Орта Азиядан тартқан түркілердің жаңа саяси және мәдени жағрапиясын қамтитын бұл қиындық 19-ғасырдың соңындағы зерттеулерде қылаң бере бастаған. Ол кезеңде Осман императорлығы, әсіресе, Стамбұл Түркі әлемі үшін аса маңызды болатын. Шығыс Түркістан, Өзбекстан мен Қырым т.б. түркі елдерінен Стамбұлға білім алу, үйрену үшін жастар сеңдей ағылған. Түркі әлемінің қайраткерлері де Стамбұлға жиі ат басын бұратын, мәдени архивтерден жиі табылатын. Қазір де түркі мемлекеттерінен жас­тар білім алуға құштар. Түркілердің көсемі Исмайи Гас­пралы Түркі бірлігі жолындағы күресіндегі «Тілде, пікірде, істе бірлік» деген ұранын «Тәржұман» газетінде Түркия түрікшесінде жария­лапты. Әлбетте, Гаспралы өмірінде басқа диалектілерді де қолданғаны анық. Оның басылымдағы пікірінен бүкіл түркі көсемдері хабардар болды, оқығанда түсінді. Бірақ Қызыл әскерлердің бүлігі Гаспралының барлық бастамаларына, нәтижелі болуына кедергі жасады. Қазір жағдай басқаша. Сондықтан «Гаспралы үлгісінің» Түркия түрік­шесін ортақ тілге айналдыру талпынысы қайта қолға алынса. Түркия түрікшесіне Гаспралы сияқты басқа түркі халықтарының да тілдерін араластырсақ. Сөздердің түбірі мен грамматикасы бір болғандықтан, ортақ тіл қалыптастыру бізге аса қиынға соқпасы анық. Бірақ ол үшін ең алдымен әліппеміз бір болуы тиіс. Яғни, латын әліппесі. Мен Түркия түрігі ретінде латын әріптерімен жазылған өзбек және түркімен диалектілерін сәл-пәл түсіне аламын. Ортақ әліппемен жарияланған барлық еңбектер барлық түркі елдерінде қолдау табады және пікір алмасу жалғасады, ынтымақ артады. Әрине, түркіге ортақ тіл қалып­тастыру оңай шаруа емес. «Үмітсіз шайтан» демекші, сабыр мен сенімді серік ете отырып, табандылықпен алға жылжи беру керек. Бұл мәселеде студенттер мен түркі әлемдерінің көсемдеріне артылатын жауапкершілік жүгі ауыр. Түркі әлемінің бірлігіне сенетін мамандар да аса маңызды. Түбі бір түркінің ортақ тілі ретінде ағылшын не өзге тілді ұсынғандар ортаға от салуды көздеген арандатушылар қатарынан деп білем. Олардан абай болу керек.

саматСамат СҮЛЕЙ, «Астана» теле­арна­сының Түркиядағы мен­шікті тілшісі: – Әрине, ойланбастан қазақ тілі деп жауап бергің келеді. Бірақ алдымен мен ұсынған тілдің мүмкіндігі, потенциалы қандай деген заңды сұраққа жауап беруіміз керек. Ал, біздегі қазақ тілінің жағдайы белгілі... Демек, қанша жылдан бері бір елді бір тілде сөйлете алмай отырып, бірнеше мемлекетті дәл осы қазақшамен алып жүрем деген қисынсыз. Енді басқаларға қарайық. Түркітілдес мемлекеттер дегенде өзі (ортақ іс атқаруға ынтасы бар) Орта Азия елдері, Түркия және Әзірбайжанды айтамыз. Біріктіруші фактор тіл болып тұрғаннан соң сырттан бөтен тіл таңдай алмайсыз. Әлемдік тіл екен деп ағылшыншаға қанша қызыққанмен негізгі рөлді оған берген қисынсыз. Қысқасы, айналып келгенде лайықты тіл сол түрік тілі секілді. Бұл менің жеке пікірім, әрине. 77 млн. халқын 100 пайыз өз тілінде сөйлетіп қана қоймай, әлемнің әр бұрышына шашыраған түріктің тілін сақтап қалғаны мықтылық, әрине. Мұнымен тоқтап қалмай мемлекеттік бағдарламаны қолға алған. Түріктің тілін һәм мәдениетін насихаттайтын түрлі білім гранттары, тұрақты түрде өткізілетін конференциялар бар. Жемісі жаман емес секілді. Жыл сайын түрік тілін үйренуші немесе қолданушылардың қатары көбеюде. Негізі бұл тілге тітіркене қарайтын ештеңесі жоқ. Өзімізге жақын, жатық тілдердің бірі. Ұтпасақ, ұтылмаймыз. Жұтылып кетеміз немесе өзге тілге тәуелді болып отырамыз ба деп қашқақтамау керек. Абай атамызша айтсақ, «бір тіл білсең, бір адамсың». Немесе көп тіл білсең көзің ашылып, білімің толығатыны анық. P.S. Жалпы, бір мемлекеттің тұтас бір тілде сөйлегені үлкен бақыт екенін Түркияда жүріп байқадым. Қай жерге барсаңыз да тек бір ғана тілмен қарсы алып, шығарып салады. Яғни, «мына кісі мен сөйлейтін тілді біле ме екен» деп еш алаңдамайсыз. Мемлекеттік тіл – түрікше, болды. Білуге міндеттісің.

Жібек СейтметоваЖібек СЕЙТМЕТОВА, қазақ және түрік тілінің маманы: – Анадолы түрікшесінің алпыс пайызға жуығы араб пен парсы сөздерінен тұрады. Сондықтан әңгіме Түрік әлеміне қатысты болғандықтан, ортақ тіл ретінде басқа түрікшелерден гөрі кірме сөздерден ада, көне түрік тіліне өте жақын саналатын тілдің таңдалғаны дұрыс. Әрине, ол – түркі тілдерінің ішіндегі қыпшақ тобына жататын қазақ тілі. Түркі ағайындар «әлемде ең көп пайдаланылатын түркі тілі – Анадолы түрікшесі» деп өз тілдерін алға тартады. Оғыздар 9-10 ғасырларда Ислам дінін қабылдап, араб тілінің, ал 11-ғасырда Иран еліне еніп, парсы тілінің ықпалында қалғаны, әлі күнге соның әсерінен айыға алмағаны белгілі. Егер Түркі әлемін араб, парсы тілінде сөйлететін болсақ, Түркі әлемі басқа әлемге айналары анық. Тіл – әрдайым даму үстінде болатын құбылыс. Кірме сөздер тілді дамытқанмен, өзінің бастауынан алшақтайды. Көне қыпшақ, оғыз тілдерінен баламасы табылатын сөздерді араб немесе парсы тілдерінен алған түрік тілі де түбірінен алыстады. Түркі әлемінің ортақ тілін қалыптастыру – түркілігімізді сақтау. Қазір Анадолы түрікшесі жасанды тіл сияқты. Бұл жеке пікірім. Ол үшін түрлі тарихи жайтты басынан кешірген Анадолыдағы ағайындардың кінәсі жоқ. Ал қазақ тілінде кірме сөздер өте аз. Оның себебі, қазақтар көне түркілердің Атажұртында, қара шаңырағында қалды. Түркі әдебиетіне ортақ ауыз әдебиетіміздің маржандары бізде көбірек сақталған. Орта Азиядағы мұсылман немесе мұсылмандықты қабылдамаған түркі халықтары үшін де қазақ тілі өте түсінікті болуы мүмкін. Ал басқалар ше? Саха, тыва, чуваш т.б. сияқты түркілер үшін араб, парсысы басым түрік тілінен гөрі қазақ тілі түсіну үшін де, үйрену үшін де оңай болар еді. Ататүрік кезінде түрік тілін тазалауға тырысты. Қолынан келгенше тазалады да. Түркі әлеміне бұл үлгі боларлық жайт. Осыған қарап, қазір қолданыстағы түркі тілдерінен неге ортақ тіл қалыптастырмасқа деген ой да туындайды.

Серіктес жаңалықтары