504
Ләззат ИБРАГИМОВА: Біз әрбір отбасының баспанасы болса дейміз
Ләззат ИБРАГИМОВА: Біз әрбір отбасының баспанасы болса дейміз
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында аса маңызды әлеуметтік мәселелер көтерілгені белгілі. Әсіресе, Партия Төрағасы халықты баспанамен қамту ісіне айрықша назар аударды. Осы ретте Nur Otan партиясы саяси кеңесінің мүшесі, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимовамен аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы аз қамтылған отбасыларға жеңілдетілген несиелеу жүйесі іске қосылды. Осы жайында толығырақ баяндап беріңізші...
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының саяси кеңесі отырысында көпбалалы отбасыларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді және тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы несиелендірудің жеңілдетілген механизмін жасап шығару қажеттігін атап өткен болатын. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі аталған тапсырманы жүзеге асыру мақсатында осы жылдың шілде айынан бастап табысы төмен отбасылар үшін «Бақытты отбасы» бағдарламасын іске қосты.
Бағдарламаға көпбалалы, кәмелет жасына толмаған балалары бар толық емес отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады. Олар 10 пайыз көлемінде бастапқы жарнаны жинаған жағдайда несиені жылдық 2 пайыздық мөлшерлемемен ала алады.
«Бақытты отбасы» бағдарламасының көмегімен жаңа және қолданыстағы үйден пәтер немесе жер үй сатып алуға болады. Ең жоғары займ мөлшері Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау, Шымкент қалаларында 15 млн теңгеге дейінгі соманы құраса, ал қалған өңірлерде 10 млн теңгеге дейін. Тұрғын үйді салымшы өзі әкімдікте кезекте тұратын аймақта ғана сатып ала алады.
Бағдарламаның басты талабы – оған қатысушылар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне барып несие өтінімін бергенге дейін жергілікті әкімдікте кезекте тұруы қажет. Содан кейін ол жерден баспанаға мұқтаж екенін растайтын жолдаманы алып, банкке өткізулері керек.
Осыдан соң банкте олардың кіріс деңгейін тексереді. 2 пайыздық мөлшерлеме бойынша жеңілдетілген несие жалақысы өте төмен болғандықтан, өз баспанасын сатып алуға мүмкіндігі жоқ отбасыларға беріледі. Бағдарлама шарттарына сәйкес, соңғы алты ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне келетін табыстың бір айлық көлемі 42 500 теңгеден аспауы керек (бұл – Қазақстанда ресми түрде бекітілген ең төменгі жалақы мөлшері).
Бүгінгі таңда «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 3 382 отбасы өз баспаналарына қол жеткізіп, қоныс тойын атап өтті. Тағы 1 083 отбасы несиесі мақұлданды. Олар қазір болашақ баспаналарын іздестіру үстінде. Бұл үшін оларға 3 ай уақыт беріледі.
Банк қазіргі сәтте 47,4 млрд теңге сомасына 4 705 өтінімді қабылдады. Осы жылдың соңына дейін 50 млрд теңге сомасына 5 мың займды беру жоспарлануда. Биыл бағдарламаға қатыса алмаған отбасылар келесі жылы өтінім бере алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Бақытты отбасы» бағдарламасы 2020 жылдан бастап 10 мың отбасыны қамтитын болады.
– Елбасы «Баспана мәселесі партия назарында болуы тиіс» деді. Осы ретте жастардың баспаналы болу жағдайы қалай реттелуде?
– Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жастарға арналған арнайы бағдарлама жоқ. Алайда банк жүзеге асыратын тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі жастар үшін баспанаға қол жеткізудің ең тиімді жолы болып саналады. Ол түрлі деңгейдегі табысы бар қазақстандықтарға өз үйін немесе пәтерін сатып алуға мүмкіндік береді. Ол үшін ең алдымен депозит ашып, бастапқы жарнаға қажетті қаражатты жинай бастаған жөн. Сөйтіп, үйдің 50 пайызын жинағаннан кейін, қалған 50 пайызын банкте жылдық 3,5 пайыздан 5 пайызға дейінгі ең төменгі мөлшерлемемен несиеге алуға болады.
Қазіргі сәтте 18-29 жас аралығындағы 400 мың қазақстандық азамат Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде шот ашқан. Бұл – банктегі депозиттердің жалпы үлесінің 29 пайызы. Олардың барлығы болашақта баспаналы болу үшін қаражат жинақтау үстінде.
Ал банктен тиімді шарттармен несие алған 23-29 жас аралығындағы салымшылардың саны – 17 344 адам. Олар займды «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламалары аясында алған. Сондай-ақ біздің банк «Алматы жастары» секілді бағдарламаларға да үлес қосып, жастарды несиелендіруге қатысты. «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша 2017 жылы 108 отбасы, ал 2018 жылы 200 отбасы жаңа қоныс иесі атанды. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мен Алматы қаласы әкімдігінің көмегімен олар жеңілдетілген несиені бастапқы жарнасыз жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен алды.
– Осы уақытқа дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы қанша қазақстандық азамат баспаналы болды? Алдағы уақытта қандай да бір жаңа жобалар жүзеге асырыла ма?
– Жалпы, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің арқасында бүгінде 214 мың отбасы баспана иесі атанды. Қазір өзінің болашақ пәтеріне немесе үйіне 1,5 млн қазақстандық қаражат жинақтауда. Бұл орайда оларға мемлекет те барынша көмек көрсетуде. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі – өз салымшыларына жыл сайын 20 пайыз көлемінде мемлекет сыйлықақысын беретін бірегей банк. Ол 200 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомаға есептелінеді (505 000 теңге). Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан бұл көмек банк салымшылары үшін өте маңызды. Өйткені ол депозитте қаражатты тезірек жинап, үй алуға мүмкіндік береді.
2019 жылдың қорытындысы бойынша, ең жоғары мемлекет сыйлықақысы – 101 мың теңге. Оны алу үшін осы жылдың соңына дейін шотта кем дегенде
505 000 теңгені жинау қажет. Ол үшін депозитке 40 000 теңгеден астам қаражатты ай сайын немесе бірден салу керек.
Банк сондай-ақ «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыруда. Ол халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 8 724 жаңа пәтер кілтін табыстады.
Бағдарлама іске қосылғалы бері (2016 жылдың соңынан бері) 152,4 млрд теңге сомасына 20 мың пәтер берілді. Олардың ішінде жеңілдетілген несиеге арналған қаражаттың 78 пайызы республикалық бюджеттен бөлінді. Ал 22 пайызы – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өз қаражаты.
Осы жылдың 10 айы ішінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мемлекеттік бағдарлама бойынша 6 147 несиелік өтінімді мақұлдады. Ең көп тұрғын үй Алматы
(1 363 займ), Ақтөбе (810 займ) облыстары мен Шымкент қаласында (666 займ) берілді.
Жалпы, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы үй алу үшін депозит ашып, шотта 20 пайыз мөлшерінде бастапқы жарнаны жинау қажет. Сол кезде салымшы несиені жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен ала алады. Банк алдағы жылы «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» және «Әскери баспана» бағдарламаларын жүзеге асыруды ары қарай жалғастыратын болады. Біз әрбір отбасының өз баспанасы болса дейміз.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Әсел ӘНУАРБЕК