459
Бізді сана тәуелсіздігіне жеткізген басылым
Бізді сана тәуелсіздігіне жеткізген басылым
Баспасөз – тәуелсіздіктің кепілі. Өйткені сана тәуелсіз болмай, саяси тәуелсіздік баянды болмайды. Сананың тәуелсіздігі үшін ұлттық медиа күшті болу керек. Әйтпесе, біз бүгінгі таңда шетелдік медиа ықпалында болсақ, біздің санамыз да солардың ықпалында болатыны сөзсіз. Сондықтан санамызды тәуелсіз ұстау үшін медиаға, баспасөзге, газет-журналға көптеген жауапкершіліктер жүктелді деп ойлаймын.
Журналистердің де қызметі маңызды, оларды құрметтейік, оларға қолдан келген көмекті халық ретінде, ғалым ретінде, мемлекет ретінде жасауға тиіспіз. Сондықтан ұлттық газет әрқашан керек. Осы орайда, Egemen Qazaqstan газетінің рөлі зор.
Өздеріңіз де білесіздер, 1919 жылдан бастап бүгінге дейін келген газетіміздің бағдары айқын. Бұл газеттің рөлі зор болғаны соншалық, біз тәуелсіздік алмай жатып кеңестік идеологиядан, кеңестік санадан тәуелсіздік алуды қамтамасыз еткен маңызды діңгектердің бірі — Egemen Qazaqstan газеті. Яғни, ол бізді кеңестік идеологиядан құтқарып, тәуелсіз мемлекеттік идеологияға, ұлттық идеологияға жеткізген.
Бұл жерде идеология деп жатқаным қазір тәуелсіз сана қалыптасып отыр. Менің бұл сөздерім жаттанды сөз емес, көзбен көріп, қолмен ұстағандай нақты тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Өйткені мен 1980 жылдарда Қазақстанда қайта құру және маңызды өзгерістер болып жатқан тұста «Азаттық» радиосында жұмыс жасадым. Білесіздер, ол кездерде біздің арыстарымыз Алаш қайраткерлері ақталды және де тарихтың ақтаңдақ беттері толтырылды. Міне, сол кезде Egemen Qazaqstan газеті осы үдеріске маңызды үлес қосты. Біз сол кезде «Социалистік Қазақстанды» асыға күтеміз.
«Азаттық» радиосы Германияның барлық қаласында. Оған Қазақстандағы газет-журналдар келіп тұратын. Атап айтқанда, «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», «Қазақстан коммунисі» сияқты журналдар келіп тұратын. Біз солардың ішінде «Социалистік Қазақстан» газетін асыға күтеміз. Өйткені маңызды мақалалар сол газетте орын алатын. Әсіресе Алаш қайраткерлеріне қатысты 1989 жылдан кейін нағыз мақалалар шықты. Біз редакцияда бұларды қызыға оқитынбыз. Сол кезеңде Хасен Оралтай ағамыз бар, Бұхабай Енгин, Махмет Құлмағанбетов, Алихан Жаналтаев ағалармен оқып, сол газетте жазылғандарды талқылайтынбыз. Олар туралы біз де «Азаттық» радиосына мақалалар жазып беретінбіз.
Сол кездері Egemen Qazaqstan газетін Шерхан Мұртаза ағамыз басқаратын. Оның үстіне газет өте мықты болды. Одан беріде «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып тұрғанда да маңызды мақалалары жарық көрген. Алаш туралы, басқа да ақтаңдақ беттері туралы «Қазақ әдебиетінен» оқитынбыз. Egemen Qazaqstan газетін Алаш қайраткерлері шығарған «Қазақ» газетімен де сабақтастыруға болады. Мен өзім солай ойлаймын. Енді менің де Egemen Qazaqstan газетіне қатысым бар.Өйткені Тәуелсіздіктен кейін менің біраз мақалаларым, сұхбаттарым осы газетте жарық көрді. 1996 жылы газеттің сол кездегі бас редакторы Уалихан Қалижан ағамыз менің мақалаларымды, сұхбаттарымды ұнатып, ұсыныс жасады да, мені осы газеттің Стамбұлдағы тілшісі ретінде қабылдап, куәлік берді. Әлі де болса мен оны құнды қағаз ретінде, төсбелгі ретінде сақтап жүрмін.
Өйткені бұл Алаш қайраткерлерінің өткен ғасырдың басында шығарған «Қазақ» газетінің қызметін жалғастырушы ұлттық газет. Мен де осы газетте тілші болып істегенімді мақтан тұтамын.
Газетіміздің 100 жылдығы құтты болсын! Газет ұжымына, оқырмандарына, қызметкерлеріне шын көңілден құттықтау айтамын.
Әбдуақап Қара,
Мимар Синан университетінің профессоры,
тарих ғылымының докторы, Стамбұл қаласы