Іркіліссіз ілкімді істер

Іркіліссіз ілкімді істер

Іркіліссіз ілкімді істер
ашық дереккөзі
350
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы облыстық филиалдарының өкілдері­мен кездесті. Жиынға партияның Парламент Мә­жілісіндегі фракция депутаттары, мәслихат фрак­цияларының хатшылары және жетекшілері қатысты. Отырыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партия­ның қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан мүшелердің еңбе­гін айрықша атап айтты. – Nur Otan біздің қоғамымыздың алуан түрлілігін көрсетеді. Біз – ел болашағына жауапты бүкіл Қазақстан халқының партиясымыз, нақты істер партиясымыз. Бізде Қазақстанның дамуына қатысты нақты ұста­ным бар, тиісті стратегия мен жұмыс жоспары бекітілді, қа­жет­ті ресурстар қарасты­рыл­ған, – деді Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев қо­ғамды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төңі­регінде топтастырудың жә­не Мемлекет басшысы алға қой­ған міндеттерді жүзеге асыру үшін шаралар қабыл­дауд­ың маңызды екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тәуел­сіздік жылдардағы табыстары туралы айта келе, елдің барлық жетістіктері партиямен және партия мүшелерінің күнделікті жұмысымен тығыз байланысты екеніне тоқталды. «Соңғы жылдары Қазақ­стан­ның жалпы ішкі өнімі 11 млрд-тан 170,5 млрд долларға дейін өсті. 90-жылдардың басында ха­лықтың үштен бірінен көбі ке­дейлік шегінде өмір сүретін. Бүгін бұл  көрсеткіш 4,6 пайыз­ға дейін төмендеді. Шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үле­сі 27 пайызды құрайды. Біз 300 млрд доллардан астам ті­келей шетелдік инвестиция тарт­тық. Осы жылдар ішінде Қа­­зақстанның транзиттік әлеуе­тін едәуір нығайта ал­дық», – деді Елбасы. Партия Төрағасы Үкімет­тің экономиканың жекелеген салаларын одан әрі дамыту жөніндегі жоспарына да тоқталды. «Үкімет өңірлерді, әсі­ресе ауылдарды қолдауға, жаңа жұмыс орындарын құру­ға және әлеуметтік мәселелерді ше­шуге бағытталған бағдар­ламалар қабылдады. Мәселен, 2026 жылға дейін ауылдарды қолдауға 2 триллион теңгеге жуық  қаражат қарастырылып отыр. Алдағы үш жылда ха­лықты ауызсумен қамтамасыз етуге 560 миллиард теңге бөлу жоспарда бар. Осы жұмыстар  нақты орындалатын болса, 2023 жылдың соңына қарай ауыл­ды жерлердің барлығы са­палы ауызсумен қамтылады» деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы. Кездесуде Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті партия­ның жергілікті жерлерде жұ­мыс тиімділігін одан әрі арт­тыру­дың бірқатар негізгі бағы­тын атады. «Әр әкімнің және мәслихаттағы фракция депу­таттарының партиялық жауапкершілігін түбегейлі күшей­туіміз керек. Бүгінгі таңда бар­лық реформалар өңірлерді да­мытуға бағытталған. Мәселен, соң­ғы 10 жылдың ішінде жергілікті бюджет 3 есеге жуық өсіп, 4,7 трлн теңгені құрады. Бө­лінген қаражаттың жұм­салуына партиялық бақы­лауды ұйымдастыру маңызды. Сонымен қатар депутат­тар­дың жұ­мы­сын одан әрі жақ­сарту және бар­лық мәсли­хат­тардың мәр­те­бесін нығайту жөніндегі шараларды қабыл­дау қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Одан бөлек Nur Otan пар­тия­сының Төрағасы әр облыс-та, қалада және ауданда сай­лауал­ды бағдарламаларын дайындауды қамтамасыз етуді тапсырды. – Келесі жылы өңір­лерді дамытудың бесжылдық бағдарламасын іске асыру аяқталады. Жаңа бағдарла­ма­ны қабылдау қажеттілігі жаңа электоралдық кезеңге сәйкес келіп отыр. Сондықтан бұл бағдарламалар әр өңір бойынша мәслихат сайлауында пар­тияның сайлауалды бағдар­ла­масының негізіне айналуға тиіс. Nur Otan партиясының Мәжіліс сайлауындағы сайлауалды бағдарламасына келетін болсақ, бұл жұмысты Саяси кеңес бюросының мү­шесі ре­тінде Премьер-Министр бас­қаруы қажет. Бұл бағ­дарлама­ны қазірден бас­тап дайындауға кіріскен жөн, – деді Елбасы. Жиын соңында Елбасы партияның электоралды кезең қарсаңындағы жұмысын күшейтудің маңыздылығын атап өтті. – Жеңіске жету үшін барлық ресурстарды жұмыл­дыруымыз керек. Ақпан айында партия съезі өтеді. Онда біз партия жұмысын жандан­дыру­дың алдын ала нәтижеле­рін шығарып, алдағы элек­торал­дық міндеттерді егжей-тегжейлі талқылаймыз. Қазір Jas Otan мемлекеттік органдармен бірлесіп 2025 жылға дейін жаңа «Жастар – Отанға» бағдарламасын әзірлеуде. Онда бүгінгі жастардың барлық сұраныстарына жауаптар көр­сетіледі. Сәуір айында жаңа бағ­дарлама Jas Otan съезіне ұсы­нылуы қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Серіктес жаңалықтары