582
Бизнесті қолдау жалғасады
Бизнесті қолдау жалғасады
Елімізде шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының қолға алынғаны белгілі. Аталған бағдарлама нәтижесінде соңғы бес жыл ішінде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1 млн 300 мыңға жетті.
Бағдарламаны іске асыру барысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары, Атырау және Қостанай облыстары жақсы көрсеткіштерге жетіп, оң даму қарқынын қамтамасыз етті. Тиімділігін көрсеткен «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы алда тағы бес жылға жалғаспақ. Сол уақыт аралығында шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 35 пайызға жетуі тиіс. Мұндай міндетті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл мамыр айында Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысында жүктегені белгілі. Бұл көрсеткіш қазір 28,4 пайызға дейін артып отыр. Бағдарлама нәтижесінде жұмыспен қамтылғандар саны 300 мыңға көбейіп, 100 мыңнан астам адам бизнес жүргізу бойынша білім алды. Шағын және орта бизнес өнімдерінің көлемі 10 трлн теңгеге, яғни 13,3-тен 23,4 трлн теңгеге дейін өсті. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы қолға алынғалы бері Қазақстан кәсіп ашудың жеңілдігі бойынша Doing Business рейтингінде 16 сатыға көтеріліп, 25-орынға тұрақтады.
2015 жылдан бері бағдарламаны жүзеге асыру үшін 282 млрд теңге жұмсалған болатын. Алдағы бесжылдықта қаржы көлемі тағы артып, 421 млрд теңге қарастырылмақ. Бұл қазіргі бағдарлама қаражатына қарағанда 1,5 есеге артық. Қазір жұмысты тиімді жүргізу үшін бағдарламаны барлық операторлар мен әкімдіктер арасында үйлесімді жұмысты жолға қою қарастырылуда. Сонымен қатар алдағы бес жылда жұмыс орындарын сақтау және ұлғайту, төленетін салықтар мен бағдарламаға қатысушылардың кірістерінің өсуі, франшизаларды сатып алуға және қайта қаржыландыруға несие беру мақсаттарын кеңейту көзделген. Мемлекеттік гранттың мөлшері 3 млн-нан 5 млн теңгеге дейін, айналым қаражаттарын несиелендіру 60-тан 180-360 млн теңгеге дейін ұлғайтылады. Ал биыл шағын және орта бизнесті дамыту үшін республикалық бюджеттен гранттарға 128 млн теңге бөлінген болатын. Сонымен қатар Жастар жылы аясында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерге қосымша 75 млн теңге бөлінді.