1160
Аграрлық саладағы оң өзгеріс
Аграрлық саладағы оң өзгеріс
Жамбыл облысындағы ауылдарда жаңа жоба бастау алды. Яғни, елді мекендегі әр отбасы өз ауласындағы жерді тиімді пайдаланып, мал-құс өсіріп, егіншілікті дамытпақ.
Ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру аграрлы ел саналатын Қазақстан үшін аса маңызды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында да айтып өткені белгілі. Президент Жолдауында: «Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр» деген болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін ауыл шаруашылығын жандандыру ісіне жаңаша көңіл бөліне бастады. Әсіресе, Жамбыл облысының елді мекендерінде басталған жаңа жоба көңіл қуантып отыр. Жоба бойынша азаматтарға мемлекет тарапынан төмен пайызбен несие берілмек. Қазіргі уақытта бұл мақсатқа 7 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Жоба облыс бойынша 10 ауылдық округке қарасты 23 елді мекенде жүзеге асырылып жатыр. 7 мыңнан астам отбасы қамтылған. Жоспар нәтижелі орындалса, 2022 жылға қарай бұл ауыл тұрғындарының табысы екі есеге дейін артады. Сондай-ақ 7,9 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріледі деп күтілуде.
Пилоттық жоба облыстағы 10 ауылдық округте жүзеге асырылуда. Алғашқы сәтті жұмысты бастаған елді мекендер қатарында Жамбыл ауданындағы Бесағаш ауылы бар. Қазір Бесағаш пен Түрксіб ауылдарында кооператив құрылған. Оған 188 адам өтініш білдіріп, мүшелікке өтті. Бесағаш ауылынан 200-ге жуық отбасы жаңа жобаға қатысуға ниетті екенін жеткізіпті. Бүгінге дейін халықтан 900 млн теңгенің өтініші қабылданды.
Айта кетейік, мемлекет тарапынан берілетін несие қаржысы кепілдікке қойған мүлікке байланысты есептеледі. Бөлінген қаржы өтініш берушінің жеке есепшотына аударылады. Несиені алғаннан кейін шаруа жұмысын дөңгелете беруіне болады. Егінді өзі егіп, малды өз қорасында бағып, оның пайдасын да өзі көретін болады. Егер техника қажет болса, кооперациядан көмек ала алады.