Опық жегізген отшашулар

Опық жегізген отшашулар

Опық жегізген отшашулар
ашық дереккөзі
454
  Өткен аптада Алматы полициясы заңсыз айналымнан 720 келі пиротехникалық өнім тәркіледі. Қалалық ІІД қызметкерлері шаһардағы барлық базарлар мен сауда орындарының маңайын бақылауға алған. Алайда жаңажылдық отшашуларды заңсыз саудалайтындар қатары мереке жақындаған сайын көбеймесе, азаяр емес. Тәртіп сақшыларынан бой тасалаған алыпсатартар қуыс-қуысты жағалап, тарсылдақтарды балаларға да именбей саудалауда. Алматы қалалық ІІД əкімшілік полициясы басқармасының арнайы тапсырмалар инспекторы Рақым Толықұловтың айтуынша, қазір барлық базарлар мен сауда орындарының маңайы мейлінше тексерілуде. «Пиротехникалық өнімдер жабайы сауда орындарында саудаланып жатыр. Саудагерлерде өнімнің арнайы сертификаты жоқ. Ақырында мұндай өнімдер адамға зиянын тигізеді. Əсіресе балалар қауымы осындай өнім­дер­ден жиі жараланады. Сондықтан біз полиция мен мектеп инспектор­ла­рының басым күшін кəмелеттік жасқа толмағандардың арасында отшашу атумен күреске жұмсап отырмыз. Сондай-ақ, қазіргі таңда пиротехникалық өнімді автомобильде заңсыз тасымалдауға тосқауыл қоюға күш жұмсаудамыз. Оған ІІД ƏПБ барлық қызмет өкілдері жұмылдырылып, 24 топ жұмыс жасап жатыр», – дейді ол. Өткен демалыста пиротехниканы заңсыз саудалаудың 15 дерегін анықтаған жұмыс тобы жалпы салмағы 720 келі болатын 35 қорап өнім тəркіледі. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 483-бабы бойынша 15 əкімшілік іс қозғалды. Павлодарлық құқық қорғаушы­лар да пиротехникалық заттарды заңсыз саудалаушылармен күресіп әлек. Өңірде 15-30 желтоқсан ара­лығында «Пиротехника» алдын алу шарасы ұйымдастырылды. Шараның алғашқы аптасында полицейлер лицензиясы мен сертификаты жоқ пиротехника сатудың екі фактісін анықтап, құны 300 теңгеден 30 мың теңгеге дейін тұратын, сертификаты жоқ 97 қытайлық пиротехникалық затты тәркіледі. Оның 55 данасы сауда үйлерінің бірінің жанында заңсыз сауда жасаған 30 жастағы тұр­ғыннан алынса, 42 данасы белгі­лен­беген жерде сауда жүргізген 18 жастағы жігіттен алынды. Заң бұзушыларға қатысты ҚР Кодек­сінің «Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы» кодексінің 483-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік өндіріс қозғалып, 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Заң бұзушылар небәрі 9910 теңге төлеп, жөндеріне кетті. Пиротехникалық заттарды жа­байы түрде саудалаушылардың қатары азаймай отырғанының бір себебі жазаның жеңілдігінде болса керек. ҚР Кодексінің «Әкімшілік құқық бұзушылық» туралы кодексінің 483-бабында: «Азаматтық пиротехникалық заттар­дың және оларды қолданып жасалған бұйымдардың айналымы саласындағы қызмет құқығына лицен­зиясы бар тұлғалардың аза­мат­тық пиротехникалық заттарды және оларды қолданып жасалатын бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, олармен сауда жасау, оларды жою, әкелу, әкету тәртібін бұзуы – азаматтық пиро­техникалық заттар және олар­ды қолданып жасалған бұйымдар тәркілене отырып, жеке тұлғаларға – бес, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – он бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қырық бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады» делінген. Тіпті, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер үшін де заң бұзушы айыппұлмен ғана құтылады. Пиротехникалық заттардың үлкен қатер көзі екенін, оны заңсыз саудалаудың салдарынан талай қайғылы оқиғалар орын алатынын ескерсек, бас пайдасынан өзгені ойламайтын алыпсатарларға заңымыз тым мейірімді емес пе деген ойға қаласың.

  Сау адамды дертті еткен

«Отшашудың салдарынан көз­ жарақатын алған», «Петарда ата­мын деп қолын күйдірген». Жаңа жыл қарсаңында осындай себептермен ауруханаға түсетіндер көп. Жарылғыш заттардан жапа шегетіндердің басым көпшілігі – балалар. Балақайлардың қолына пиротехникалық заттарды алаңсыз ұстатып қойған ата-аналардың артынан бармақ тістегенін талай көрдік. 2015 жылы Жаңа жыл мерекесін той­лаған төрт күн, яғни 1-4 қаңтар ара­лы­ғында Алматының 59 тұр­ғыны отшашудан жарақат алып, дәрігер­лердің көмегіне жүгінген. «Жедел медициналық жәрдем станциясы» шаруашылықты жүргізу құқығына ие мемлекеттік ком­муналдық мекемесі бас дәрі­ге­рінің орынбасары Олег Сариев­тің айтуынша, 31 желтоқ­саннан 1 қаңтарға қараған түні пиротехникалық заттардан жапа шеккен 51 адам жедел жәрдем шақыртқан. «1 қаңтарда 51 адам отшашудан жарақат алды. Олардың арасында мұрнын жұлып түсіргендер, сол жақ жамбасы мен бөксесін күйдіргендер, саусағының айналасын жырымдап жаралағандар, сол жақ көзінің ағын жарақаттағандар, көздің мүйізгек қабығы мен қол білезігін күйдіргендер, тіпті мұрын сүйегін сындырғандар бар. Пиротехника адамның мұрын қуысына кіріп кеткен жағдайлар да кездесті. Сонымен қатар, еріннің ашық жарасы мен ауыз қуысы түгелдей күйіп қалғандар болды. 2 қаңтарда түскен адамның көзі ауыр жарақаттанған. 3 қаңтарда дәрігерлер көмегіне жүгінген адамның екі білегі түгел жырымдалған жара болды. 4 қаңтарда төрт адам түсті, біреуінің қолы күйген, сынған және тағы біреуінде жабық бассүйек-ми зақымы болып, беті күйген», – дейді дәрігер. Сау адамды жарымжан ететін жарыл­ғыштың кесірінен көру қабы­летінен айрылған Алматы қаласының тұрғыны Жанат Тұңғышбаев мерекелік желіктің соңы бұлай аяқталар деп ойлаған жоқ еді. Ол – қой жылының алғашқы үш күнінде зағип атанған 6 алматылықтың бірі. «Бұлай боларын қайдан білейін? Отшашусыз Жаңа жыл мерекесі тойланбайтындай көрінеді. Жыл сайын сағат тілі тұп-тура 12-ні көрсеткенде көрші-қолаңмен жарыса атамыз. Биыл да дәстүр бойынша бірнешеуін сатып алдық. Қауіпсіздік шараларын барынша сақтауға тырыстым, бірақ жазым деген аяқ астынан екен ғой. Бір сәттік шаттық үшін жанарымнан айрылдым. Жарық сәулені ғана көремін. Бір жыл бойы аурухана жағалаумен келемін», – дейді зағип жан. Осындай оқиға екі жыл бұрын Шымкент қаласында да орын алған болатын. 14 жасар жасөспірім жаңажылдық отшашудың салдарынан екі көзінен жарақат алды. Қарабұлақ ауылының тұрғыны Шерхан Хасенов сыныптастарымен бірге 14 қаңтарда жол бойындағы саудагерлердің бірінен отшашу сатып алған. Тұтандыру кезінде отшашу жарылып кетеді. Қатты күйік жарақатын алған бала алдымен облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізеді, үш күннен кейін офтальмологиялық ауруханаға ауыстырылады. Шымкенттің офтальмологтары жасөспірімнің көру қабілетін сақтап қаламыз деп жанталасқанымен, отшашудан опық жеген Шерханның қос жанары да семіп қалды. Тағы бір жантүршігерлік оқиға өткен жылы Астанада болған еді. Пиротехникалық заттың кесірінен қала тұрғыны қос қолынан айрылып қала жаздаған. Араққа сылқия тойып алған азамат отшашуды тұтатпаққа талпынған кезде шартылдақ 10 саусағын осып түскен. Бірақ мұндай оқиғалар Жаңа жылды ұмытылмастай етіп қарсы алуға ұмтылатын өзге жұртқа сабақ болар емес. Мереке кезінде күшейтілген тәртіпте жұмыс істейтін ақ халаттылар мейрам күндері ауруханаға түсетіндердің саны жылдан жылға ұлғайып бара жатқанына алаң. Олардың қатарына арақтан аузы күйгендер, астан уланғандар мен жұдырықтасамын деп дене жарақатын алғандар да жетерлік. Мәселен, биыл Жаңа жылға берілген төрт күндік демалыстың ішінде жедел жәрдемге 11 669 алматылықтан шақырту түскен. «Мереке күндері күнделікті шақыру саны 1 мыңға дейін артты. 1 қаңтарда Жедел жәрдем медициналық станциясына 2765 шақырту келіп түсті. Кез келген басқа күнгі шақыртудың санын алып қарайық. Мысалы, 10 қазанда 1969, 4 желтоқсанда 1917 шақырту түскен», – дейді «Жедел медициналық жәрдем станциясы» шаруашылықты жүргізу құқығына ие мемлекеттік коммуналдық мекемесі бас дәрігерінің орынбасары Олег Сариев. Мереке күндері дәрігерлердің көмегіне жүгінгендердің 188-і ішімдіктен уланса, 628 адам ауруханаға түрлі жарақатпен түскен. Олардың 169-ы соққыдан зардап шексе, 14-і пышақ және екеуі оқ жарақатын алған.

Тілсіз жауға дем берген

Жаңа жыл мерекесі кезінде жұртты әбігерге салатын тағы бір қатер – өрт. Ол да көбінесе пиротехникалық заттарды дұрыс қолданбаудың салдарынан тұтанады. Қазақстанда тәулігіне орташа есеппен 50-60 өрт болса, мереке күндері өрт саны және қаза болғандардың саны 3 есе артатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Мұндай тұтанулардың басым көпшілігі тұрғын үй секторында болатынын атап өту қажет. Статистика бойынша Қазақстанда өрттің 68 пайызы тұрғын үй аудандарында десек, жаңа жыл мерекесі кезінде бұл көрсеткіш 82-85 пайызға дейін артады. Осыдан екі жыл бұрын жаңа­жылдық отшашу бүтін бір отбасына қай­ғы әкелген болатын. Сағат түнгі сағат 12-ні соққанда атылған петар­далардың шоғы Павлодардағы бес қабатты үйдің бір балконына түсіп, алапат өртке ұласқан. Жаңа жылды жолдастарының үйінде қарсы алмақ болған жанұяға пәтерлерінің өртеніп жатқанын көршілері хабарлайды. «Ести салып, жүгіріп келсек, пәтеріміз – қызыл жалын. Қою түтіннен ішке де кіре алмадық, тым құрығанда құжаттарымызды алып шығар едік», – дейді отанасы Гүлсім Айдарханова. Балконда тұтанған отты алғашқы болып байқаған көршілер дереу өрт сөндірушілерді шақырғанымен, күшейіп алған тілсіз жаудан үйдегі жиһаз бен тұрмыстық техника тегіс жанып кеткен. Куәгерлер өрттің түнгі сағат 12-де басталған отшашулардан тұтанғанын айтты. «Терезеге қарасам, жастар далаға шығып, отшашу атып жатыр екен. Бір кезде көрші үйді петардамен атқылай бастады. «Тоқтатыңдар, үйді өртейсіңдер ғой!» – деп айқайлағаныма құлақ аспады. Ақырында әлгі үйдің балконында ілулі тұрған пердеге шоқ тиіп, арты алапат өртке ұласты», – дейді Айдархановтар отбасының көршісі. Сөйтіп бір түнде барынан айрылған отбасы барар жер, басар тауы болмай сенделіп қалды. Дәл сол күні Павлодар қаласында 20 жерден өрт шыққан. Барлық жағдайда да тілсіз жауға пиротехникалық өнімдер себепші болыпты. Абайламаса отшашудың опық жегізетінін шетелдік тәжірибе де талай мәрте ескертіп келеді. Биыл 31 қазан күні Румыния астанасындағы Colectiv түнгі клубындағы отшашудың кесірінен тұтанған өрт 45 адамның өмірін жалмап қана қоймай, саяси толқуларға себеп болып, Виктор Понта бастаған ел үкіметін биліктен тайдырды. 500-ге жуық адамы түнгі клубқа жинап, шоу көрсеткісі келген Goodbye to Gravity тобының концерті дүрбелеңмен аяқталды. 2013 жылы Бразилияның Санта-Мария қаласындағы түнгі клубта болған қайғылы жағдай да бүкіл дүниежүзі халқын сең соққандай есеңгіретіп тастаған болатын. Пиротехникалық шоудан туындаған өрт екі жүзден астам адамның өмірін жалмады. Түнгі клуб дегеннен-ақ, сауық құрамын деп барып, ажал құшқандардың барлығы өрімдей жастар екендігін шамалауға болады. Қасіретті оқиғаның себебіне үңілген Бразилия мамандары өрттің сахнаға ән айтуға шыққан бір әншінің қолындағы алаудан тұтанғандығын анықтады. Жалпы мұндай пиротехникалық шоулар әрбір түнгі клубтағы көңіл көтерудің дәстүрлі түріне айналып кеткен. Сондай-ақ, әлгі клубтың қабырғасы мен төбесіндегі тез жанғыш материалдар тілсіз жаудың одан әрі өршелене түсуіне жағдай жасаса керек. Сол күні онда 500-ге тарта адам болған. Олардың тең жартысы соңғы рет көңіл көтеріп жатқандарын білмеген еді… Пиротехниканың салдарынан 2009 жылдың желтоқсан айында Перьмдегі «Хромая лошадь» клубында да алапат өрт болып, 156 адам өмірімен қоштасқан болатын. 2012 жылы Иранда болған от фестивалінің зардабын да әлі күнге дейін ұмытылған жоқ. Мемлекетте жыл сайын атап өтілетін «Чахаршанбе-Сур» фестиваліндегі оқыс оқиғадан 70 адам зардап шеккен еді. Қызыл жалын арқылы адам жаны тазарады деген сенімді басшылыққа алатын ирандықтар 21 наурызда келетін жаңа жылдың алдында міндетті түрде от мерекесін атап өтеді. Дәстүр бойынша бұл мейрамды тойлау барысында ирандықтар оттан секіріп, отшашудың түр-түрін атады.

Отшашу опық жегізбесін десек...

Төтенше жағдайлар қызметі аттанға салып, қауіп-қатердің табан астында екенін ескертіп әлек болғанымен, Жаңа жыл мерекесін пиротехникалық заттар мен бенгал шамдарынсыз өткізуге ниеттілер қатары көбеймек емес. Баласына отшашу алып бермесе, ата-ананың көңілі көншімейтіні белгілі. Сондықтан пиротехникалық бұйымдарды пайдалану шарттарын айтпай кетуге болмас. Ең әуелі, мамандар отшашу құралдары мен бенгал шамдарын сатып алар кезде тауардың серти­фикаты мен шығу мерзіміне ерекше назар аудару керегін ескертеді. Өнімде қазақ немесе орыс тілінде жазылған қолдану нұсқау­лығы болуы қажет. Қаптамада міндетті түрде отшашу саны, көлемі және әсері туралы мағлұмат көрсетілуі тиіс. Ақауы бар, мыжылған, суланған, сұр не қара түсті бояуы шашылған өнімдерге жоламаған жөн. Олардың аяқасты жанып кету қаупі жоғары. Пиротехниканы қолдану ке­зін­де шылым шегуге мүлдем тыйым салынады. Зымыран тәріздес отшашуларды автомобиль тұрақтарының маңайында ұшыруға болмайды. Оларды тұтатпас бұрын 50 метрлік радиуста тез жануға бейім нысандар жоқ екеніне көз жеткізіп алу керек. Көрермендер от шашуды жіберетін аумақтан 15-20 метрлік қашықтықта, оларға желдің әсерінен түтін мен жанбаған бұйым бөлшектерінің ұшуын болдырмау үшін міндетті түрде желсіз жағынан болуға тиіс. Бенгаль оттарын қолдану кезінде де сақтық шараларына мұқият болған жөн. Мемлекеттік өртке қарсы қызметі жанғыш заттар бар жерлерде ашық отты пайдаланбауға кеңес береді. Бенгаль оты – ашық от. Өзегіндегі температура 2 мың градусқа жетеді. Сондықтан оларды жанғыш материалдардан алыс қолдану қажет. Бенгаль шамдарынан өзге пиротехникалық өнімдер ашық аспан астында тұтандырылуы шарт. Пиротехникалық бұйым жанбай қалған жағдайда, оған 10 минут көлемінде жақындауға және қолға алуға болмайды. Өйткені ол кенеттен тұтанып кетуі мүмкін. Жерге түскен зымыран тәріздес пиротехника қалдықтарын жинау да аса қауіпті екенін ұмытпаған жөн. Отшашудан зардап шегетін­дердің басым көпшілігі балалар болғандықтан, «өзім атамын» деп қанша қиғылық салса да, ата-аналар бүлдіршіндердің қолына пиротехникалық құралдарды ұстатпаса екен деген тілегіміз бар. Балдырғандарға қиянатсыз болып көрінетін петардалар мен өз қолымен жасаған пиротехникалық құралдар қандай жағдайға әкеліп соқтыратыны туралы құлақтарына құйып отырсақ, қайғылы жағдайлар азаяр еді. Жаңа жыл тек жағымды жаңалықтармен басталса екен!

Серіктес жаңалықтары