553
Қайта басталған дау
Қайта басталған дау
Екпеден басын ала қашқандар жазалана ма? Дәл қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселенің бірі – осы. Десек те, жылдар бойы жалғасып келе жатқан екпе салу мәселесі қашанға дейін созылатыны беймәлім. Бұған дейін балаға екпе салу-салмау туралы шешімді ата-аналар қабылдайтын. Енді Үкімет мұны заңмен міндеттеуге ниетті. Алайда мұны қуаттайтындар көп емес. Керісінше, бұл жобаны адам құқығына қол сұғуға теңестіретіндердің қарасы қалың. Сонымен, екпенің жыры қалай және қашан шешілмек?
Екпені міндеттеу дұрыс па?
Осыдан бірнеше жыл бұрын басталған екпенің жыры әлі де бітер емес. Естеріңізде болса, 2015 жылы екпеден кейін естен танғандардың саны артып, қазақстандықтардың үрейін ұшырған болатын. Содан бері елімізде екпе салдырудан бас тартатындардың саны көбейген.Тіпті, соңғы уақытта вакцина салдыруға қарсылық білдірушілер қатары әлемде арта бастапты. Мұның бәрі жайдан-жай орын алып отырмаған болар?! Әрине, оған ең алдымен дәрілік препараттарды салу кезінде болатын қайғылы оқиғалар себеп. Мұндай жағдайлардың Қазақстанда да сан мәрте тіркелгені баршаға мәлім. Бірақ дәрігерлер бар жағдайға вакцинаны айыптауға қарсы. Оның үстіне, ақ халаттылар екпе салдырмау арқылы қызылша және дифтерия сынды жұқпалы ауруларды өршітіп аламыз деп отыр. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заң жобасына өзгерістер енгізіп, екпе салдыруды міндеттеу туралы ұсыныстың жасалуына да осы мәселе себеп. Денсаулық сақтау министрлігінің бұл ұсынысы қоғамда қызу талқыға түсуде. Екпе алуды міндеттеу қаншалықты дұрыс? Бұл сауал төңірегінде даулы пікір білдірушілер көп. Ал министрлік ұсынған өзгерістер бойынша, ата-аналар баласының екпе қабылдауына қарсылық білдірсе, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Сондай-ақ заң жобасында екпе салынбаған балалардың мектепке дейінгі білім беру ұйымы, мектепке баруына тыйым салу туралы ұсыныс бар. Екпені салдыру немесе салдырмау әр адамның өз еркі. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі жұқпалы аурулардың алдын алу үшін екпені салдыруды міндеттеуді ұсынып отыр. Оған да көндік. Бірақ екпе салдырмаған баланы мектепке қабылдаудан бас тарту оның болашағына балта шабумен бірдей емес пе? Бүгінгі заманда білімсіздердің күні қараң екені айтпаса да түсінікті. Дәл осы сауал үстіміздегі жылдың маусым айында АҚШ-та да көтерілген еді. Яғни, Нью-Йорк тұрғындарына медициналық себебі жоқ өзге мақсатта және діни көзқарасы бойынша екпеден бас тартуға тыйым салынды. Мегаполис губернаторы Эндрю Куомоның екпеден бас тартуға тыйым салуының нақты себебі – соңғы ширек ғасыр ішінде кеңінен етек алған шешек індетінен америкалықтар арасында зардап шеккендер қарасы көп. Осы жылдың алғашқы 6 айында аталған елде 1 000-нан аса адамның шешек жұқтырғаны анықталған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы келтірген дерекке қарағанда, әлемде аталған індеттен зардап шеккендер қарасы өткен жылмен салыстырғанда 300 пайызға артып кеткен. Айта кетейік, біздің елде міндетті вакциналауды енгізу мәселесі 2017 жылы да күн тәртібіне шығарылған. Ал өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігі екпе егілмеген балаларды мектепке кіргізбеу туралы ұсыныс білдірген еді. Бірақ ол кезде министрліктің ұсыныстары қабылданған жоқ. Бұл жолы да екпе салдырудың заңмен міндеттелетініне аса үлкен сенім жоқ. Өйткені халық қалаулылары мұның ақылға сыймайтын бастама екенін айтуда. Тіпті, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан бұл ұсыныстың қабылдануына жол бермейтінін ашып айтты. Расында да, екпені салуға мәжбүрлеудің қажеті қанша? Әр адам өз өмірі үшін өзі жауапты. Әр ата-ана да өз баласы үшін жауапкершілік арқалайтыны сөзсіз. Ендеше, ата-аналарды айыппұлмен қорқыту орынды бола қояр ма екен? Бекболат ТІЛЕУХАН, Мәжіліс депутаты:Мен екпе салуға емес, екпені салуға міндеттеуге қарсымын
– ...Адамға өз ата-анасынан сіздер жақын емессіздер. Ол әке баласына жамандық ойлағаннан екпе салдырмай тұр ма? Мен не үшін біреудің мүгедек болып қалғанын көре тұра, балама екпе салдыруым керек? Мен екпе салуға емес, екпені салуға міндеттеуге қарсымын. Жеке азамат ретінде де, қоғамның Парламенттегі өкілі ретінде де вакцинациялауға еш қарсылығым жоқ. Алайда қоғам тарапынан, сайлаушылар тарапынан вакцина сапасы, оны тасымалдау, сақтау, бақылау, ақпараттандыру, егу кезеңдеріне қатысты сын жиі айтылады. Мен оны міндеттеуге қарсымын. Мен де баламның ауру болғанын, ауру таратқыш болғанын қаламаймын. Сондықтан вакцина еккіземін. Бірақ «быт-шыт» вакцинаны еккізіп, көз алдымда мүгедек қылатын жағдайға жол бергізбеймін. Қалаған адам салғызсын, қаламағанын мәжбүрлемеу керек. Мұнда миллиардтаған ақша жатыр. Соны шығару үшін мәжбүрлемек. ...Қанша бала мүгедек болып қалып жатыр. Қанша балаға екпенің кері әсер еткен кезі бар. Оның бәрін халыққа көрсетер болсақ, сіздер көрсеткен мәлімет пен суреттер ойнамай қалады. 500 мыңның екеуінің ғана жағдайы нашар дейсіздер. Ол екі адамның өз өмірі бар. Сіздерге ештеңе емес шығар, бірақ олардың да ата-анасы бар уайымдайтын. Ертең министрді, үлкен кісілерді, туысымды ортаға салып, мені райымнан қайтаруға тырыспаңыздар. Кім шықса, ол шықсын мен осы мәселені соңына жеткізбей қоймаймын.Екпеден бас тартудың салдары
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екпеден бас тартудың нәтижесінде әлемде жұқпалы аурулар өрши түскенін айтып дабыл қағып отыр. Әсіресе, қызылша дертінен зардап шегіп отырған елдер көп. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, екпе пайда болғанға дейін жыл сайын 2,6 млн адам қызылша ауруынан қайтыс болған. Ал 2000-2017 жылдар аралығында екпенің көмегімен 21 млн-нан астам адам ажалдан аман қалыпты. Соңғы жылдары екпе салдыруға қарсылық танытушылар саны күрт көбейгендіктен, қызылша ауруы да қайта өршіді. Ресми деректер бұл сырқаттың Қазақстанда да көбейіп кеткенін растайды. Бүгінде еліміз әлемдегі қызылша дерті өршіп тұрған 10 елдің қатарына енеді екен. Бұл тізімде Мадагаскар, Украина, Үндістан, Пәкістан, Филиппин, Нигерия, Йемен, Бразилия және Таиланд елдері де бар. Ақ халаттылар Қазақстанның жоғарыда айтылған ондыққа енуіне екпеден бас тартушылар қатарының артуы себеп деп біледі. Денсаулық сақтау министрлігі келтірген деректер бойынша, 2014 жылдан бері 14 823 адам екпе салдырудан бас тартыпты. Елімізде жыл сайын 5 млн-ға жуық адам екпе салдырады, оның 1,3 млн-ы – балалар. Дегенмен министрлік вакцина жасау көлемін 1,5 есеге арттыруға ниетті. Өйткені жыл басынан бері елімізде қызылша ауруынан қайтыс болғандар саны артуда. Бұл туралы қазан айында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтқан еді. «Былтырдан бастап қызылшамен ауырғандар саны артты. Бұл тек бізде ғана емес, Еуропа елдерінде де тіркеліп отыр. Қазақстанда аталған дерттен 15 адам қайтыс болды, көбі вакцина қабылдай алмаған кішкентай балалар», – деген болатын еліміздің бас дәрігері. Министрдің сөзінше, балаларына екпе егуден бас тартқан ата-аналар кесірінен вакцина қабылдай алмайтын өзге балалар көз жұмып отыр. Яғни, жұқпалы дертке олардың ағзасы төтеп бере алмайды. «Ең алдымен екпемен қорғалмаған балалар зардап шегеді. Олардың қатарында вакцина алуға тыйым салынған сәбилер де, ата-анасы өз еркімен бас тартқан сәбилер де бар. Ауру нақты кімге жұғатынын ешкім айта алмайды, сондықтан бүкіл әлем бұл вакцинаны қабылдап отыр. Жаппай екпе егілген кезде ғана иммундық қабат пайда болып, қауіпсіздік орнайды», – деді министр. Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин де Біртановтың пікірін қуаттайды. Оның айтуынша, қызылшаның өршуінің негізгі себебі – вакцинадан өтпеген адамдардың көбейгендігінде. «Қоғамдық иммунитет азайып бара жатыр. Соған байланысты ауру да көбейе түсті. Қыркүйек айында тағы 2 млн доза алып, 20-29 жас аралығындағы азаматтарға егу жұмыстары жүргізілді. Наурыз айымен салыстырсақ, қыркүйек айында қызылша ауруы жеті есе төмендеді. Міне, бұл – екпенің тиімділігінің бір дәлелі», – деп атап өтті Жандарбек Бекшин.Екпеден зардап шеккендер қайтпек?
Бүгінде Қазақстанға Франция, Бельгия, Үндістан, АҚШ, Корея, Ресей елінен ДДСҰ-ның талаптарына жауап беретін вакциналар әкелінеді. Бұл вакциналардың қатарында жапон елінен әкелінетін препараттар да бар. Қыркүйек айында дәл осы елде шығарылған вакцинадан қауіпті зат табылып, жұртты сары уайымға салып еді. Оны шетелдік өндірушілердің өзі айтып, дәріні кері қайтарған болатын. Еліміз туберкулезге қарсы екпені 14 жылдан бері жапониялық BSG зертханасынан сатып алып келеді. Олар дәрінің айналдырған үш құтысына қақпақ сынығы түскенін жасырып қалмады. Сөйтіп вакцина жөнелткен 35 елден оны кері алдыртқан. Ал мамандар жарамсыз деп танылған екпені алып үлгергендерге «еш қауіп жоқ» деп сендірді. Бірақ баласы үшін алаңдаулы ата-аналардың кезекті рет екпеге деген сенімі азайды. Бұл вакцина құрамынан қауіпті зат табылса да, балаларға зиянын тигізе қоймады. Дегенмен елімізде екпе салдарынан есеңгіреп қалғандар жоқ емес. Мәселен, биылғы наурызда Маңғыстау облысында 10 жастағы бала қызылшаға қарсы екпенің салдарынан түсініксіз дертке шалдыққан болатын. Дәрігерлер баланың сырқатын анықтауға ұзақ уақыт жұмсап, соңында оның симптомдық эпилепсияға шалдыққанын анықтады. Ал сәуір айында Көкшетауда екпеден кейін бір жасар қыз көз жұмды. Бүлдіршіннің ата-анасы бұл жағдайға қызылшаға қарсы екпені айыптағанымен, сот-медициналық сараптамасы өзгеше қорытынды жасады. Сарапшылар баланың өлімі екпемен байланысты емес деген қорытынды шығарған. «Көкшетаудағы бала өліміне тыныс алу жеткіліксіздігі себеп болды деген қорытынды жасалып отыр. Бұл ауру екі жақты тінаралық серозды-десквамативті өкпе қабынуының салдарынан болған» деп жазылған қорытындыда. Алайда ата-ана екпеге дейін сап-сау болған баланың бұлай аяқасты қайғылы жағдайға ұшырауына басқа нәрсенің себеп болуы мүмкін еместігін алға тартады. Таяуда ғана Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының өкілдері мәлімдеме жасады. Орталық ұсынған деректер ата-аналардың тектен-текке қорқып жүрмегенін дәлелдейтіндей. Соңғы бір жарым жылда Қазақстанда 370 мың балаға екпе салынып, оның 70-де вакцинаның жанама салдары пайда болған. Балалардың ауруы асқынғанымен, олардың арасында сал болып қалғандар немесе қайтыс болғандар жоқ. Олардың сөзінше, елімізде екпенің 20 түрі салынады және олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тексерісінен өткен. Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын вакцина сатып алуға 28 миллиард теңге жұмсайды. Мамандар нарықтағы екпеден қандай да бір жанама әсер туындаса, фармакобақылау сараптама жүргізетінін айтады. Бірақ жүргізілген сараптама баласын ауруға шалдықтырған ата-анаға демеу болмайтыны анық. Сондықтан министірлік бұл мәселенің ақ-қарасын анықтамастан, заңға өзгеріс енгізуге талпынбағаны абзал.