300
Әрбір үшінші қазақстандық өзін-өзі емдегенді жөн санайды
Әрбір үшінші қазақстандық өзін-өзі емдегенді жөн санайды
Биылдан бастап елімізде антибиотиктер тек дәрігерлердің тағайындауымен ғана сатылмақ. Жуырда ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ақ халаттылардың рұқсатынсыз сатып алуға болатын дәрілік заттардың санын қысқарту туралы шешім қабылдады. Ведомствоның мұндай қадамға баруына халық арасында өзін-өзі емдеудің кең етек жаюы мен дәріханаларда дәрі-дәрмектің оңды-солды саудалануы себеп болды.
ҚР Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігінің дерегіне сүйенсек, еліміздегі әрбір үшінші науқас өз дертін өзі емдеуді құп көреді. Бірақ өзін-өзі емдеудің соңы қатерлі ауруларға, тіпті өлімге әкеліп соғуы мүмкін екенін ескермейтіндер көп. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша өзін-өзі емдеу барысында дәрі-дәрмекті орынсыз пайдалану әлем бойынша өлім-жітім көрсеткіші артуының жарақаттанушылық, қан айналым жүйелері, онкологиялық және тыныс алу мүшелерінің ауруларынан кейінгі бесінші себепкері болып отыр. Көбінесе өлімге әкеліп соқтыратын негізгі жағдайлардың қатарына улану, дәріні мөлшерден тыс пайдалану, дәрілік заттарды пайдаланудағы кері әсерлер мен басқа дәрі-дәрмекпен үйлеспеушілік те кіреді.
Өзін-өзі емдеу – науқастың дәрі-дәрмек пен емдеу шараларын медициналық мекемелердің, дәрігердің тағайындау және қадағалау көмегіне жүгінбей өз бетінше қабылдауы. Өзін-өзі емдеу ұғымын өзіне-өзі көмек көрсету (дәрігерден кеңес алу уақытына дейін жағдайын өз бетінше жеңілдету әрекеттері) және жеке профилактика (өмір жағдайын жақсарту және ауруды алдын алу шараларын өз бетінше іске асыру) ұғымдарымен шатастырмаған абзал. 1994 жылы Еуропалық рецептісіз дәрі-дәрмектерді өндіру қауымдастығының бастамасымен «өзін-өзі емдеу» ұғымы «өзін-өзі жауапкершілікпен емдеу» терминіне ауыстырылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған анықтама бойынша өзін-өзі жауапкершілікпен емдеу – бұл «...тұтынушының денсаулығындағы ауытқулар мен ауру белгілерін өз бетінше танып, дәрілік препараттарды пайдалануы». Яғни, дәрі-дәрмек пен емдеу шараларын өз бетінше қолданудан кейінгі салдарларға жауапкершілікті емделуші өз мойнына алады, ал препаратты дәрігердің тағайындауынсыз тарататын мамандар науқастың денсаулығында төнетін қауіп үшін жауап беруге міндеттелмейді.
Ақ халаттылар ардан аттаса...
Дәрілік препараттарды теледидарда жаппай жарнамалау да оның қадағаланусыз қабылдануына әкеліп соқтыруда. Сондықтан ондай жарнамаларда «қолданбас бұрын дәрігермен ақылдасыңыз» немесе «қарсы көрсеткіштері бар» деген дәйексөздер қолданылуы тиіс. Десек те, мұның өзі халықтың өз денсаулығына атүсті қарауына тежеу болмай отыр. Ресми мәліметтерге сүйенсек, бір ғана Астана қаласында 2015 жылы әрбір үшінші тұрғын антибиотиктерді дәрігердің тағайындауынсыз сатып алған. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жүргізген әлеуметтік зерттеудің нәтижелері қазақстандықтар аурудың барлық түрін әуелі өздері емдеуге тырысатынын, тек қолданған емі оң нәтиже бермей, дерті асқынғанда ғана дәрігерге жүгінетінін көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың 60 пайызы ақ халаттылардың көмегінен бас тартудың себебін уақыттың аздығымен түсіндірсе, 14 пайыздан астамы отандық дәрігерлердің білім-білігіне күмәнмен қарайтынын жасырмаған. Ал респонденттердің 26 пайызы елімізде медициналық қызмет ақысы қымбаттығын және саланы жемқорлық жайлағанын алға тартқан. Расында да, медицина саласындағы шикіліктер жылдан жылға көбейіп келеді. Мәселен, 2015 жылы бір ғана Алматы қаласында 5 аурухананың басшысы қызметінен қуылса, тағы екі бас дәрігерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Мұндай жайттардың алдын алу үшін қала әкімі Бауыржан Байбек тұрғындардың арыз-шағымы бойынша медициналық мекемелерге тексеріс жүргізуді қолға алды. “Кейде бас дәрігерлердің алдына кіру менің кабинетіме кіруден де қиын. Біреуге қоңырау шалдырмай бара алмайсың. Жоғарыдан біреудің бұйрығы келмесе, емделушіге дұрыс қарамайды. Мұндай жайттарды анықтау үшін тұрғындардың арыз-шағымы бойынша сараптама жүргізіп отыратын боламыз”, – деп Бауыржан Байбек қазан айында өткен «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының кезекті отырысында денсаулық сақтау саласының басшыларына шүйліккен болатын. Шаһар басшысы сөзінде тұрды. Палатада санитарлық жағдайдың жоқ екенін жазып, әлеуметтік желідегі парақшасына суреттерін салған қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы емделушісінің шағымы бойынша шұғыл тексеріс жүргізді. Әкім келеді дегенді құлағы шалған аурухана басшылары шаң басқан палата мен тозығы жеткен әжетхананы бір түнде жөнге келтірмек болған. Қала басшылығы келгенде сырланған еденнің бояуы кеуіп те үлгермеді. Көзбояушылықты көзімен көрген Бауыржан Байбек аурухананың бас дәрігері мен тазалыққа жауапты қызметкерлерін шұғыл жұмыстан босатты. Өйткені өз ісіне салғырт қарайтын осындай мамандардың кесірінен халық осы күні ақ халаттылардың бәрінен түңіле бастады.Антибиотиктен әл кетсе...
Тұрғындардың өзін-өзі емдеуге иек сүйеп алуы дәріханалар науқасқа тегін ақыл-кеңес беруге даяр дәріханашылардың қарасын көбейтті. Қазір тұрғын үйлердің ауласында дүкеннен гөрі дәріхана көп. Ұсынысты сұраныс тудыратынын ескерсек, шұжыққа қарағанда дәрі-дәрмектің тұтынушысы көп екеніне көз жеткізу аса қиын емес. Сондықтан Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің дәрілік заттардың саудасын бақылауға алуы құптарлық. «Дәрігер мен дәріханашы ғана емес, науқастың өзі де денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Уақыт өте келе маманың тағайындауынсыз антибиотиктер сатылмайтынын тараптардың үшеуіне де түсінікті болады деп ойлаймын. Наразылық туып, қарсылық болмас үшін бұл талапты біртіндеп енгізуді жоспарлап отырмыз. Яғни әуелі дәрігерлер өз қабылдауына келген емделушілерге рецепт жазып береді. Ал дәріханалар сатып алушыға дәріні алғашқы жолы дәрігер тағайындауынсыз ұсынғанымен екінші рет келгенде тек маман рұқсатымен ғана сататынын ескертуі тиіс», – дейді Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Жанат Төребекова. Зерттеулерге сүйенсек, қазіргі таңда антибиотиктерді кез келген ауруға қарсы қолдану белең алған. Тіпті жеңіл-желпі салқын тигізіп алған адамдар да бас салып дәрінің осы түріне жүгіреді екен. Дәрігерлер ем қабылдамас бұрын аурудың неден туғанын анықтау керек екенін қатал ескертеді. Ол үшін міндетті түрде ақ халаттылардың көмегіне жүгіну қажет. Дертке бактериялар себепші болғанда, мысалы, пневмония немесе ангина сынды ауруларға шалдыққанда ғана антибиотиктер құтқарушымыз бола алатынын ұмытпаған жөн. Ал егер ауруды қарапайым вирустар тудырса, антибиотикті қолдану дерттің асқынуына әкеп соқтыруы ықтимал. Антибиотиктер – микроорганизмдердің өсуін, көбеюін тежейтін өсімдіктер мен жануарлар жасушасынан алынған органикалық зат. Олар әртүрлі бактерияларға байланысты туындаған инфекцияларды емдеу кезінде қолданылады және адамның барлық ағзаларына күшті әсерін тигізеді. Әсіресе, ауыр инфекциялық аурулардан зардап шеккендер осы дәрі түрі арқылы ғана сауыға алады. Алайда, бұл кез келген сырқатты жазуға көмектеседі дегенді білдірмейді. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің №1 ішкі аурулар кафедрасының жетекшісі, медицина ғылымының кандидаты, жоғары санатты дәрігер Ерлан Базарғалиевтің айтуынша, бұл мәселе тек қана біздің елдің емес, Кеңес Одағының құрамында болған барлық мемлекеттердің басында бар. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, бұл елдер Еуропаға қарағанда антибиотикті төрт есе көп қолданады. Себебі бұл мемлекеттердің көпшілігінде ашық медициналық жүйе қалыптасқан, яғни дәрі-дәрмектің барлық түрі дәріханаларда еркін саудаланады. Антибиотиктерді өз еркімен жиі пайдалану ағзаның микробтарға қарсы препараттарға төзімділігін арттырып, антибактериалды дәрілік заттардың инфекциялық ауруларға қарсы тиімсіз болуына әкеліп соғады. – Кез келген дәрі бауыр мен бүйрек арқылы сыртқа шығарылады және олардың жағымды, жағымсыз әсерлері болады. Сол сияқты антибиотиктердің де екі жақты әсері бар. Егер оларды дәрігердің нұсқауынсыз пайдаланатын болсақ, ағзаның өзге бір жерін ауруға шалдықтыруымыз мүмкін. Сондай-ақ, белгілі бір антибиотикті жиі қабылдаған кезде сол препаратқа төзімділік артады, яғни келесі ауырғанда ол дәрі көмектеспейді. Бұған қоса, ол адамның микробы антибиотикті мүлде қабылдамаған адамға әсер етеді. Мәселен, өмірінде антибиотик тұтынбаған адам ауырған кезде антибиотикті ішсе пайдасы болмайды. Себебі айналадағы адамдардың барлығы сол дәрі түрін қабылдаған, микробтардың оған төзімділігі жоғары, яғни өліп болмайды. Қазір әлемде «DOTS» бағдарламасы бойынша туберкулезге қарсы төрт антибиотик қолданылады. Алайда ұзақ жылдардан бері белгілі бір дәрі түрлерін қолдану сол препараттарға төзімділікті арттырған. Қазір медицина мамандары аталған ауру түрін емдеуде қиындықтарға тап болып отыр, – дейді медицина ғылымының кандидаты Айгүл Сартаева.Нарықта төл өнім қат болса...
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылдың 10 шілдесінде «Қазақстанның әлеуметтік модернизациясы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына 20 қадам» атты халыққа үндеуінде халықтың дәрілік сауаттылығын көтерудің маңыздылығын атап өткен болатын. Елбасының тапсырмасымен Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы негізінде 2009 жылдан бастап елдің дәрілік сауаттылығын жоғарылату үшін Дәрілік ақпараттық-талдау орталығы (ДАТО) құрылып, жұмыс атқаруда. Орталықтың басты мақсаты – тұрғындар мен медициналық қызметкерлерге емдік дәрілер және «Тегін медициналық көмектің кепілденген көлемі» шеңберіндегі тегін берілетін дәрі-дәрмектер алу құқығы жайлы дәйекті ақпараттар беру. «Жуырда біздің орталыққа жас келіншек келді. Ол пневмонияның асқынған түріне шалдыққан екен. Әуелі антибиотиктің бір түрімен емделіп жүріп, маманның нұсқауынсыз екінші бір түрін қолдана бастайды. Нәтижесінде ешқандай әсер болмаған. Уақыт өткен сайы ауру асқына берген. Жағдайы нашарлай бастағанда жедел жәрдеммен жеткізілді. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар жиі болып тұрады. Әсіресе, балаларын өз бетімен емдемек болған ата-аналардың шарасыз күйге түскенін талай көрдік. Олар өз балаларының қыр-сырын дәрігерден артық білеміз деп ойлайды да, маманға тек ауру асқынғанда бір-ақ жүгінеді. Ол кезде тым кеш болып кетуі мүмкін екенін ескермейді», – дейді Дәрілік ақпараттық-талдау орталығының бастығы Лариса Макалкина. Ауруханаға барып, диагнозды анықтап, одан айығу үшін не қолдануға болатынын, қандай дәрі ішуге тыйым салынатынын білудің орнына өзім білемге басатынымыз, бас ауырса да, балтыр сыздаса да, ауру әсерін бәсеңдететін дәрілерге тұра жүгіретініміз шындық. Біз дәріханаға барып, кез келген препаратты шектеусіз ала аламыз, ал ағылшындар немесе америкалықтарға дәрігердің рұқсатынсыз тек бинт, мақта және дәрумендер ғана сатылады. Дамыған елдер тіпті йодтың өзін еркін саудадан алып тастаған. Онда біздегідей дәріханаға барып: «Жөтелге қарсы не ішсе болады?», «Бас ауруға бірдеңе беріңізші» деп сұрайтындарды көрмейтініңіз анық. Өйткені дәріханашы «бірдеңені» дәрігердің тілдей қағазынсыз қолға ұстата қоймайтынын біледі. Бас ауруы ағзағадағы үлкен ақаулардың белгісі болуы мүмкін екенін ескеріп, еуропалықтар әуелі дәрігердің қабылдауына жазылады. Қазақстанда басқаны былай қойғанда есірткі тектес заттар да еркін саудалануда. Өткен жылы Батыс Қазақстан облысы есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының өкілдері дәрі бизнесінің бетімен кеткеніне наразылық білдірген болатын. Өйткені бұл өңірде еліміздің аумағында оңды-солды сатуға тыйым салынған құрамында есірткі тектес кадеині бар препараттардың саудасы қызып тұр. Мұндай дәрілерді қолданған адамның көңіл-күйі нашарлап, өмір сүруге қызығушылығы азаяды. Тіпті мамандардың айтуынша, дәрілердің мұндай түрін тұрақты пайдаланғаннан адамның ғұмыры бір жылдан аспайды екен. Сондықтан құқық қорғау өкілдері бұл саланы бақылауға алып, берілер жазаны күшейту керектігін айтады. «Қала мен облыс дәріханаларын тексеру барысында құрамында есірткі тектес заттар бар «Тропикамид» және «Солпадеин» секілді препараттардың еш шектеусіз сатылатынын анықтадық. Жиналған материалдар Әкімшілік кодекстің 426-бабы бойынша фармбақылау мекемесіне жіберілді», – дейді БҚО ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының басшысы Андрей Хлевин. Маманның айтуынша, фармацевтер қалтаның қамы үшін ештеңеден тайынар емес. Елімізде дәрі-дәрмек нарығының бетімен кеткенінің тағы бір айғағы – Қазақстанға тонналаған дәрі-дәрмекті заңсыз жеткізу фактілерінің көбеюі Мәселен 2015 жылдың 9 желтоқсанында Өзбекстаннан Қазақстанға өзен арқылы заңсыз өткізілмек болған 60 келі дәрілік зат тәркіленді. «Сарыағаш» кеден бекетінің шекарашылары шекараны кесіп өтпек болған екі күдіктіні байқаған. Олар Келес өзеніне таяп келіп, өзеннің Қазақстан жағына жіп лақтырып, жүзіп өткен. Содан кейін өзеннен қораптарды тартып алады. Шекара бұзушылар осы кезде сақшыларды көріп қалып, Өзбекстан аумағына қайта өтіп, қашып кеткен. Тексеру кезінде олардың қашқан орнынан 60 келіге жуық дәрі-дәрмек табылды. Жүк Шымкент қаласының қадағалаушы органдарына тапсырылды. Мұндай оқиға 2014 жылдың мамыр айында Шығыс Қазақстан облысында да тіркелді. Семейдің желілік ішкі істер қызметкерлері мен шекарашылар контрабандалық дәрі-дәрмек тасымалының жолын кесті. «Новосібір–Алматы» пойызымен Өзбекстанның үш азаматшасы 14 қап түрлі медициналық препараттарды Қазақстан арқылы алып өтпек болған.Тәртіп сақшылары заңсыз жүкті Ауыл станциясындағы тексерулер кезінде анықтады. Тәркіленген дәрілерде ешқандай құжат болмаған. Дамыған елдерде дәрі-дәрмекке ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарайды. Дәрінің бақылаусыз сатылмайтыны былай тұрсын, басқа елдерден жеткізілетін дәрілік заттардың санын шектеп, керісінше ел азаматтарының денсаулығына тікелей әсер ететін дәрілердің отандық өндірісін артыруға тырысады. Ал бізде дәрі-дәрмек өндірісінің аяқ алысы бәсеңдеу. Фармацевтикалық өндірісті дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 2014 жылдың соңына дейін халықтың дәрі-дәрмекке деген сұранысының 50 пайызын отандық өніммен өтеу туралы меже қойылған еді. Бағдарлама жүзеге асырылған алғашқы жылы ел тұрғындарының сұранысын төл өндіріс арқылы қамтамасыз ету мақсаты орындалды. Тіпті 2012 жылы дәрі-дәрмек өндірісі нарықтың 49,3 пайызын еншілеген. Алайда 2013 жылы бұл көрсеткіш белгісіз себептермен 15,4 пайызға дейін құлдырап кетті. Әлі күнге дейін ел тұрғындарын отандық дәрі-дәрмекпен қамту көрсеткішін 15 пайыздан асыра алмай келеміз. Тізе берсек, саланың кем-кетігі көп.