295
Түркиядағы қазақстандық жастардың тұңғыш құрылтайы өтті
Түркиядағы қазақстандық жастардың тұңғыш құрылтайы өтті
Ағымдағы жылдың 5-6-7 желтоқсан күндері Түркияның Сакария шахарында түріктің жоғарғы оқу орындарында білім алушы студенттер бас қосты. Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Сакария қазақстандық студенттер қауымдастығы ұйытқысымен өткен атаулы шара мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Жастар жылы» және тәуелсіздік күніне орайластырылды.
Оған Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Сакария губернаторы Ахмет Хамди Навир, ТР қоршаған орта вице- министрі Мужахит Демирташ, Сакария мэрі Экрем Юже, Шетелдік түрік және туыстас халықтар қауымдастығы Вице - президентi Саид Юсуф, Сакария университетiнiң ректоры Фатих Савашан, түріктің белді саясаткерлері, қоғамдық қайраткерлер мен елдің 32 қаласында оқитын 200-ден астам жастарымыз қатысты. «Түркиядағы қазақстандық студенттердің 1-ші құрылтайы» атауымен өткен алғашқы бас қосудың мақсаты, жастар арасындағы өзара селбесуді арттырып, еліміздің ертеңіне еселі үлес қосу. Мемлекеттік бағдарламаларды талқылап, шет елдің үздік тәжірибелерін туған жерде қолдану.
Үш күн бойы жалғасқан құрылтайда, еліміздің «Шабыт» фольклорлы-этнографиялық оркестрі мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жас өнерпаздар сахна алды. Сондай-ақ, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлының қатысуымен арнайы брифинг ұйымдастырылды. Елші құрылтайға қатысушылардың назарын елімізде жастардың өз қабілеттерін танытуы үшін берілген бірегей мүмкіндіктерге, заман шарттарына және қарқынды өзгеріп жатқан әлем талаптарына сай келетін сапалы білім алудың маңыздылығына аударды. 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын Анадолы елінде жастарымызбен жоғарғы деңгейде мерекелеу қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, түріктің белді оқу ордаларында білім алушы жастар, көкейлерінде жүрген сұрақтарға жауап алып, қажетті тақырыптар жөнінде толық мәліметпен сусындады.
Бұдан бөлек, жергілікті әкімшілік басшыларымен кездесіп, жастарға қажетті ұсыныстарын жеткізді. Шет елдік түріктер және туыстас халықтар басқармасы өкілінен «Түркия стипендиясы» бағдарламасына қатысты маңызды сұрақтар қойылды.
Құрылтай қорытындысына сәйкес, келесі басқосу Ескишехир қаласында өтетін болды. Сондай-ақ, Түркиядағы белсенді жастар Ұлыстың Ұлы күнін Ыстанбұлда тойлауға уағдаласты.
Айта кетерлігі, Сакария Су және канализация мекемесі 3 үздік студентке шәкіртақы тағайындады.
Шара соңында құрылтайға қатысушы жастар қаланың тарихи жерлерімен танысты.