1221
Жастар – ұлт болашағы, мемлекет мәртебесі
Жастар – ұлт болашағы, мемлекет мәртебесі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылының жабылуы және Волонтер жылының ашылу рәсіміне қатысты. Салтанатты шара барысында Президент Елбасының бастамасымен өткен Жастар жылында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, келер жылдың маңызды жобаларымен таныстырды.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 500-ге жуық жастың басын қосқан жиынның Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келгенін тілге тиек еткен Мемлекет басшысы ел мерейін асыру жастардың қолында екенін атап өтті. «Біз үшін бұдан асқан қастерлі әрі маңызды мереке жоқ. Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді одан ары өркендету – қазіргі ұрпақтың қасиетті борышы. Сондықтан біз сіздерге зор үміт артамыз. Мемлекетіміздің келешегі – өздеріңіз! Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің мәртебесі. Ұрпағын аялай білген халық іргелі жұртқа айналатыны белгілі. Біз халқымызды әлемге танытқан ең асыл қасиеттерді сіздердің бойларыңыздан көргіміз келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, биыл 5 мың азамат мемлекеттен грант алып, жас кәсіпкер атанған. Алдағы 3 жыл ішінде олардың саны 30 мыңға көбеймек. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жұмысшы жастарды қолдау жұмыстарының жалғаса беретінін ескертіп, еліміздің ірі қалаларында жұмыс істейтін жастарға 9 мың пәтер беру туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Пәтерді жалға алу құны айына 15 мың теңге болады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде жастарды қолдау жөнінде бірыңғай кешенді бағдарлама жасау қажеттіне тоқталды. «Бірыңғай бағдарлама өскелең ұрпақтың өзекті проблемаларын шешуге бағытталады. Ең бастысы, оның механизмі жастарымыз үшін қарапайым әрі түсінікті болуы тиіс. Жеке және кәсіби тұрғыдан өсу, жұмысқа орналасу немесе тұрғын үй алу үшін Қазақстанның қай жерінде қандай мүмкіндіктер бар екенін әркім білуге тиіс», – деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Сонымен қатар Президент отбасы институтына баса мән берілмей отырғанына да назар аударды. «Жастар саясаты туралы айтқанда отбасы институтын ұмытпауымыз керек. Бұл – дәстүрді, ұлттық құндылықтарды және ұрпақтар сабақтастығын сақтау үшін өте маңызды. Өкінішке қарай, қазіргі таңда ажырасу фактілері осы саладағы түйткілді мәселенің біріне айналды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысының айтуынша, отбасы құндылықтарын дәріптеудің мемлекет үшін маңызы зор.
– Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген қанатты сөз бар. Әрбір отбасын сақтау – Отанымыздың берік болуының кепілі. Жас шаңырақ бақыт бесігіне айналуға тиіс. Олардың әрқайсысына тұтастық пен татулықтың дәстүрін орнықтыруымыз керек. Зиялы қауым өкілдері мен ұстаздар жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, отбасы құндылықтарын дәріптеуі қажет», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Кемелұлы атап айтқан маңызды мәселенің бірі – білім беру сапасы. Мемлекет басшысы диплом басып шығаратын және тарататын мекемеге айналған жоғары оқу орындарына қатысты шара қабылдау қажеттігін талап етті. Сонымен қатар Президент Үкіметке жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінің шәкіртақысын көтеру туралы тапсырма жүктеді.
– Жоғары оқу орындары студенттерінің стипендиясын арттыру өзекті мәселелердің бірі екенін білемін. Бұл мәселеге көңіл бөлінбей қалды. 2016 жылдан бері стипендия көбейген жоқ. Сондықтан студенттерді қолдау үшін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бакалавриат, магистратура мен докторантурада оқитын студенттердің стипендиясын 25 пайызға өсіру жөнінде шешім қабылдадым. Бұл жалпы 130 мыңға жуық адамды қамтиды. Мұндай қолдау колледж студенттеріне де көрсетілетін болады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы Волонтер жылының міндеттері туралы айта келіп, бірнеше негізгі бағыттарға назар аударуды ұсынды. Президент волонтерлікті ұлттық масштабта ғана емес, әрбір қала мен ауылда дамыту керек деп санайтынын айтты. Сонымен қатар ұжымдық волонтерлікті өркендетуге мемлекеттік аппаратты да, ұлттық және ірі компанияларды да атсалысуға шақырды.
– Дана халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Қайырымдылық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қасиет. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз. Сондықтан алдағы жылы сол дәстүрді заманға сай қайта жаңғыртуымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті өз сөзінде волонтерлік қызметті еңбек өтіліне қосуды ұсынды. «Волонтерлік сағаттарды еңбек өтіліне қосу әдістемесін енгізу маңызды. Әсіресе, бұл осы салада тұрақты істейтіндерге қатысты. Менің ойымша, бұл, маңызды мәселе», – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Мемлекет басшысы үкіметке волонтер студенттердің шәкіртақысын көбейту мәселесін шешуді тапсырды. Ал коммерциялық бағытта оқитындар үшін әлеуметтік студенттік кредит жүйесін енгізу ұсынылды.
Шара соңында Қасым-Жомарт Тоқаев белсенді жастарды мемлекеттік наградалармен және алғысхаттармен марапаттады.