554
Алдан Смайыл: Тәуелсіздігімізді баянды ете білгеніміз – үлкен ерлік
Алдан Смайыл: Тәуелсіздігімізді баянды ете білгеніміз – үлкен ерлік
– Желтоқсан – қазақтың қасиет айы. Ал халқымыздың таным-түсінігінде «қасиет», «кие» сынды ұғымдар ерекше қастерлі екені белгілі. Осы айда еліміз Тәуелсіздігін алды. Осы жолда қазақтың тартпаған азабы жоқ. Қалай ойлайсыз, бүгінгі ұрпақ ұлтымыздың басына қонған осынау теңдессіз бақтың қадіріне жетіп, қасиетін сезіне алып жүр ме?
– Ең бастысы, біз сан жылдар бойы зарықтырып, сағынтып, аңсатып жеткен тәуелсіздікті қолдан шығарып алмай, сақтап қалдық. Қадіріне жетіп, қасиетін сезінбесек, басымызға қонған бақты қолымыздан сусытып шығарып алуымыз да ғажап емес еді ғой. Тәуелсіздікке қол жеткізуден бөлек, оны баянды ету де оңай емес. Егемендіктің алғашқы жылдарында бұған күмән келтіргендер де болды. Өйткені Қазақстанды көптеген ұлттың өкілі мекен етеді, сол кезеңдегі онсыз да экономикалық, әлеуметтік жағдайдың шатқаяқтап тұрған тұсында «ұлтаралық келіспеушіліктер орын алуы мүмкін, содан Тәуелсіздіктің баянды болуы неғайбыл» деген ойлар да айтылғаны рас. Алайда Қазақстан бұл алма-ғайып кезеңнен өтті, үлкен сынақтан сүрініп кетпей, ел болып еңсерді. Оңай болған жоқ, әрине. Қиындығы көп, тәуекелі мол кезеңнен шығуымызға Елбасы көп еңбек сіңірді. Осының арқасында мемлекеттің тұтастығы мен дербестігін, халықтың ынтымақ-бірлігін сақтай алдық. Тәуелсіздік жылдарындағы ерлікке пара-пар ең басты жетістігіміз осы деуге болады.
– Өзіңіз де егемендіктің елең-алаң шағында қазіргі астанамызда елдің рухын оятуға белсене атсалысып, қоғам құрып, газет аштыңыз, онда ұлттық мәселелерді ту етіп көтергеніңізді білеміз. Сол бір өтпелі, өлара уақыттағы қызметіңіз жайлы айтып өтсеңіз.
– Иә, ол бір естен кетпес, қиындығы мен қарбаласы мол кезең еді. Тоқсаныншы жылдардың басында елімізде алғаш рет «Тіл және мәдениет» қоғамын құрдық. Бір кездері дәуірлеп тұрған Кеңес үкіметінің қауқары кеміп, қайраты қайтқан шақ. Ел болып, еңсе тіктесек, туған тіліміздің мәртебесін биіктетсек, төл атауларымызды, салт-санамызды жаңғыртсақ деген мақсат тұрды көкейімізде. Осы жолда мүмкіндігіміз жеткенше еңбек етуге тырыстық, қолдан келгенше ұлттық мүддемізді қорғауға ықпал еттік. Көптеген идея, бастамаларымыз жүзеге асты. Мәселен, бұрын Буденный аталған Қажымұқанның туған жеріне даңқты палуанымыздың атын қайтардық. Целиноградты Ақмола атауына ауыстыруға ықпал еттік. «Қараөткел» деген газет шығардық, онда ұлттық мүдде, тілге қатысты көптеген мақала басылды. «Лад» сияқты славян қоғамдарының жиналыстарына қатысып, өзіміздің ойымызды ашық айттық, мақсатымызды түсіндірдік, мүддемізді қорғай білдік. Ерінбей, жалықпай жүріп, қазақ мектептерін көптеп ашуға, осылайша тілімізді, ділімізді сақтап қалуға ел-жұртты үгіттедік. Осынау тағдырлы кезеңде елдік мәселелерді көтеріп, егемендігіміздің баянды болуы жолында азды-көпті үлес қосқаныма қуанамын, шүкіршілік етем.
– Биыл Елорданың Алатаудан Арақ төсіне қоныс тепкеніне жиырма жылдан асты. Бір кездері өзіңіз Целиноград атауын Ақмола деп өзгертуге бір кісідей үлес қосқан болсаңыз, бертінде Нұр-Сұлтан атанды. Атауы ғана емес, ажары да адам танымастай өзгерді. Бұл да Тәуелсіздігіміздің жемісі ғой.
– Әрине, сөз жоқ, Астана – Тәуелсіздігіміздің жеңісі. Енді осынау азат елдің астанасында ұлттық мүддеміздің бәсі биік болуы керек екені ешкімнің таласын тудырмаса керек. Ел тыныш, халқымыз өзара тату. Осы тыныштық бұзылмасын, ынтымақтан айырмасын, ел іші бүлінбесін. Енді жатқа жаутаңдап, есеміз кетпесін деп тілеймін. Тәуелсіздік күні – бір-бірімізге құттықтау айтып, той тойлап қана қоятын емес, осындай мәселелерді ойлап, алды-артымызға қарайлап, бар-жоқты саралап, жүрген жолымызға, жеткен жетістік, кеткен кемшілігімізге есеп жасайтын, алдағыға жоспар құратын кез болуы тиіс деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Шынар Тұрлыбекқызы