410
Қазақстан – біздің ортақ үйіміз
Қазақстан – біздің ортақ үйіміз
Кеше Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысына Мәжілісті уақытынан бұрын тарату және кезектен тыс сайлау өткізу туралы өтініш білдірді. Халық қалаулылары Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы үндеудің мәтінін жария етті.
Үндеуді жариялаған депутат Нұрлан Әбдіров: «Дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін кең ауқымды қоғамдық бірігу қажет. Тек бірлік пен үйлесімді іс-әрекеттер ғана бізге жаңа экономикалық соққыларға төтеп беруге мүмкіндік береді. Бұл дағдарыс жағдайында сайлау науқанын ұзақ мерзімге созбауға және сайлауалды ұйымдастыру мен өткізуге жұмсалатын бюджет шығыстарын біршама қысқартуға мүмкіндік береді. Осы айтылған ұстанымдарды негізге ала отырып, біз Мемлекет басшысына, ҚР Президентінің 5-ші шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісін мерзімінен бұрын тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлығын қабылдау туралы бастамамен жүгінеміз», – деді.
Халық қалаулылары жариялаған үндеуде еліміздегі реформаларды жүзеге асыру жөніндегі іс-әрекеттерімізді барлық деңгейде үйлестіру үшін Парламент сайлауын жергілікті мәслихаттар сайлауымен қоса өткізу қажет екендігі де сөз болған.
ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІ МЕН БАРЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ МӘСЛИХАТТАР ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС САЙЛАУЫН ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ БАСТАМА КӨТЕРГЕН
ҮНДЕУІ
«Бүгінде жаһандық жүйелі дағдарыс әлемнің барлық елдерін, тіпті, дамыған жетекші мемлекеттерді де қамтуда. Әлемдегі күрделі геоэкономикалық және геосаяси ахуал халықаралық шиеленістің артуымен, жаңа қақтығыс ошақтарының пайда болуымен, лаңкестік қауіп-қатердің күшеюімен қатар өрбуде. Қазақстан егемен ел ретінде дамып келе жатқан 25 жылдың ішінде әлемдік дағдарыстардың сын-қатерлерімен сан мәрте бетпе-бет келді және біз олардың барлығына лайықты тойтарыс бере білдік. Тіпті, біз ондай кезеңдерді әрдайым дамудың жаңа сапалық деңгейіне шығудың мүмкіндігі ретінде пайдалана білдік. Сол себепті, біздің еліміз әрқашан, әрбір дағдарыстан жаңғырған, қуатты ел болып шығып келеді. Қазір де Қазақстанның жаңа жаһандық сын-қатерлерді еңсеретін нақты жоспары бар. Елбасы, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың саясатының арқасында еліміздің тек әлемдік дағдарысқа қарсы тұру жөнінде ғана емес, жаңа жаһандық нақты ахуал жағдайында дамуы туралы стратегиясы мен нақты «Ұлт Жоспары» бар. Бүгін – кейінге қалдырмайтын жедел шаралар уақыты. Осыған байланысты, қазірден бастап жаңа реформаларды жүзеге асыруға жедел кірісу үшін, сонымен бірге, дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін біз бесінші шақырылымдағы Мәжілістің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және Парламентке жаңа сайлау тағайындау туралы бастама көтереміз. Біріншіден, қазіргі Мәжіліс «Ұлт Жоспарын» жүзеге асырудың заңнамалық негізін қалап, өзінің тарихи миссиясын орындады. Парламент 80-ге жуық заң қабылдады. Президенттің 5 институттық реформасының әрқайсысын жүзеге асырудың «жол картасы» жасалды. Ал қазір жаңа тарихи кезеңге аяқ басып, елімізді ауқымды жаңғыртуға және президент реформаларын барлық бағыттар бойынша нақты жүзеге асыруға кіріскен сәтте партиялар сайлаушылардың жаңа сенім мандатын алуы айрықша маңызды. Екіншіден, осынау жауапты сәтте дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыру үшін кең ауқымды қоғамдық бірігу қажет. Тек бірлік пен үйлесімді іс-әрекеттер ғана бізге жаңа экономикалық соққыларға төтеп беруге мүмкіндік береді. Үшіншіден, біздің реформаларды жүзеге асыру жөніндегі іс-әрекеттерімізді барлық деңгейде үйлестіру үшін Парламент сайлауын жергілікті мәслихаттар сайлауымен қоса өткізу қажет. Бұл дағдарыс жағдайында сайлау науқанын ұзақ мерзімге созбауға және сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге жұмсалатын бюджет шығыстарын біршама қысқартуға мүмкіндік береді. Осы айтылған ұстанымдарды негізге ала отырып, біз Мемлекет басшысына Қазақстан Республикасы Президентінің бесінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісін мерзімінен бұрын тарату және Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлығын қабылдау туралы бастамамен жүгінеміз. Қазіргі тарихи сәттің барша жауапкершілігін, мақсаттар мен міндеттердің ортақтығын сезіне отырып, бұл үндеуді үш парламенттік фракцияның барлығының депутаттары қабылдайды. Біз парламенттік аламанға қатысуға және мемлекеттік стратегия мен саясатты жүзеге асыру жауапкершілігінің бір бөлігін өзіне алуға дайын екендіктерін сан рет мәлім еткен барлық саяси партияларды адал және ашық күреске – жаңа сайлауға қатысуға үндейміз. Сонымен қатар, біз еліміздің барлық қоғамдық бірлестіктері мен үкіметтік емес ұйымдарын, барша азаматтарды біздің бастамамызды қолдауға шақырамыз. Біз ел дамуының жаңа және жауапты кезеңіне аяқ бастық және онда бірлігіміз бен тұтастығымызды нығайта түсу арқылы ғана өз жетістіктерімізді қорғап, Отанымызды дамудың жаңа белестеріне шығара аламыз. Біздің Қазақстанымыз – біздің ортақ үйіміз! Біздің Отанымыз бір, Тағдырымыз бір!»«Түркістан-ақпарат»