2412
«Орбұлақ шайқасы»
«Орбұлақ шайқасы»
Қазақ киносының қоржыны тағы бір тарихи телехикаямен толықты. Тәуелсіздік күнінде Qazaqstan Ұлттық арнасы түсірген «Орбұлақ шайқасы» телехикаясы көрермендерге жол тартты. 1643 жылы Орбұлақ маңында 600 қазақ сарбазы 50 мың жоңғарды жеңген шайқас туралы фильм үлттық арнадан алғаш рет телеэкран арқылы көрсетілді. «Әлемдік соғыс өнеріндегі қайталанбас оқиға» деп бағаланған батырлар жорығы Тәуелсіздік мерекесіне орай ел жадында қайта жаңғырды.
Сегіз бөлімдік телехикая ел басына күн туған замандағы халықтың ауызбіршілігін, батыр-баһадүрлердің сертіне берік, достыққа адалдығын, ұлттың бірігу жолында сансыз күрестен өткен тарихи оқиғалардың жиынтығын көрсетеді.
– Бұл сериал – тарихты түгендеу ісіне қосқан үлесіміз. «Орбұлақ шайқасы» телехикаясының түсірілімі Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында және Орбұлақтың өзінде жүргізілді. Тарихи сериалды түсіру – өте күрделі әрі қымбат процесс. Сондықтан бұл бағытта әзірге тек мемлекеттік арналар ғана қадам жасап келеді. Біз жыл сайын тарихи сериалдар санын көбейту міндетін алға қойып отырмыз, – деді Qazaqstan республикалық телерадио-корпорациясының басқарма төрайымы
Л.Танысбай.
300 спарталықтың ерлігінен бір мысқал да кем түспейтін тарихи оқиғаның телехикая болып түсірілуі – Qazaqstan арнасының ұлттық кино өнерін дамытуға қосқан үлесі.
Мұрат БИДОСОВ, қоюшы-режиссер:
600 сарбаздың жаудың 50 мың әскеріне төтеп берген ерлігін суреттедік
– «Орбұлақ шайқасының» түсірілім жұмысына 3 айдан астам уақыт жұмсалды. Бұл сериал үшін аса көп уақыт емес. Тарихи тақырыпта телехикая түсірудің өзіндік қиындықтары мен қызықтары болады. Мысалы, жобаның сценарийінен бастап, локация, логистикаға дейін қаражат мәселесіне келіп тіреледі. Көпшілік көрініске (массовка) жергілікті өңірден адам табармыз, бірақ басты образдарды ойнайтын актерлерді сонау Ақтауға немесе Алтайға апару үшін қаншама қаражат керек. Бірақ аз қаражатпен осындай сериал түсіріп шыққаныма өкінбеймін. Қиыншылыққа қарамастан 600 қазақтың сарбазы ойраттың 50 мың қолына қалай төтеп берген кезеңін көркемдеп сипаттауға тырыстық. Телехикаяда жүзден астам кейіпкер болғандықтан, кастинг жұмысы өте ауқымды болды. Аталған жобаға майталман актерлер, елге танымал жұлдыздармен қоса жас буын өкілдері қатысты. Кейіпкерлерден бөлек 50-ге жуық каскадерлер қатысты. Актерлер тек Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан ғана емес, бүкіл Қазақстан театрларынан таңдалды. Атап айтсақ, Өскемен, Жезқазған, Түркістан, Талдықорған, Тараз театрының актерлері өз кейіпкерлерін жоғары деңгейде алып шықты. Тарихи телехикаяға түсуге қызығушылық танытқандар өте көп болды. Дегенмен көп бөлігі кастингтен өтпеді. Өйткені актердің сырт-келбеті келісіп тұрғанымен, ішкі дүниесі нағыз батырды көрсете алмады. Тарихи жобалар костюм мен гримді талап ететіндіктен актерді де типажы мен фактурасына қарай іздедік. Актерлік шеберлігімен қоса әр типаждың өзінің сақал-мұрты мен шашының болғанына үлкен мән бердік. Түсірілім барысында әртүрлі қызықты оқиғалар болып жатады. Айлап бірге тұрып, бірге жүрген соң түсірілім тобы бір-біріне бауырдай болып кетеді. Локацияларды ауыстырып көшетін кезде сол жерді қимай, көздеріне жас алғандар да, теңін тауып үйленгендер де болды. Топтағы қыз-жігіттердің бәрі көкпар тартпаса да, атқа мінуді үйренді. Негізі экспедицияға шығып кино түсіру өте қиын процесс. Бірақ естен кетпейтін қызық оқиғаларға тап боласыз. Бауыржан ҚАПТАҒАЙ, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:Тарихи сериал түсіру оңай емес
– Тарихқа терең бойлай берсек, қазақ халқының талай нәубетті басынан өткергенін көреміз. Ата-бабамыз қаншама соғысты бастан кешсе де жерімізді қорғап, ұрпаққа аманат етті. Бертін келе аштық пен қуғын-сүргінге тап болған кезде де халқымыз талай боздағынан айырылды. Тағдырдың талай тезінен өтсе де өзінің еркіндігін сақтап қалған Тәуелсіз еліміздің тарихы – ұрпаққа өнеге. Жалпы, өткен тарихты ұмытып, жаңа дүниені жасау, алға нық қадам басудың өзі қиын. Жастарымыз өз халқының бостандыққа жету жолындағы күресін білу үшін осындай «Орбұлақ шайқасы» сынды тарихи фильмдер мен сериалдарды қолдан келгенше көптеп түсіру қажет. Тарихи фильмнің түсірілім алаңына еліміздің бірқатар аймақтарынан келген жас актерлер жиналды. Маған жас актерлермен жұмыс істеген қатты ұнады, талантты жастар көп екеніне тағы бір мәрте көз жетті. Жалпы, мемлекеттік арна бөлген қаржыны үнемдеп жұмсау, тарихи сериал түсіру деген оңай жұмыс емес. Кино қызығына қарағанда қиындығы көп жүретін ерекше әлем. Тарихи телехикаяның түсірілім жұмыстары жаз айына тұспа-тұс келгендіктен біршама қиыншылық болды. 30-35 градус ыстықта қалың киіммен жүру, грим жасау, сақал жапсыру оңай емес. Тарихи сериалдың түсірілім жұмыстары сәтті аяқталды, қалың көрерменге жол тартты. Ендігі бағасын беретін – халық.Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ