1337
Ұлттық анимацияның мұңы көп
Ұлттық анимацияның мұңы көп
«Ел боламын десең, экраныңды түзе». Тәрбиені тал бесіктен бастайтын қазақ бұл күні балаларын көк жәшіктің «жөнге салып» жүргеніне әбден үйренді. Содан да болар, әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің өнегелі нақылын әлгіндей сөзбен алмастырдық. Сонда көгілдір экран қазақ баласын қалай тәрбиелей алады? Әрине, балаларға арналған өнегелі бағдарламалар мен мультфильмдер арқылы. Ал батырлар мен ұлылардың ұрпағы қандай анимациялық туындыларды тамашалап жүр? Мақтанып ел-жұртқа көрсете алатын отандық мультфильмдеріміз неге аз?
Қолдау болмағасын, даму да жоқ
Отандық анимацияның жай-күйі қанша жазылып, қанша айтылса да, оңалар емес. Неге? Ұлттық анимацияның дамуына не кедергі? Басты мәселе – қазақ анимациясының мемлекеттік деңгейде жолға қойылмағанында. Сала мамандарының қайсыбірінен сұрасаңыз да, Үкімет қолдау көрсетпегендіктен, қаржы жетіспегендіктен қазақ мультфильмдерінің саны мен сапасын арттыру мүмкін болмай тұрғанын алға тартады. Олардың айтқаны орынсыз дей алмаймыз. Өйткені ұлттық анимацияны өркендету үшін мемлекет тарапынан ешқандай маңызды қадам жасалмағанын көзбен көріп, құлақпен естіп отырмыз. Көрермен назарына сапалы анимациялық туынды ұсыну үшін мемлекеттік қолдау қажет. Міндетті түрде. Мемлекеттің қолдауынсыз тұшымды дүние дайындау отандық аниматорлардың қолынан келмейді. Барлық жағынан (стилистикалық, техникалық, көркемдік) сапалы және талапқа сай анимациялық фильм жасау үшін қомақты қаржы қажет екенін сала мамандары үнемі айтады. Мұндай сапалы жобаларды демеушілердің санаулы қаржысына әзірлеу мүмкін емес. Оны тек мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асыруға болады. Алайда мамандар мемлекеттік қолдауды күтіп отырса, ұлттық анимацияның таяу жылдары алға қадам басуы қиын-ау. Мамандардың жетіспеушілігі де ұлттық анимацияның дамуына қолбайлау болып отыр. Бүгінде еліміздегі Қазақ ұлттық өнер университетінде, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында және Шымкент қаласындағы анимациялық колледжде аниматорларды оқытады. Аталған оқу орындарынан жыл сайын түлеп ұшып жатқан түлектер де жоқ емес. Бірақ анимация саласын меңгерген жастардың бәрі бірдей бұл салада қызмет етуге құлықты бола бермейді. Себебі қолдау аз, анимациялық туындыларға бөлінетін қаражат мардымсыз, жұмыс жүйесіз. Өткен жылдың қыркүйек айында сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақ анимациясының жоғары деңгейге көтерілмеуінің себептерін атап, тіпті, мәселені шешудің де жолын ұсынғандай болған. «Ең алдымен, біз кадр даярлауға мән беруіміз керек. Неге десек, кино саласында ауыз толтырып айтарлық режиссерлер жеткілікті болғанмен, анимация саласында Әмен Қайдаровтан кейін мықты режиссерлер жоқтың қасы. Жәнібек, Адай деген бірлі-жарым азаматтар бар, әрине. Бірақ мәселе бір-екі атта ғана емес, біз жүйелі түрде анимацияның дамуына мүмкіндік беруіміз керек. Бізде «Қазақфильмнің» ішінен басқа, бірде-бір анимация студиясы жоқ. Бізге жеке мемлекеттік компания ашу керек, сонда ғана Қазақстан анимациясын дамыта аламыз», – деген болатын экс-министр. Бұл мәселені мамандар үнемі көтеріп жүргенін білеміз, бірақ бұған Үкіметтің құлақ түрген сәті есімізде қалмапты. Ал ұлттық анимацияны ілгерілетуге мәдениетке жауапты ведомство мүдделі емес пе? Ендеше, Арыстанбек Мұхамедиұлы «ашу керек» деген компания неге ашылмады? Бұрынғы министр бұл жұмысты кімге тапсырған сонда? Сылдыр сөзге сүйенгендей боп көрінген министрліктің бұл әрекеті мамандардың айтқанын растайтындай көрінеді. Яғни, ұлттық анимацияны алға жетелеуге мемлекеттік қолдаудың жетіспеушілігі қолбайлау. Бұл қазақ Үкіметіне анимацияның қажеті жоқтығын білдірмей ме? Бірақ анимацияның ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі жоғары екенін естен шығармаған абзал. Өйткені балдырғандар уақытының көп бөлігін көгілдір экран алдында өткізеді.Көрсетілуі сирек, насихаты кемшін
Бүгінгі күні шетелдің анимациялық туындылары кішкентай көрермендердің сұранысына ие. Жасыратыны жоқ, олардың сапасы жоғары. Өйткені шетелдік мультфильмдер жоғары технологиямен жасалады. Туындыда бейнеленген кейіпкерлер тірі адамдай көрерменін өзіне баурап алады. Алайда олардың бүлдіршіндерге берер тәрбиесі, көрсетер өнегесі қазаққа жат. Өсіп келе жатқан ұрпағымыз бұдан ізгілікті тәрбие алмайтыны айдан анық. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршуі, мектептегі атыс-шабыс, өз-өзіне қол жұмсау сияқты келеңсіз жайттардың бәрі осы өнімдерді насихаттап келе жатқан «телеидеологиялық тәрбиенің» жемісі десек, жаңсақ айтқандық болмас. Жас баланың «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін» ескерсек, бүлдіршіндеріміздің экраннан көріп жүрген дүниесін електен өткізу аса маңызды. Бұл ретте отандық туындылардың санын арттыру алғашқы баспалдақ екені айтпаса да түсінікті. Онсыз балалардың қазақы мәдениет пен салт-дәстүрге сусындауы мүмкін емес. Өкінішке қарай, бізде ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, ой тастайтын қазақы анимациялық туындылар көп емес. Бір ғана «Балапан» арнасы арқылы кішкентай көрермендер қазақ мультфильмдерін тамашалап жүр. Айта кетейік, қазір «Балапан» телеарнасы көп жұмыс атқарып жатыр. Көптеген шетелдік мультфильмдерді қазақшаға аударуда. Алайда ол да әлі өз деңгейінде емес. Биік деңгейге, жоғары сапаға жету үшін анимациялық орталық бөлек болуы керек. Ал «Балапанның» бір өзі бүкіл жауапкершілікті арқалай алмайтыны тағы бар. Ендеше, мұндай арналардың санын арттыруға, отандық мультфильмдерді түсіруге және оны насихаттауға неге назар салмаймыз? Қазіргі балалар шытырман оқиғалы сюжетке құрылған дүниелерді сүйіп тамашалайтыны бәрімізге белгілі. Мұндай анимацияға сұранып тұрған қазақтың шығармалары, эпостық және лиро-эпостық жырлары, ертегілері көп. Ендеше мұндай туындыны түсіруге не кедергі? Алпамыс, Қобыланды батырлар жайында мультфильмдер болмаған соң, ұрпағымыз орыстың Алеша Попович, Добрыня Никитич және Илья Муромец туралы мультфильмдерін қарамағанда қайтсін?! Егер қазақ батырлары мен ертегі кейіпкерлері туралы дүние ұсынылса, балдырғандардың қызығушылығын оятары сөзсіз. Бұл ретте ауызды құр шөппен сүртіп, жоғары деңгейлі бірде-бір қазақ мультфильмі жоқ деуден аулақпыз. Бар. Бірақ саусақпен санарлық қана. Санасаң он саусағың түгел бүгілмейтін де болуы керек. Десек те, жасалған жұмысты айту парыз. Әлемнің алпауыт елдеріндегідей қыруар қаражат бөліп, анимациялық фильмдердің дамуына мемлекет күш салмаса да, қазақ мультфильмінің көші жайлап-жайлап жанданып келеді. Мәселен, өткен жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы әзірлеген «Мұзбалақ» атты толықметрлі көркем анимациялық фильмі көрермендердің жоғары бағасына ие болды. Тіпті, аталған анимациялық фильм биыл Германияның Хемниц қаласында өткен 24-ші Халықаралық балалар мен жасөспірімдерге арналған Schlingel кинофестивалінде Германияның анимациялық фильмдер институты (DIAF) тағайындаған «Үздік анимациялық фильм» жүлдесімен марапатталды. Ал былтыр фильм Қазақстанның кинематографистер одағы тағайындаған «Құлагер» сыйлығы «Үздік анимациялық фильм» жүлдесімен марапатталған. Сонымен қатар анимациялық туынды Ресейде өткен XVII Халықаралық «Алау рухы» («Дух огня») атты дебюттік фильмдер кинофестивалінің жасөспірімдер мен балаларға арналған байқауына және Чехияның Злин қаласында өткен 59-шы балалар мен жасөспірімдерге арналған «Панорама» фестивалінің конкурстан тыс бағдарламасына қатысты. Одан бөлек, бұл фильм Ресейде өткен 14 Халықаралық «Отбасымен бірге» фестивалінде арнайы жүлдеге қол жеткізді. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсірілген бұл фильм бүркіт пен адамның достығы туралы баяндайды. Фильмді режиссер-аниматор – Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы жасап шықты. Авторлар «Мұзбалақ» арқылы қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан саятшылық мәдениетін көрсету арқылы адам мен бүркіт арасындағы сенім негізіне құралған достықты жас ұрпақ санасына сіңіруді көздейді. «Қазақфильмнің» мақтанышпен айта алатын тағы бір туындысы – «Күлтегін». Анимациялық туындыны «Қазақфильм» киностудиясы 1 жылға жуық уақыт түсірген. Режиссер-аниматор Адай Әбілданың қолынан шыққан аталған тарихи анимациялық туынды көшпенді халықтардың басын біріктіріп, Ұлы көшпенділердің дәстүрін жалғастырған түрік қағанатының даңқты әскери қолбасшысы Күлтегіннің жастық шағы туралы баяндайды. Несі бар, тәп-тәуір туынды шықты. Режиссерлер көздеген мақсатын орындай алды. Бірақ мұндай туындыларды дайындау оңай бола қойған жоқ. Анимациялық туындыны дайындауға мамандар 1-2 жыл уақыт жұмсаған. Расында да, мультфильм түсіру өте қиын жұмыс. Уақытты да, қаржыны да көп талап етеді. Мәселен, 10 минуттық туындыны жасау үшін кемінде 6 айға жуық уақыт кетеді. Анимациялық өнімнің 1 секундының өзіне 24 сурет (сызба) қолданылатын көрінеді. Бір қынжылтатыны, ауыз толтырып айтуға тұрарлық мұндай туындылардың көрсетілуі сирек, насихаты кемшін. Көршілердің «Маша мен аюының», америкалық Disney, Warner Brosers, Pixar студиялары өнімдерінің насихатталуына қарап отырып, отандық туындылардың бәсекеге қабілетсіз болуының сыры осында екенін бірден ұғасың. Киім-кешекке, стақанның, пакеттің сыртына да солардың суретін салады, ойыншық ретінде де шығарады. Бұл тұрғыдан келгенде қазақ мультфильмдерінің жарнамасы мен таратылуы нашар екенін мойындауымыз қажет. Мойындаудан қашпаймыз ғой. Бірақ сол қателікті қалыпқа келтіріп, олқылықтың орнын толтыруға қашан ниеттенеміз?Бәсекелестік болса, сапа да артады
Бір жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ мультфильмдері жайында сөз қозғап, бұл саланы дамытуға мән беру қажеттігін ескерткен. Осыдан кейін қазақ анимациясы қайта тірілгендей болып, біршама жұмыстар қолға алынған еді. Бірақ уақыт өте келе жоспарлы жұмыстар тоқтап, жалғасын таппады. Неліктен? Әрине, құзырлы мекемелер мен тұлғалар бұл саланы ілгерілетуге мүдделі болмағандықтан. Десек те, қарап жатқан аниматорлар жоқ. Қолдарынан келгенше, ұлттық анимация көшін алға сүйреп келеді. Соның бір дәлелі – «Әмен» анимациялық кинофестивалі. Фестиваль Қазақстандық анимациялық киностудиялар қауымдастығы, Қазақстанның анимациялық кино өнерін қолдау қоры, OzgeEpic заманауи өнер кеңістігінің мұрындық болуымен жүзеге асты. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған фестиваль жаңа анимациялық туындылардың жарыққа шығуына септігін тигізетіні сөзсіз. Анимациялық фильмдер арасында ұйымдастырылатын отырған мұндай байқаулардың саны көбейсе, бәсекелестік артар еді. Ал бәсекелестік болған жерде сан да, сапа да болады. Бірақ жалғыз кинофестиваль ұлттық анимацияның дамуына жол аша алмайтыны бесенеден белгілі. Сондықтан мұндай фестивальдерді көптеп ұйымдастыру керек. Және ол байқаулар мемлекеттік қолдауға ие болса, тіптен құба-құп болар еді. Тағы бір айта кететін жайт, жеке және мемлекеттік студиялар түсірген туындыларды бір орталыққа біріктіруді ойланатын кез әлдеқашан жеткен. Содан кейін ұлттық анимациялық туындыларды жарнамалау, насихаттау жайын да мықтап қолға алу қажет. Осы аталған мәселелер бір жүйеге түспесе, ұлттық анимациядағы оң өзгерістерге таяу арада қол жеткізе алмайтын түріміз бар. Тілек ТӨЛЕУҒАЗЫ, режиссер, мультипликатор, суретші, ANYZfilm студиясының негізін қалаушы:Түсінік қалыптаспай қолдау болмайды
– Отандық анимация саласында еңбек етіп жүрген мамансыз. Сіздің ойыңызша, ұлттық анимацияның дамуына не кедергі? – Анимацияның дамуына кедергі болатын жайттар көп. Біріншіден, осы анимация саласына қатысты бүкіл қазақ қоғамының түсінігі қалыптасуы керек. Ұлттық анимацияның балалар дамуында, ұрпағымызды қазақылыққа тәрбиелеуде, өзіміздің ұлттық салт-санамыз бен идеологиямызды сіңіруде аса маңызды екенін түсіну қажет. Сол түсінік жеткенде ғана анимация саласы мемлекет тарапынан да, өзге жақтан да қолдау табады. Ал оны түсінбесе қолдау күтудің де қажеті жоқ. Шет мемлекеттерді алып қарасақ, осы салаға бізден әлдеқайда көп көңіл бөлінеді. Қытай, Ресей сынды елдерде жылына қаншама мультфильмдер түсіріледі. Сол арқылы олар шетелден анимациялық фильмдерді кіргізбеуге тырысады. Сол арқылы өздерінің өнімімен өз ұрпағын тәрбиелейді. Екінші мәселе, бізде осы салаға тәрбиелейтін оқу жүйесі әлсіреп кетті. Бізде Қазақ ұлттық өнер академиясынан жылына 12-15 студент түлеп ұшады. Бірақ олардың қатарында жұмысқа жарайтыны бірді-екілі. Өйткені соларды оқытатын ұстаздар жоқ. Одан кейін шетелдің оқу жүйесі көз ілестірмейтін жылдамдықпен алға озып барады. Соған ілесетіндей мұғалімдер болу керек. Оқу жүйесін бір ізге түсіру қажет. Содан кейін талантты балаларды алып, тәрбиелеу керек. Ал қазір анимация саласын ілгері сүйрейтін маман жетіспейді. Маман қайдан келеді? Әрине, аниматорларды дайындайтын оқу орындарынан. Мұндай мамандарды қазір Алматы мен Астанада оқытады. Сосын Шымкент қаласында бір колледж ашылған болатын. Өзі санаулы ғана оқу орнындағы білім жүйесін жетілдіріп, талапқа сай мамандардың санын арттыруды ойлауымыз керек. – Анимациялық туындыларды әзірлеу оңай шаруа емес. Мұны баршамыз жақсы білеміз. Ұзақ уақытты, қажырлы еңбекті, қомақты қаржыны қажет етеді. Ал аниматорлар бірде қаржының, бірде уақыттың жетіспейтінін жиі айтады. – Мамандар мұндай мәселені жайдан-жай жиі көтермейді. Бұл біз үшін өзекті мәселе. Бізде көбінесе бір жобаны берген кезде уақыт пен қаржының сәйкестігін есептемейді. Мысалы, көп қаржы бөлінген жобаны тамамдау мерзімі қысқа боп бекітілсе, ұзақ уақыт дайындауға рұқсат берілген жобаларға бөлінетін қаржы көлемі мардымсыз болады. Мұндай жағдай жиі кездеседі. Уақыт та, қаржы да тиісті деңгейде белгіленсе, жақсы дүние шығаруға болады. Мәселен, «Мұзбалақ» фильмін дайындау үшін біз 2,5 жыл уақытымызды жұмсадық. Соның нәтижесінде көпшіліктің көңілінен шыққан, талай жүлдеге ие болған жақсы туынды әзірледік деп ойлаймын. Шетелде бір анимациялық фильмді түсіру үшін 500-1 000 адам жұмылдырылады. Оны жүзеге асыру үшін 3-4 жылдай уақыт бөлінеді. Шетелдің ірі анимациялық компаниялары әлемдік нарыққа шығаратын туындыларын ұзақ жылдар бойы дайындайды. Ал бізде бәрі керісінше. Мұның бәрі анимация саласына деген көзқарастың дұрыс қалыптаспағандығының әсері. – Сіздің ойыңызша, «Әмен» анимациялық фильмдер фестивалі бұл салаға көзқарасты өзгертуге әсер ете ала ма? – Бұл фестиваль жас толқынды қолдауға бағытталады. Фестивальге ұсынылған фильмдердің бәрі сарапшылардың бағасын алатын болады. Әмен Қайдаров атамыз кезінде әлемнің аниматорларын Алматы қаласына жинап, фестиваль ұйымдастырып отырған. Бұл үрдіс кейін тоқтап қалды. Біздің бір мақсатымыз – сол үрдісті ары қарай жалғастыру. Биыл тек Қазақстан бойынша ұйымдастырып отырмыз. Ал келер жылдан бастап фетивальдің ауқымын кеңейтіп, халықаралық деңгейде ұйымдастыруға ниеттіміз. Осы фестиваль арқылы үздік анимациялық туындыларды анықтап, аниматорларды елге таныстырып, олардың насихатын арттырсақ деген игі тілек бар. Бұл өз кезегінде анимация саласына деген көзқарастың да өзгеруіне септігін тигізуі тиіс. – ANYZfilm студиясының бүгінгі жұмысы жайында айтып өтіңізші... – Бұл студияны режиссер Тұрдыбек Майданхан екеуміз бірігіп құрдық. Студияда қазір 20-дан астам маман еңбек етуде. 3D форматында жаңа технологияны негізге ала отырып жұмыс істейміз. Қазір жаңа жобаларды бастап жатырмыз. Алдағы басты жобамыз – «Алтын адам». Сақ дәуірінің мәдениетін, адамдықтың, тазалықтың шыңын, даламызда ерте кезден сондай өркениет болғанын көрсететін туынды болмақ. Әуелде үш ай жұмыс жүрді де, қаржы жетіспеушілігіне байланысты наурыз айында жоба жұмысы тоқтап қалды. Осыны енді қайта қолға алып, жұмысты жалғастырамыз деген жоспарымыз бар. Жоба қазір «Кино қорының» комиссиясына ұсынылды. Сол жерде талқылану үстінде. Қолдау тауып жатса, осы туынды жұмысын жалғастыратын боламыз. Қарақат ӘБІЛДИНА, әнші: – Бала тәрбиесінде мультфильмнің рөлі зор. Бірақ қазір бізде есі дұрыс туындылар да, кейіпкерлер де жоқ. Сәйкесінше, сүйікті мультфильмнен ойыншық-қуыршақтар да жоқ. Бүгінгі баланың қызығатыны да, еліктейтіні де «Кукла Лол» сынды түсініксіз кейіпкерлер. Сәбилердің санасы, таным-түсінігі осылар арқылы қалыптасып жатыр. Ендеше, ертеңгі жастардан ұлттық болмыс, ұлттық сана дегенді қалай талап етеміз? Болашақта қазақ қазақ болып қала ала ма? Бұл үлкен мәселе, үлкен сұрақ! Ресейде бұл салаға жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінеді екен, демек, орыс халқы өз болашағын мықтап қолға алған. Қанша жерден алып мемлекет болса да, ұлттық болмысын жоғалтудан қорқады. Сондықтан бала тәрбиесінен ешнәрсе аямайды. Нәтижесі – «Маша мен аю». Орыс болмысын орыс түгіл, басқа ұлтқа да сіңіріп жатыр. Ал қазақ анимациясы ше? Әйгілі Әмен Қайдаровтан басқа айтарымыз да, мақтанарымыз да жоқ. Бірді-екілі талпынған аниматорларға не қаржы, не қолдау жоқ. Түсірілген аз-маз туындының жарнамасы аз, бюджеті төмен. Нағыз қолға алатын мәселеге көз жұмып отырмыз. Есесіне, саны бар, сапасы жоқ, бір күндік арзан комедиясымақтар кинотеатрларды жаулап алған. Одан санаулы адам табыс тауып, миллиондаған жанның санасы улануда. «Ел боламын десең, экраныңды түзе», қазақ ертегілерін экранға шығар, мультфильмге баса назар аудар. Күн тәртібіндегі күттірмес мәселе осы деп ойлаймын. Көпбалалы ана ретінде аса бір уайымдайтыным осы жайт. Бұған Үкімет те, жанашыр азаматтар да мойын бұруы керек. Гүлнара ШЫНТЕМІРОВА, психолог: – Шетел мультфильмдері балаларды өте тез қызықтырады. Мұны мамандардың мықтап ойластырғаны көрініп-ақ тұр. Олар өз туындыларын балалардың орнынан тапжылмай отырып көруі үшін барлық тәсілдерді қолданады. Мамандардың пікіріне сүйенсек, балалар мен жасөспірімдер телеаудиторияның ең белсенді көрушілері екен. Әрбір бала шамамен өз уақытының 30 пайызын экранның алдында өткізеді. Яғни, бала орта есеппен мектепке барғанша 5 мың сағат, мектеп бітіргенше 19 мың сағат теледидар алдында отырады екен. Орта есеппен бір күнде балаларымыз 17 өлім, 37 мейірімсіздікке толы көріністерді көреді екен. Мұндай хабарлар балалардың дүниетанымының, логикасы мен психикасының қалыптасуына теріс әсерін тигізетіні анық. Гүлшат МАХАЖАНОВА, бастауыш сынып мұғалімі: Енді ғана жетіліп келе жатқан баланың санасы құрғақ, ақылдан гөрі көргенін жадына тез тоқиды, бойына сіңіріп алады. Ал біз бұған көбіне назар аудара бермейміз. Тіпті, баласының қай арнадан қандай мультфильм тамашалап отырғанын бақыламайтын ата-аналар да көп. Теледидар пультін еншілеп алған бүлдіршіндердің бәрі шетелдік арналардан көрсетілетін мультфильмдердегі «Спанч Боб», «Маша мен аю», «Өрмекші адам», «Нарута», «Бентен», «Бетман» сынды кейіпкерлерді жоғары бағалайды. Солардың жасаған іс-әрекеттерін қайталап, «Кім боласың?» деген сұраққа жауап бергенде де әлгі кейіпкерлердің есімін атайды. Бұл дұрыс тәрбие деп айта алмаймын. Соның орнына балаларымыз қазақтың иісі аңқып тұрған, өз менталитетімізге, тәрбиемізге жат емес туындыларды тамашаласа қуанар едік. Бірақ телеарналардан ондай туындыларды табу қиын.