Қырағы, қия жазбас сұңқар сынды (А.Байтұрсынұлы)

Қырағы, қия жазбас сұңқар сынды (А.Байтұрсынұлы)

Қырағы, қия жазбас сұңқар сынды (А.Байтұрсынұлы)
ашық дереккөзі
1256
Биыл Алаш көсемі, Алашорда автономиялы өкіметінің төрағасы, ғалым-публицист Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың туғанына 150 жыл! ЮНЕСКО Бас конференциясының 2-18 қараша аралығында өткен 38-сессиясында, «Мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуына арналған мерекелік шараларға қатысу туралы» Атқарушы кеңестің ұсынысы бекітілді. Сүйінші хабарды Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілетті уәкілі Сатыбалды Бұршақов жеткізген еді. Әлихан Бөкейханов есімі жалпы қазақстандықтардан көрі Алашорда тарихы мен алаштанушы ғалымдардың еңбектерін зер сала оқып жүрген ат төбеліндей аз ғана қауымға таныс. Өкінішті, әрине. Өйткені 1937 жылдың 27 қыркүйегінде Қазақстан Кеңестік Республикалар Одағы Жоғарғы Сотының Әскери Коллегиясы «возглавлял контрреволюционную борьбу против Советской власти, устоновил связи с руководителями террористического центра в Казахстане и в Москве» деген жалған айыппен ату жазасына кескен аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым Әлихан Бөкейханов Мәскеуде өмірмен қоштасты. Алайда Алаш партиясы мен кеңестік билікке қарсы әрекеттеріне байланысты барлық жауапкершілікті өз мойнына алған Ә.Бөкейханов 1955 жылы 8 қыркүйекте толықтай ақталған. Бұған қарамастан ақиқат 34 жыл бойы жария етілмей, 1989 жылы ғана қайтадан қаралып, ұлт көшбасшысы ақталды. x_0392fb13_0Әлихан Бөкейханов (1866-1937жж.) – Алаш партиясының ұйымдастырушысы және ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ғұлама ғалым – ормантанушы, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, әрі дарынды публицист.  Алаштың ұлы перзенті Әлихан Нұрмұхамедұлы қазақ көсемсөзінің бастауында тұрды, қазақ баспасөзін қалыптастыруда да айрықша қызмет атқарды. Ол «төңкеріске дейін 4 газет, оның үшеуі орыс тілінде – «Иртышъ», «Омичъ» және «Голосъ степи» газеттеріне өзі редактор болса, қазақ тіліндегі тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін ұйымдастырды», – дейді әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлұлы өз зерттеулерінде. Сондай-ақ, алаштанушылардың дерегінше Әлихан Бөкейханов төңкерістен кейін қазақ тіліндегі «Темірқазық» және «Шолпан» журналдарын шығарып, 1925 жылдан «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» және «Сәуле» журналдарын ашуға бастамашы болады. Әлихан Бөкейханов «Алаш» сөзін алғаш рет саяси айналымға алып келіп, –  Алаш партиясын, Алашорда өкіметін тарих сахнасына «Алаш» атауымен шығарған қайраткер. Ол жетекшісі болған Алаш партиясы  – бүкіл Ресейдің саяси кеңістігінде белсенді қызмет атқарған 50-ден астам партияның ішінде алдыңғы 8- орыннан бой көрсеткен беделді ұлттық ұйымға айналды. [caption id="attachment_9249" align="alignleft" width="200"]DSC_2098 "Әлихан Бөкейханов" балеті[/caption] Өкінішке қарай, еліміз Тәуелсіздік алған 25 жылда Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен саяси қызметі толыққанды насихатталған жоқ. Бүгінде белгілі алаштанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлұлы құрастырған Әлихан Бөкейхановтың 7 томдық шығармалары, өмірі мен саяси қызметі туралы еңбек қана жарық көрді. Белсенді журналистердің қатысуымен отандық арналардың бірінен бірнеше бөлімді деректі фильмдер көрсетілді. Ал Әлихан Бөкейханов бейнесін, тұлғасын, ұлтқа қызметін жалпы халыққа насихаттайтын көркем шығарма да, фильмде әлі күнге түсірілген жоқ. Тек бір қуантарлығы, қазақ театр өнерінде тұңғыш рет жас режиссер Орынгүл Нұржанқызы Алашорда көсемі «Әлихан Бөкейхан» атты екі актілі балет қойды. Оның өзі режиссердің магистрлік оқуын аяқтауына орай қойылған дипломдық жұмысы ретінде бір-ақ рет көрерменге ұсынылды. «Мен өз басым қатты сүйіндім. Өйткені Бөкейханов Алаш қозғалысының көсемі.  Алаш қозғалысы қазақ тарихында бұрын соңды болмаған құбылыс. Бұл тақырыпқа үлкен шығармалар жазылып, спектакльдер қойылуы, көркемфильмдер түсірілуі керек еді. Деректі фильмдер бар, бірақ, мазмұндық тұрғыдан деңгейі әліде жетіспейді. Орынгүлдің балеті үлкен істің бастамасы. Алашорда, Әлихан Бөкейханов тақырыбы өнердің кез келген жанрына арқау бола алады», –  дейді тарихшы Мәмбет Қойгелдиев. Әлихан Бөкейхановтың жоқтаушысы халық. Мәңгілікті мұрат тұтқан бүгінгі қазақ кешегі тарихын толықтай түгендеп, ел үшін шаһит болған ерлердің тұлғасын толық танитын күнге де жетерміз. Өйткені Алаш арыстарын оққа байлаған Кеңес өкіметі де келмеске кетті. Тарихтың қатпарлы беті, астарлы ақиқаты күн өткен сайын ашыла түспек.
  Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО көлемінде тойлануы қазақ халқының мерейін асырмақ. Осы орайда, «Алашорда» өкіметінің төрағасы Әлихан Нұрмұхамедұлының өмірі мен қызметін, қайраткерлігін әйгілейтін пікірлерді оқырман назарына ұсынбақпыз.

Редакция

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВТЫҢ ОЙЛАРЫ:

«Хан баласында қазақтың хақысы бар: қалай да қазақтың бір қызметіне жарамай қоймаймын!».

***

«Оқу-білім болса, мақсат бәрі табылады дегендей көрінеді. Бұлай болса, ол – адасқандық. Біліммен мақсат шықпайды. Ібіліс жұмақтан білімсіздігінен қуылған жоқ, имансыздығынан қуылды. Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден».

***

«Бұрынғы билеушілердің көпшілігі, күш-қуатының барлығын өзара талас-тартыс пен қырқысқа сарп етті».

***

«Біздің әрбір ісіміздің негізі бос, өмірі қысқа. Оқығандарымыз бар – қалтасы тесік, байларымыз бар – төбесі тесік. Екеуі бір жерге желімдесең де қосылмайды».

***

 «Абай поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы. Абай сияқты халықтың рухани творчествосын осынша жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ…».

***

«Мен Алтайдан Оралға, Сібір темір жолы торабынан Омбыға дейінгі кең кеңістікті мекендеген 4 миллион қазақ халқының өкілімін... Қазақтың бүгінгі асқан мұңы  ана тілін қолдану бостандығы, оның қажеттілігі сайлау қарсаңында үгіт-насихат жұмысын жүргізу барысында ерекше артып отыр және осыған байланысты менің құрылтайдан өтінерім  жергілікті тілдердің құқын шектейтін заңның тез арада қайта қаралуы талап етілсін».

***

«Кеңестік билікті сүйген емеспін, бірақ мойындауға мәжбүрмін»

Әлихан Бөкейхановтың ақтық сөзі

1258405980 АЛАШ КӨСЕМІ ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ ЖАЙЛЫ АЙТЫЛҒАН ПІКІРЛЕР: «Заманымызға қазақ үшін өмірін, білімін жұмсап, ауыр жазаларға кіріптар болып, жанын қиып жүрген күллі қазақ халқына бірінші дерлік жан басшымыз – Әлихан Бөкейханов».

Міржақып Дулатов, ақын

 «Үкiметтiң қара қуғын жасаған күндерiнде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшiн басын құрбан қылған ат төбелiндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан»

Қошмұхаммед Кемеңгерұлы, тарихшы

 «Ол кiсi Петроград университетiнiң орман-ағаш факультетiн тәмамдаған. Заң факультетiне Ленинмен бiрге экстернат болып емтихан тапсырған. Терең дария мұхиттай бiлiмдi ғалым болатын. Тоғыз тiлде еркiн сөйлеп, жаза бiлетiн. Бiздiң ақыл-ойымыз Тоқырауын өзенiндей болса, Әлихан Бөкейханов Балқаш көлiндей дария едi ғой!»

Әлімхан Ермеков, заңгер

 Қырағы, қия жазбас, сұңқарым-ай! Қажымас қашық жолға, тұлпарым-ай! Үйілген өлексені өрге сүйреп, Шығармақ қыр басына, іңкәрім-ай!

Ахмет Байтұрсынұлы, ағартушы-ғалым

  «Әкемнің мысы кез келген адамды басып тұрушы еді. Әкем өзін тұтқындауға сауылдап кіріп келген тергеушілерді көргенде саспастан: «Лиза, шай қой. Қонақтар келді. Бұл мәдениетті кісілер, дәстүр аттамайды», – деді. Олар үндей алмай қалды. Сол паузаны пайдаланып: «Кешіріңіздер, телефон шалуға бола ма?», – деді. Олар рұқсат берді. Көршісі, аса белгілі кеңес ғалымы трубканы алғанда: «Вася! Мен ұзақ командировкаға кетіп барамын. Лизаны саған тапсырдым. Аманат!» – деді де маған қарап: «Лиза! Сен анда-мұнда жүгірме. Одан ештеңе шықпайды. Бұл «барса-келместің» командировкасы».

Лиза Бөкейханова, Әлихан Бөкейхановтың қызы

 «Егер әйгілі Бөкейхановқа келетін болсақ, ол – қазақ даласының асқан білгірі, қазақ тұрмысының нағыз әмбебап энциклопедиясы, өлке тарихының оқымыстысы. Ешқандай кітап оны ауыстыра алмайды»

 В.А. Радус-Зенкович, Қазақ АССР Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы

  «Қараңғыда қан жылап қаңғырған күнде басыңды Алаш жолына құрбан қылған ағамыз, асқар тауымыз... Өмірің, жүрген жолың біз – інілеріңе жағып қойған шамшырақ! Жасасын сүйреген Алашың! Жаса сабазым!»

Жүсіпбек Аймауытов, жазушы

«1919-жылдың басында қызылдар келді. «Алаш» әскерінің бастығы, найман Қази деген жігітті март айында атты. Апрельдің басында қызылдар қашты. Марттың 24 күні Сталин Әлекеңді «прямой проводқа» шақырды. Біз Мәскеуді алдық. – Қазақ автономиясы қайырлы болсын, өзің кімсің? – деді Сталин. Сонда қазақтар үлкен Семейде Жұмеке Оразалин дегеннің үйіне жиналып кеңесті. Әлекең айтты: – Қару-жарақсыз нашар елміз ғой. Сталинге: – сенімен біргеміз дейік – деді. Халел Ғаббасұлы, Райымжан Марсекұлы, Ахметжан Қозыбағарұлы, Биахмет Сәрсенұлы: «– Атамандар көп, Дутов, Семенов, Корнилов, атаман Анненков бар, бұлар қызылдарды қуады. Сталиннің керегі жоқ,» – деп көнбеді. Әлекең үндемеді. Мұхамеджан Тынышбайұлы, Әлімхан Ермекұлы екі жаққа да қосылмай қалды. Имамбек Тарабайұлы о да үндемей қалды. Шәкәрім Құнанбайұлы: – Оқығандар өздерің біліңдер, – деді». 

Смахан Бөкейханов, Әлихан Бөкейхановтың туған інісі

  «Егер Латын Америкасы үшін Симон Боливар қандай болса, Әлихан Бөкейхан қазақ үшін сондай тұлға. Егер Ататүрік қандай болса, Әлихан қазақ үшін сондай. Егер Махатма Ганди Үндістан үшін қандай болса, Әлихан қазақ үшін сондай тұлға».

Мәмбет Қойгелдиев, тарихшы

  «Қазақ үшін Алаш идеясынан, оның бес ұлы нысанынан артық мүдде болуы тиіс емес. Ол идея бүгін де өзінің мүдделі мақсатын жойған жоқ. Қайта тәуелсіздіктің тамыры тереңге кеткен сайын, алдымызға сұрақ болып шығып отыр. Ол идеялар мыналар: Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді». Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын. Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді. Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек. Бесінші, түпкі мақсат: ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді».

Тұрсын Жұртбай, алаштанушы

  «Экспедицияның құрамына мамандар тарту жұмысын да және жұмыстың негізгі бағытын да Әлихан Бөкейханов белгілеп берді, жұмысы зерттеу – бөлінуге тиісті жер межесін кеңейтіп алу, сөйтіп Қазақстанда артық жер жоқ екенін ғылыми тұрғыдан негіздеу орайында жүргізілді. Мұның бәрін Әлихан Бөкейханов басқарды, Қаратілеуов оның әр айтқанын дау туғызбайтын шындық деп қабылдайтын».

Кәрім Әлімбаев, Жерге орналастыру

басқармасының бастығы Т.Қаратілеуовтің орынбасары

   

Дайындаған Жәнібек ҒАЛЫМ

Серіктес жаңалықтары