484
Мұңайтып та, қуантып та барады...
Мұңайтып та, қуантып та барады...
Тағы бір жылды тарих қойнауына тапсырып, артта қалдырғалы тұрмыз. Санаулы күндерден соң күнтізбе жаңарып, 2020 жылды қарсы аламыз. Халқымыз «ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп, келер жылдан үлкен үміт күтіп, жақсылықтар тілейді. Ескі жылды шығарып салып, жаңа жылды қарсы алып тұрып әрбір адам баласы өткеніне көз жүгіртіп, істеген ісіне баға береді. Сонымен, 2019 жыл еліміз үшін қандай болды? Өтіп бара жатқан доңыз жылы жұрт есінде несімен қалды?
Ел өміріндегі тарихи сәт
2019 жыл еліміз үшін жаман болған жоқ. Қол жеткізген табыстарымыз, жетістіктеріміз жетерлік. Елеулі оқиғалар да аз болмады. Қазақстан үшін өтіп бара жатқан жылдың ең басты жаңалығы – биліктегі өзгеріс. 2019 жыл, 4 ақпан. Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық кеңеске Президент өкілеттігін тоқтату туралы тармақты ресми түсіндіру жөнінде өтініш білдірді. Бұл – Конституцияның 42-бабы 3-тармағы. Онда Президент өкілеттігі жаңа сайланған Президент қызметіне кіріскенде, сондай-ақ мерзімінен бұрын орнын босатқанда және қызметінен өз еркімен кеткенде немесе қазасына орай тоқтатылатыны көрсетілген. 2019 жыл, 19 наурыз. Тарихи сәт. Саясат сахнасындағы күтпеген жаңалық. Қазақстан жұртшылығы еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуін тыңдады. Ұлт Көшбасшысы өз үндеуінде мерзімінен бұрын президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. Бұл – қазақстандықтар үшін тарихи һәм тосын жайт еді. Мұның оңай шешім болмағанын Елбасы да айтты. «Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Әрине, бұл оңай шешім емес. Биыл еліміздің ең жоғары лауазымындағы қызметін атқарып келе жатқаныма отыз жыл толады. Халқым маған Қазақстанның Тұңғыш Президенті болу мүмкіндігін берді», – деді Елбасы. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев – Орта Азиядағы өз еркімен биліктен кеткен бірінші Президент ретінде тарихта қалды. Ал Президенттің өкілеттігі сол кездегі Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілді. 2019 жыл, 20 наурыз. Еліміздің жаңа басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ант қабылдап, өз қызметіне кірісті. Президент ретінде алғашқы мәлімдемесін жасады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айта отырып, өз ұсыныстарын айтты. Солардың алғашқысы – Астана қаласы мен Қазақстанның орталық көшелерінің атауын Нұрсұлтан Назарбаев етіп өзгерту. Сөйтіп, Парламент палаталарының бірлескен отырысында Астананың атауын Нұр-Сұлтан қаласына өзгерту туралы заң жобасы екі оқылымда қабылданды. Осы күннен бастап Қазақстанның бас қаласы ресми түрде Нұр-Сұлтан атауын иемденді. 2019 жыл, 9 сәуір. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жариялап, 9 маусымда кезектен тыс Президент сайлауы өтетінін мәлім етті. Мемлекет басшысы өз үндеуінде бұл шешімнің оңайға түспегенін, саяси тараптармен жан-жақты талқылағанын атап өтті. 2019 жыл, 9 маусым. Кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Бұл күні әр азамат өз таңдауын жасап, конституциялық құқығын жүзеге асырды. Елімізде кезектен тыс Президент сайлауына 11 млн 947 мың 995 адам қатысуға ниет білдірген. Сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, 70,76 пайыз дауыс жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланды. 2019 жыл, 12 маусым. Елордадағы Тәуелсіздік сарайында жаңадан сайланған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтіп, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына ант беріп, ҚР Қарулы Күштері өкілдерінің салтанатты шеруін қабылдады. Президентті ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы елдегі экономикалық, әлеуметтік, саяси мәселелерді шешу жолдарын айтты. Алдағы уақытта баса мән беретін 10 бағытты атап өтті. Ұлықтау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылатынын, қыркүйек айына дейін сыбайлас жемқорлықпен күресудің нақты жобалары дайындалатынын айтты. 2019 жыл, 2 қыркүйек. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде өзінің алғашқы Жолдауын жариялады.Жастар жылы
2019 жыл, 23 қаңтар. Елорда төрінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жастар жылының» ресми ашылуы өтті. Сөйтіп, 2019 жыл талабы зор, талғамы биік жастардың жылы болып бекітілді. Жастарды қолдау мақсатында бұл жылдың «Жастар жылы» деп бекітілуі маңызды оқиға болғаны сөзсіз. Себебі экономиканы ілгерілетіп, инновациялық жобаларды дамыту да, келешектің кілті, елдің болашағы да жастардың қолында. Ал бұл жыл жастардың есінде несімен сақталмақ? «Жастар жылында» жүзеге асырылған жобалардың арасынан үшеуін айрықша атап айтқан жөн. Біріншісі – «Жас кәсіпкер» бағдарламасы. Екіншісі – елордадағы «Жас педагогтер» орталығының ашылуы. Ең бастысы, жас отбасыларға пәтерді 12 мың теңгеге жалға беру. «Жас кәсіпкер» жобасы кәсіппен айналысып, табысты болуды қалайтын жастарды қолдап, оларға мүмкіндік беруді мақсат етті. Жобаға 18 бен 29 жас аралығындағы кез келген жұмыссыз адам қатысуға мүмкіндік алды. Өтініш берген жастар арнайы тестіден өтсе ғана, 15 күн кәсіпкерлік негіздерін оқиды. Тренингке қатысушыларға 19 273 теңге көлемінде стипендия да тағайындалған. Ал Нұр-Сұлтан қаласынан ашылған «Жас педагогтер» орталығы еліміз үшін шын мәнінде де жақсы жаңалық болды. Өйткені елорда тарихында бұрын-соңды мұндай орталық болмаған. Қыркүйек айында орталықтың ашылу рәсімі салтанатты түрде өтті. Шара барысында 200-ден аса елордалық мұғалімге жалдамалы пәтер кілті табысталды. Айта кетейік, жаңа орталық – жас ұстаздардың тәжірибе алмасып, инновациялық білім жобасы жайлы талқылайтын диалог алаңы. Еліміздегі ірі мегаполистерде жұмыс істеп жүрген жастар үшін ең жағымды жаңалық – жалдамалы пәтерлер. Жалдау ақысы – айына 12-15 мың теңге көлемінде. Бағдарламаның шарты бойынша өтініш беруші 29 жастан аспауы тиіс. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан барлығы 3 мың пәтер жалға берілді. Оған жоғары балл жинаған кандидаттар ғана ие болды. Ал балл үміткердің отбасы мен балаларының санына қарай және жетістіктеріне байланысты жиналды. Бұл – жастардың өз баспанасына қаржы жинауына жол ашу мақсатында қолға алынған игі жоба.Биыл қандай заңдар күшіне енді?
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап бірқатар заң жобалары күшіне еніп, айтарлықтай өзгерістер болды. Мәселен, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге көтерілді. Сондай-ақ зейнетақының ең төменгі және жоғарғы көлемі белгіленді. 1 қаңтардан бастап ең төменгі зейнетақы 52 145 теңге болды, ал жоғарғы зейнетақы көлемі – 116 811 теңге. 2019 жылдан бастап ҰБТ жылына 4 рет өтеді. Бұл тесттерді түлектер қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында тапсырады. Қаңтардағы, наурыздағы және тамыздағы ҰБТ-ға қатысқан талапкерге сертификатпен ЖОО-ның тек ақылы бөлімдеріне ғана түсуге құқық береді, ал тестіге қатысу ақылы (2 241 теңге) болады. 2019 жылғы 8 қаңтарда дәрі-дәрмек бағасына қатысты заңға қол қойылды. Енді дәрілердің бағасы көтерме және бөлшек сауда бағаларына сай белгіленіп отырады. Сондай-ақ емханалар медициналық құжаттаманы электронды форматта жүргізеді. Енді өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер, яғни өз бетімен табыс тауып жатқан азаматтар бірыңғай жиынтық төлемді аудара алады. Сөйтіп, жеңілдетілген төлем арқылы барлық әлеуметтік көмек алуға мүмкіндігі бар. Республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда бірыңғай жиынтық төлемі 1 АЕК (2 525 теңге), ал басқа елді мекендерде 0,5 АЕК (1 263 теңге) көлемінде белгіленіп отыр. Аталған соманың 10 пайызы жеке табыс салығына, 20 пайызы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына, 30 пайызы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, 40 пайызы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына автоматты түрде түседі. Осылайша, бір төлеммен төрт бірдей жарна аударылады.Көпбалалы отбасыларға көрсетілген көмек
2019 жыл көлеңкелі сәттерден де ада болмады. Ақпан айында жалдамалы үйде тұратын бір отбасының 5 бірдей баласы өрт салдарынан қайтыс болғаны ел есінде. Доңыз жылының есте қалар ауыр жағдайларының бірі де осы оқиға екені анық. Бұл оқиға қоғамдағы талай түйткілдің бетін ашқандай болды. Үкімет көпбалалы отбасылардың жағдайына ерекше назар салып, қара халықтың мұңына құлақ түрді. Елдің барлық өңірінде көпбалалы отбасылардың жағдайын анықтау үшін жедел штабтар құрылды. Үкімет әкімдіктерге түскен халықтың ұсыныс-тілектерін де қарастыруға бел шеше кірісті. Нәтижесі жаман болмады. Көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған атаулы әлеуметтік көмек бекітілді. Жаңа ұстанымдар көпбалалы аналарды қолдауды, жаңартылған атаулы әлеуметтік көмекті, кепілді әлеуметтік топтаманы қамтитын болады. Жаңа атаулы әлеуметтік көмек отбасылық кіріске қарамастан барлық көпбалалы, яғни 4 және одан да көп кәмелет жасына толмаған, орта арнаулы немесе жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жасы 23-ке толмаған балалары бар аналарға беріледі. Егер бұл отбасы табысы бойынша аз қамтылған отбасы санатына жататын болса, онда бұл отбасыға жаңа жәрдемақыдан бөлек атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Бұған қоса, кепілдікті әлеуметтік топтама ұсынылады. Сондықтан аз қамтылған, көпбалалы отбасы болса, аталмыш көмектің барлық үш түрін алады. Сонымен бірге 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде электронды сақтандыру жүйесі енгізілді. Нәтижесінде, қазақстандықтар өзімен бірге сақтандыру қағазын үнемі алып жүрмесе де болады. Оны бірыңғай қордан тексеруге мүмкіндік туды. Қазақстандықтар жаңа жылдан бастап еңбек шартын онлайн-режимде жасайды, енді жұмысқа қабылдану үшін жеке куәлік қана жеткілікті. Тағы бір айта кететін жайт, мемлекет екінші деңгейдегі барлық банктерге ақшаны сақтағаны үшін берілетін бонус беруге тыйым салды.Спорт: жеңісті күндер аз емес
Тарих қойнауына енгелі тұрған доңыз жылы спорт саласы үшін де жаңалықтарға толы болды. Мәселен, Қазақстан биыл алғаш рет күрес түрлерінен әлем чемпионатын қабылдады. Қыркүйек айының 14-і мен 22-сі аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өткен біріншілікке әлемнің 100 елінен 1 002 балуан қатысып, 30 медальді сарапқа салды. Өкінішке қарай, бұл сында қазақ балуандары алтыннан алқа таға алмады. Әлем чемпионатында Дәулет Ниязбеков (еркін күрес, 65 келі), Нұрқожа Қайпанов (еркін күрес, 70 келі), Қорлан Жақанша (грек-рим күресі, 55 келі) күміс медальға қол жеткізсе, Нұрислам Санаев (еркін күрес, 57 келі), Мейрамбек Айнақұлов (грек-рим күресі, 60 келі), Алмат Кебіспаев (грек-рим күресі, 63 келі), Валентина Исламова (әйелдер күресі, 50 келі) қола жүлдеге қол жеткізді. Денис Теннің қазасынан кейін «мәнерлеп сырғанаудан қазақтың намысын кім қорғайды?» деген сауал әр қазақты мазалап жүрген еді. Бірақ биыл жаңа жұлдыздың есімі әлемді шарлай бастады. Ол – Элизабет Тұрсынбаева. Қазақтың қаршадай қызы Сайтамада (Жапония) өткен әлем чемпионатында әйелдер арасындағы жарыста күміс медаль иеленді. Тұрсынбаева әлем чемпионатында тек күміс медаль алып қойған жоқ, ол негізгі бағдарламада 4 айналым сальхов (4S) элементімен секірді. Ол төрт айналым элемент секірген алғашқы мәнерлеп сырғанаушы қыз ретінде тарихқа есімін жазып қалдырды. Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында 21 жастағы қазақ боксшысы Бекзат Нұрдәулетов жеңіс тұғырынан көрінді. Жартылай финалда төрт дүркін әлем чемпионы, Рио Олимпиадасының жеңімпазы Ла Крузды жеңгенде барша қазақ ерекше тамсанып, Бекзат Саттархановтың ізін жалғар жастардың барына тағы бір мәрте көз жеткізгендей болды. Өкініштісі, Бекзаттың медалі – биылғы әлем чемпионатынан бұйырған жалғыз алтын. 2013 жылы Алматы қаласында өткен әлем чемпионатында 4 алтын алған жерлестеріміз одан кейінгі сәттерде 1 алтыннан ары асыра алмай келеді. 2 жыл бұрын Гамбургте қола медаль алған Василий Левит пен Абылайхан Жүсіпов бұл жолы да 3-орын, күміс алған Қамшыбек Қоңқабаев тағы да 2-орынды місе тұтты. Есесіне, 2019 жыл қазақстандық кәсіпқой боксшылар үшін табысты өтті. Қазақстандық кәсіпқой боксшылардың көбі алғашқы титулдарын иеленсе, Қанат Ислам екі жылдық үзілістен соң рингке жеңіспен оралды. Ал Геннадий Головкин былтырғы жеңілісінен кейін жеңістер сериясын қайта бастап, кейін белбеуін қайтарып алды. Футболда да жеңісті күндер көп болды. Әсіресе, «Астана» мен «Манчестер Юнайтед» арасындағы ойын көпке дейін жұрт есінде сақталары сөзсіз. Еуропа лигасының топтық кезеңі аясында атақты «Манчестер Юнайтед» клубы елордаға келіп, «Астана» өз алаңында әдемі ойын өрнегін көрсетті. Ағылшындар негізгі құрамдағы ойыншыларын емес, жастарды әкелсе де, қазақстандық клубтың жеңісіне барша қазақ қуанды. «Астананың» бұл жеңісін жоғары бағалау айып емес болар. Әлемдік спорттағы допинг дауы биыл да басылмады. Кей спортшылардың басына қара бұлт боп үйірілген допинг дауынан кейін қуанышы еселенгендер де бар. 2008 жылғы Олимпиада ойындарының нәтижелері қайта қаралып, ауыр және жеңіл атлетикадағы Қазақстанның көрсеткіштері өзгерген болатын. Нәтижесінде, Алла Важенина 75 келіде 2008 жылғы Олимпиада ойындарының алтын жүлдегері атанды. Ал Ольга Рыпакова Олимпиада ойындарындағы жүлделер жиынтығын толық еншіледі. Ол 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының алтын және 2016 жылғы Рио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.Қазақтың мерейін өсірген таланттар
Тәуелсіз Қазақстан тарихында өнерімен әлемді мойындатып, ел абыройын асқақтатқан өнерпаздар көп-ақ. 2019 жылы да мұндай жетістіктерден құр қалған жоқпыз. Биыл қазақ атын алты құрлыққа таратқан таланттар арасынан әнші Димаш Құдайберген көш бастады. Ерекше дауысымен күллі әлемді өзіне қаратқан қазақ баласы таяуда АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында жеке ән кешін өткізіп, тыңдармандарын тағы да тәнті етті. Димаш бүгінде Ресейден басқа АҚШ, Қытай сияқты әлемнің алпауыт елдері мен бірқатар Еуропа елдеріне кеңінен танымал. Тіпті, желтоқсан айының басында Ресейде «Жыл әншісі» атанды. Оған дейін Димаш Ресейдің ұлттық музыкалық «Виктория» сыйлығында екі номинацияны («Жыл жаңалығы» және «Классикалық музыка бойынша жыл вокалисі») жеңіп алған болатын. Әншілер арасынан биыл еліміздің мерейін үстем еткендердің қатарында жас әнші Ержан Максим де бар. Ол Польшада өткен балалар арасындағы Junior Eurovision байқауында 2-орын иеленді. «Голос. Дети» байқауында топ жарып, осы байқауда да өнерсүйер қауымды әдемі дауысымен тамсандырған Ержан Максим үшін 2019 жылдың табысты болғаны сөзсіз. Ал Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Әділхан Макин «Славян базары-2019» халықаралық фестивалінде Гран-приге ие болды. Осыдан дәл төрт жыл бұрын «Славян базары–2015» халықаралық фестивалінде Димаш Құдайберген тұңғыш рет Гран-приді жеңіп алса, 2017 жылы Ернар Садырбай бірінші жүлдеге ие болған еді. Витебскіде Димаш Құдайберген бағындырған биік биыл Әділxан Макиннің жеңісімен жаңғырды. Екі күн бойы ерекше таланты мен вокалдық мүмкіндіктері үйлесіп, кәсіби орындаушылық деңгейі мен актерлік шеберлігі жарасым тапқан Әділxан Макин қазылар алқасы мен алты мыңнан астам көрерменнің, оның сыртында тікелей эфирді тамашалаған миллиондаған фестиваль жанкүйерлерінің таңдайын қақтырып, ыстық ықыласына бөленді. Өнерпаз «Славян базары» фестивалінің үлкен саxнасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Абай атамыздың 175 жылдығына арналған өлең оқу эстафетасы туралы көрермендерге қазақ тілінде xабарлап, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін арнайы шырқады. Жалпы, 2019 жыл – еліміз үшін жаңалыққа толы жыл болды. Оның бәрін бірдей тізбелеп шығу мүмкін емес. Десек те, аса маңызды оқиғаларды жыл соңында бір мәрте еске түсірдік. Бұл жылы мерейтойлар мен атаулы даталар да аз болған жоқ. Халықаралық Túrkіstan газеті де 25 жылдық мерейтойын атап өткені оқырмандарымызға мәлім. Келер 2020 жыл да еліміз үшін жағымды ақпараттарға толы жыл болғай!