Әлемдік саясат сахнасы: 12 айда не өзгерді?

Әлемдік саясат сахнасы: 12 айда не өзгерді?

Әлемдік саясат сахнасы:  12 айда не өзгерді?
ашық дереккөзі
1036
Достық пен татулық. Араздық пен келіспеуші­лік. Наразылық пен қар­сылық. Биыл әлемдік саясат сахнасында мұның бәрі де болды. Әлемдік алып державалардың кейбірі арақатынастарын реттеп, ортақ тіл табысуға тырысса, енді біреулері керісінше, алауыздыққа жол берді. Сонымен, 2019 жылы әлемде қандай оқи­ғалар болды? Биыл жаһан назарын аударған маңыз­ды жайттардың бір­қата­рын назарла­рыңыз­ға ұсы­на­мыз.

Трампқа жарияланған импичмент

2019 жыл АҚШ президенті Дона­льд Трамп үшін оңай болмаған сыңай­лы. Жыл аяқталуға жақын­да­ғанда Трампқа импичмент жарияланды. Сөйтіп, Трамп АҚШ тари­хын­дағы Конгресс өкілдерінің палатасы импичмент жариялаған үшінші президент атанды. Конгресте Трампқа т­а­ғылған айыптар бойынша дауыс беру шарасы өтті. Дауыс беру қорытындысына сай, билікті асыра пайдаланғаны үшін тағылған айып бойынша 230 конгрес­мен импичментті қолдады. Ал конгресс жұмысына кедергі болға­ны үшін тағылған айып бойынша импичментті қолдаушылар саны – 229. Айта кетейік, импичмент жариялау үшін екі айыптаудың бірі бойынша 216 дауыс жиналса жеткілікті. Негізі, төменгі палата конгресмендері бұған дейін де басқа президенттерді биліктен шеттетпек болған. Алайда ол ешбір нәтиже бер­ген жоқ. Айта кететін тағы бір жайт, өкілдер палатасымен импичмент жарияланған басшылардың ешбірі кейіннен өткен президенттік сайлауда жеңіске жете алмаған.  width= Енді Трамптың тақтағы тағдыры Се­нат­тың қолында. Бұл шешімді Сенат 2020 жылдың қаңтар айында қабылдауы тиіс. Дегенмен Конгрес­тің жоғарғы палатасы республика­лық партияның бақылауында. Сол себепті олар Дональд Трампты қыз­метінен босату туралы демок­рат­тардың ұсынысына жол бермеуі ықтимал. Алайда 2020 жылы өтетін келесі президенттік сайлауда Трамппен бірге таласқа түсуі мүмкін деген потенциалды қарсы­лас­тары импичментті қолдайтын­да­рын айтады. Олардың арасында Джо Байден, Майкл Блумберг, Берни Сандерс бар. Сарапшылардың көбі «саяси додада Сандерс Трамп­тың басты қарсыласына айналуы әбден мүмкін» деп отыр. Енді қалай болғанда да, халық та, әлемдік қауымдастық та келер жы­лы қаң­тарда Сенатта өтетін дауыс беруді асыға күтуде. Ең қызығы, жанжалға қарамастан, импичмент бойынша тыңда­лымдар басталғалы Дональд Трампты қолдайтын америкалықтардың үлесі 39 пайыздан 45 пайызға артып отыр.

Зеленский – Украина президенті

2019 жылғы 21 сәуір. Украина ж­аңа пре­зидентін сайлады. Елдің жа­ңа көш­басшысы – әзілкеш және актер Владимир Зеленский. Петр Порошенко соңғы сәтке дейін екінші рет президент атануға барын салды. Бірақ оның тілегі орындалмады. Сайлау қорытындысы бойынша, Владимир Зеленскийге Украина халқының 70 пайызы дауыс бергені белгілі болды.  width= Владимир Зеленскийдің президент атануы сенсациялық жаңалық бол­ға­ны жасырын емес. Себебі бұрын саясат сахнасында емес, өнер сахнасында көш­басшы болып жүрген азаматтың ел басқара алатынына саясаткерлер сене қойған жоқ. Дегенмен сарапшылар Зеленскийдің жеңісін «Украина­дағы халық билігіне жасалған алғашқы қадам» деп бағалады. Владимир Зеленский «Слуга наро­да» деп аталатын украин телехикая­сында басты рөлді сомдаған болатын. Сол туын­дыдағы кейіпкері мектептегі тарих пәнінің мұға­лімі – Голобородько. Телехикая желісі бойынша мұғалім соңын­да Украина президенті болып сай­ла­нады. Ал биыл Зеленс­кий­дің өмірі дәл телехикая желісіндегідей өрбіді.

Ресей мен Украина: тұтқындарды алмастыру

Ресей президенті Владимир Путин­ мен Украина басшысы Владимир Зеленскийдің алғашқы әңгі­ме­сі тұт­қындарды алмастыру мәсе­лесі болды. Бұл мәселені екі ел бас­шысы 12 маусым күні телефон арқылы тал­қылады. Екі айдан кейін, яғни, 7 қыр­күйек күні «35-те 35» формуласы бойынша алмасу процесі өтті. Мәскеу Киевке Керченск бұғазындағы шекараны бұзғаны үшін тұтқындалған әскери кеме теңіз­шілері мен режиссер Олег Сенцовты қайтарды. Ал Украинадан Ресейге журналист Кирилл Вышинский мен ДХР әуе шабуылына қарсы қорғану бригадасының бұ­рынғы командирі Владимир Цемах ұшып келді. Бұл екі ел ара­сындағы арақа­тынасты реттеуге жа­салған алғашқы қа­дамдардың бірі болды десек артық айтқандық емес. Әлемдік БАҚ Мәскеу мен Киев ара­сындағы бұл «достықтың» кез келген күні аяқталуы мүмкін екенін жазуда. Расында да, егер Владимир Путин мен Владимир Зеленский арадағы сенімді жоғалтса, екі ел арасындағы ахуал қайтадан бәз баяғы қалпына түсуі ықтимал. Ал егер бұл бастама ары қарай сәтті жалғасатын болса, Украина «Штайнмайер» формуласын қабыл­дап, Донбасстағы өз әскерін әкетуі тиіс. Киев бұл маңызды қадамды жасаса, Зеленскийдің сайлауалды берген уәде­лерінің бірі орындалды деп бағалауға әбден болады. Естеріңізге сала кетейік, Владимир Зеленский президент тағына отырмас бұрын соғысты тоқтатуға уәде берген еді.

Толқуларға толы жыл

Доңыз жылы әлем елдеріндегі түрлі наразылық шараларымен есте қалары анық. Әрине, мұндай қарсылық акциялары әлем үшін жаңалық емес. Дүниежүзінде қолдарына плакат ұстап, көшеге шығып наразылық білдіретін азаматтар жетерлік. Хош, биылғы ең ірі көтерілістер Венесуэла мен Гонконгте өтті. Венесуэла тұрғын­дары мемлекет президенті Николас Мадуроға қарсы көтерілісті бастады. Көшеге ұран­датып шыққан венесуэлалықтар Ма­дуроның орнынан кетуін талап етіп, өзін-өзі президентпін деп жариялап алған оппозиция лидері Хуан Гуайдоны қолдады. 23 қаңтарда Хуан Гуайдо өзін Венесуэланың уақытша президенті ретінде жариялап, ант берген еді. Ол сайлаудың еркін өтуі үшін қарулы күштердің көмегімен мемлекет басшысының міндеттерін атқаратынын мәлімдеді. Оның өкілеттілігін АҚШ президенті Дональд Трамп, сонымен қатар Аргентина, Канада, Перу, Колумбия және басқа да мемлекеттердің билі­гі мойындады. Ал Ресей мұны жасаудан бас тартты. Ең өкініштісі, көтеріліс салдарынан қаза тапқан­дар саны тым көп.  width= Ал Гонконг жұртшылығы маусым айын­да бас көтерді. Жыл ортасында бас­талған толқулар ел ішінде әлі күнге дейін жалғасуда. Халық­тың жаппай наразылық білдіруіне себеп болған – экстрадициялау тура­лы заң. Экстрадиция туралы заң жобасына қарсы шық­қан мил­лиондаған адамға тойтарыс беру тәртіп сақшыла­рының да қолынан келмеді. Сондықтан Гонконг билігі қала тұрғындарын Қытайға экстра­ди­циялауға мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдау процесін кейінге шегерді. Бақылаушылар Гонконгта болып жатқан шеруді 1997 жылдан бері елде өт­кен ең ірі наразылық қатарына жатқы­зады. Қазан айы. Ирактағы тыныш­тықтың талқаны шықты. Бағдад және елдің оң­түстігіндегі қала тұрғындары жемқор­лық, жұмыс­сыздық мәселесін көтеріп, үкімет отставкасын талап етті. Әділ Абдул Махди оған дейін үкіметте кадрларды ауыстырып, әлеуметтік реформаны жүзеге асыруға уәде берген. Алайда наразылар тұтас үкіметтің отставкасын талап еткен. Ирактың діни көсемі аятолла Әли Систани 29 қарашада биліктің наразыларды күшпен басу әре­кетін айыптады. Айта кетейік, жаппай наразылық шараларының салдарынан жүзде­ген адам қаза тапты. Дәл осыған ұқсас қарсылық шаралары әлемнің өзге елдерінде де қылаң берді. Мәселен, қазан айында Чили жастары мет­родағы белгіленген жаңа бағаға нара­зылық­та­рын білдіріп көшеге шықса, шілдеде Мәскеу тұрғындарынан маза қашты. Наразылық білдірушілер қалалық дума сайлауына тәуелсіз кандидаттарды тіркеуді талап еткен болатын. Одан кейін Үндіс­тан­дағы көтеріліс те әлем назарына ілікті. Мұсылман емес иммигрант­тарға азамат­тық беру туралы жаңа заң жобасына қар­сылық білдірген үнділердің толқуы әлі де басылған жоқ.

Грета Тунбергтің жұлдызды сәті

«Сіздер менің армандарым мен ба­лалық шағымды ұрладыңыздар». Дәл осы сөзінен кейін 16 жастағы Грета Тунбергті күллі әлем таныды. Швециялық экобелсенді БҰҰ Бас ассамблеясының отырысында биік мінберден сөз сөйлеп, саммитке қа­тысушыларды өзінің балалығын ұрлағаны үшін айыптады. Грета өз сөзінде биліктегілер тек ақша мен эко­номикалық өсімді ойлап жүр­генде әлемде адамдар өліп, эко­жүйенің бұзыла беретінін айтты. Ол өзге 15 оқушымен бірге БҰҰ-ның Бала құ­қықтары жөніндегі комитетіне шағым түсірді. Шағым Аргентина, Бразилия, Түркия, Германия және Франция елдеріне қарсы жазылған. Тунбергтің пікі­рін­­ше, аталған мемлекеттер жаһан­дық жылынумен нәтижелі күрес жүргізбегендіктен, Бала құқығы бойынша конвенцияны бұзып отыр. Грета Тунберг жұма күндері са­баққа бармайды, есесіне бұл күн­ді Шве­ция парламентінің ма­ңын­да ереуіл өткізеді екен. 16 жас­тағы оқу­шының он­дағы мақса­ты – қоршаған ортаны сақ­тап қалуға мүмкіндік туғызу.  width= Гретаның БҰҰ отырысындағы сө­зі интернет кеңістігінде кеңінен тал­қы­ланды. Біреулер қаршадай қыздың батылдығына қайран қалып, оған қолдау білдірсе, келесі бір топ Тунбергтің шы­найы­лығына сенген жоқ. Қалай десек те, бұл күні Грета Тунберг есімі ақпарат құрал­дары беттерінен түспей тұр. Тіпті, Time журналы швециялық экобелсендіні 2019 жылдың «Жыл адамы» деп таныды. Сөйтіп Грета Тунберг соң­ғы 100 жылда «Жыл ада­мы» атан­ған ең жас тұлға ретінде тарихта қал­ды.

АҚШ пен Қытай текетіресі: сауда соғысы тоқтамақ

Трамп тағы уәде берді. Жыл аяқ­талу­ға жақындағанда АҚШ президенті Дональд Трамп жақын арада Қытай­мен арақа­тынасты жақсар­та­­тынын мәлімдеді. 2019 жылғы әлемдік экономиканың дамуын тежеген бірден-бір оқиға – АҚШ пен Қы­тай арасындағы сауда соғы­сы еді. Екі алып мемлекет басшылары сауда келісіміне қол қоюға келіс­ті. Ақ үй басшысының мұндай мәлім­демесі әлем елдерін қуантқа­нымен, сарапшылар «сақтықта қорлық жоқ» еке­нін ескертуде. Егер екі ел арасында келісімге қол қойылса, 2020 жылы әлемдік экономика биылғыға қарағанда оң нәтижеге қол жеткізері анық. Бірақ мұндай келісімдер Вашингтон мен Бейжің арасында талай рет жасалып, соңғы сәтке келгенде іске алғы­с­ыз боп қалған. Нақтырақ айт­сақ, өткен жылдың соңында екі тарап келісімге келіп, тыныштық орнай бастағандай болып еді. Тіпті, Қытай тарапы дау-дамайдың оң шешімін табатынына үмітті екенін де мәлімдеген. Алайда ахуал қайта­дан бұрынғы қалпына түсті. Сон­дық­­тан Трамптың уәдесіне қанша­лықты сенім артуға болатын­дығы жаһан жұртшылығын әлі де алаңда­тып отыр.  width= Естеріңізге сала кетейік, АҚШ пен ­Қытай арасындағы сауда соғы­сы 2018 жы­лы басталған болатын. Дональд Трамп пре­зидент болғанға дейін де Қытайды «әді­лет­сіз сауда саясатын жүргізіп отыр» деп айыптап келген. Сондықтан ол би­лікке келісімен Қытаймен ара­дағы тиімсіз сауданы азайтуға күш салды. Оның нәтижесін қазір күллі әлем бақылап отыр.

Джулиан Ассанждың дәурені аяқталды ма?

Әлемдік ақпарат құралдарында ең ­көп тал­қыланған оқиғалардың бірі – WikiLeaks сайтының негізін қалаушы Джулиан Ассанждың тұт­қындалуы. Сәуір айында Ұлы­бри­­тания астанасының орталы­ғын­дағы Эквадор елшілігінен кісенмен шы­ғарылған 47 жастағы жанжалшыл журналист полиция учаскесіне жөнелтілді. Жасыратыны жоқ, Ассанждың тұтқындалуы әлемдік ақпарат құралдары үшін күтпеген жағдай болды. Соңғы 7 жыл Эквадор елшілі­гінде ты­ғылып келген Джулиан Ассанжбен ел­шіліктің арасы суи бастағаны байқал­ған. Наурызда елшілік Ассанжға ғаламтор қол­дану мен қонақтар қабылдауына да тыйым салған болатын. Вестминстер магистраттық сотына келмегені үшін 2012 жылғы 29 маусымда берген ордер негізінде тұтқындалды. Талай жылдан бері қамауға ала алмай арманда болған Ұлыбритания билігі Эквадор президенті Ленин Мореноға алғыс білдірді. Айта кетейік, Джулиан Ассанж негізін қалаған Wikileaks сайты 2006 жылы құрылған. Содан бері сайт жасырын ақпарат берушілерден алған құпия құжаттарды жариялаумен болды. АҚШ-тың Ауғанстан мен Ирактағы әскери операциялары туралы, Гуантанамо түрмесіндегі былықтар сияқты әлемдік держава­лар­дың құпия­ларын жариялаумен аты шыққан Джулиан Ассанжды сот айыпты деп танып, Belmarsh Prison түрмесіне жөнелтілді. Қа­зір оның тағдыры шешілуде: егер Ассанжды АҚШ-қа беретін болса, ол өлім жа­засына да кесілуі мүмкін.    

Серіктес жаңалықтары