600
Ауыт Мұқибек: Қандастарға қатысты заңдардың кейбірінің орындалуы мүмкін емес
Ауыт Мұқибек: Қандастарға қатысты заңдардың кейбірінің орындалуы мүмкін емес
– 2019 жыл көші-қон мәселесінде қандай оң өзгерістер бар?
– Қазақстанда көші-қон саясаты қалыптасқан, жан-жақты жетілдірілген деп айтуға болады. Бірақ уақыттың талабына сай, сосын кейбір көршілес елдердегі саяси оқиғаларға байланысты көші-қон саясатының жауап бере алмай қалатын тұстары да жетеді. Мысалы, 2015 жылы оралман мәртебесінің уақыты бір жылға қысқартылды. Ондай қысқа мерзімде Қытайдан келген қазақтардың виза уақыты бітіп қалады. Азаматтық алып үлгермейді. Бұл өте тиімсіз. Осы мәселені, Елбасы Н.Назарбаев өкілеттігін тоқтатардан төрт күн бұрын оралман мәртебесінің мерзімін (азаматтық алу үшін) ұзартып беру туралы арнайы Жарлық шығарып кетті. Бұл акция әлі жүріп жатыр.
Екінші мәселе, жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза президенттік міндетті ала салысымен, «Айқын», «Егемен Қазақстан» газеттеріндегі сұхбатында «Көші-қон саясаты бұрынғы жалғасын табады, сабақтастық сақталады» деді және сайлауалды сөзінде оралмандарды «қандас» деп атауды ұсынды.
– «Қандас» деген атау тиімді нәтиже беріп жатыр деп ойлайсыз ба?
– Әрине, әркім әртүрлі айтып жатыр. «Қандас» деген атау заңды мәртебеге ие болмаса да бейресми халық арасында айтылып жүретін. «Оралман» деген тек заңдық термин ғана-тұғын. «Қандас» атауының, Президенттен және Мәжілістен қолдау табуы – 2019 жылғы елеулі істердің бірі.
Осы жылы Ұлттық кеңес құрылды. Оған көші-қон мәселесін көтеріп жүрген азамат ретінде мені де кіргізді. Аталған көші-қон мәселесіне байланысты 23 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның қабылдауында болдым. Көші-қонға байланысты жеті мәселе көтердім. Қағазға жазып алып барып, алдына қойдым. Қазір сол мәселелер Үкіметте талқыланып жатыр.
Осының нәтижесінде, бұрын визасының уақыты өткен жағдайда он күнге қамау туралы және депортация жасау талаптары, яғни «Көші-қон туралы» заңының 14-тармағы алынып тасталды. Бұл әкімшілік жаза шетелден келген этникалық қазақтарға ғана жасалған жеңілдік.
– Шетелден көшіп келетін қазақтардың мәселесін ішкі және сыртқы деп қарастырсақ. Ел ішінде шешілмей жатқан қандай мәселелер бар?
– Заңдық тұрғыда бәрі шешіліп келеді.
– Сонда мәселе жоқ па мүлдем?
– Мәселе жоқ дей алмаймыз. Мәселе бар. Ол қандай? Бірінші осы қолда бар заңдардың атқарылу механизмі дұрыс жүзеге аспауында. Мәселен, «Тұрғын үй туралы» заңның 68-бабындағы Халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын азаматтардың жетіншісі оралмандар. Оларға баспана беру туралы жеңілдік заңда көрсетілген. Бірақ оралман мәртебесінің жарамды мерзімі бір-ақ жыл. Ал тұрғын үй алу үшін сол қалада тұрақты тіркеуде үш жыл тұрған болуы шарт және бір жылдан кейін азаматтығы келген жағдайда ол оралман мәртебесінен айырылып қалады. Сондықтан бұл тіптен пайдасыз заң. Заңда бар, бірақ атқарылуы мүмкін емес. Міне, осы мәселені депутат Кәрібай Мұсырманға жеткіздім, Парламентте қаралу керек деп. Бұл – бір. Екінші, жер кодексінде үш бап бар. Мораторийға қатысы жоқ. Оралман мәртебесін алған адам міндетті түрде жайылымдық, егіндік жер алуына болады деген. Бұған байланысты ақпараттар оралмандарға жетпей жатқан тәрізді.
Жер кодексіне байланысты мен Президентке ұсыныс жасадым. Шетелден келген қазақтарға (ұлты қазақ азаматтарға) жерді игеруге ұзақ жылға беру туралы. Кемінде он жылдан ары қарай. Сонда біздің Еуропада, Қытайда тұратын кәсіпкер қандастарымыз келіп, жұмыс орындарын аша алады. Зауыттар ашуға болады. Қытайдың қазақтарына қытайлар: «еліңде саған жер берем деп жатыр екен, сол жерді ал. Мә, мына ақшаны апар, осыны сал, маған таза сүт, таза ет әкеліп бер» деп жалынуы мүмкін ғой. Бұл жобаның да маңызы өте зор. Бұл да Үкіметте талқылану үстінде. Президент те өте жақсы ұсыныс деп қатты көңіл бөліп отыр.
– Енді сыртқы мәселеге келсек. Қазір оралмандар мәселесімен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар» қоры айналысуда. Ал шетел қазақтарындағы кейбір күрмеулі мәселелер қалай шешілмек?
– Шетелдегі қазақ деген ол белгілі бір елдің азаматы. Оларды «көш» деп сүйреп әкелетін ешқандай хақымыз жоқ. 1991 жылғы 2 қарашадан бастап, шетелдегі қазақтардың көшіп келуіне есік ашық деп жар салдық. Қалғаны азаматтардың өз таңдауы. Шетелге қазақтарды ешкім байлап қойған жоқ.
20 мың отбасына квота берілді. Ол 2007 жылы тоқтатылды. Қазір Үкімет белгілеп берген аймақтарда алғашқы өтемақы және көмектер бар. Сол өңірлерге барған оралмандарға белгілі мөлшерде берілетін біржолғы әлеуметтік жәрдемақылар қарастырылған. Жалпы, көшіп келем деген қазақтарға ешқандай кедергі жоқ. Өзі қалаған жеріне тұруына хақылы.
– Ал шетел қазақтарына байланысты, адам құқығы бұзылған жағдайда қандай көмек көрсетуге болады?
– Ол сол елдің мәселесі болғандықтан, біз бас сұғып кірісе алмаймыз. Бірақ жекелеген арыздардың түсуіне байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі халықаралық конвенцияларды сақтай отырып, хат жазып дипломатиялық жолмен шешуге тырысады. Оның белгілі дәрежеде нәтижелері де болды.
– Қытайдағы қазақтардың шақырту мәселесі неге біржақты болмай келеді?
– Қытай елінің басқару жүйесі басқа мемлекеттерге ұқсамайды. Қытай азаматтарының шетелге шыға беретін құжаты жоқ. Оларды Қазақстан шақырып жатыр деп ойламаңыз, ол процесс жекеле-
ген тұлғалардың шақыртуымен жүзеге асады.
Қытай қазақтарының көшіп келуі заңда көрсетілген мынандай тетіктері бар. Тарихи Отанына көшіп келу, білім алу мақсатында келу, еңбек шартымен келу, саяси пана іздеу, отбасы мүшесін толықтау және гуманитарлық жолмен көшіп келу. Осы шарттардың негізіне шақырту жіберіледі. Бұл тек Қытайдағы қазақтарға ғана қажетті. Ал басқа елдерден келетін қазақтарда бұл мәселе шешілген, қай күні, қай елге шығам десе де өз еркі.
Бұл жерде тағы бір кілтипан бар. Білім алу мақсатында келетіндерге шақырту қарастырылмаған. Осы заңды енгізу туралы мәселені депутат Бақытгүл Хаменоваға бердім. Екі айдан асты, ол кісі әлі талқыға салған жоқ. Неге салмай отырғанын білмеймін.
– Білім алу мақсатында келетіндер қазір саябырсыған сияқты?
– Білім алу мақсатында келетіндер жайлы Үкіметтің қаулысы бар. Сонда бұрын екі процент болатын, қазір ол екі есеге көбейді. Жылына отыз мың студент қабылдаса, соның төрт проценті шеттен келген қазақтар тегін оқиды. Оның сыртында дайындық курсы және бар. Биыл мың абитуриентке грант бөлінді. Бірақ шетелден келген балалардың саны – 1 300. Үш жүз бала асып қалып еді, оларды да Үкімет қабылдады. Бұл да табысты нәтиже.
– «Отандастар» қоры көшті жандандыра алады деп ойлайсыз ба?
– Биылғы толағай табыстардың бірі – «Отандастар» қоры өз жұмысын бастауы. Аталған қор қарқынды жұмыс істеп жатыр. Оның бір ерекшелігі «Отандастар» қоры Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын қаржылай қолдайды. Оның барлық капиталын Үкімет береді. Оның сыртында жекелеген демеушілер де бар.
– Алдағы жылдардан не күтеміз? Қазақ көші тоқтап қалмай ма?
– Тоқтамайды, керісінше күшейеді. Жиырма сегіз жылдан бері көштің нәтижесінде біраз отбасылар бөлінді, енді олар біріккісі келеді. Әсіресе, Қытайдағы қазақтар көшуге қатты құлшынып отыр. Сондықтан көш жандана түседі. Бұл – тоқтамайтын процесс. Көрсеткіш бірде төмен, бірде жоғары шығып тұруы мүмкін.
Атқарушы орындарда шеттен келген қазақтар аз. Мысалы, Мәжілісте көші-қон мәселесімен айналысатын депутаттың жоқтығы арқамызға батады. Кемінде екі-үш депутат айналысу керек қой. Жақында Nur Otan-ның жиналысында Елбасы Н.Назарбаев айтты: «Келесі сайлауда жергілікті мәслихаттарға қандастарымызды көптеп тарту керек» деп. Бұл, әрине өте жағымды жаңалық, жүзеге асса жақсы болар еді.
Пікір
Бейсен АХМЕТ, журналист:
Жаңа заң жобасы күшіне енбей жарық жоқ...
– Оралман куәлігінің өтіп кетуіне байланысты көп қандастар азаматтық алу мүмкіндігінен айырылып қалды. Осыған орай, Тұңғыш Президент 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін мораторий жарялады. Оралман куәлігі өтіп кетсе де, азаматтық алуға мүмкіндік жасады. Алайда жыл шыққан соң бұл жеңілдік өз күшін жояды. Бұрынғы заң бойынша, яғни оралман мәртебесінің мерзімі өтіп кеткен азаматтардың азаматтық алу мәселесі тағы да қиындауы мүмкін. Көші-қон заңының азаматтық алуға байланысты жаңа заң жобасы әзірленіп және талқыланып жатыр. Ол туралы Ішкі істер министрлігі Көші-қон комитетінің басшысы айтты. «Заң талқыланып жатыр» деді. Бірақ біздегі заңдардың талқылану процесі тым ұзақ. Бұл заң осы жылдың соңына дейін қолданысқа енуі керек болатын. Алдағы 2020 жылы ол қашан қабылданып, күшіне енетіні белгісіз. Ал егер жаңа заң қолданысқа енетін болса, азаматтық алу «бір терезе» қағидасы арқылы жүріледі. Бұрын оралман мәртебесін, одан ықтиярхат алып, сосын барып азаматтыққа тапсыратын еді. Жаңа заң жобасында тұрақты тіркеуге тұрған соң бірден азаматтыққа тапсыруға болады. Ең түйткілді мәселелердің бірі – азаматтық алу. Ол біржақты болмай, басқа мәселелердің шешім табу қиын. Миллатхан АЙТҚАЛИҰЛЫ, оралмандар мәселесімен айналысып жүрген ерікті азамат:Қытай қазақтарының ең басты мәселесі – отбасы мүшелерінің бөлініп қалуы...
– Біз ерікті волонтерлер біраз жылдан бері осы оралмандар мәселесімен айналысып келеміз. Отбасынан бөлініп қалған азаматтарға материалдық және заңдық көмек көрсеттік. Олардың арыз-шағымын еліміздің құзырлы орындарына жеткіздік. Одан кейін арыз-шағым түсірген адамдардың бейненұсқасын және қағаз жүзінде халықаралық адам құқықтарын қорғайтын ұйымдарға барлығын заңды түрде жібердік. Кейбір арыз-шағымдар нәтиже берді, лагерьден босатылып келіп жатқандар да бар. Қазақстан көпвекторлы саясат жүргізіп отырған ел болғандықтан, бірден ол мәселелерге тікелей аралассын деген талап жоқ. Бірақ барлық ақпарат жетуі қажет. Қытайдағы саяси жағдайды бүкіл әлем зерттеп отыр. Мен Нұр-Сұлтан қаласындағы оралмандар мәселесімен айналысып жүрген ерікті азамат ретінде, мынандай мәселені айтқым келеді: ең күрмеулі мәселе отбасы мүшелерінің екі жақта қалып қоюы. 2017 жылдан бастап, осында әлі азаматтық ала алмай жүрген қазақтарды Қытай еліне шақырту арқылы алып кеткен. Осы жағдайдан кейін Қытай қазақтарының мәселесі тым күрделеніп кетті. Расында, қаншама адамның құқы бұзылды. Жазықсыз сотталды. Бұл шынымен де үлкен тарихи бұлғақ деп есептеймін. Нұр-Сұлтан қаласының өзінде бөлініп қалған жүздей отбасы бар. Айтпай отырғандары қаншама?! Осы мәселені ел болып ертерек қолға алуымыз қажет! Бақытбол БЕРІМБАЙҰЛЫ, кәсіпкер және белсенді азамат:Кейбір шеттен келген қазақтар заңсыз жұмыс істеуге мәжбүр...
– Оралмандарда мәселе әлі де көп. Ең әуелі бейімделу және құжат мәселесі. Жақында бір туысқан қарындасымыз келді. Тек ықтиярхат алу үшін айлап сабылдық. Шеттен көшіп келген қазақтардың ең бірінші осы ықтиярхат мәселесі тез шешілуі қажет. Әйтпесе, еңбекке араласып, жұмыс істеуі қиын. Және олардың жер мәселесі де әлі шешілген жоқ. Шеттен келген қазақтардың кәсіп ашып, тірлігін дөңгелетуіне жердің болмауы үлкен кедергі. Оралмандардың көбі заңсыз жұмыс істеуге мәжбүр. Ал заңды болуы үшін тіркелу шарт. Тіркелу үшін құжаттары және қаржы қажет. Алғаш келген адамға оның бәрі ауыр. Менің жеке кәсіпкерлік шаруашылығымда шеттен келетін қазақтар жұмыс істейді. Көбінің құжаттары дұрыс емес.Дайындаған Бақытбек ҚАДЫР