Санаға – сәуле, сезімге – сел... (Премьерадан түйген ой)

Санаға – сәуле, сезімге – сел... (Премьерадан түйген ой)

Санаға – сәуле, сезімге – сел... (Премьерадан түйген ой)
ашық дереккөзі
313
  Өткен аптада қазақтың театр өнерін жоғары бағалайтын көрермен Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында бас қосты. Белгілі режиссер, театрдың көркемдік жетекшісі Мұрат Ахманов сахналаған Әлімбек Оразбековтың «Бір түп алма ағашын» көруге асыққан жұрттың қатарынан біз де табылдық. Отбасы мың кірпіштен қаланған үй секілді. Егер бір кірпіш орнынан құлап түссе, басқа кірпіштердің тығыз байланысы бұзылады. Салдарынан үйдің қабырғасы сөгіліп, шаңырағы шайқалып, ортасына түсуі бек мүмкін. Өзімшілдік бар жерде бірлік жоқ. Бірлік жоқ мекенде бүлік көп. Ал бүліктің түбі – өлім. Ағайындар арасындағы алауыздық, бауырлар арасындағы бақталастық бүгінгі қоғамның боямасыз шындығына айналғанын мойындау қиын-ақ. Бірақ бір жатырға сыйғандардың бір шатырға сыйыса бермейтіні ақиқат. Жан дүниеңе тереңдей еніп, бірде күлдіріп, бірде жылататын психологиялық драма отбасы дейтін киелі құрылымның құндылықтарын қайта қарауға үндейді. Автордың отбасын мәуелі ағашқа, ал оның мүшелерін жан-жаққа тармақталған бұталарға теңеуі, теңеп қана қоймай, қайткенде көгеріп көктейтінін, қандай жағдайда қурап, құлайтынын көрсетуі көкейді сан түрлі ойға жетелейді. Күтім көрмеген гүл солады, бапталмаған ағаш та қурайды. Ал мейірім нәрін молынан сіңірген мәуелі ағаш жемісін көбірек салады. Күретамырдан тараған қуат күшін әр бұта өзіне қажетті мөлшерде қабылдай алмаса, жапырақ сарғаяды, бұта сынады, алып ағаш құлайды. Адам да дәл солай. Береке-бірлік, татулық болмаған отбасында жүректің жылуы қайдан болсын?! Қыз бойжетіп, құтты орнына қонған соң, ұл ержетіп, отау тіккен соң бауырлардың бір-бірінен суынатыны, бөтенсіп кететіні несі? Әлде бұл тіршіліктің заңы ма? Жазылмаған мұндай заңдар үстемдік құрар болса, өмірдің, адами құндылықтардың мәні қайсы? Қойылымды көріп отырып, бас кейіпкер Мақсатпен бірге осы сауалдардың жауабын шарқ ұрып іздедік. Оқиға өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында, бір әлеуметтік-экономикалық формациядан екіншісіне өтетін, барымыз екшеліп, жоғымыз түгенделетін тұста өрбиді. Арбаға таңылған жарымжан баласымен бірге аядай ғана ауылда тұратын қарт әйел – Дәметкеннің тұрмысына куә боласыз. Өткен күндерді сағынышпен еске алған ана бір шаңырақтың астында төрт баласымен бірге уайым-қайғысыз өмір сүрген бақытты дәуренін көз алдына елестетеді. Құлыншақтарының асыр салып ойнаған жарқын үні, сыңғыр күлкісі келеді құлағына. Балаларының тезірек есейіп, қалаға барып оқуға түссек, жоғары білімді маман болсақ деген арманын да дәл кешегідей ап-айқын естіп тұр: олар өздерінің жарқын болашағына сенімді. Алдарынан тек сәттілік күтіп тұрғанына, бақытты ғұмыр кешетіндеріне күмән келтірмейді.    Сол балдырғандары – бүгінде бір-бір шаңырақтың иесі болған перзенттері үйіне, аналарының 70 жас туған күніне келе жатыр. Ауылға біраз уақыттан бері ат басын бұрмай кеткен ұл-қыздарының келетініне Дәметкеннің өзінен бұрын сүт кенжесі, арбаға таңылған мүгедек ұлы Мақсат мәз. Жанындай жақсы көретін ағасы мен әпкелеріне телеграмма жіберіп, анасының туған күніне шақырған да сол. Көптен көрмеген бауырларының басын қосып, мауқын басқысы келеді, бір кездегідей бір шаңырақ астында емен-жарқын сырлассақ дейді. Әйтпесе, қарт әйел мереке-мейрам дегенді ұмытқалы қашан... Дәметкен өзінің туған күнін тіпті елеусіз қалдырғанды құп көреді. Қаладағы бауырларының бәріне шақырту жіберген жарымжан ұлының көңілі үшін ғана 70 жасын атап өтеуге көнген. Ал Мақсаттың мақсаты – ана­сының жүзіне күлкі ұялату, қара шаңы­­рақта шешелері бар екенін аға-әпкелерінің есіне салу. Бір-бірінің жанын қадірлеп, көңілін аялайтын ана мен бала қаладан келетін қонақтарды күтіп, қайта-қайта есікке елеңдейді. Әсіресе, Мақсат жанын қоярға жер таба алар емес: жиендерінің қай бөлмеге ұйықтайтынын, бауырларының қайда орналасатынын ойластырып әлек. Шатырда жатқан ескі шайтанарбамды түсіріп бер деп анасына жалынып жүр. Жиендері келсе, ойнасын дейді. Шешесі баласының сөзін жерге тастамайын-ақ дейді, бірақ қу тірлік мойнын бұрғызар емес. «Он екі мүшем сау болса, үйдің шаруасының бәрін өзім реттеп, анама ауыр жұмыс істетпейтін едім» деп ойлайды ішінен. Қарғыс атқыр арбадан тезірек тұрып кетсе, отбасын құрып, шешесіне немере сүйгізер еді. Алыстағы немересі мен жиендерін жылына бір көретін қарт әйелге кішкентайдың иісін армансыз иіскетер еді. Әттең... мүмкіндігі шектеулі. Жарымжанның ішкі жанталасын, өзегін өртеген өкініштің ұшқынын Дархан Сүлейменовтің жанарынан көрді жұрт. Жас актердің мінсіз ойыны аяушылық яки мүсіркеуден гөрі бойыңдағы осалдықтармен, қоғамдағы әділетсіздіктермен күресуге деген ынтаңды арттырады. Дархан көрерменге кейіпкерінің емес, өзінің өмірін баяндап беріп жатқанына сендіреді. Сенесің. Мақсатпен бірге күлесің, бірге жылайсың, онымен бірге бәйек болып, қаладан келетін бауырларының жолын тосасың. Міне, өздері де келді. Әуелі үлкен әпкесі Әлия мен жездесі Тұрсын келді базарлықтарын арқалап. Отағасын бір шыбықпен айдайтын әпкесі әуелде қара шаңырақтың жағдайын сөз қылып, анасы мен мүгедек бауыры үшін алаңдайтын сыңай танытқанымен, кейін қара басының күйін күйттеп кетеді. Бір бөлмелі аядай ғана пәтері үш адамға тарлық етіп жүргенін, жақсы қызметінен айрылып қалған ынжық күйеуінен титтей де пайда жоқ екенін айтып шағымданған қызы шешесіне қолыңдағы жекешелендіру купоныңды бер деп қолқа салады. Соны алып, үйін кеңейтіп, тұрмысын түзетіп алмақ. Бауыр еті – баласына қайтіп жоқ десін, ана байғұс не дерін білмей аңтарылып тұрып қалады. Көп ұзамай кішкентайын көтеріп кіші қызы – Ләйлә мен күйеубаласы Зарқымбек те жетеді. Күннің ыстығы мен жолдың азабына, емшектегі баланың мазасызданғанына шағымданғаны болмаса, олар бастапқыда жеке бастың мұң-мұқтажын алға тартқан жоқ. Оның үстіне, өтірігі мен шынын араластырып, жүрген жерін қыран-топан күлкіге қарық қылатын Зарқымбек біреуден бірдеңе сұрағанды, жылағанды ұната бермейді. Қолынан келсе, алдап-сулап тартып алады, яки басқа айла-шарғы іздейді. Қайын апасы өз күйеуінен қызғыштай қорып отырған бір бөтелке арақты дымын білдіртпей қолды қылатын тұсында-ақ Зарқымбектен қулық артылмайтынына көзіңіз жетеді. Өз кейіпкерінің тілінде соншалық жатық сөйлеген белгілі актер Рахман Омар бұл жолы да өз биігінен көрінді. Көпірме сөз бен келеке-қылжаққа жаны жақын, жылпос күйеубала екінші пландағы кейіпкер болғанымен, драманың бояуын қанықтыра түсу үшін оның образына артылған жүк жеңіл емес. Ал үйдің тұңғышы – Ерғали ауылдағы кәрі шешесі мен кенже бауырына жетуге асыға қоймағанын табалдырықтан аттаған бетте-ақ аңғартады. Дәметкен мен Мақсатқа сұлық амандасып, салқын үйге кіріп демалғаннан басқаға мойыны жар бермей тұрғанын жасырмайды. Оқыған кітаптарын айтып, көптен көрмеген ағасын әңгімеге айналдырғысы келген Мақсаттың әрекеті де бос әурешілік. Інісіне дәл алдыңғы жолы тарту еткен кітапты қайта сыйлаған, қаладан әкеліп берем деп уәде еткен көзілдірікті ұмытып кеткен ағасы үшін бауырдың көңілі аяулы емес екеніне көзі жетті, бірақ мойындағысы келмейді. Қара шаңырақты, кәрі шешені ұмыта бастаған аға-әпкелерін жамандыққа қимайды. Бір әке-шешеден туған балалардың сан алуан мінез-құлқы аналары Дәметкеннің 70 жылдығына арналған мерекелік дастарқан басында ашылады. Бастапқыда туған үйлерін, бір-бірін сағынысқан шырай танытып, мәз-мейрам болып отырған бауырлар аяқ астынан қырық пышақ болып шыға келеді. Даудың басы – Дәметкеннің жекешелендіру купоны. Анасы оны Әлияға берейін деп жатқанын естіген Ләйлә ылаң шығарады. Купонды неге үлкен қызы иемденуі тиіс? Сонда жатақхананың аядай ғана бөлмесінде жаңа туған сәбиімен бірге итшілеп күнелтіп отырған Ләйләні кім ойлайды? Шағын да болса өз үйі бар әпкесінің өз несібесіне ортақтасып отырғанын әділетсіздік деп санаған кіші қызы анасына мұңын шағады, ызаланып жылайды. Ләйлә бар мұқтажын ақтарған соң, Әлия қарап тұрсын ба? Ол да жоқ-жітігін түгендеп шыға келеді. Ұрыс-керістің соңы үлкен жанжалға ұласып, оған отбасының барлық мүшесі араласады. Себеп – біреу: ешкім өз өміріне риза емес. Тіпті, бастапқыда өзін төрт құбыласы тең адамша ұстап, бақуатты өмір сүріп жатқанына шүбәсіз сендірген үлкен ұл – Ерғали да «бетпердесін» шешуге мәжбүр болады. Қыдырудан қолы тимейтін әйелі мұны адам құрлы көрмейтінін, ұлын әжесіне ертіп әкелмек түгілі, өзі зарығып әрең көретінін жайып салады. Күшік күйеу болудан қажыған Ерғали үйдің асын ішпегеніне бір ай болғанын да мойындайды. Әуелі қайратты, дәулетті боп көрінген кейіпкердің аяқ астынан шарасыз күйге түсуі аянышты-ақ. Біздіңше, Сәкен Рақышевтың Ерғалиы спектакльдегі сәтті образдардың бірі. Спектакльдің шарықтау шегі – шыдамы да, шарасы да таусылған ананың ашуға мінетін тұсы. Шалғайдағы ауылда мүгедек ұлымен бірге жалғыз қалған Дәметкеннің өз перзенттеріне өкпесі қара қазандай: қарт әйелге үйдің шаруасын жалғыз дөңгелету оңай емес, оның үстіне, арбаға таңылған баласының күтімі де қажытқан. Бір-бірін жұлып жеуден тайынбайтын балаларының жанжалы онсыз да діңкесі құрыған ананың төбесінен жай түсіргендей болды. «Неге ұрсысасыңдар? Бір әке, бір шешеден тудыңдар емес пе? Бұл қайдан шыққан ашкөздік?» деп ит пен мысықша алысқан ұл-қызын сабасына түсірмек болады. Бірақ бәрі бекер. Аға-әпкесіне басу айтып, орталарында азар да безер болып шарқ ұрған Мақсаттікі де бос далбаса. Бауырларының ешқайсысы кішірейгісі келмейді, кінәсін мойындаған біреуі жоқ. «Мен әрі қарай өмір сүруге қорқам!..». Иә, Мақсат қана емес, керегесі сөгіліп, шаңырағы ортасына түскелі тұрғанда бүтін бір отбасының тағдыры үшін залда отырған қай-қайсымыз да қорықтық. Жан-жаққа телеграмма жіберіп, бауырларының басын қосайын деген адал ниетінің орындалмағаны біздің де жанымызға батты. Ашуға булығып жылаған анасын жұбатамын деп ұмтыла беріп, арбадан омақаса құлағанында онымен бірге біз де жерге сұлап түскендей болдық. Балаларынан қанша көңілі қалса да, жүрегі қанша қан жыласа да, мейірбан ана жарымжан перзентін орнынан тұрғызатындай боп көрінді. Алайда ол артына бұрылмады да... Қара жерге етпетінен құлаған Мақсаттың тәні емес ауырған, шын пейілімен жақсы көретін жақындары үшін жаны ауырды. Көңілі таза, жүрегі ақ жігітке отбасын біріктіруден ұлы мұрат болған жоқ. Осы мақсат жолында өз өмірін құрбан етуден де тайынбақ емес. Ол солай етті де. Үйден безіп, бақшаға қарай ұмтылған жарымжанның келмеске кеткенін Тұрсын жездесі сүйретіп әкелген бос арба ұқтырды. Қара жамылып, қайғы жұтқан ағайындылар бірін-бірі қатты құшып тұрып бұдан былай бір болуға серттесті. Ұсақ-түйек ренішті ұмытып, ендігәрі бір-бірінің жанына жара салмауға уәде берді. Мақсаттың құрбандығы бекер болмағанына сенгің келеді... Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашын» қазақ театры үшін жаңалық деуге келмес. Драма бұған дейін Бикен Римова атындағы Алматы облыстық драма театрында, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры мен Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында, бірқатар аудандық театрларда да сахналанып, көрермен тарапынан жоғары бағасын алып қойған. Уақыт алмасып, заман жаңарған сайын шығармада көтерілген тақырыптың өзектілігі артып келе жатқанына да көзіміз әлдеқашан жеткен. Режиссер Мұрат Ахмановтың бұл жолғы интерпретациясы отбасы құндылықтарының қадірін қашырып алған дәл бүгінгі қоғамның тамырын дөп басқандай. Ел жастарының басым көпшілігі Алматыда шоғырланғанын, жан азығын іздегендері ең әуелі жасөспірімдер театрынан табылатынын ескерсек, бұл қойылымның Ғ.Мүсірепов театрының репертуарынан лайықты орын алуы заңды. P.S: Залдан шыға салып, анасымен тілдесуге асыққандардың көп екенін байқадық. Үйін сағынып жүрген студент қыздың сағынышын бұл қойылым тіпті маздатып жіберсе керек, «айфонын» дереу құлаққа жүгіртіпті. Айналасындағыларға естіртпейін деп: «Иә мама, тамағым тоқ» деп сыбырлап барады. Есіктен қатарласа шыққан егделеу апайдың да құлағында телефон: «Апа, ауырмай жүрсіз бе?»... Осыдан кейін спектакль авторларына да, олар қойған міндетті мінсіз орындаған актерлерге де «Браво!» дегеннен басқа айтарымыз жоқ!

Анар ЛЕПЕСОВА

Серіктес жаңалықтары