Әлемді  алаңдатқан ахуал

Әлемді  алаңдатқан ахуал

Әлемді  алаңдатқан ахуал
ашық дереккөзі
317
АҚШ пен Иран арасындағы ахуал ушығып барады. Күллі әлемнің назарын аудартқан жанжалдың соңы жақсылықпен аяқталмайтыны анық байқалады. Күні кеше Ирактағы АҚШ базасына қанатты және баллистикалық зымырандармен соққы берілді. Пентагон өкілдері бұл соққының Иран тарапынан жасалғанына сенімді, Иран да мұны жоққа шығарған жоқ. Иран Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф соққыны өздерін қорғау мақсатында жасалған әрекет деп бағалайтынын жеткізді.

Генерал өлімі жағдайды ушықтырды

2020 жылдың алғашқы күні АҚШ үшін жақсы жаңалықпен басталмады. Ирактағы АҚШ елшілігіне шабуыл жа­са­лып, 20-ға жуық адам зардап шекті. Бұл хабар бірден бүкіл әлемдік ақпа­рат құралдарында тарай жөнелді. Ал АҚШ шабуылдың жауапсыз қалмай­тынын бірден қадап айтты. Бірақ елшілік маңындағы қақтығыстың туындауына Американың өз әрекеті себеп болып отыр. Оған дейін АҚШ Сирия­да­ғы ирандық нысандарға әуеден соқ­қы берген-ді. Вашингтонның мұн­дай әрекетіне наразылық білдірушілер АҚШ елшілігінің жанында от жағып, тас лақтырып, оны басып алуға ты­рыс­қан. Өз кезегінде елшіліктің қауіп­сіздік күштері мен жергілікті полиция шерушілерге көз жасаурататын газ қолданды. Бір айта кетерлігі, қақтығыс ке­зінде елшілікте қызметкерлер бол­маған. Олар оқиғаға дейін Бағдадтан кетіп қалыпты. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп мұның өтеуі оңай бол­майтынын ашық ескертті. Ақ үй басшысы бұл шабуылды Иранның ұйымдастырғанына сенімді екенін бір­ден айтты. «Мұндай әрекет Иранға жақ­сылық әкелмейді. Бұл ұзаққа созыла қоймас. Мен шиеленісті емес, бей­бітшілікті қалаймын. Ирандықтар да бейбіт өмірді қалайды деп ойлаймын», – деді Дональд Трамп. Трамп «бей­бітшілікті қалаймын» деп мә­лімдегеннен кейін Пентагон шұғыл түрде Таяу Шығысқа 750 әскери сарбазын аттандыратынын мәлімдеді. Трамптың айыптауын естіген Иран тарапы да бұғып қалған жоқ. Иранның ру­хани жетекшісі аятолла Али Хаменеи өз­дерінің соғысты қаламайтынын, алайда кез келген мемлекеттің жаушылық әре­кетіне соққы беруге дайын екенін анық аңғартты. Сонымен, екі елдің де ортақ мәмілеге келмейтіні анық аңғарыла бастады. Оның үстіне, Пентагон жө­нелткен әскерилер Бағдадтағы халық­ара­лық әуежайға ракета жаудырды. Соның сал­дарынан әуежай жанында тұрған екі көлік жарылып, 8 адам қаза тапты. Қаза тап­қан­дардың қатарында Иран генералы Касим Сулеймани де бар еді. Міне, дәл осы жерден жанжал одан ары күрделеніп, оқиға күрт шиеленісіп кетті. Сарапшылар генерал Касем Сулейманидің өлімі ірі аймақ­тық қақтығысқа әкеліп, үшінші  дүние­жүзі­лік соғысқа себепші болуы мүмкін еке­нін айтуда. Айта кетейік, Сулеймани Ислам революциясы сақшы­ларының кор­пусы «Кудс» арнайы бөлімі­нің басшысы қыз­метін атқарды. Ал Ислам революциясы сақшыларының корпусы – Иран ар­мия­сының ресми бөлігі. Осы қайғылы оқиғадан кейін АҚШ Иран генералының өліміне қатысты жауап­кершілікті өз мойнына алды. Пен­та­гонның мәлімдеуінше, шабуыл АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрығы­мен жасалған. Трамптың да үнсіз жатпайтыны бесенеден белгілі. «АҚШ әскерилері Иранның арнайы жасақ қолбасшысы Касем Сулейманиді соғысты бастау үшін емес, тоқтату үшін өлтірді» деп мәлімдеді Дональд Трамп. Ақ үй басшысы «ирандық генерал америкалықтарға қарсы көптеген лаңкестік ұйымдастырған» дей келе, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өзге де ша­раларды қолға алуға дайын екенін жет­кізді. Мұны естіген Иран Сулейма­ни­дің өлімі үшін АҚШ-тан кек алатынын ашық түрде мәлімдеді. Иран Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зарифтің айтуынша, АҚШ-тың бұл әрекеті халықаралық құқыққа қайшы. «Иран Американың бұл шабуылына кез келген уақытта жауап беруге құқылы.  Біз АҚШ-тың қитұрқы бопсалау әрекетіне жығыл­ғы­мыз келмейді. Америка бұл қадам ар­қылы үлкен қателік жасады. Трамптың сая­саты АҚШ азаматтарының өміріне қауіп төндіреді», – деді Мохаммад Джавад Зариф. Ал Иран халқы ел астанасы – Тегеранда генерал қазасына байланысты ереуіл­ге шығып, АҚШ туларын өртеді. Тіп­ті, генералмен қоштасу рәсімінде Иран хал­қы Трамптың басын алған адамға 80 млн доллар сыйақы жинап беретінін айт­ты. Иран генералының өлімі үшін Вашингтонды аяп қалмайтыны анық сезіле бастады. Мұны Трамп та жақсы түсінгендей. Тегеранның ресми мәлімдемесін естігеннен кейін Ақ үй басшысы әлеуметтік желіде жазба қалдырды. Президент Дональд Трамп Twitter-дегі парақшасында Тегеран Касем Сулеймани үшін кек алатын болса, Иранның ондаған нысанына күшті соққы беретінін айтып сес көрсетті. Оның айтуынша, америкалық күштер Иранның 52 нысанын белгілеп қойған. Бұл санның көп жылдар бұрынғы тарихпен байланысты екенін атап өтті. Осылайша Трамп 1979 жылғы Тегерандағы дағ­дарысты еске салды. Ол кезде Иран­дағы көтерілісшілер Тегерандағы АҚШ елшілігін басып алып, 52 америкалықты 1 жылдан астам тұтқында ұстаған болатын. Алайда президент Дональд Трамптың саясатын барлық америкалықтар қолдап жатқан жоқ. Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты АҚШ-тың көп қаласында наразылық шаралары өтіп жатыр. Акцияға қатысушылар «Иранмен соғысқа жол жоқ» деп ұрандатуда. Вашингтонда да ондаған адам Ақ үй алдына жиналып, мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырды. Оқиға күрделене бастағасын АҚШ қа­рап отырмай, Бағдадтағы елшіліктің қауіп­сіздігін күшейтуге кірісті. Сөйтіп, Таяу Шығысқа тағы 3 мың сарбазын аттандырды. Вашингтон Ирак қарулы күш­терін дайындауды да уақытша тоқтатты. Со­ндай-ақ Ирактағы америкалық жұ­мыс­шыларды тез арада бұл мемлекеттен кетуге шақырды. Мемлекеттік департаменттің үндеуінен кейін Басрада жұмыс істеп жатқан америкалық мұнайшылар Иракты тастап кете бастаған. Ал ресми Бағдад АҚШ-пен қарым-қатынасты қайта қа­рауы мүмкін. Себебі АҚШ елде әскери опе­рация жүргізіп, екі жақты уағдалас­тықты бұзды деп отыр.

Иран кек алуға кірісті

Ал Иранның Ирактағы АҚШ-тың әл-Асад әскери базасына соққы беруі жағ­дай­ды одан ары ушықтыра түсті. CNN мәлі­метінше, базадағы ақпарат көздері кем дегенде 13 зымыранның дәл тигенін растады, бұған дейін Иран аумағынан кем дегенде 30 зымыран ұшырылғаны туралы хабарланған. Сонымен бірге америкалық агенттік АҚШ әскерилері зардап шекпегенін атап өткен еді. Бірақ соңғы деректер америкалық базада 80 адамның қаза тапқанын көрсетіп отыр. Өз кезегінде Ақ үйдің баспасөз хатшысы Стефани Гришамның мәлімдеуінше, Дональд Трамп болған оқиғадан хабардар. Президент аймақтағы жағдайды жіті ба­қылауда ұстап отыр екен. Соған қара­мас­тан Ақ үй басшысы Дональд Трамп бұл оқи­ғаға қатысты ресми мәлімдеме жа­сама­ды. Трамп тек әлеуметтік желіде ғана жазба қалдырды. «Қазір шығын көлемі есептеліп жатыр. Әзірге бәрі жақсы. Біздің әскер әлемдегі ең озық қарумен жарақ­тал­ғаны сөзсіз», – деді Дональд Трамп. Иран билігі өзінің ядролық бағдар­ла­масын шектеуге қатысты халықаралық ке­лісім талаптарын бұдан былай орындамайтынын мәлімдеген болатын. Ислам республикасы енді уран байыту көлемі мен ядролық зерттеулер саласындағы шек­теулерден бас тартпақ. Таяу Шығыс­тағы жағдайдың ушығуы әлем елдеріне де әсерін тигізбей қоймасы анық. Оның алғашқысы мұнай бағасына байланысты. Иран генералы Касем Сулейманидің өлімі туралы жаңалықтан кейін әлемде мұнай бағасы қымбаттады. Әуелі Brent маркалы мұнайдың наурыз айындағы фьючерстері 3,42 процентке қымбаттап, баррелі үшін 68,34 долларға жетті. Ал WTI маркалы мұнайдың ақпандағы фьючерстері 3,13 процентке қымбаттап, бір баррелі үшін 63,03 долларға тұрақтады.

Ұшақ апаты һәм Иран  шабуылы: байланыс бар ма?

Күллі әлем АҚШ әскери базасына жа­сал­ған шабуылды сөз қылып отырғанда, Ираннан тағы бір қаралы хабар жетті. Бортында 176 жолаушысы бар украина­лық Boeing-737 лайнері Тегеран әуежайы маңында апатқа ұшырады. Ұшақ әуе­жай­дан ұшып шыға салысымен құлаған. Алғашқы деректер лайнердің апатқа ұшы­­рауына техникалық ақаулардың себеп болғанын көрсетті. Әуежай өкілдері­нің мәлімдеуінше, ұшақ апатына қозғалт­қыштың жанып кетуі себеп болған. Әзірге ұшақ апатының АҚШ базасына жасалған шабуылмен байланысының бар-жоғы анықталмады. Өкініштісі, ұшақ бортын­да­ғы жолаушылардың бәрі бірдей қаза тапты. Осы қайғылы жағдайдан кейін Singapore Airlines, China Airlines және Malaysia Airlines әуе компаниялары Иран­ның әуе кеңістігін пайдаланудан бас тарт­ты. Ресми мәлімдеме жасаған Singapore Airlines оқиғаны жіті бақылауда ұстап отырғандарын айтып, қажет болған жағ­дайда ұшақ бағыттарына тиісті өзгерістер енгізетіндерін жеткізді. Ал Тайваньнің ең ірі әуе тасымалдаушы компаниясы саналатын China Airlines Ирак пен Иран әуе кеңістігімен ұшпайтындарын мәлімдеді. Бұған қоса, АҚШ-тың федералды авиация әкімшілігі де америкалық әуе тасымалдаушы компанияларына Иран мен Ирак және Парсы мен Оман шығанақтары үсті­мен ұшуға тыйым салды. Қалай десек те, Таяу Шығыстағы ахуал бүгін-ертең тұрақтамайтын түрі бар. Әлем жұртшылығын алаңдатқан АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің соңы не­мен тынары да беймәлім.    

Серіктес жаңалықтары