«Нұрлы көш» апатты жағдайда тұр

«Нұрлы көш» апатты жағдайда тұр

«Нұрлы көш» апатты жағдайда тұр
ашық дереккөзі
359
2009 жылы мемлекеттік бағдарламамен Ақмола облысы Көкшетау қаласының маңынан шетелден көшіп келген қазақтарға арнап, «Нұрлы көш» ауылында барлығы 274 қоспәтерлі үй салынған. Оған мың жарымдай адам орналасқан. Ауылдың алғашқы жоспарында балабақша, мектеп, емхана, жол, ауызсу және сапалы үйлермен қамтылуы қажет болған. Үйдің бағасы – 3 миллион 200 мың теңге. 10-15 жылға бөліп төлеуге болады. Ай сайын үкіметке 7 мың теңге салып отыруы қажет деп жоспарланған. Алайда күзде кірген тұрғындардың үйлері қыста қабырғалары жарылып, көктемде кейбір үйлер құлай бастаған. «Содан бері бұл сапасыз үйлер құлау үстінде. Мұндай құлап жатқан үйге не деп ақша төлейміз, болмаса жөндеп берсін» деген  тұрғындар талаптарын құзырлы орындарға жеткізген. «Нұрлы көш» ауылындағы үйлер Көкшетау қалалық тұрғын-үй коммунал­дық шаруашылық бөлімінің балансында екен. Бірақ 9 жылдан бері үйлерде кімдер тұрып жатыр, еш тексермеген. Үйлердің техникалық құжаттары әлі де жоқ және үйлер сапасыз болғандықтан көбі төлем жүр­гізбеген. Осы мәселемен айналысып жүрген Дү­ниежүзі қазақтарының қауымдастығы Ақмола облыстық бөлімшесінің жетекшісі Алтын Мәденқызы былай дейді: «Бір рет об­лыс әкімдігі қаржы шығарып, жүрмей қалған су құбырларын жөндеп берген. Алай­да әлі де фундаменттері сынған, кей­бірі қуыс картон, пластмасса секілді заттармен толтырған қабырғаларға күр­делі жөндеу қажет. Он бестей үй ғана сапалы, таза кірпіштен салынған. Қалған үйлер­дің сапасы мүлде сын көтермейді. Міне, он жылға жуық тұрғындар сол сапасыз үйді жөндеумен әлек. Үйді жөндейміз деп, алды 5 миллион теңгеге қарызға кір­ген.  Кейбірі соттасып жатыр». Біраз құзырлы орындардың табал­дыры­ғын тоздырған белсенді бұл мәселені Дү­ниежүзі қазақтарының қауымдас­тығына жеткізген соң, Ауыл тұрғын­дары­ның арыз-шағымдарын негізге ала отырып, Дүниежүзі қазақтарының қауым­дастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевқа хат жазады. Министр мәселені Ақмола облысының әкім­шілігіне тапсырған. «Бірақ облыс қараған жоқ», – дейді Алтын Мәденқызы. «Мемлекеттік қызмет істері және сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша депар­таментінің басшысы Арман Бердалинге айттым. Сол кісінің көмегімен жиналыс өткіздік. Соның нәтижесінде екі күн арнайы тексеру жүрді. Ал мен ауылда қалып, 10 күн жүріп ауылды түгел аралып шықтым. Барлығын фото-видеоға дейін түсіріп алдым. Үйдің сапасыз екендігі жайлы арызға 150 адам қол жинап берді. Ауыл тұрғындары көмектен күдер үзген. Олардың ендігі шарасыз уәжі  «осы сапасыз үйлерін атымызға заңдастырып берсін, өзіміз жөндеп алайық не болмаса сүріп тастап жеріне үй салып алайық» дейді. Бір күні төбесі ортасына түсіп, опат боламыз ба деп алаңдап отыр тұрғындар», – дейді белсенді. Елбасының тапсырмасымен басталған бұл игі жобаны жекеменшік мердігер компаниялар ұтып алған. Басында «Көкше сервис» деген компания салған. Одан кейін тағы бір компанияға берген. Ары қарай «көбелек келіп көлп етіп, көбігін ішіп ол кетті, сауысқан келіп саңқ етіп, сарқынын ішіп ол кеттінің» кебін киген. «Ақмола қарамаған соң, Парламентке хат жаздым. Бір үміт жылт еткендей болды. Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы жағ­дайды өзі барып көрді. «Бұл біз ойла­ған­нан да қиын жағдай. Әрбірден соң адам тұратын үйлер емес екен» деді депутат. «Бұл әрине, бір адам яки бір отбасы емес, мыңнан астам ауыл тұрғындарының тағдыры», – дейді Алтын Мәденқызы.    

Серіктес жаңалықтары