1136
Елбасын жырымен тебіренткен қазақ қызы
Елбасын жырымен тебіренткен қазақ қызы
Қарағанды – көмір мен темірге бай аймақ. Апайтөс Сарыарқаның кең құшағына тек қазақ қана емес, әртүрлі ұлт өкілдерінің де мол шоғырланған өлкесі. Ел егемендік алғалы бері қазақ көшінің басым легі Орталық Қазақстанға бұрылды. Оған жұмыс табуға, тіршілік етуге қолайлы өңір болғаны себеп. Атажұртқа ағылған алғашқы көштен бері бүгінде Қарағанды облысына 300 мыңға жуық этникалық қазақ қоныстанған. Сондықтан да ATAJURT жобасының кезекті шығарылымы Қарағанды облысындағы қандастарға арналды. Аталған өңірге тілшіміз арнайы барып, ондағы қандастардың хал-жағдайымен танысып қайтқан-ды.
1993 жылы 21-23 қазанда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Ұлан-Баторға сапарлап барды. Моңғолияның сол кездегі Тұңғыш президенті П.Очирбат қазақ еліне деген татулық пейілін «Ақтамақ» әнімен жеткізеді. Ән қайырмасына келгенде қос президенттің қосыла шырқауы – татулықтың белгісіне баланды. Екі ел арасында жоғары дәрежелі келіссөздер жүргізіліп, түйінді мәселелер шешіледі. Сол түйінің бірі – Моңғолия қазақтарының тарихи Отанына көшіп келу мәселесі болатын. Осындай тарихи келіссөздерден кейін «Көк Тәңір» резиденциясында Баян-Өлгейлік қазақтар Қазақстан делега-циясына қонақасы береді.
«Осы тұста біз Моңғолия қазақтарының артықшылығын көрдік. Олардың бір емес, екі бірдей президенті бар еді. Екі бірдей президенттен жақсылық көру, жылы сөз есту, екі үлкен мемлекетті тел ему – басқаларға бұйырмай, Моңғол жеріндегі қазақтардың басына қонған бақ», – дейді делегация өкілдері.
Бұл жылнаманы жаңғырта айтудағы мақсат осынау тарихи кездесу кезінде қолына қоңыр домбырасын алып Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевты арнау-жырымен қарсы алған әнші Меруеш Башайқызы жайында сөз қозғамақ едік.
«Ақ боз үйдің алдында арнауды тыңдап тұрып, Президент Нұрсұлтан Назарбаев толқыды. Бұған дейінгі талай сапарларда бұл кісі таңданысын да, толқынысын да байқатпайтын. Әлде табиғатынан, әлде президенттік қызметінен болар, өзін сезім жетегінде жібермейтін. Тұңғиығын тербей білсе, терең толқиды екен», – деп тарих бетіне таңбаланыпты. (Қайнар Олжай «Президент парағы» кітабы Алматы, 1994 ж).
Әнші, режиссер Меруеш Башайқызы 1974 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында туған. Моңғолия және Қазақстанның Мәдениет қайраткері. Өзі туып-өскен Баян-Өлгей аймағындағы Қазақ музыкалық драма театрында көп жыл қызмет атқарған.
Жапония, Корея, Франция, Германия, Швеция, Түркия, Қытай, Ресей, Моңғолия және Қазақстан сахнасында өнер көрсеткен. Моңғолияда «ХХ ғасырдың таңдаулы әншісі» атағын алған.
2008 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың арнайы шақыртуымен Қарағанды облысына көшіп келді. Қазір Қарағанды облыстық Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арай» ансамблінде қызмет істейді. 6 бала тәрбиелеп отырған «күміс алқа» иегері. Nur Otan партиясының мүшесі.
Сонымен қатар 2018 жылдан бастап Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Қарағанды облыстық филиалын басқарып, шетелден келген қандастарды құжаттандыру және құқықтық қолдау арқылы көмек көрсетіп келеді.
Кезінде қазақтың қаймақтарын арнауымен толқытқан Меруеш Башайқызы бүгінде қазақ көшінің жанашыры. Қарағанды облысында көптеген игі бастаманың басы-қасында жүргендіктен, әңгімеге тартқан едік.
– Өзіңіз әуелі өнер адамысыз, мұндай қоғамдық жұмыспен айналысуға қандай себеп болды? Шығармашылығыңызға кедергі емес пе?
– Мен қазір Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестікте әншімін. Өнермен қатар қоғамдық жұмысты қоса алып жүрмін. Басқа әншілер сияқты тойға шығып, фонограммамен елді алдаудан аулақпын. Ішкен-жегенін мақтан тұтып, соны көп алдына шығаруды өнер көретін әріптестерім де аз емес. Алайда оның қоғамға қандай пайдасы бар? Өнерпаз ел ішінде қайнап шығуы керек сияқты. Әнші әуелі азамат ретінде халықтың көңіліндегі сезімді тап басу үшін қоғамдағы мәселеге араласуы қажет деп ойлаймын.
Сондықан мен шығармашылығыммен қатар қоғамдық іске араласуды азаматтық борыш санадым. Себебі әлі де азаматтық ала алмай жүрген, қоғамда тең дәрежелі адам қатарына қосылмай жүрген қандастарымыз қаншама? Бір қандасың солай қиналып жүрсе, сенің әнің кімге керек?!
Шығармашылыққа кедергі емес. Мәселен менің осындай іспен айналысуыма әншілігім себеп болды.
Мені шетелден келген әнші ретінде танитын бір адамдар хабарласып көмек сұрады. Қытайдан келген бір отбасының құжаттары дұрыс болмай, Қазақстаннан депортация жасалайын деп тұр екен. Бірден таныс заңгерлерге хабарластым. Әйтеуір шыр-пыр болып жүріп, оларды алып қалдық. Қазір ол отбасы жап-жақсы өмір сүріп жатыр. Алғыс, батасын берді. Содан бері мен бұл салада белсенді қызмет етіп келемін. Ешкімнен ақы-пұл алмай көмектесуді бастадым. Себебі қазір қандастардың мәселесімен айналысқан болып, өзіне ұпай жинайтын популистер көп. Олардың ішінде делдал болып жүргендері де жетеді. Тіптен кейде қандастар мәселесін көтерген болып, ел атынан шу шығаратындар да бар...
– Көшіп келгеніне көп болса да, әлі азаматтық ала алмай жүрген қандастар бар екен Қарағандыда. Бұл қашан шешімін табады деп ойлайсыз?
– 2019 жылғы Елбасының Жарлығы аясында 1991 жылдан 2018 жылға дейін түрлі себептермен азаматтық ала алмай жүрген 1 мыңға жуық адам азаматтыққа қол жеткізді. Сонымен қатар жаңадан көшіп келген 1 мың адам азаматтық алды.
Қазақстанға көшіп келгелі әлі де азаматтық ала алмай жүрген адамдар бар. Бірақ кейбіреуінің мәселесі тым күрделі немесе өздері күрделендіріп алған. Мәселен, 1991 жылы Моңғолиядан көшіп келген Жанай Қуанбек деген адамның азаматтық мәселесі. Сол кездегі Көші-қонда істейтін қызметкерге құжаттарын өткізген. Бірақ азаматтық ала алмаған. Себебі құжатарды Көші-қон қызметкері жоғалтып алған. Содан бері әртүрлі орындардан естіген жалған уәдеге сеніп келген. Осы кісінің ісімен айналысқаныма жарты жылдай болды. Елшілік арқылы Моңғолиядағы архивтен сұрастырсақ, 1956 жылғы ол кісінің құжаты өшіп қалған. Осындай себептер кедергі болып отыр. Жанай Қуанбектің бұрынғы ЖСН нөмірін қайта шығарып, Моңғолия азаматы ретінде құжат алады. Содан кейін барып, іс оңалады. Бұл секілді адамдар көп. Сонымен қатар мұнда көшіп келген кей азаматтарды қайтыс болған адамдардың тізіміне енгізіп жіберген. Оның себебі қазақтардың бері көшіп кеткендігі туралы мәлімет болмаған. Сондай азаматтардың бірі – Тәшкей Ықылас. Моңғолия елшілігімен бірлесе отырып, осы жігіттің құжатын қайта қалпына келтіріп жатырмыз, бұйырса қайтыс болған адамдардың тізімінен шығады.
Мұндай мәселелердің шығуына басты себеп – азын-аулақ ақшамен құжаттандырып берем деп алдап кететін делдалдардың кесірі. Сондықтан ондай делдалдардан сақ болу қажет.
– Сіз Қарағанды өңірінде біраз қандастардың мәселесін шештіңіз, сол жайлы айтып берсеңіз.
– Қоқым Маржан деген апамыз құжаттарын жоғалтып алыпты. Адам жаман болайын деп болмайды ғой. Көшеде қаңғыбас адамдардың бірі болып қалған. Осыны естіп, қаланы аралап жүріп тауып алдық. Одан кейін құжаттарын жүгіріп жүріп реттеп, Моңғолиядағы туыстарына табыстадық.
Сонымен қатар Тәшкей Отарбай деген ақсақал 2011 жылы Қарағандыға отбасымен көшіп келген. Бұл кісіге Көші-қон заңдарының баптарын бұзды деген сот шешімі шыққан. Сот шешімі – (азаматтық процессуалдық кодекстің 517-бабы, 2-тармағы) шетел азаматының 90 күн уақыттық тіркелу мерзімінен өткізіп алады да, заңбұзушылық жауапкершілігіне тартылады. Көші-қон заңнамаларына сәйкес осындай құқықбұзушылықпен айыппұл алатын болса, Қазақстан аумағында тіркелуге 1 жыл, азаматтық алуға 5 жыл құқығы шектеледі. Осы мәселенің мән-жайын көп қандастарымыз түсінбей жатады. Мұндай заң барын заң қызметкерлері де оларға дұрыстап түсіндіріп айтпайды.
Әлеуметтік желілерде атқарылған істерді жариялап отырмыз. Өздеріңіз көргендей, көптеген мәселелер шешілді. Бұл ретте Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен облыстық Nur Otan партиясы филиалының орны ерекше.
Облыстық Nur Otan партиясының филиалымен бірлесе отырып, көптеген шаралар атқарылды. Тек оралмандарға ғана қатысты істер емес, бала құқығын қорғау, көпбалалы аналардың мәселесімен де айналысып келеміз.
Сұхбаттасқан Бақытбек ҚАДЫР