587
БІЗДІҢ ШӘКЕҢ
БІЗДІҢ ШӘКЕҢ
Газеттің Бас редакторы Қалтай Мұхамеджан редакция ұжымын тосыннан кабинетіне шақырып, біз күтпеген шешімін айтты.
– Мен ары ойлап, бері ойлап бір тоқтамға келдім. Мына нарықтың таршылық заманында газет шығару оңай емес екен. Сендер Үкіметтің қаржы тапшылығынан бес айдан бері айлықтарыңды алған жоқсыңдар. Министрлікте ашпаған есігім, кірмеген тесігім қалмады. Қолында билігі бар жастарға мен сияқты шау тартқандардың қайта-қайта барып, жалынып жалпайғаны жараса бермейді екен. Енді міне, амалдың жоқтығынан газетті жапқалы отырмын. Бәріне көніп, бәріне төздіңдер. Қайтейін, қиюы келмесе істе берекет болмайды екен. – Ол сөзін көңілсіз үнмен осылай түйіндеді.
Кабинеттің іші құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Қалағаңның бәрінен түңілгендей мына сөзі мен ауыр үнсіздік еңсемізді басып тұр. Қаржының түсімі болмай төрт бет «Түркістанның» соңғы біраз сандары жарыққа шықпай қалған. Бар сенгеніміз Қалтай осылай деп кесімді сөзін айтып отырса, бізге не дауа? Жағдайға мойын- сұнып, амал-шарасыздан келіскендей болып пұшайман күй кешіп отырдық. Сол мүлгіген тыныштықты редактордың орынбасары Шәмшидин Паттеевтің жігерлі дауысы бұзды.
– Қалаға, бірнеше жылдан бері жұртқа танылып қалған «Түркістанды» жаппаңыз. Жыл бойына жазылған азды-көпті оқырмандарымыз бар. Мына өтпелі кезең кімге оңай болып тұр дейсіз. Шыдам, төзіміміздің жеткенінше қиындықпен алысып көрейік. Өтпелі кезең де өтер, кетер.
– Шәмші, шырағым, осы қазақтың тілі мен газеті үшін күні бүгінге дейін күресіп келдім. Газет, газет деп жүріп, ойда жүрген қаншама дүнием жазылмай қалды. Қарттық та жеңе бастады. Егер бар істі өзің қолға аламын десең, сөз басқа. Жассың ғой, бәлкім істің көзін табарсың.
– Сенім артсаңыз қолға алып көрейін, аға.
Қалағаң ұзын стол шетінде жағалай отырған бізге шола қарап:
– Естідіңдер ме, бүгіннен бастап сендерге Бас редактор Шәмшидин болады. Бұған қалай қарайсыңдар? – деді.
Біз келістік.
Ол кезде республиканың Баспасөз және мәдениет министрі Алтынбек Сәрсенбаев еді. Министрліктер түгел Астанаға қоныс аударған. Басқарушы компания Шәмшидин Паттеевті Бас редактор етіп бекітті. Екі-үш айдан соң жағдай жақсылыққа қарай өзгере берді. Мұнай өнімділігі артып, республиканың экономикалық әлеуеті көтерілді. Шәмшидиннің Астанаға іссапары жиілеп, көп кешікпей айлық еңбекақымызды да ала бастадық. Авторларға да қаламақы төлейтін жағдайға жеттік. Шәмшидин бұрын редакциядан кетіп қалғандардың орнына баспасөздерде тың ойларымен көрініп жүрген, компьютерден интернет жүйесін жақсы меңгерген Нәзия Жоямергенқызы, Есенгүл Кәпқызы, Гүлбиғаш Омарова, Динара Мыңжасарқызы, Кәмшат Тасболатова және Мұхтар Сеңгірбаев секілді жастарды бірінен соң бірін тілшілік қызметке тартты. Сол жастармен бірге газетке жаңа серпін келді.
Жыл соңындағы кезекті бір лездемеде Шәмшидин Паттеев:
– Баспасөзге жазылу мәліметіне қарасақ, келесі жылғы оқырмандар саны жиырма мыңға жетіп қалыпты. Алдағы жылы газетті сегіз бет етіп шығарамыз. Соған байланысты жаңа айдарлар ойлай жүріңдер, – деді.
Тілшілердің арасында күмәнді сөз жүрді. «Бас редактордың бұл шыны ма, әлде әзілі ме? Сегіз бетті қалай шығармақшы? Оқырмандар саны көбейгенімен, газет шығыны да шаш етектен емес пе? Оған қаражатты қайдан табады?».
«Көз қорқақ, қол батыр». Шәмшидин оның да жолы мен жөнін тапты. Лездемелерде қоғамдағы жағдайларға байланысты тың идеялар беріп, тілшілерге талапты күшейтті. Олар қоғам мен нарықтық қатынасты жақсы білетін саясаткерлер мен экономистерді, көне дәуірді зерттеп жүрген белгілі тарихшыларды газетке тартып, құнды мақалаларын жариялады. Жазғандарын редакцияға әкеп жатқан әр саланың мамандары қаншама. Соларды талғап, таңдап жариялаумен болдық. Газет беттерінен тың ойларымен таныла бастаған саясаткерлер Досым Сәтбаев, Ораз Жандосов, Болат Әбілов, Расул Жұмалы, тарихшы-ғалымдар Талас Омарбеков, Мәмбет Қойгелдиев, Қазақстан Парламентінде батыл ойларымен көзге түсіп жүрген Шерхан Мұртаза, Серікболсын Әбділдин, Әбіш Кекілбаев, белгілі ақын-жазушылар Бексұлтан Нұржекеұлы, Смағұл Елубаев, Темірхан Медетбеков, Мұхтар Мағауин секілді тағы басқа да ұлт тарландарының сұхбаттары мен жазғандары газеттің мазмұнын мүлдем өзгертіп жіберді. Айлығымыз да көбейіп, қаламақымыз да қомақты болды. Мақалаларды өндіріп, өткір жазатын Есенгүл Кәпқызы мен Гүлзина Бектасова секілді қаламы ұшқыр журналистер жинаған қаражаттарына және бәйгелік конкурстарда жеңіп алған қомақты ақшалай сыйлықтарына жеңіл көліктер сатып алды. Ал Жаңабек Шағатай көтеріп отырған мәселенің мәнін ашса, суретші Еркін Нұразхан басылымды безендіріп қана қоймай, жүре-бара қарымды журналистер қатарына қосылды.
Газетте жарияланған сын мақалаларға құзырлы мемлекеттік мекемелер ресми түрде жауап беретін. Бұл «Түркістанның» беделін көтерді. Шет елдерге іссапарға шыққан Үкімет құрамымен бірге барған баспасөз өкілдерінің арасында біздің тілшілер де жүрді. Кейіндеу тілші Нәзия Жоямергенқызы Америкада журналистердің айға созылған іс-тәжірибе алмасу жиынына қатысып, сол елдің тыныс-тіршілігі жайында газетке материалдар жазып тұрды. Шәмшидин ара-тұра қаржылы мекемелерден қаражат тауып, басқа тілшілерді де алыс-жақын елдерге жіберді. Ал сол қаржыландырған мекемелер айтулы газеттердің беделді басшыларына болмаса, кез келген басылымдарға ақшасын бей-берекет шаша бермейтіні бесенеден белгілі.
Шәмшидин араға тағы да санаулы жылды салып сегіз бет апталық «Түркістанның» көлемін он екі бетке жеткізді. Қазір айтуға оңай. Ал газет көлемін ұлғайтып, тілшілер штатын көбейту үшін Шәмшидинге Астанадағы құрылтайшы компанияның келісімін алу өте қиынға түскенін біз жақсы білеміз. Бұл жерде де оның іскерлігі мен мәмілегерлігі үлкен рөл ойнады. Қоғамда орын алған түйінді мәселелерге қарай газеттен жаңа айдарлар көрініс тапты. Бас редактор газет беттерінің көбеюіне байланысты газет ішінен қосымшалар ашу жөнінде қызметкерлерге ой тастады. Ұжым боп кеңесе келе, айына қоғамдық өмірдің барлық салаларын қамтитын «Ырыс», «Тайқазан», «Жаһан», «Қоныс» атты төрт беттік ұлттық қосымшалар оқырмандарға жол тартты. Бертін келе «Түркістанның» төрінде», «Алдаспан ашық пікірсайыс алаңы» айдарларымен әр саланың мамандары келелі кеңеске шақырылып, ой-пікірлері жарияланып отырды. «Таным» айдарымен берілген тарихи тұлғалар тағдыры да көпшіліктің көкейінен шыққанын айта кеткен ләзім.
Ерекше тоқталатын бір жай, тарихшы ғалымдар Мәмбет Қойгелдиев пен Тұрсын Жұртпайдың Алаш арыстары жайында жазған ғылыми мақалалары баршаның көкейінен шықты. Ауыл шаруашылығы мен өндіріс орындарындағы өзекті мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Сол салалардың мамандарымен тілшілердің жүргізген сұхбаттары да көп жайдың бетін ашты. Жазушы-партизан Қасым Қайсеновтей Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің естеліктері де арагідік болса да жарияланып тұрды. Төл мерекеміз қарсаңында тілшілердің өткір де өтімді мақалалары Қазақстан Журналистер одағы мен Баспасөз министрлігінің марапаттауларынан кенде қалған жоқ. Журналистер де елге танылып, беделдері көтерілді. Дәлел керек пе? Айтайын. Журналист Нәзия Жоямергенқызының інісі Өркен де телеарнаның тілшісі ретінде Маңғыстау мұнайшыларының наразылық митингілерінен репортаж жүргізіп жүріп, ішкі істер бөлімінің қызметкерлерінің қолына түсіп қалған. Ол амалын тауып қалта телефоны арқылы Нәзияға хабарласып, жағдайын түсіндіреді. Нәзия сол бойда Астанадағы құзырлы органдармен байланысқа шығып, інісін босатуын өтінеді. Арада үш-төрт сағат өткен соң Ақтау қалалық ішкі істер бөлімінің қызметкері інісі мен операторды ұшаққа шығарып салғанын хабарлады. Егер тілші елге танымал айтулы журналист болмаса, өтінішін кім тыңдар еді?
Өз басым қаншама жылдар қызметтес болып жүріп, Шәмшінің тілшілерге ренжіп дауыс көтере сөйлегенін естімеппін. Қандай жағдайда да сабырлы қалыбынан айныған емес. Қайта өз көңілінен шыққан материалдардың авторларын мақтан тұтып, көтермелеп отырды. Өзі де Қазақстан мен Ресейден шыққан орыстілді басылымдарды үзбей оқып, олардың ұлтқа қатысты қиғаш пікірлеріне тойтарыс беру үшін тілшілерге ұтымды бағыт-бағдар беретін. Кейде кейбір күмән тудыратын материалдарды газет беттеліп жатқанда алдырып, келесі нөмірге дейін дәлелдеме-фактілерін авторға қайта пысықтатады. Онысы орынды болып та шығатын. От ауызды, орақ тілді журналист-жазушы Мырзан Кенжебай да біздің газетке арагідік атсалысып тұрды. Кезекті лездемеде Шәмшидин орынбасары Дидахмет Әшімханға: «Дидаға, кешегі сандағы Мырзанның мақаласында артық-ауыс сөздер кетіп қалыпты. Бұдан кейін оның мақалаларын өзіңіз редакциялап жіберіңіз», – деді. Мырзанның қай материалы да ащы сынға жазылатын. Оның газетке ұсынған тағы бір материалын Дидахмет редакциялап, өзін кабинетіне шақырып: «Мырзан, сен ащы айтыпсың, мен аздап мұртын бастым. Жалпы, екеумізден жаман журналист шықпайды екен. Енді мақалаңды өзің үстінен тағы бір рет қарап бер», – деп қолына ұстатты. Мырзан оқып шығып, түзетулеріне келісімін берді. Бір жолы ардагер жазушы-журналист Зәкір Асабаев: «Шәмшидин бастығың ақылды жігіт. Кісілерді қалай қабылдауды, кіммен қалай сөйлесуді біледі. Газетті көгертетін жігіттер осындай ілтипатты болса керек. Бүгін газетте мақалам жарық көрмесе де, сөзіне көңілім толып шықтым», – деді. Жалпы, оның қабылдауында болған жандардың бәрінің айтатыны осы.
Кезекті лездемеде ол кеше Қазақ ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Жұмағұлов қаланың баспасөз өкілдері мен игі жақсыларын жинап, оқу орнының өткені мен бүгінгі тіршілігі жайында айтқанын, өзінің басшылығымен атқарылған жұмыстарға көбірек тоқталғанын, сол университет құрылысының негізін қалаған академик Өмірбек Жолдасбековтің толайым ісін аузына да алмағанын, оның бұл жөнсіздігі залда отырғандарға кері әсер еткенін жеткізді. Мен академиктің ісі мен тағдыры жайында бұрыннан зерттеп жүр едім. «Шәке, ол айтпаса, газеттен біз айтайық», – деп едім, ол: «Көлеміне шек қоймаймын. Жазыңыз», – деп бірден келісімін берді. Жолдасбековтің ректор кезінде Тарас деген құрылыс директоры болған. Сол кісіні жақсы танушы едім. Екеуміз Жолдасбеков жайында, университеттің құрылысы туралы біраз әңгіменің басын құрадық. Газеттің келесі санына менің «Бұл Жолдасбеков салдырған университет» деген бір беттік мақалам жарық көрді. Ертеңіне университет басшыларының бірі редакцияға келіп, «Университетті насихаттағандарыңыз үшін» деп Мақтау грамотасын беріп кетті.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі баспасөзде аз жазылған жоқ. Екі күнге созылған көтеріліс қанша жазылса да терең қатпарлы сырлары уақыт өткен сайын ашылып жатыр. Мен де өз үлесімді қостым. Шәкең: «Көлаға, осы мәселені індетіп жазсаңыз қайтеді?», – деп маған ой салды. Сол көтерілісте тек студенттер мен жұмысшы жастар ғана емес, қазақтың бетке ұстар зиялы қауымы да жапа шекті. Неге жастармен бірге солардың тағдырын қосып жазбасқа? Үлкен істі Шымкент обкомының бірінші хатшысы Асанбай Асқаровтан бастағанды жөн көрдім. Мұрағат материалдарын ақтармай анау айтты, мынау айтты деп жаза салу салмағын жеңілдетіп жіберетіні анық. Солай мұрағаттағы тергеу материалдарымен танысуға тура келді. Мақала жазылып біткен соң тақырып қою да көп ойландырды. Мәскеулік тергеуші генерал Калиниченконың: «Узбекское делоны» жүзеге асырсақ та, «Казахское делоны» жасауда мақсатымызға жете алмадық. Оның осы сөзі көкейіме қона кетті. Солай қуғын-сүргінге ұшыраған 37 адамның тағдыр-талайы «Авторлық бағдарлама» айдарымен «Казахское дело» тақырыбымен жылдарға созылып жазылды. 2006 жылы сол сериялық топтамаларымды Шәмшидин үшінші рет Президент сыйлығына ұсынды. Сәті түсіп, еңбегім бағаланды. Есіме тағы түсіп отыр. Сол тақырыппен Сағат Әшімбаев жөніндегі материалым дайын болған кезде Бас редакторға: «Шәке, он екі бет газеттің екі бетін менің «Казахское делома» берсеңіз», – деп өтінгенім сол еді Нәзия әзілге бұрып: «Көлаға, қазір жекешелендіру науқаны қызып тұр ғой. Газеттің сол екі бетін сіз жекешелендіріп алсаңызшы», – деді жымиып. Үлкен үстелді жағалай отырған әріптестерім ду күлді. Иә, бұл тақырыпта жазғандарымның кейбірі газеттің екі бетінен де асып кететін. Материалдың маңыздылығына көңіл бөлген Шәкең беттен таршылық жасамағанына қалай риза болмайсың?
Осындайда өткен жайлар ойға орала береді. Мамыр айының бас кезі еді. Хатшы қыз келіп, редактордың шақырып жатқанын айтты. Кабинетіне барсам Шәкең жалғыз өзі отыр екен.
– Көлаға, жаңа ғана осындағы Иран мәдени орталығынан профессор Замани деген кісі хабарласты. Тегераннан бүгін ұшақпен келсе керек. Қалтай ағаның өмірден озғанын естіпті. Шаңырағына барып рухына дұға бағыштап келетінін айтып, жол көрсететін қызметкеріңіздің бірін жіберсеңіз деп өтініш жасады. Осындағы жастардың бірін жібере салайын десем, олар Қалтайды сіздей жақсы білмейді ғой. Ал өзім қала әкімшілігінде болатын жиналысқа қатысуым керек. Сол кісіні сіздің алып барғаныңызды жөн көріп отырмын, – деді.
Замани алпыстың үстіндегі бурыл шашты кісі екен. Орталықтан Қалтай ағаның әйелі Фарида апайға телефон шалып, мән-жайды баяндадым. Апай: «Қарағым, қонақты күтіп алуға дайындалғанымша екі сағат айналдыра тұршы», – деді. Профессорды әңгімеге тартып, Қалтайды қашаннан бері танитынын сұрадым. Ол:
– Осыдан бір сағат бұрын ғана біз мінген ұшақ әуежайға қонған еді. Зиялы адамдардың бірінен Қалтай туралы сұрадым. Оның өмірден өткеніне үш-төрт күндей болғанын естігенімде, төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды. Суық хабар көзіме еріксіз жас толтырып, буыным босап бос орындыққа отыра кеттім. Ол қазақтың ғана Қалтайы емес исі мұсылманға ортақ тұлға еді. Мен бұдан бұрын Алматыға екі рет ат басын тіреген едім. Аз да болса бой көтерген мешіттерді көріп, іштей қуандым. Әкімшіліктегілердің бірінен жөн сұрасып, сөйлесетін кісі бар ма деп едім, олар маған «Түркістан» газетінің редакторы Қалтайды сілтеді. Біз кабинетінде асықпай отырып аудармашы арқылы пікір алыстық. Мені ол жан-жақты білімділігімен тәнті етті. Әсіресе, діндер жөніндегі пікірі, талдап сөйлегені маған қатты ұнады. Әдемі әзіл-қалжыңнан да құр алақан еместігін байқадым. Кісіні өзіне тартып тұратын қасиеті де бар екен. Тегеранға барған соң университеттің ірі дін ғұламаларына Қалтай туралы айтқанымда олар оны алдағы жылы болатын араб елдері діндарларының конференциясына шақыратын болып шешім қабылдады. Алматыға екінші рет келгенімде де бірден сол кісіге қарай тарттым. Арнайы шақыру қағазын тапсырып едім, баруға келісімін берді. Сол жолы да біз ұзақ сөйлестік. Қалтай Тегерандағы сол конференцияға келіп, мінберден сөз сөйледі. Ғұламалар алдында сөз сөйлеу де оңай емес. Қалтайдың сөзі талғамдарынан шықты. Тіпті кешегі атейстік қоғамнан шыққан жанның әлемдік діндер жөніндегі ой-толғамдарына қайран қалды. Сөзінің кейбір тұстарында орынды әзіл-қалжыңдарымен залдағыларды күлкіге көмді. Қалтайдың сол сөздері таспаға жазылған. Университеттің қорында сақтаулы тұр. Сіздердің Үкімет тарапынан сұрау болса, көшірмесін береді. – Профессор аз ғана үнсіз отырды да, үзілген сөзін қайта жалғады. – Мен өмірден қазақтың Қалтайы ғана өтті дей алмаймын. Дін Исламның көктегі бір жарық жұлдызы сөнді деп білемін, – деп терең күрсінді.
Біз екі сағаттан соң еңселі үйдің төртінші қабатындағы Қалағаңның шаңырағында болдық. Басына ақ жаулық байлаған Фарида апай қарсы алды. Кең дастарқан басына жайғасқан соң Замани Қалтайдың рухына бағыштап дұға оқыды. Содан соң апайға көңіл айтты. Дастарқандағы мол ас мәзірінен дәм татып, Қалтай ағаның жұмыс бөлмесіндегі тұтас үш қабырғаны алып жатқан кітаптар жиынтығын көріп: «Бұрын өзім де оның білім-біліктілігіне қарап, дүние-мүлік емес, рухани байлық жинаған кісі болар деп топшылайтынмын», – деді. Қоштасар сәтте маған: «Өзін көрмесем де редакторыңыздың көрегендігін бағана сөзінен байқадым. Уақыт бәрімізге қымбат. Сізді маған жіберіп, менің Фаридамен кездесуіме қолайлы жағдай туғызғанына алғысым шексіз», – деп ризашылығын білдірді.
Алматының зиялы қауым өкілдерінің біразы «Қазір «Түркістан» республикадағы айтулы бес газеттің қатарында. Жұрттың оқылатын басылымына айналды. Бұл – үлкен жетістік. Оның үстіне газеттің жарық көргеніне биыл жиырма жыл толды. Республикалық деңгейде атап өтулеріңе болады ғой» деп ұсыныс жасады. Ондай ой бізде де болған. Бірақ республика көлемінде емес, қала көлемінде өткізу еді. Зиялылардың ұсынысы түрткі болып, ай бұрын тойға дайындықты бастап та жібердік. Қабырғамызбен кеңесе келе, салтанатты жиналысты Ғабит Мүсірепов атындағы жастар театрында өткізуді жөн көрдік. Шәкеңнің тапсырмасымен сол жылдар бедерінде болған газет ұжымындағы қызықты оқиғаларды «Түркістанның» эпопеясынан...» деген тақырыппен көлемі бір беттік мақала жаздым. Той 2014 жылы мамыр айының басында өтті. Залдағы орындықтар келушілерге жетпей қос қапталында түрегеп тұрғандар қаншама. Біз мұншалық оқырмандар мен зиялы қауым жиналады деп ойлаған жоқ едік. Сахнада әдебиеттің алыбы Әбдіжәміл Нұрпейісов сөз бастап, газеттің оқырмандар талғамынан шыққанын тілге тиек етті. «Егемен Қазақстан» газетінің президенті Сауытбек Әбдірахманов құттықтап, бірқатар облыстың әкімшіліктерінен келген өкілдер мен республикалық, облыстық газеттердің қызметкерлері жылы лебіздерін білдірді. Газет жариялаған конкурстың оншақты жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар тапсырылып, соңынан жұрт Қазақстан өнер шеберлерінің концертін тамашалады.
Сол жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев жылдағы дәстүрімен республикаға танымал бес газет редакторын қабылдады. Сөз кезегінде Шәмшидин Паттеев: «Нұреке, қазір әдебиетке берілетін Мемлекеттік сыйлық лайықтыларға емес, кезегі келген қарттарға бұйыратын болып кетті. Осы жағына көңіл бөлсеңіз», – деді. Президент сол бойда тиісті қызметкерлеріне осы мәселемен айналысуды тапсырды.
Қазір ойлаймын. Шәмшидин газетке Бас редактор болмағанда ана бір жылы газеттің қаржы тапшылығынан жабылып қалуы да мүмкін еді-ау. Жастық жігерімен бар қиындыққа төтеп беріп қана қоймай, газетті елге танымал таңдаулы басылымдар қатарына дейін көтерді. Бұл оның ұлттық тіліміз үшін, ұлттық құндылықтарымыз үшін, ұлттық мүддеміз үшін, ұлттық тарихымыз үшін ұжымды жұмылдыруда қажымай-талмай жүргізген күрес жолы болды. Бүгінде алпыстың асқарына шыққан ҚР Президенті сыйлығының иегері Шәмшидин Паттеевтің халықаралық «Түркістан» газетіне сіңірген осынау еңбегін қалай айтпай тұра аласың?!
Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ,
ҚР Президенті сыйлығының иегері