344
Домбырашы балалар Дубайдан жүлдемен оралды
Домбырашы балалар Дубайдан жүлдемен оралды
Елордалық жас өнерпаздар Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен Dubai East Vision халықаралық байқауында 1-орынға ие болды.
Бірнеше номинация бойынша өткен Dubai East Vision халықаралық байқауына Нұр-Сұлтан қаласынан Оқушылар сарайының өнерпаздары 2 топта қатысқан. Біріншісі – кіші топ. Олар қазақ ұлт аспаптар ансамблі, яғни домбыра, қобыз, және жетіген аспаптарында өнер көрсеткен. Ал екінші топ таза домбырашылардан құралған. Байқауға жалпы саны 17 бала қатысқан. Елордадан барған екі топ та өз номинациясы бойынша 1-орынға ие болған.
Ел намысын қорғаған жас домбырашылардың топ жетекшісі Әлия Ахметованың айтуынша, Қазақстаннан бөлек Ресей, Саха Республикасы, Кувейт, Украина және Испания елінің жас өнерпаздары бақ сынаған. Халықаралық байқау аспап, вокал, хореография, сурет салу және театр номинациялары бойынша өткен.
«Байқауда екі топ бірнеше ұлттық шығармамызды көпшілікке тарту етті. Атап айтар болсақ, «Қара жорға», халық күйлері «Тепеңкөк», «Секіртпе» және бірнеше халық күйлерінен құралған попурри «Күй шашуды» орындады. Балалардың ең жасы – 8-де, ал ең үлкені – 12-13 жаста. Тағы бір айта кетерлігі – кіші топтағы балалар үлкен сахнаға бірінші рет шықты. Себебі олар аспаптар үйірмесіне таяуда ғана жазылған. Бұған дейін тек қалалық сахналарға шығып жүрді, соған қарамастан байқауда өздерін жоғары дәрежеде көрсете білді. Шынын айтсақ, біз үшін 1-орыннан гөрі ұлттық аспабымыздың әлем сахнасында естілуі маңызды. Бастысы – көрермен бүлдіршіндеріміздің өнеріне тәнті болды. Әсіресе, ұлттық киімдерімізге аса зор қызығушылық танытып, балалармен суретке түсушілер көп болды», – дейді ол.
Dubai East Vision – жылдың ең маңызды фестивалі ғана емес, сонымен қатар Дубайдың Мәдениет және туризм департаментінің ресми қолдауымен өтетін эмираттың ең жарқын мәдени шараларының бірі. Аталған фестиваль дәстүрлі түрде әлем таланттарын біріктіріп, олардың заманауи сахнада өнер көрсетіп, Парсы шығанағы жағалауының әдемілігін тамашалауына мүмкіндік береді.