569
Күйеуі Қытайда қалған Қарақат Әбдеш
Күйеуі Қытайда қалған Қарақат Әбдеш
Қазақ көшінің қарқыны бірде баяу, бірде толайым. Көшіп келген қазақтардың әртүрлі күрмеулі түйіні бар. Алайда, 2017 жылдан бастап қазақ көшінің ең басты «бас ауруына» айналған мәселе – бір отбасының екіге бөлініп қалуы. Әсіресе, Қытай елінен келген қазақтардың ішінде отбасынан бөлініп қалған азаматтар көп. Сондай отбасылардың бірі – Бекеш Манапхан мен Қарақат Әбдештің отбасы. Олар Қытай елінің Іле қазақ автономиялы облысы Алтай аймағы Буыршын ауданынан көшіп келген. Қарақат Әбдеш Қазақстан азаматы. Нұр-Сұлтан қаласы Көктал-1 тұрған алабында тұрады. Екі баланың анасы. Жолдасы Бекеш Манапхан Қытай азаматы (Қазақстан Ықтиярхаты бар) жұбайының айтуына қарағанда, қазір жазықсыз жаламен Қытай түрмесінде отыр.
Қарақат Әбдеш: «Күйеуім Бекеш Манапхан ұзақ жылға сотталған. Әкесі және екі інісімен төрт адам Қытай түрмесінде отырғанына 3 жылдан асты. Қайын атам Манапхан Зейнолла он бір жарым жыл арқалады және 300 доллар көлемінде айыппұл төледі. Үлкен қайным Еркеш Манапхан – он бір жыл, жолдасым Бекеш Манапхан – жеті жыл, кіші қайным Ерболат Бәйкен – үш жылға сотталды. Ерболаттың көзі соқыр болып қалды.
Қытай елі бұл адамдарды еш негізсіз жаламенен соттап отыр. Бар таққан жаласы – «қарақол сипатты» дейді. Бір сөзбен айтқанда, рэкеттік жасады деген айып. Ал Қытай елінің заңында рэкет деп тану үшін үйінен қару-жарақ табылуы қажет. Ешқандай заңбұзушылық, біреуді тонау-қанау секілді нәрсе болғаны туралы айғақ жоқ.
Мен Қазақстан азаматы болсам да, Қытай елі мені еш айыпсыз екі жыл үйқамақта ұстады. Жолдасымның туған-туыстардың бәрі сол жақта болатын, туысшылап барған едік. Мен азаматтық алып қойғам. Жолдасымның ықтырияхаты болды, Қазақстан азаматтығын енді аламын деп жүрген. 2017 жылы 17 сәуірде оларды ұстап әкетті. Төрт еркектен қалған төрт әйел екі жыл қатаң бақылау мен тергеуде отырдық.
Осындай жағдайдан кейін денсаулығымнан айырылып қалдым. Қазір жұмыс істеуге да жарамаймын. Жолдасым қандай жағдайда жүр өлі ме, тірі келе ме деген уайыммен күндер өтуде. Түнде ұйықтай алмаймын. Балалар әкесін іздеп жылайды.
Күйеуімді екі жыл көргем жоқ. 2017 жылы соты болғанда алып келді, аяқтарында шынжыр, бастарына қара дорба жапқан, тек сот кезінде ғана беттерін ашты. Мен өз күйеуімді танымай қалдым. Бұрын жолдасым жүз бес келі болатын, мен көргенде қу сүйегі ғана қалыпты. Қарауға дәтім шыдамады.
Екі жылдан кейін визамың уақыты бітті де, шартпен елге жеттім. Күнкөріс қиын. Туған-туыс, көрші-қолаңның көмегімен жан бағып келеміз. Көмір алуға да қаржы болмады. Өкіметтен ешқандай жәрдемақы ала алмадық. Арызданбаған жерім жоқ. Ал әлеуметтік жәрдемақы алу үшін, күйеуімен ажырасқан немесе қайтыс болған болуы керек екен. Бізде онда ешқандай куәлік жоқ.
Менің бірінші өтінішім, Сыртқы істер министрлігі, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар» қоры болып, менің бөлініп қалған отбасымды дипломатиялық жолдармен біріктіріп берулеріңізді сұраймын. Екінші, қазіргі жағдайыма байланысты, әлеуметтік көмек көрсетсеңіздер екен деймін», – деп жанарына жас алған қандасымыз Қарақат Әбдеш, әуелі бір Алладан, екінші атажұрттағы қара орман ағайыннан бір көмек күтуде.
Бақытбек ҚАДЫР