354
Дүниені дүрліктірген дерт
Дүниені дүрліктірген дерт
Қытайда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар қатары күн санап артып барады. Тез тарап жатқан бұл дерт бүкіл әлемді алаңдатуда. Өйткені бүгінге дейін коронавирус жұқтырғандар тек Қытайда ғана емес, тағы 13 елде тіркелген. Қазақстан да ел аумағында коронавирустың тарауына жол бермеу үшін алдын алу жұмыстарына кірісті.
Коронавирусқа қарсы күрес
Соңғы ресми деректерге сүйенсек, бүгінге дейін коронавирустан қаза тапқандар саны 80-нен асқан. Індеттен көз жұмғандардың 13-і – Ухань қаласының тұрғындары. Ал коронавирусты жұқтырғандардың жалпы саны 2 мыңнан асып кетті. Оның ішінде 300 адамның халі ауыр. Тағы 20 мыңдай адам медициналық бақылауға алынған. Демалыс күндері әлеуметтік желілер арқылы Қытайда коронавирустың жаңа түрін жұқтырғандар саны 2,8 млн адамға жетіп, 112 мың азаматтың қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған болатын. Алайда жер жаһанның үрейін ұшырған бұл дерек расталған жоқ. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі де әлеуметтік желідегі мұндай алыпқашпа әңгімелерге сенбеуге шақырды. Қытай билігі күннен-күнге өршіп бара жатқан дертпен күресуге барын салуда. Вирустың таралуына қарсы шараларға Қытай қаржы министрлігі қосымша 144 миллион доллар бөлді. Ел билігі 10 қаланы оқшаулап, тұрғындарына сыртқа шығуға тыйым салды. Қазір қытайлық Жұқпалы ауруларды бақылау және алдын алу орталығының ғалымдары коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеуге кіріскен. Деген-мен қандай да бір дертке қарсы вакцина әзірлеу бір күнде бітетін шаруа емес, бұл – өте күрделі процесс. Вакцина қолданысқа дайын болу үшін кемінде 2-3 жыл уақыт қажет. Сондай-ақ індет алғаш тіркелген Ухань қаласында арнайы аурухана құрылысы жүріп жатыр. 1 мың науқасқа арналған медициналық мекемені Қытай билігі аз уақыт ішінде салып бітіруге ниетті. Оның үстіне, биліктегілер бұған көп қаржының кетпейтінін мәлімдеді. Себебі емхана дайын блоктардан салынады. Айта кетейік, вирустың тез таралуына байланысты Шанхай мен Бейжің қалаларында мұражай, театр және өзге де туристік нысандар жұмысын тоқтатты. Ал Ухань қаласының бірден карантинге жабылғаны белгілі. Сонымен бірге мұнда қоғамдық көлік қозғалысына да шектеу қойылып, мейрамханалар мен кинотеатрлар да уақытша жұмыс істемейді. Қазір Қытай халқы көңіл көтеру орындары емес, дәріханалардың алдында кезекте тұр. Бұған дейін ауаның лас болуына байланысты үлкен сұранысқа ие болған медициналық маскаларды сатып алушылар қатары қазір тіптен артқан. Қытай шаһарларында әр сағат сайын дезинфекция жүргізілуде. Дертті жұқтырмас үшін ел тұрғындарына аурудың алдын алу ережелерін сақтап, жануарларға жоламай, тек термиялық өңдеуден өткен тағамдарды ғана тұтынуға нұсқау берілді. Қытайда коронавирус кеселінің белең алуына байланысты 24 провинция мен бірқатар ірі қалаларда төтенше жағдайда әрекет етудің ең жоғары деңгейі жарияланды. «Жергілікті билік дендеген дерттің алдын алу бойынша арнайы топ құрды. Оған үш аурухана қосылды. Қазір біз медициналық қызметкерлерге аурумен күресу жолдарын үйретіп жатырмыз. Дертті емдеуде Қытайдың дәстүрлі медицинасы мен Батыс медицинасын қолданып жатырмыз. Бұдан бөлек, қызуы көтерілген азаматтар тиісті көмек алуы үшін 101 медициналық мекеменің тізімін жарияладық», – дейді Денсаулық сақтау жөніндегі Бейжің комитетінің басшысы Лэй Хайчао.Бұл дерт қайдан шықты?
Қытайда кең тараған індетке ғалымдар «коронавирус» деген айдар тақты. Бұл вирус әуелі жан-жануарлар арасында пайда болып, кейін сол арқылы адамдарға жұға бастайтын көрінеді. Коронавирусты алғашқы болып жұқтырғандардың көбі Қытайдың Ухань қаласындағы теңіз өнімдерін сататын базарға барған немесе сонда жұмыс істеген. Бұл сауда орны дереу тергеуге жабылды. Ғалымдар әуелде коронавирустың тарауына жылан мен жарғанаттар себеп болғанын айтқан-ды. Оны ауруды ең бірінші жұқтырған адамның әлгі базарда жылан етін жегенімен байланыстырды. Одан ары инфекция адамдарға жұға бастаған. Бұл – өте қауіпті. Өйткені аурудың алғашқы белгілері дертті жұқтырғаннан бірнеше күн өткеннен кейін ғана байқалады екен. Ал ол кезде инфекция жұқтырған адам басқа шаһарда, тіпті басқа елде болуы әбден ықтимал. Дүйсенбі күні Қытай ғалымдары коронавирустың жаңа түрінің пайда болу себебін анықтағанын мәлімдеді. Ғалымдар Уханьдағы теңіз өнімдері базарынан алынған сынамаларды зерттеуден өткізді. Оның қатарында жабайы аңдар да болыпты. Зерттеу нәтижесі бойынша 585 сынаманың 33-нен коронавирустың жаңа түрі вирустық нуклеин қышқылы анықталған. Осыған орай мамандар эпидемияның тарауына жабайы аң саудасы әсер етуі мүмкін деген қорытындыға келіп отыр. Айта кетейік, біздің елде «коронавирус банан арқылы жұғуы мүмкін» деген ақпарат желдей ескен. Бірақ әлеуметтік желілер арқылы тараған мәліметті еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі жоққа шығарды. Министрдің орынбасары Камалжан Надыровтың айтуынша, жалған ақпарат таратқандар анықталып, жауапкершілікке тартылады. Сосын халықты тек ресми дерек көздеріне сенуге шақырды. Бұл вирусқа тән симптомдар – тұмаурату, бас ауруы, жөтел және дененің қалшылдауы. Сонымен қатар АҚШ-тың Ауруларды бақылау және олардың алдын алу орталығының мәлімдеуінше, коронавирустың едәуір қауіпті түрін жұқтырғандар демігеді, қалтырайды, ал ауруы асқынған жағдайда пациенттер пневмонияға шалдығуы мүмкін. Коронавирустың көбі жөтелгенде, түшкіргенде немесе осы инфекцияға шалдыққандарды ұстағанда жұғады. Ғалымдардың сөзінше, жаңа вирус адамнан-адамға жақын байланыста болғанда, тыныс алу жолымен беріледі.Жаһанды жайлайтын түрі бар
Қазірдің өзінде коронавирус әлемнің 13 елінде тіркеліп отыр. Қытайды дендеген дертке шалдыққандар Таиланд, Гонконг, Оңтүстік Корея, Вьетнам, Сингапур, Непал, және Франция, АҚШ елдерінде де бар. Өткен аптада Канадада да жаңа коронавирус түрін жұқтырған алғашқы азамат тіркелгені мәлім болды. Fox News мәліметі бойынша, коронавирус Қытайдың Ухань қаласынан Торонтоға оралған 50 жастағы ер адамнан табылды. Сонымен қатар вирусты жұқтыру фактілері демалыс күндері Австралия мен Малайзияда да анықталды. Франция инфекцияға шалдыққан алғашқы науқас жұма күні тіркелгенін мәлім еткен еді. Одан кейін бұл елде коронавирус жұқтырған тағы 2 адам есепке алынды. Непалда да 31 жастағы ер адамның ағзасынан осы қауіпті дерттің белгілері анықталды. Yonhap-тың хабарлауынша, Оңтүстік Кореяда коронавируспен төртінші адам есепке алынды. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы да коронавирустың жаңа түрінен қауіптеніп отыр. Ұйым өкілдері шұғыл жиналыс өткізіп, жаңа вирус бойынша халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялаудың қажеттілігі бар-жоғын талқыға салған болатын. Бірақ ұйым мүшелері нақты шешім қабылдай алмады. Десек те, қазір бұл вирус жайында түрлі қауесеттер тарап жатыр. Тіпті, коронавирус туралы ақпараттың бәрі ойдан шығарылған болуы мүмкін екенін алға тартатындар да көп. Олардың пікірінше, мұндай «жалған тарихты» фармацевтикалық компаниялар медициналық препараттарды сату ісінде пайда табу үшін әдейі ойлап тапқан болуы мүмкін. АҚШ та коронавирусқа қатысты Қытай билігін бірден сынға ала жөнелді. Мемлекеттік департаменттің мәлімдеуінше, Бейжің қауіпті дертке қарсы шұғыл әрекет етпеген. Бұл халықаралық қауымдастықтың Қытайдың індетке тосқауыл қоя алатынына сенімін азайтып отыр дейді Вашингтон. Ал соңғы мәліметке қарағанда, АҚШ-та осы қауіпті вирусты жұқтырып келген науқаспен тағы 16 адам тікелей байланысқа түскені анықталды. Қазір олардың бәрі жіті бақылауға алынған. Айта кетейік, біздің елде аталған вирусты жұқтыру дерегі тіркелген жоқ. Алайда Ухань қаласында білім алып жатқан студенттерді елге қайтару мүмкін болмай тұр. Өйткені вирус ошағы саналатын қала карантинге жабылғандықтан, Уханьға ешкімді кіргізбейді және сыртқа жібермейді. «Ухань қаласында 230 қазақстандық студент тіркелген. Бүгінгі таңда қалада 98 студент қалып отыр. Қалғандары демалыс басталғаннан бастап Қазақстанға және басқа елдерге аттанды. Ухань қаласындағы студенттермен біздің дипломаттар байланыс орнатты. Танымал мессенджерлер арқылы біздің студенттеріміз қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайлардағы сақтық шаралары мен тәртіп ережелері туралы хабардар етілді», – дейді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.