477
Дәрігерлерді қолдауға шақырды
Дәрігерлерді қолдауға шақырды
Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бастауыш партия ұйымдары өкілдерімен кездесуінде партияның алдағы жоспарларымен бөлісті.
Оның айтуынша, Елбасының тапсырмасына сәйкес, Nur Otan партиясы Үкіметпен бірігіп жергілікті ерекшелік пен халықтың нақты қажеттіліктерін есепке ала отырып, аймақтық бағдарламаларды дайындау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Партиялықтар проблемасы көп барлық бекеттерді, соның ішінде, шалғай аудандар мен ауылдарды қамтуды жоспарлап отыр.
«Біз әр аудан үшін партияның жеке бағдарламасын әзірлегіміз келеді. Жергілікті жердегі мәселелер мен сұраныстарға басымдық берсек дейміз. Біз халық өзі қалайтын нақты мәселелерді шешуіміз қажет. Екіншіден, кандидаттарымызды праймериз, яғни партия ішіндегі іріктеу арқылы ұсынбақпыз. Мұның барлығы ашық дебат түрінде өткізілетін болады. Тиімді мәслихат қалыптастырғымыз келеді. Сондықтан Nur Otan партиясының міндеті – креативті ойлайтын, ашық-жарқын жандарды ұсыну. Сондай-ақ біз қыз-келіншектер мен жастарды белсенді қолдап, көтермелейтін боламыз. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы. Әйелдердің 30 пайызы мен жастардың 20 пайызы мәслихаттардың барлық деңгейінде болуы тиіс», – деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Партиялықтарға арнап ұйымдастырылған оқыту тренингтеріне қатыса отырып, Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары дәрігерлерді қолдауға шықырды. Ол өз туыстары мен жақындарын құтқарып қалған оқиғалармен әлеуметтік желілерде бөлісе отырып та, ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетуге болатынын айтты.
«Біз дәрігерлерді қолдауымыз қажет. Әркім дәрігерлердің олардың туыстары мен жақындарын қалай құтқарып қалғаны туралы әңгімелесін. Бұл – өте маңызды моральдық қолдау. Жеке мамандарға, басшыларға қатысты мәселелердің болатыны да сөзсіз. Бірақ жағдайдың 99 пайызында дәрігерлер адамдарға көмектесіп, олардың өмірін құтқарып жатыр. Тек дәрігерлер кейбіреулер секілді өздерін жарнамаламайды. Үндемей ғана жұмыс істейді. Сонымен қатар мұғалімдерді, полиция мен мемлекеттік қызметкерлерді де қолдауымыз керек деп есептеймін. Таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеп, кейде, тіпті отбасыларына көңіл бөлуге уақыттары болмайды. Бірде мемлекеттік қызметке оппозициядан адам шақырғаны есімде. Бірақ ол бір апта да шыдай алмады», – деп ағынан жарылды Бауыржан Байбек.
Айта кететін жайт, партиялық «қайта жаңғыру» аясында Саяси менеджмент мектебі 10 мыңнан астам нұротандықтарға арнап оқыту семинарын бастады. Аймақтық филиалдардың, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері мен партия ішіндегі пилоттық кадрлық іріктеу жеңімпаздары тұлғалық құзыретті дамыту, халықпен және азаматтық қоғам институттарымен өзара тиімді әрекет ету, дағдарыстық байланыс және т.б. салада машықтану деңгейін арттыру бойынша тренингтерге қатысуда.