500
Ұлттық жоспар әзірленеді
Ұлттық жоспар әзірленеді
Апта басында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиын барысында ақпарат саласын дамытудың 2020-2023 жылдарға арналған ұлттық жоспары әзірленетіні белгілі болды.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, ұлттық жоспар шеңберінде отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жұмыстар қолға алынады. Осы орайда, ақпараттық тапсырыс механизмдері де қайта қаралмақ.
Сонымен бірге Дәурен Абаев осы жиында биыл өтуі тиіс 800-ден астам шараның қысқарғанын тілге тиек етті. «Біз Абайдың 175 жылдығын, ел Тәуелсіздігі күнін атап өтеміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған форумдардың ішкі мазмұны жайында айтқан болатын. Ал бұл басқа мәселе. Тәуелсіздік күнінің 30 жылдығы аясында түрлі мерзімдері бар ұсыныстарды жинақтап жатырмыз. Сіздер алдын ала жұмыстарды байқамайсыздар. Бұл жоспар қазіргі уақытта 89-90 тармақтан тұрады, ал бастапқыда 900 тармақ болатын. Біз 800-ден астам түрлі шараны алып тастадық. Бұл жұмыстардың барлығын жүргіздік, форумдар мен семинарлар айтарлықтай қысқарды», – деді Дәурен Абаев.
Одан бөлек қандастарды қолдауды жалғастыру мақсатында биыл 12 елде қазақ тілін үйрету онлайн-сыныптары ашылатындығы айтылды. «Қандастарды қолдауды одан ары жалғастыру мақсатында биыл әлеуметтік-экономикалық қолдау шаралары кешенінің нақты пайымдауын жасау керек. Біріншіден, Отандастар форумын және Шетелдегі қазақтардың кіші құрылтайын жоғары деңгейде өткізу қажет. Екіншіден, 12 елде 31 қазақ тілін үйрету онлайн-кластарын және кемінде 7 елде қазақ мәдени-іскерлік үйлерін ашу керек», – деп атап өтті министр. Осы ретте министр «қандастар» мәртебесін бір терезе принципі бойынша беруге арналған қызметті іске қосудың қажеттілігіне тоқталды.
Сондай-ақ Дәурен Абаев азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды жоспарлы дамыту үшін жүктелген міндеттерге тоқтады. Министрдің сөзінше, 2025 жылға дейін азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы қабылданбақ. Құжат коммерциялық емес ұйымдарды құру процедурасын жеңілдетуге бағытталады. Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау, оның ішінде мемлекеттік қаржыландыру жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету арқылы қолдау тетіктерін дамыту қарастырылатын болады. Азаматтық қоғамды заңнамалық бастамаларды талқылау процесіне мұнан ары да жұмылдыру жоспарланған. Сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдарды қолдау ресурстық орталықтарының жұмысы күшейтіледі.