265
Трамп тағында қала ма?
Трамп тағында қала ма?
Өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп импичментіне қатысты тыңдаулар басталған еді. Оған дейін өкілдер палатасы Дональд Трампқа қатысты импичменттің айғақтарын Сенатқа жолдаған. Көп ұзамай комитет президент лауазымын асыра пайдаланып, украиндық билікке қысым көрсетті деген айып тағылған 111 беттік құжатты жариялады. Ал импичментке қатысты тергеу 16 қаңтар күні қолға алынды.
2019 жылдың тамыз айында АҚШ президенті Дональд Трамптың бұрынғы кеңесшісі Джон Болтонға Украинаға әскери көмек көрсетуді тоқтату туралы ойын жеткізгені белгілі болды. Мұны Джон Болтон өзінің әлі жарыққа шықпаған кітабында жазған көрінеді. Болтонның кітабына сілтеме жасаған New York Times газетінің жазуынша, Трамптың мұндай қадамға баруына Украинаның Джо Байденнің ұлы Хантер Байденге қатысты тергеуге көмек көрсетпеуі себеп болған. Демократтар Трамптың конгресс мақұлдаған әскери көмекті тоқтатқанын, Украина президенті Владимир Зеленскийден саяси бақталасы Байденге қарсы істі жүргізуді талап еткенін сынға алуда. Олардың сөзінше, осы әрекеттері арқылы Дональд Трамп өз қызметін асыра пайдаланып отыр. Сонымен қатар Трамп конгресс жұмысына кедергі келтіргені үшін де айыпталуда. Алайда Ақ үй басшысы Украина билігінен жемқорлықпен күресуді ғана талап еткенін мәлімдеді.
Джон Болтонның жазуынша, Дональд Трампқа Украинаға көрсетілетін әскери көмекті қайта қалпына келтіру туралы талай мәрте ұсыныс білдірген. Трампты райынан қайтаруға тырысқандар қатарында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео және Пентагон басшысы Марк Эспер де бар. Бірақ АҚШ президенті бұл ұсынысқа еш құлақ аспапты. Трамп украиналық шенеуніктер Байден ісіне қатысты құжаттардың бәрін өзіне бергенше Киевке көмек жібермейтінін кесіп айтқан. Джон Болтонның сөзіне сенсек, Ақ үй басшысы 2016 жылғы президент сайлауында Трамптың жеңісіне жол бермеу үшін Украина тарапы Хилари Клинтонмен бірлесе әрекет еткеніне сенімді. Алайда Дональд Трамп Болтон екеуінің арасында мұндай әңгімелердің ешқашан болмағанын айтып, Twitter-де бірнеше мәрте жазба қалдырды.
Джон Болтонның жазбалары келтірілген мақала жарыққа шыққаннан кейін демократтардың көшбасшысы Чак Шумер Twitter-де жазба қалдырып, Трамптың бұрынғы кеңесшісінің нақты дәлелдері бар екенін жеткізді. Сондықтан импичмент бойынша тыңдалымға куәгерлерді, оның ішінде Қауіпсіздік бойынша экс-кеңесші Джон Болтон мен Ақ үй әкімшілігі басшысының міндетін атқарушы Мик Малвейниді шақыруды ұсынды. Айта кетейік, Чак Шумер Сенаттағы алғашқы отырыста үш ұсынысын дауысқа салған болатын. Ол президент әкімшілігінен Трамп пен Зеленскийдің телефон арқылы әңгімесін, қаржыны басқару басқармасы мен мемлекеттік департаменттен Украина мен АҚШ-қа қатысты құжаттарды беруін талап етті. Дегенмен бастама сәтсіз аяқталды. Дауыс беру қорытындысы бойынша 53 республикашыл қолдамай тастады. Ал 47 демократтың дауысы құжаттарды алуға жеткіліксіз.
Өткен аптада басталған тыңдалымның қанша уақытқа созылары әзірге белгісіз. Республикашылдар бұл істі 2-3 аптада тамамдауға ниетті, ал демократтар істің анық-қанығын ажырату үшін ұзақ уақыт сұрап отыр. Демократтар көшбасшысы Чак Шумер істі жылдам аяқтауды мақсат еткен республикашылдардың резолюциясын «ұлттық деңгейдегі масқара» деп бағалады. «Егер президентті ант ішіп, ешкім қорғай алмаса, бұл істі осындай деңгейге жеткізгендер үшін бұл барып тұрған масқара ғой. Президент нені жасырып отыр? Республикашыл әріптестеріміздің көздегені не? Олар ештеңені жасырмаса, қорықпаса, басқаша сөйлер еді. Қазір бізде шындыққа, куәгерлерге, құжаттарға шектеу қойылып отыр», – деп атап өтті Чак Шумер.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп импичмент ісіне қатысты айыптаулардың негізсіз екенін алға тартады. Ақ үй басшысы жасаған мәлімдемесінде Сенаттағы тергеуді дереу арада тоқтатып, президентті ақтап алуды тапсырды. Трамптың айтуынша, өкілдер палатасы айтып отырған «билікті асыра пайдалану» жаласы импичментті талап ететіндей қылмыс емес. Сондай-ақ Трамп бүгінге дейін өзінің заңды құқығы аясында қызмет етіп келе жатқанын жеткізді.
АҚШ президенті Дональд Трамп импичментіне қатысты процесс жоспарланған уақытынан ерте аяқталуы да бек мүмкін. Тіпті, Трамптың өзіне тағылған айыптардан арылатыны жайлы да болжам бар. Өйткені Трамптың жақтаушылары саналатын республикашылдардың Сенаттағы үлесі басым. Оның үстіне, қазір Дональд Трамп пен оның көмекшілері ең болмағанда бір демократтың импичментке қарсы дауыс беретініне сенім білдіріп отыр. The Washington Post басылымының жазуынша, Ақ үй басшысы өткен жылғы дауыс беру рәсімінде үш бірдей демократтың қолдау білдіргенін өзіне артылған сенім деп бағалайды. The Washington Post АҚШ президентін қолдауы мүмкін демократтар арасынан Батыс Вирджиния штатынан сайланған сенатор Джо Манчинді ерекше атап отыр. Бұған дейін ол бірде-бір рет Трампқа қарсы мәселе көтермеген екен.
Трамптың адвокаттары президенттің заңға қайшы ешқандай әрекетке бармағанын алға тартуда. Қорғаушылардың айтуынша, Украина президенті Владимир Зеленскийге де ешқандай қысым көрсетілмеген. Сондықтан олар демократтардың Трамптың есімін 2020 жылғы сайлау бюллетендерінен алып тастауға әрекет етуін ақылға қонымсыз деп бағалайды. Трамп қорғаушылары таңдау құқығын америкалық сайлаушылардың өздеріне қалдыру қажеттігін ескертті.