866
Асхат МАЕМИРОВ, режиссер: Басты талап - актер рөлдің авторына айналуы қажет
Асхат МАЕМИРОВ, режиссер: Басты талап - актер рөлдің авторына айналуы қажет
90 жылдық тарихы бар Мұхтар Әуезов театры 6 ақпанда орыс драматругі А.Володиннің «Қоштасқым келмейді...» драмасын ұсынады. Премьераны белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров қояды. Жаңа қойылымның дайындық жұмыстарымен танысып, режиссерімен «Түркістан» газетінің тілшісі сұхбаттасқан еді.
– Асхат мырза, орыс драматургі Александр Володин пьесасын қоюға қандай ой түрткі болды?
– Александр Володин 1960-70 жылдары орыс драматургиясына жаңа леп әкелген адам. Ал, шығарма 1980 жылдардың басында жазылған дүние. Кез келген шығармада өміршеңдігін жоғалтпайтын өзекті тақырыптар болады. Сондықтан, мен бұл қойылымға бүгінгі күннің сипатын бердім. Бұнда негізінен оншақты отбасындағы жағдай, олардың күнделікті кикілжіңнен кейінгі ажырасып кете салатын жауапсыздықтары көрсетіледі. Біздің қоғамда да тура осындай оқиғалар жиі орын алып жатыр. Бұның себебі неде? Біз соған спектакль арқылы жауап іздедік. Статистика бойынша Қазақстан да ажырасу жағынан әлемдегі алдыңғы ондыққа кіреді екен. Бұл дегеніңіз сұмдық қой. Қазақ «Үйлену оңай, үй болу қиын» дейді. Бірақ, осы мақалдың қадіріне жеткен қазақтың саны аз. Отбасылық құндылық деген жоғалуға шақ қалды. Тіптен, кейде бар ма, жоқ па деген сауал да туындайды? Отбасылық институттың тіректері әлсіреген кезде, біз оны қалай сақтап қалудың жолын іздеуіміз қажет. Спектакльдің мақсаты сол. Махаббат пен ғадауат, жақсылық пен жамандық, кездесу мен қоштасу – жұбайлар өмірінің анық майданы. Спектакльде әртүрлі тағдыр, бір-біріне ұқсамайтын мінездегі адамдардың өмірін актерлеріміз көрерменге толық жеткізеді деген ойдамын. Бұл пьесаға өзім көркем аударма жасадым. Театр көрермендерінің басым бөлігін жастар құрайды. Сондықтан, театр әлеуметтік институттың да функциясын атқаруы қажет. Яғни, әлеуметтік жағдайы, жай-күйі, тұрмысы, өмірі, мінезі театрдың күн тәртібінен де түспеуі керек. Тарихи қойылымдар, әлемдік классика да сахналануы тиіс. Ал тетарға келген көрерменнің барлығы бір қалыпта өмір сүріп жатқан жоқ қой. Олардың ішкі жан-дүниесіне де бір сәт үңіліп, оларды не толғандыратынын, ойландыратынын зерттеп көруге міндеттіміз. Отан – отбасынан басталады. Отбасындағы тыныштық, үйлесім қандай? Шағын мемлекеттегі әке мен ананың, ондағы баланың рөлі қандай? Міне, осы мәселелерді актерлер тереңнен зерттеп, зерделеп ұсынбақ.
– Сіз соңғы бір жылда « Қара шекпен», актер Бекжан Тұрыстың мерейтойына арналған «Ұлым, саған айтам...» атты премьера қойдыңыз. Алматыда қоятын үшінші премьераңыздың өзгешелігі неде?
– Спектакль театрдың кіші залында қойылады. Басты мақсат – актерлер кейіпкердің жан сырын өзінің азаматтық ұстанымдары арқылы жеткізеді. Бұл әйгілі театр режиссері Бертольд Брехтің жүйесінде бар әдіс. Яғни, көрермен оқиғаға қатысушы куәгер ретінде шақырылады. Біз көбінде театрда бар мүмкіндіктерді пайдаланғымыз келеді. Бірақ, адамның жалаң жанын көрерменге жеткізе алмай жатамыз. Сондықтан, бұл актерлердің нағыз бейнесін көрсетуге, кейіпкер образын ашып жеткізуіне мол мүмкіндік болып тұр. Актерлік жұмысқа көбірек мән беріледі.
Ғабит Мүсірепов театрында өткен «Қара шекпен» пен Мұхтар Әуезов театрында өткен «Ұлым, саған айтам...» деген қойылымды қойдым. Біз қоғамдағы үлкен мәселелерді көп зерттеп, зерделеп жүргенімізбен көптеген түйткілге тосқауыл қоя алмай келеміз. Өйткені біз үлен мәселелерді көре алғанымызбен, оған себепші адамдар тағдыры жатқан ұсақ-түйек себептерге көңіл аудармай кеттік. Бұл жолы мендегі мақсат көрермен санасына сілкініс әкелу, эмоциядан көрі роционалдық театрға қарай бағыттау. Яғни, ақыл айту емес, ойландыру, толғандыру. Өз өзіне бақылау жасай алмай жүрген адамдардың кемшіліктерін, қалтарыста қалған қасиеттерін ашып көрсету. Сондықтан біз спектакльді тамашалауға келген әрбір азаматты көрермен емес, оқиғаның куәгерлері ретінде шақырамыз. Көрерменнің таным-талғамын көтеру, эстетикасын көтеру біздің мұратымыз. Сондай-ақ, бұл қойылымда нақты бір декорациялар жоқ. Шартты театрдың құрылымына сәйкес, шартты кеңістікте оқиғалар өтіп жатады.
Ең басты ерекшелікті актерлердің кейіпкерінен көре аласыздар. Себебі әрбір актер өзінің кейіпкерінің тағдырын, тарихын, мінезін, жан дүниесін өздері ойлап табады. Өмірде бар адамдардың бойынан алады. Менің режиссер ретінде қойған басты талабым – актер рөлдің авторына айналады. Режиссер тапсырмасын орындай беру актерге абырой әкелмейді. Ол рөлді жасауы қажет, авторы атануы шарт.
– Актерлік құрамда кімдер өнер көрсетеді?
– Әрине, бұл қойылымда орта буын, жас буын актерлерінің біразы сахнада рөл ойнайды. Ғазиза Әбдінәбиева, Данагүл Сұлтан, Бекжан Тұрыс, Азат Сейтметов, Берік Айтжан, Дулыға Ақмолда, Жалғас Толғанбай, жастардан Азамат Сатыбалды, Зарина Карменова, Азамат Шаяхметов, Салтанат Бақаева өнер көрсетеді. Басты кейіпкерлеріміз Катя мен Мита деген үйленгендеріне көп болмаған екі жас жұбайды Зарина мен Азамат сахналайды. Олардың бір-біріне деген сенімінің жоғалуы, орынсыз қызғаныштары ‒ бақытты өмірге сызат түсіреді. Бірақ, махаббат құдіретінің күшімен екеуі бастарынан біраз тағдырды өткеріп, ақырында қайта табысады. Махаббат бәрін жеңеді! Тағдыр отбасын құрған азаматтардың өз қолында екенін айтқымыз келеді.
– Режиссер ретінде қазақ театр өнерінің соңғы бет алысына қандай баға бере аласыз?
Шүкір дейік. Соңғы бес жылда еліміздегі театрлардың қойылымдары Орталық Азияда өтетін, Еуропада өтетін түрлі халықаралық деңгейдегі фестивальдардан жүлделі орындар ала бастады. Бұл қазақ театр өнерінде өсу, жылжу бар екенін көрсетеді. Әрине, көркемдік тұрғыдан тоқырауға ұшыраған аймақтық театрларымыз жоқ емес. Бірақ, Ақтау, Астананың жастар театры сынды ұжымдар сәтті өнер көрсете бастады. Ал қазақ театр өнерінің алтын тәжі Әуезов театры үшін өткен жыл табысқа толы болды. Театр сахнасында қойылған спектакльдерді Қазанда өткен Түркітілдес елдер театр фестиваліне, Түркияға, Қырғызстанға алып барып, халықаралық фестивальдерге қатыстырып, біраз биіктерді бағындырды. Яғни, көркемдік тұрғыда үлкен тенденциялар жүріп жатыр. Әрине, Әуезов театры маңдай алды театрымыз ретінде осындай жетістіктерге жетуге міндетті де. Екінші мәселе, драматургия. Бұл салада жас драматургтердің жетіспей жатқаны рас. Алайда Мәдениет және спорт министрлігі әртүрлі тақырыпта шығармашылық байқаулар өткізіп келеді. Биылғы байқау Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналады. Ал жалпы қазақ, драматругиясында Дулат Исабековтің орыны бөлек. Жазушы-драматургтің жазған дүниелері әлемнің біраз елінде, Оңтүстік Кореяда, Түркияда, Ұлыбританияда, Ресейде, Болгарияда танымал бола бастады. Бұл қазақ руханиятын қуантатын жағдай! Оған қоса, актерлер, режиссерлер, сценогрофтар әрдайым өздерін іштей қамшылап келе жатыр. Олардың да мақсаты бәсекеге қабілетті, деңгейі биік өреге жету. Біздің осы қойылымымызды да ізденіске апаратын тәжірибелік жұмыс деуге болады.
Ендігі бір арман ‒ ЮНЕСКО-ның жанында халықаралық театр иниституты бар. Дүниежүзілік ұйымға әлемнің 150-ден астам мемлекеті мүше. Соның ішінде, Орталық Азиядан Қазақстан сол ұйымның орталығын ашайын деп отыр. Келешектегі міндетіміздің бірі сол ұйымның еліміздегі ұлттық орталығын құрсақ, қазақ театр өнеріне әлемдік аренаға шығуға мүмкіндік туады. Бұл ұйым халықаралық театр институтына мүше елдердің театрларынан білікті мамандарды, режиссерді, актерлерді, театр мамандарын шақырып, семинарлар, мастер-кластар, ғылыми конференцияларға, тәжірибе алмасуға қатыстырады. Ал біз бұл ұйымға тіркеліп, орталығымызды ашсақ кәсіби біліктілігімізді толықтырып, өсеміз.
– Екі премьераңызға қатысты көрермен, театртанушы, сыншылар тарапынан қанағаттанарлық пікірлер айтылды ма? Тағы да қандай жоспарларыңыз бар?
– Мен қойылымдарыммен мақтана алмаймын. Маған қойылымға дейінгі әзірлік процестері қызық. Ал онан кейінгі спектакльдің тағдыры актерлердің қолында. Менің байқауымша, «Қара шекпенді» көрермен жақсы қабылдаған сияқты. Баспасөз беттерінен, жекелеген көрермендерден, театрдағы әріптестерімізден жылы сөздер естіп жатырмыз. Бұл да маған үлкен шығармашылық құлшыныс, шабыт береді. Ал театртанушылар рөлдегі актерлердің ойынына қанағаттана алмадық деген ойларын айтып жатты. «Қара шекпенді» сахналағанда актерлік ансамбль жасауға ұмтылдым. Актерлердің таптаурындыққа түсіп кетуіне жол бермеуге тырыстым. Актерлердің өзіне таныс емес қырларын ашуға талпындым. Жаңа премьерамда да сондай дүниелерді жасауға тырысып жатырмын. Басты талап актер рөлдің авторына айналу.
Шығармашылық жоспарыма келер болсам, осы спектакльден кейін қазақ театр өнерінде талантымен таңдай қақтырған, кәсіби деңгейі бөлек, көрермен әлі де талай таңғажайып рөлдерді жасайтынына сенетін Берік Айтжанов, Азамат Сатыбалды, Жанел Мақажанова, Зарина Карменова төртеуіне арнап Мар Байджиевтің «Дуэль» деген шығармасын қойғым келіп жүр. Сонымен бірге, Шекспирдің «Ричард III» пьесасы мені қызықтырып жүр. Чеховтың «Шағаласын» да бір жоспарымызға алғанбыз. Ал қазақ драматургиясынан Жүсіпбек Аймауытов пен Бейімбет Майлиннің әңгімелері мен сатиралық шығармаларының барлығын біріктіріп бір спектакль қою ойда бар.
– Ісіңізге сәттілік!