677
Олардың қай-қайсысы да қазаққа қызмет қылды
Олардың қай-қайсысы да қазаққа қызмет қылды
Тарих – ортақ, тұлға – ортақ. Бұлай болғанда пікір алуандығы, ой қайшылығы болуы да заңды. Газетіміздің 2020 жылғы алғашқы санына «Қазақ автономиясына – 100 жыл» деген шағын ғана мақала жазған едік, сол мақаланы оқыған оқырманымыз Асылбек Дербісін өзінің пікірін жазып, редакциямызға жолдапты. Демократиялық мемлекетте өмір сүрген соң, оқырманның сөзіне құрметпен қарап, хаттың толық мәтінін көпшілікке ұсынуды ниет еттік.
«Мақаладағы қате ақпарат және Ж.Мыңбаев туралы» Түркістан газетінің 2020 жылғы 9 қаңтардағы №1(1327) санында Елдос Нүсіпұлының «Қазақ автономиясына – 100 жыл» деген мақаласы басылыпты. Сонда «1925 жылы ақын, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин Қырғыз АКСР халық комиссарлар кеңесінің төрағасы (Үкімет) болып тұрған кезінде республика атын «Қазақ» деп түзетуге декрет шығарып, байырғы төл атауымызды қайтарған болатын» деген ақпарат келтіріпті. Бұл ақпарат қате: Республиканың «Қазақ» атын қайтару туралы қаулы Ақмешітте 1925 жылғы 15-19 сәуірі аралығында бүкілқазақстандық Кеңестерінің V съезінде қабылданды. Ол съезге дейін Қыратком төрағасы С.Меңдешов болды, осы съездің басында ол баяндама жасады, Үкімет төрағасына Жалау Мыңбаев сайланды, съезге Қазатком басшысы ретінде төрағалық етті және республика атын «Қазақ» деп түзетуге қаулының соңында төраға Ж.Мыңбаев пен хатшы Б.Аралбаевтың қолдары қойылды. Осы ақпарат қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлға Ж.Мыңбаевтың сан салалы қызметтерін мұрағат құжаттары мен естеліктер арқылы шынайы баяндаған Сейсен Демеубайдың «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты кітабында (Алматы, «Үш қиян» баспасы, 212-219 беттер) келтірілген. Ж.Мыңбаевтан бұрын Үкімет төрағасы С. Меңдешов болды, оған дейін С.Сейфуллин болды, бірақ олар Қырғыз аткомының төрағасы болды, Республиканың «қазақ» атын қайтарған жоқ. Ж.Мыңбаев 1925 жылы қыркүйек айында республиканың партия ұйымын басқаруға И.Сталин жіберген Ф.Голощекиннің «Қазан төңкерісінің дауылы қазақ ауылын жанап қана өткен, оған ешқандай әсер етпеген, сондықтан да бұл жерде «Кіші Қазан» төңкерісін жасау қажет», – деген идеясымағын іске асыруына 1928 жылдың күзіне, өзін Үкімет төрағасынан Голощекин кетіргенге дейін жол бермеді. Оның орнына сол күзде Голощекин Е.Ерназаровты қойды. Оны көріп С.Сейфуллин «бұл қазақ халқын қорлау, ел Үкіметінің басына кімді отырғызғаны» деп жаны шырқырап аттан салған. Сол Е.Ерназаров тәркілеу (қазақтар «кәмпеске» деп кетті, орысша «конфискация» деген сөзден) туралы қаулыға қол қойды. Қазақ халқын қырғынға ұшыратқан нәубетке жол берді. (сонда, 223, 418 беттер) Асылбек Рзаұлы Дербісін», – деп жазған екен.
Енді біздің алып-қосарымыз мынау ғана: 1923 жылы «Еңбекшіл қазақ» газетінің №66 санына «Қазақты «Қазақ» дейік, қатені түзетейік!» деген мақала шыққан. Авторы – Манап Шамиль. Бұл – Сәкен Сейфуллиннің бүркеншек есімі. Міне, Сәкен сол 1923 жылдан бастап-ақ Киргиз атанған елдің байырғы төл тарихи атын қайтаруға қызмет еткен. Қазақ тілінің кеңсе тілі болуына (мемлекеттік іс-қағаздарды қазақша жазуға көңіл бөлген) орай 9 мақала жазған, халықтың бұрынғы атауы туралы келелі ой-пікір тастаған Сәкеннің сөзі – сол кездегі оқыған азаматтардың бәрі мақұл десіп, бірге көтерген зор мәселеге айналған. Бұл – бір. Екіншіден, Жалау Мыңбайұлының мемлекеттік қызметтегі ісін ешкім де жоққа шығара алмайды. Сәкен де, Жалау да бір мүдде жолында қызмет еткен азаматтар. Сәкеннің мемлекеттік қызметтегі ерен еңбегі туралы арнайы көлемді мақала жазамыз, сол мақала барысында архивтік құжаттарды келтіріп, оқырман талқысына саламыз. Және мақалада Сәкеннің бірге істескен қатарлас-замандастары С.Меңдешов, Т.Рысқұлов, Ж.Мыңбаев т.б. азаматтар туралы да айтуды жөн санадық. Тұлғаларды бір-бірімен жарыстырмай, қазаққа деп еткен зор еңбегін, кеудесін оққа тосқан ерліктерін ғана айтайық. Сөз соңында айтарымыз: олардың қай-қайсысы болмасын қазаққа қызмет етті...
Елдос НҮСІПҰЛЫ