335
Ақпараттандыру тиімділігі арттырылмақ
Ақпараттандыру тиімділігі арттырылмақ
Ел азаматтары алдағы сайлауға қатысу құқықтары мен дауыс беру тәртібі туралы жете білуі үшін Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру рәсімдері туралы арнайы оқыту роликтерін әзірлеуде. Бұл туралы ҚР ОСК мүшесі Татьяна Охлопкова мәлімдеді. «Азаматтарды ақпараттандыру тиімділігін арттыру және олардың сайлауға қатысу құқықтарын қамтамасыз ету үшін ОСК-ның тапсырысы бойынша республикалық телеарналарда, радиода және танымал деген аумақтық телеарналар эфирінде сайлау науқаны мерзімінде көрсетіліп, дыбысталатын ақпараттық бейне және дыбыс роликтері әзірленіп жатыр», – дейді Татьяна Охлопкова. Бұған қоса, сайлау комиссиялары үшін «Сайлау күні дауыс беру рәсімдері туралы» арнайы фильм әзірленеді.
Ол елдің барлық аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларына жіберіледі. ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау науқанын ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі дайындық жұмысының шеңберінде Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың әдістемелік жағына жіті көңіл бөлуде. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова баспасөз мәслихатында кеңінен айтып түсіндірген болатын. ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова: «Әдістемелік материалдарды дайындау барысында біз сайлауға қатысатын барлық топты қамтуға тырысып жатырмыз. Олар –сайлаушылар, партиялар, кандидаттар, сенімді тұлғалар, әкімдіктер және сот, құқық қорғау органдары. Аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларына, мәслихаттарға және олардың сенімді өкілдеріне арналған жадынамаларды да дайындап жатырмыз. ҚР ОСК-ның сайлаушыларға арналған үндеуінің мәтіні 22 қаңтарда өткен отырыста қабылданды.
Үндеу мәтіні жазылған, 62 мың данамен шығарылатын плакаттар еліміздің барлық өңіріне жеткізіліп, халық көп жүретін әуежай, вокзал, базар, көлік құралдары мен басқа да жерлерге ілінді», – деді. Барлық әдістемелік материалдар ОСК-ның www.election.gov.kz ресми интернет-ресурсында орналастырылмақ. Сонымен қатар, елдің өңірлерінде сайлау туралы негізгі ақпаратты қамтитын және азаматтарды дауыс беруге шақыратын ақпараттық билбордтар ілінеді. Белгілі болғандай, Астана қаласының көшелеріне бүгінгі күні 74 билборд орналастырылған. «Қазіргі таңда Астана қаласының көшелеріне, халық көп жүретін аудандарға, яғни, көрнекі жерлерге 74 билборд ілінді. Олар астаналықтарды сайлауға қатысуға шақырып, дауыс берудің қашан өткізілетіні жайлы ақпараттандырады. Бұндай билбордтар алдағы уақытта бүкіл республика бойынша орнатылмақ», – дейді ҚР ОСК баспасөз хатшысы Венера Жексембекова. БАҚ өкілдерімен жиын барысында Орталық сайлау комиссиясы сайлау учаскесінен тыс жерде дауыс беру ережелерін түсіндірді. Азаматтың тұрғылықты мекен-жайы бойынша нақты бір сайлау учаскесінде тіркелуі сайлаушылар тізіміне қосылуына мүмкіндік береді. Егер азамат сайлау күні тіркелген жерінде болмайтынын білсе, ол уақытша тұрған елді мекендегі әкімдікке барып, 18 ақпаннан кешіктірмей өтініш жазуы керек.
Сондай-ақ, егер азаматтар сайлау күні сырқаттанып қалса, отбасындағы науқас жанға күтім жасаса немесе шалғайда жүрсе, өз сайлау комиссиясына 20 наурыз күні сағат он екіге дейін хабарласып, үйден дауыс беруіне болады. Бұған қоса сайлауға түсуші үміткерлерге қойылатын талаптар да белгілі болды. Ескерер жайт, сайлауда дауыс кандидатқа емес партияға беріледі. Кейін әр саяси ұйым неше пайыз дауыс жинауына қарай Мәжілістен өз орнын алады. Үміткер депутаттыққа партиялық тізім бойынша өтеді. Оған қойылар өзіндік талап бар.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі, Татьяна Охлопкова: «Біріншіден, ол ҚР азаматы және осы елде соңғы он жыл бойы тұрған болуы керек. Сосын жасы 25-те болуы шарт. Негізгісі осы. Үміткерге бұдан өзге жұмыс тәжірибесі мен білімі бойынша талап қойылмайды. Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл», ̶ деді. Айта кетерлігі, Парламенттің төменгі палатасына барлығы 107 депутат кіреді. Оның тоқсан сегізі партиялар атынан таңдалады. Тағы тоғыз орын қалып тұр. Одан үміткерлер Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланады. ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова: «Қазақстан халқы Ассамблеясының сайлауы ұйымның өз ішінде жеке өтеді. Ол бізде 21 наурызға белгіленіп отыр. Тоғыз кандидат Ассамблеяның сессиясында сайланады. Оларға да партия мүшелеріне қойылған сияқты талап бар. Облыс, қала мен аудандық мәслихат депутаттарына дауыс беру наурыздың жиырмасына белгіленген. Мұнда үміткерлер сайлауға партия атынан сондай-ақ өзін-өзі ұсыну жолымен түседі», –деп түсіндірді мән-жайды. Ал мәслихаттарға барлығы 3335 депутат сайланбақ. Татьяна Охлопкованың айтуы бойынша, жергілікті мәслихаттарға Республика бойынша үш мыңнан астам депутат сайланады. Оларға жастық ерекшелігіне байланысты талап жеңілдеу. Жиырмадан асқандар кандидат ретінде тіркелуіне болады.
Жоғарыда айтылған талапқа жауап берген партия мен өз-өзін ұсынған азамат депутаттыққа үміткер атануына болады. Ал саяси партиялар үшін үгіт-насихат жұмыстары 20 ақпанда басталады. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауын әзірлеу және ұйымдастыру мәселелері жөніндегі республикалық семинар-кеңесте ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім еткен болатын. ОСК төрағасы өз сөзінде кандидаттар мен саяси партияларға сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге теңдей мүмкіндік жасау қажеттігін атап өтті. «БАҚ арқылы үгіт-насихат жұмыстары тіркеу мерзімі аяқталғаннан кейін басталады. Яғни, саяси партиялар үшін үгіт-насихат жұмыстары 20 ақпанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттарға 6 наурызда, ал мәслихат депутаттығына кандидаттарға 24 ақпанда басталады», – еді ол. Қ.Тұрғанқұловтың айтуынша, үгіт-насихат жұмыстары басталғанға дейін саяси партиялардың мақсаттары мен міндеттерін насихаттайтын жарнамалық материалдардың барлығына да партияның сайлау қорынан қаржы төленуі тиіс. «Сайлау алды үгіт-насихатты қамтитын барлық материалдарда қаржыландыру көздері туралы ақпарат болуы қажет», – деді ОСК төрағасы.