673
Елімізде алимент төлемегендердің қарызы 5,7 млрд теңгеден асты
Елімізде алимент төлемегендердің қарызы 5,7 млрд теңгеден асты
Бір үйдің түтінін түзу ұшыра алмағандар, жалғызбасты аналар, баласын жалғыз тәрбиелеп отырған әкелер, ананың алақанын, әкенің мейірімін сезіне алмаған бейкүнә сәбилер... Отбасының құндылығын, шаңырақтың шаттығын жоғары бағалайтын қазақ үшін бүгінде бұл түсініктердің бәрі де үйреншікті болып кеткендей. Шаңырақ көтеріп, кейін ошақ оты сөнгенде баласын құшағына қысып қалатын аналардың көптігіне бойымыз әлдеқашан үйреніп-ақ кеткен. Ал соңғы уақытта мұндай аналарды жалғызбасты әкелер де өкшелеп келеді. Ең сорақысы, отбасын тастап кеткен ата-аналар арасында баласына алимент төлеуден қашатындар көп.
Алиментті кім төлейді?
Асығыс шешім қабылдап, мақсатсыз үйленіп, үй бола алмағандардың зардабын ортадағы бала тартатыны айтпаса да түсінікті. Ал екіге айырылған ерлі-зайыптылардың баланы асырап-бағуы да оңай болмайды. Елімізде отбасын тастап кеткен әкелер немесе аналар ай сайын баласына алимент төлеуге міндетті. Бірақ біздің елде алимент төлеуден жалтаратындар көп. Жыл сайын Қазақстанда алимент төлейтіндер қатары артып келеді. Бүгінде еліміз бойынша 202 262 алимент төлеуші бар. Оның ішінде, 13 мыңдайы алимент төлеуден қашып, тіпті мекенжайын өзгертіп, жұмысын ауыстырып жүр. Өткен жылдың соңындағы деректерге сүйенсек, Қазақстанда алимент төлеуден жалтарғандардың саны 2 мыңға жуық, ал олардың қарызы 5,7 млрд теңгеден асқан. Одан бөлек, елімізде жыл сайын борышкерден алимент өндіріп алу жөніндегі 200 мыңға жуық іс сот орындаушыларының өндірісіне беріледі екен. Ал 2018 жылы елде алимент төлеуден жалтарғаны үшін ресми іздеу салынған 1 864 азаматтың тек 9 пайызы ғана анықталған. Бұл Қазақстанда алимент төлеуден қашқан борышкерлермен жүргізілетін жұмыстың нәтижесіздігін көрсетсе керек. Осының бәрін ескерген Әділет министрлігі жаңаша жол ұсынып көрді. Яғни, елімізде алимент өндіріп алудың басқаша жолы қарастырылмақ. Егер Әділет министрі Марат Бекетаев ұсынған жүйе қолдау тапса, елімізде алимент төлеуден жалтарған борышкердің қарызды өтеу міндеті оның ата-анасына жүктеледі. Әділет министрінің айтуынша, министрлікке азаматтардан түскен шағымдардың жартысы, ал министрдің жеке қабылдауында болған азаматтардың жартысынан көбінің мәселесі – алиментке байланысты. Сондықтан министр алимент төлеуден жалтарған борышкер үшін жауапкершілікті оның ата-анасының мойнына жүктейтін Италия тәжірибесін негізге алуды ұсынып отыр. «Италия заңы бойынша, алимент үшін жауапкершілікті борышкердің ата-анасына жүктеуге болады. Оның үстіне олар бөтен емес, өз немерелерін қамтамасыз етуі тиіс. Қазір осы тәжірибені қоғам талқысына салуды ұсынып отырмыз. Борышкердің ата-анасы зейнеткер болса, олардың үйі, көлігі дегендей, әйтеуір бір мүлкі бар ғой. Егер немерелері мектепке баратын киімге жарымай отырса, бұл мүлік сол қарызды өтеуге жарайды», – дейді Марат Бекетаев. Ал өткен жылдың қараша айында әлеуметтік қор құру туралы шешім қабылданған еді. Сол қордан уақытша жұмыссыз қалып, табыссыз отырған борышкерге алиментін төлеу үшін несие берілуі тиіс. Ал борышкер кейін жағдайын түзегенде қордан алған қаржысын кері қайтарады. Алайда бұл бастаманың қаншалықты нәтижелі болары уақыт еншісінде. Сонымен бірге, енді елімізде некесіз туған балалар үшін де алимент төлеу міндеттелмек. Бұл ретте «Неке және отбасы» туралы кодекстің 47-бабына толықтырулар енгізіледі. Аталған толықтыруларда ер-азамат некеден тыс туған ортақ балаларын асырау үшін, оның анасының шығындарын өтейтіндігі көзделген. Мұндай ұсынысты ең алғаш 2018 жылы конституциялық кеңес мүшелері ұсынған. Олардың айтуынша, некеде тұрмай, дүниеге бала әкелген әйелдердің құқығы мүлдем қорғалмай келген. Бұған дейін тек ажырасып, анасында қалған балаларға алимент төленген. Ресми статистикалық деректер елімізде алимент төлеуден жалтарған әкелердің көп екендігін көрсетіп отыр. Бірақ борышкерлер қатарында туған баласына алимент төлеуден жалтарған аналар да жоқ емес. Оларды заң жүзінде жауапқа тартып, алимент төлету қаншалықты дұрыс? Өз құрсағынан шыққан баласын күйеуіне тастап, қара басының қамын ойлап кеткен аналар жауапкершілікке тартыла ма? «Неке және отбасы» заңының 124-бабына сәйкес, егер ата-анасы баласын кәмелеттік жасқа жеткенше асырап – баға алмаса, онда алимент төлеуге міндетті. Бүгінде балаларынан бас тартып, сот шешімімен алимент төлеуге міндеттелген аналар да бар. Кейбіреулер баласы 18-ге толғанда, алименттен құтылам деп ойлайды. Бірақ бала 18-ге толып кетсе де, төленіп бітпеген қарыз алимент төлеуші ата-ананың мойнында қарыз болып қала береді. Қазіргі уақытта алимент төлеуден жалтарғанды жазалау әдістері қатаңдатыла бастады. Мысалы, алимент төлеуден қашқандардың алдымен банк карточкалары, жүргізуші куәліктері бұғатталады. Одан кейін мүліктеріне де тыйым салынып, алынуы мүмкін. Бұған да қарызын қайтармаса, 2 жылға бас бостандығынан айырып, қылмыстық іс қозғалады. Сот орындаушылары бұл әйел ме, еркек пе, баласы алдындағы борыштан безгендердің баршасының басына туатын күн екенін айтады.Жалғызбасты әкелер де көп
Алимент төлеуден жалтарған қоғамда баланы бір өзі тәрбиелеп отырған жалғызбасты әкелер де бар деген сөз. Статистикалық деректерге жүгінсек, Қазақстанда ажырасқан отбасылардың 83 пайызының ортақ балалары бар. Оның ішінде, 400 мың ана балаларын жалғыз тәрбиелеп отырса, 60 мың еркек «жалғызбасты әке» статусын иеленген. Әрине, бала тәрбиесінде ананың орнын әке, әкенің орнын ана баса алмайтыны анық. Бірақ қазақта «әйелдің қырық жаны бар» деген сөз бар. Шынында да, нәзікжандылар жалғыз қалса да, жатырын жарып шыққан перзентіне тәрбие беріп, оны бағып-қағу үшін кез келген қиындыққа қарсы тұрып, ердің де, әйелдің де міндетін атқара алады. Ал мұндай міндетті жалғызбасты әкелер қалай атқарады? Қоғамдағы мұндай топ өкілдеріне жататын әкелер тұрмыстық тауқыметтен бөлек, бала тәрбиесінде де талай қиындықпен бетпе-бет келетіні анық. Бірақ бауыр еті баласы үшін жолында кездескен қиындықтың бәріне қарсы тұрғаннан өзге амал бар ма?! Өйткені олар баласы жетімдік зардабын тартпауын тілейді. Қазақ отбасында әкенің орны әрқашан бөлек. Әке – бір отбасының ғана емес, тұтас бір әулеттің қамқоршысы. Ал тағдыр тәлкегімен баласын құшақтап жалғыз қалған әкелердің көрер қиындығы өздеріне ғана мәлім. Жалпы, жалғызбасты әкелердің кейбірін жарынан ажал айырса, енді бірі дәм-тұзы жараспағандықтан, жұбайымен өмір жолы екіге айырылған. Шаңырақтың шырайын келтіріп отырар жарынан көз жазып қалған азаматтардың психологиялық күйзеліске түсетіні сөзсіз. Ал одан арылу үшін 1 жылға жуық уақыт қажет екен. Мұны психолог мамандар дәлелдеген. Сонымен қатар психологтар әйелі қайтыс болған және ажырасқан азаматтар бұл жағдайларды екі түрлі қабылдайтынын айтады. Мәселен, жарынан айырылу ер-азаматқа ойламаған жерден моральдық, психологиялық ауыртпалық әкеледі. Бала алдындағы парызы еселенеді. Анасының аялы алақанынан айырылған балаларға да бұл жағдайда тек әке ғана көмек көрсете алады. Ал екеуара келіспеушіліктің салдарынан ажырасу ер адамға түрлі өмір сүру амалдарын ойластыру міндетін жүктейді. Жалғызбасты әкелерге қатысты көпшіліктің айтар ойы сан алуан. Біреулер оларға қоғамда әлі де болса көбірек көңіл бөлініп, тиісті көмек көрсетілсе дейді. Рас, қазақтың тепсе темір үзетін азаматтары ешқашан басын төмен салып, ынжықтық мінез танытпаған. Бірақ мұндай жағдайда «шарасыздық» деген түсініктің бар екендігін ескерген жөн сыңайлы. Баланы анасыз жалғыз тәрбиелеу өте қиын. Мұны нәзікжандылар да, ер адамдар да жақсы түсінеді. Ал толық емес отбасында тәрбиеленген бала үшін анасының жоқтығы екі есе ауыр. Сондықтан жалғызбасты әкелерді сынға алғаннан гөрі, оларға қолдау білдірген дұрыс дейтіндердің қарасы қалыңдау. Адамды бақытты ететін байлық та, атақ та емес. Адамдарды бақытты ететін отбасындағы қарым-қатынас, қоршаған орта. Бүгінде бақытты отбасын армандап жүргендер де, сол бақытын бағалай алмай, қор қылғандар да көп. Ресми деректерге сүйенсек, некеге тұрғандардың үштен бірі көп ұзамай ажырасып кетеді екен. Осыдан кейін жалғызбасты аналар мен әкелер қатарының көптігіне таңданудың қажеті шамалы. Бала анадан ажыраса, мейірімнен, әкеден ажыраса, өжеттіктен қол үзеді екен. Қазақтың «Әкелі бала – жаужүрек, әкесіз бала – сужүрек» дегені сол шығар. Бірақ бүгінде баласын жалғыз тәрбиелеп отырған әкелердің бәрі бірдей баласын батылдыққа тәрбиелеп жатыр деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Өйткені жалғызбасты әкелердің мұңы көп, жеке басындағы мәселе де жетерлік. Олардың бірін баспана мәселесі мазаласа, енді бірі бала тәрбиесінде қиналып жатады. Ошақтың отын сөндіріп, баланы жетім атандыру қазақтың кейбір азаматтары мен нәзік жандыларына жеңіл жағдай болып кеткендігі өкінішті-ақ. Бүгінде Қазақстан ажырасу жағынан алғашқы ондықтың ішінде. Мұның сыры неде? Ерлі-зайыптылардың жолының екіге айырылуына қалай тосқауыл бола аламыз? Балалардың жетімдік тауқыметін тартпауы үшін не істеу керек? Қоғамда жалғызбасты аналар мен әкелердің санын қалай азайтамыз? Осының бәрі бүгінгі күні аса өзекті мәселе болып отыр. Бірақ бұл түйткілдің түйінін тарқатудың тиімді жолы табылмай тұр. Десек те, әрбір отбасы – шағын мемлекет. Сол мемлекетте бір-бірімен түсінісу, сыйластық болмаса, бақытты отбасы боламын деу бос әурешілік.