1494
Қаржылық қауіпсіздік – маңызды мәселе
Қаржылық қауіпсіздік – маңызды мәселе
Қаржылық қауіпсіздік – мемлекеттің қаржы қызметінің ажырамас бөлігі. Бүгінде мемлекетке төнген қауіптің бірі ретінде қылмыстық кірісті заңдастыру және террористік әрекеттерді қаржыландыру мәселесі аталады.
Қазақстан ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша 55-орынға ие. Десек те, экономиканың белсенді дамуы және саяси процестердің демократиялануына қарамастан, бәсекеге қабілеттілік деңгейінің артуына ықпал ететін қатерлер де бар. Нақтырақ айтқанда, есірткі тасымалымен, контрабандамен айналысатын және террористік әрекеттер жиі болатын аумақтарға геосаяси тұрғыдан жақын орналасуы басты мәселе.
Бұдан бөлек Қазақстан еңбек мигранттары үшін танымал пункт болып отыр. Ал олар өз кезегінде терең зерттеуді және мемлекеттік органдар тарапынан бақылауды қажет ететін ақша аударымдарының көзі болып табылады.
Сондай-ақ қаржыны жымқыру қатері Қазақстанда арнайы экономикалық аумақтың пайда болуына ықпал етті. Арнайы экономикалық аумақтың экономикасы сыртқы әлемге ашықтықтың жоғары деңгейін қалыптастырады. Ал кедендік, салықтық және инвестициялық режимдер ішкі инвестицияға, сонымен бірге сыртқы трансшекаралық инвестициялық ағындарға да тиімді. Бұл ретте инвестицияланған қаржы немесе мүліктің қайдан шыққаны белгісіз және ол заңсыз болуы да ықтимал. Сондықтан да бүгінгі күні заңсыз жолмен келген кірісті және терроризмді қаржыландыру ісін заңдастыруға қарсы әрекеттер өте өзекті.
Қазақстан 2004 жылы FATF типі бойынша Еуразиялық аймақтық топқа мүше болды. FATF – мемлекеттерді халықаралық стандарттар арқылы бағалайтын мониторинг жасайтын үкіметаралық ұйым. Қазақстан мүшелікке енген Еуразиялық топ қылмыстық кірістерді және терроризмді қаржыландыруды заңдастыруға қарсы әрекеттерді жүзеге асырады. Еуразиялық топ Қазақстан, Беларусь, Үндістан, Қытай, Қырғыз Республикасы, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан сынды елдерді біріктіреді. Бұл топты құру терроризм қаупін азайтуға және аталған мемлекеттерге техникалық көмек бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр.
Заңсыз жолмен келген кірісті және терроризмді қаржыландыруға қарсы негізгі құрал – қаржылық мониторинг. Бұл – халықаралық және қазақстандық тәжірибеде енді ғана пайда болған құбылыс. Қаржылық мониторингтің негізгі міндеті – күмәнді трансакциялар бойынша кәсіпкерлік субъектілерін және қаржылық институттарын тартуға, сондай-ақ қаржылық ақпараттарды құқық қорғаушы органдарға жеткізуге жол бермеу.
Қазақстанда заңсыз жолмен келген кірісті және терроризмді қаржыландыруға қарсы шаралар 2010 жылдың 9 наурызында «Қылмыстық жолмен келген кірістерді және терроризмді қаржыландыруды заңдастыруға қарсы әрекеттер туралы» заң жобасы қабылданғаннан кейін жүзеге асырыла бастады. Заңнамаға сәйкес, қаржылық мониторинг субъектілері күдік тудыратын келісімдер туралы уәкілетті мемлекеттік органдарға ақпарат береді. Ал Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг комитеті өздерінің деректер базасы бойынша сараптама жүргізіп, белгіленген уақыт аралығында шешім қабылдауы тиіс. Кейін істі Бас прокуратураға жөнелтеді.
2010-2011 жылдары Қазақстандағы қаржылық мониторинг жүйесі Еуразиялық топтың бағалауы бойынша халықаралық стандарттарға сай деп танылды. 2020 жылы еліміз үшін өзара бағалаудың екінші кезеңінен өту керек. Еуразиялық топ заңсыз жолмен келген кірісті және терроризмді қаржыландыруға қарсы әрекеттерді құқықтық және институционалды жүйеге сәйкестігін бағалайды.
Қаржылық мониторинг шеңберінде қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін механизмдерді үнемі жетілдіріп отыру маңызды. Тұтынушыларды сәйкестендіру, операцияларды бақылау, қылмыстық кірістерді тоқтатып қою сынды әрекеттер жүйелі түрде жетілдірілуі тиіс.
Қаржылық мониторинг рөлінің маңыздылығын ескере отырып, қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде «Қылмыстық жолмен келген кірісті заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға қарсы әрекеттерге қатысты ҚР заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралуда. Заң жобасына енгізілген нормалар қаржылық-ақша қатынастары саласында заңсыз әрекеттерге жол бермеуге бағытталған.
Сергей СИМОНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты