Бейбітшілік пен келісімді сақтау – халқымыздың міндеті

Бейбітшілік пен келісімді сақтау – халқымыздың міндеті

Бейбітшілік пен  келісімді сақтау – халқымыздың міндеті
ашық дереккөзі
283
Қазақстан Тұңғыш Президентінің төра­ға­лы­ғымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті деп хабарлайды Елбасының баспасөз қызметі. Отырыс барысында Жамбыл облысы Қордай ауда­нындағы жағдай, биологиялық қауіпсіздікті қамта­масыз ету және коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мәселелері қаралды. Жиынды ашқан Нұрсұлтан Назарбаев Қордай ауда­нында болған оқиға салдарынан қаза болған­дар­дың отбасыларына көңіл айтты және барлық зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі. – Қазіргі жағдай мені қатты алаңдатып отыр. 30 жыл­дың ішінде халқымызбен бірге талай қиындық­тарды бастан өткердік. Қазіргі жастар сол ауыртпалық­тарды елестете де алмайды. Қазақстанда 130 кәсіп­орын жабылып, 2,5 миллион адам жұмыссыз қалды. Үйлерде жылу жоқ, азық-түлік тапшылығы туындады. Біз осы сынақтардың бәрінен бірге өттік, – деді Елбасы. Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы Қазақстан Тәуел­сіздік алғаннан кейін әлеуметтік-экономикалық салада үлкен қиындықтарды бастан өткергенін еске сал­ды. – Егер біз көпұлтты халқымызды біріктіріп, тұрақ­тылықты қамтамасыз ете алмасақ, бүгінде елімізге шетелдік инвестиция келмей, экономика тұралап қалу­шы еді. Әрине, мемлекеттік қызметкерлерге де тиіс­ті міндеттер жүктелген, бірақ бейбітшілік пен ке­лісімді сақтау, ең алдымен, біздің халқымыздың міндеті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар  Елбасы туындаған жағдайдың се­бептерін мұқият зерттеп, кінәлілерді заң талаптарына сәйкес жазалауды тапсырды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы және құқық қор­ғау органдарының, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның өңірлік филиалдарының жұмыс сапасына ерекше назар аударылды. – Ассамблея мен оның өңірлік өкілдіктері мұндай жағ­дайлардың алдын алып, бақылауда ұстауы керек. Бұл – біздің ортақ міндетіміз, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Отырыс барысында Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаев пен Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың есептері тыңдалды. Бірінші мәселені талқылау аясында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға ел өңір­леріндегі әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге бағытталған бағдарламаларды одан әрі іске асыру жөнінде тапсырмалар берілді. Соның ішінде жұмыспен қамту және инфрақұрылымдық даму, әлеуметтік нысандарды қайта жөндеу  және құрылысын жүргізу мәселелеріне назар аударылды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Ден­сау­лық сақтау министрі Е.Біртанов есеп берді. Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы коронавирус төңі­регіндегі жағдай Қытай экономикасымен бірге Қа­зақстан экономикасына да залалын келтіруі мүмкін екенін атап өтті. – Біз бос отырмай, бәріне дайын болуға тиіспіз. Дәрі-дәрмектер қоры және басқа да қажетті ресурс­тармен қамтамасыз етуіміз керек. Бұл мәселе үнемі бақылауда болғаны жөн. Мұндай жағдайларға қарсы шаралар дайын болып, сыртқы фактордың ұлттық эко­номикаға теріс әсерін болдырмау маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Серіктес жаңалықтары