309
Министр тұрғындармен жүздесті
Министр тұрғындармен жүздесті
Nur Otan партиясы Алматы облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өңір тұрғындарымен кездесті.
Қарапайым халықтың өтініш-тілегін тыңдап, шешімін күткен мәселелерді мүмкіндігінше реттеп, жергілікті жердегі атқарушы орган-дарға тиісті тапсырмалар беруге негізделген шарапатты шара қазақ елінің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партия саяси кеңесінде жүктеген «Тұрғындармен кері байланыс» орнатудың тиімділігін барынша арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының маңызын айрықша атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды барынша жетілдіруді жүктеген болатын.
Елордада отырғанда екінің бірінің қолы жете бермейтін министрдің Талдықорғандағы қабылдауына біраз адам келді. Өздерін толғандыратын мәселелер мен шешімін күтіп, жауабын таппай жүрген сауалдарын көлденең тартып, ағынан жарылды.
Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театр дирек-торының орынбасары Ғалия Темербаева өткен жылы 45 жылдығын атап өткен театрдың жетістіктері мен алдағы жоспары жайлы айта келе, бір кездегі «Халық әртісі» және «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» құрметті атақтарын қайта бекіту туралы мәселе қозғады. Қазіргі кезде ғылым, мәдениет, өндіріс, әлеуметтік және тағы басқа да саладағыларға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы ғана беріледі. «Заманында театр, көркемөнер сынды рухани саладағы саңлақтарға беріліп келген құрметті атақтар қайтарылса дұрыс болар еді» деген ойын білдірді.
Қарасай ауданындағы Шамалған ауылының тұрғыны Серік Қалиев министрдің алдына жаңа археологиялық музей ашу мәселесін қойды:
– Жер ұйығы Жетісудың табиғаты көркем екенін елдің бәрі біледі. Сонымен бірге осынау шежірелі өлкенің тарихы да тым терең. Атақты сақ қорғанының көбі осында орналасқан. Бүгінге дейін зерттелгені еліміздің тарихына үлкен үлес қосып, еліміз бен жеріміздің өткенін әлемге паш етті. Басқаны айтпай-ақ, дүниежүзіне даңқы тараған «Алтын адамның» Жетісудан табылғанын мақтан тұтсақ, артық етпейді. Қазіргі кезде облыста 26 музей жұмыс істейді. Дегенмен аздық етіп отырғаны рас. Сонымен бірге олардың зерттеу, зерделеу мүмкіндігі шектеулі. Осыған орай, дербес археологиялық музей ашып, арнайы ғылыми зертханалар желісін құрған жөн, – деп өз ойын жеткізді туған өлкесінің өткенін зерттеп, болашақ ұрпаққа жеткізгісі келген азамат.
Эстрадалық-үрмелі аспаптар ансамблінің көркемдік жетекшісі Данияр Жақияновты да жеке басының емес, әріптестерінің жағдайы толғандырады екен. «Үрмелі аспаптар оркестрінің музыканттарын зейнеткерлік демалысқа ерте шығарса» деген тілегін жеткізді көркемдік жетекші.
– Мәдениет саласындағы қызметкерлердің жекелеген санаттарына арналған қызмет атқарған жылдарына (сахнада 20 жыл) байланысты қосымша әлеуметтік төлем қарастыратын заңнамалық норма бар. Алдағы кезде сіздерді солардың қатарына қосу мәселесін қарастыратын боламыз, – деп жауап қайтарды министр ханым.
Қабылдауға келген бірде-бір адамның өтініші жерде қалмайтын болды. Сауалдарына тиянақты жауап қайтарылды. Облыстық деңгейде реттелетін жағдайлар бойынша тиісті лауазымды тұлғаларға тапсырмалар берілді. Барлық мәселенің заңмен қарастырылған мерзімде шешілуі мен сауалдарға тиісті жауаптар қайтарылуын министрдің өзі бақылауда ұстайды.
Жүздесуді қорытындылаған Ақтоты Рахметоллақызы Жетісу жерінің тарихи-мәдени мүмкіндігінің аса бай екеніне тағы бір мәрте назар аударып, қазіргі кезде үкіметтік деңгейде еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеуге, зерделеуге баса назар аударуды қарастыратын жобалар легі жасалып жатқанына тоқталды.
– Археологиядағы ғылыми ізденістер кез келген тарихи ақпаратты дәлелдеп бекітуге немесе жоққа шығаруға қызмет етеді. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында жүргізілуде. Алайда осы саладағы барлық зерттеулер қатаң түрде регламенттелуі керек екенін тағы мәрте еске салғым келеді. Біздің министрліктің бастамашылдығымен республикалық жоспар жасалмақ. Ол ресми сайтта жарияланады. Онда таяу жылдарға белгіленген барлық археологиялық экспедиция көрсетіледі. Тарихи-мәдени мұраларды сақтау – қоғам алдында тұрған аса маңызды міндет, – деп айрықша атап өтті Ақтоты Райымқұлова.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы