542
Түркиядан келген қандастар қазақ екенін неге дәлелдей алмай жүр?
Түркиядан келген қандастар қазақ екенін неге дәлелдей алмай жүр?
Тәуелсіздік алған жылдарда атажұртқа ағылған Түркия қазақтарының көші біршама саябырсып қалғаны жасырын емес. Әуелі Түркия қазақтарына сәл тарихи шегініс жасасақ.
1930 жылдардың екінші жартысында Шығыс Түркістаннан үдере көшкен қазақтар Қытайдың Гансу, Шынқай өлкесінен өтіп Гималайдан асып, Такламакан шөлін басып, Үндістан мен Пәкістан арқылы (1950 жылдары) Түркияға жетті. Бұл көш тарихы – ағылшын журналисі Годфри Лайастың «Аспантау асқан үркін көш» (1956 жыл, Лондон) және жазушы Хасен Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» (1999 жыл, Стамбұл) атты еңбектерінен белгілі.
Алтайдан Анадолыға жеткен қазақтың көшін 1940 жылдары Елісхан тәйжі, Құсман Зайыпұлы және 1950 жылдары Дәлелхан Жанымханұлы, Қалибек, Құсайын, Сұлтаншәріп, Нұрғожай батыр қатарлы азаматтар бастап барды.
Олардың саны жайлы нақты дерек жоқ. Тек 20 мыңнан 50 мыңға дейінгі әртүрлі болжамды сан бар. Алайда Анадолыға аман жеткен қазақтың саны – 1 850 адам.
Түркияға қазақтар екі жолмен көшіп барды. Біріншісі Алтайдан ауған қазақтар. Олар – Пәкістан мен Үндістан арқылы Түркия жеріне жеткен қазақтың ұрпағы болса, екінші көш Ауғанстан жеріндегі соғыстан босқан қазақтар. Олар Қазақстанда Кеңес үкіметі орнатылып, колхоздандыру кезеңінде еліміздің Қармақшы, Жалағаш аудандарынан көшкен.
1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған кезде ең бірінші болып таныған – бауырлас Түркия елі. Содан бері екі елдің достық, туыстық қарым-қатынасы берік. Оның бір көрінісі – Түркия қазақтары тарихи Отанымен кедергісіз байланыс жасап келді.
Түркиядағы қазақтар қауымдастығының берген мәлiметi бойынша, бүгiнде Стамбұлдың Зейтiнбұрны ауданында 13 400-дей қазақ тұрса, Гүлеш ауданын 6 000 қазақ мекендейдi. Сапагөй, Шекпенжер аудандарында – 1 500-2 000, Измирде 1 000 қазақ тұрады. Жалпы, Түркияда 30 мыңнан астам қандасымыз өмір сүреді деген болжам бар.
Алғаш 1953 жылы Пәкістаннан барған қазақтардың аты-жөндері қазақша болған. Бірақ Түркияда азаматтық берген кезде өзге ұлт өкілдері арнайы әзірленген фамилия таңдап алады. Бұл Түркияның заңымен бекітілген. Қазақтардың да көбінің есімдерін қазақша қалдырып, тегін «түріктендірген».
1992 жылы атамекенге отбасымен көшіп келген белгілі дін қайраткері, «Алаш» сыйлығының иегері, қари Халифа Алтай Құранды қазақ тіліне аударды. Елге келіп, руханият саласында елеулі қызмет атқарды. Сонымен қатар Мұстафа Өзтүрік (Мұстафа Кәбенұлы Әбдірахман (23.11.1954-15.03.1995) – белгілі спортшы, таэквондодан қара белбеу 6 дан иегері, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы елге келіп, Қазақстан таэквондо (WTF) федерациясының негізін қалады.
2008 жылдан бері Батыр Хамзаұлы, Хайролла Мұхаммедұлы және Фетих Алтай есімді үш қандасымыз тарихи Отанға түпкілікті қалғысы келген. Бірақ олардың айтуына қарағанда, кейбір кедергілер бар көрінеді. Фетих Алтай былтыр елордада үйленді. Ал Батыр мен Хайролла – әлемнің талай бәйгесінде топжарған суретшілер. Бірақ атажұртқа бірге қоныс аударған 3 қандасымыз азаматтық деген бір жапырақ куәлікті әлі ала алмай жүргені қынжылтады.
Азаматтығы жоқ азамат
Суретші Батыр Хамзаұлы 1985 жылы Түркиядағы Алтай ауылында туған. 2011 жылы Қазақстанға қоныс аударған. «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында келгендіктен, алғашқы жылы азаматтыққа тапсырған. Оралман куәлігін алған. Әрі қарай азаматтық алуға қажетті құжаттарды жинау туралы көші-қон қызметкерлері ескертпеді дейді. Сөйтіп жүргенде оралман куәлігінің уақыты өтіп кетеді. Біраз жыл туристік визамен жүріпті. Кейін 2018 жылдан бастап этникалық қазақтарға арналған визаға ауыстырған. Батыр Хамзаұлының айтуына қарағанда, азаматтыққа тапсырған кезде көші-қон қызметі ұлты қазақ деген анықтама сұраған. Бұрын Түркиядағы қазақтар қауымдастығы немесе кейбір елшілік танитын қорлар бұл анықтаманы беріп келген. Қазіргі көші-қон жүйесі бұл анықтамаларды қабылдамай отыр дейді. – Көші-қон қызметі Түркияның ресми органдарынан анықтама әкел дейді. Бірақ Түркияда ондай анықтама беретін орын жоқ. Содан мен Түркиядағы азаматтарды тіркеу архивінен қазақ екенімді дәлелдеу үшін анықтама сұраттым. Олар менің Семейден Тарбағатайға, Тарбағатайдан 1950 жылдары Пәкістан арқылы барған ата-бабаларымыздың аты-жөндерін жазып берген. «Бұл жерде ұлты қазақ деген сөз жоқ» деп, бұл жақтың Көші-қон қызметкерлері тағы да қабылдамай отыр, – дейді қандасымыз. Былтыр үйленген Фетих Алтай да оралман мәртебесін ала алмай жүр. «Өткенде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына және «Отандастар» қорына барып кеңес сұрадық. Олар да біздің мәселемізді түсінбейтін тәрізді. Өйткені әлі бір нақты кеңес бере алмай отыр», – дейді суретші Батыр Хамзаұлы. Оның айтуына қарағанда, мұндай қағазбастылық Еуропа жақтан келетін қазақтар көшіне біршама кедергі келтіруде. Әлбетте, Түркия секілді дамыған елдегі қазақтар атажұртқа еріккеннен немесе күнін көре алмағаннан көш түземейді. Бәрі де ұрпақтың ұлт болып ұйысуының қамы...