795
«Халықтың сүйіктісі» – дәрігер Әженов
«Халықтың сүйіктісі» – дәрігер Әженов
Елімізде құлақ, мұрын және тамақты емдейтін дәрігерлер кемде-кем. Ал үшеуін үш бөлек емдемей, тұтас қарайтындар саны тіптен аз. Отоларинголог деп аталатын бұл мамандықты жанына серік еткен медицина ғылымдарының докторы, профессор Талапбек Әженов жыл сайын өткізілетін «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығына ұсынылып, өз номинациясында жеңіске жеткен болатын. Осы орайда «Жыл дәрігері» атанған дәрігермен сұхбаттасқанды жөн көрдік.
– «Халықтың сүйіктісі» сыйлығының «Жыл дәрігері» номинациясын иелендіңіз. Оның алдында Қазақстан Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталдыңыз. Өткен жыл сіз үшін нәтижелі болғанға ұқсайды.
– Иә, расымен де өткен жыл мен үшін жемісті жыл болды. Осымен тоғызыншы жыл қатарынан ұйымдастырылған «Халықтың сүйіктісі» сыйлығына ұсынылып, нәтижесінде халықтың басым көпшілігі маған дауыс беріп, жеңіп шықтым. Негізі, мені бұл сыйлыққа 2017 жылы да ұсынған болатын. Алайда сол жылы дауыс беру нәтижесі бойынша жеткілікті көрсеткішке ие бола алмай қалдым. Биыл барлығынан оқ бойы озып шыққаныма қуаныштымын. Жалпы, медицина саласында жүргеніме жиырма жылдай уақыт болды. Сол жиырма жыл ішінде алдымнан тексерістен өткен, ем-дом алғандар саны қаншама. Сыртымнан білетіндер де баршылық. «Қатысып жатыр екенсіз. Сізге дауыс бердік!» деп тілек-лебіздерін білдірген көпшілік менің сол сыйлықты жеңіп алуыма септігін тигізді. Сосын өзіңіз айтып өткендей, Президенттің атынан мемлекеттік награданы иелендім. Бұл да жұмысымның алға басуына тың серпін бермей қоймайды. Тағы бір айта кетерлік жайт, Президенттік ауруханада былтырдан бастап «Жыл адамы» деген жүлде ұйымдастырылып жүр. Бұл жүлденің иесін сол ауруханада жұмыс істейтін екі мыңға жуық адам арнайы жәшік арқылы дауыс беру жолымен таңдайды. Нәтижесінде, сол номинация маған бұйырды. Сондықтан бір жылда үш бірдей марапат иелендім.
– Айтуға тіл күрмелетін отоларинголог мамандығын таңдауыңызға не себеп болды?
– Атауы күрделі болғанымен, қызық мамандық. Грек тілінен аударғанда «ото» сөзі құлақ, рино мұрын, «ларингс» деген тамақ дегенді білдіреді. Байқап отырғаныңыздай, бұл мамандық адамның үш мүшесін емдейді. Оның үстіне бұл мүшелер бір-бірімен тығыз байланыста жатыр. Мәселен, мұрныңыз ауырса құлағыңыз бітеледі, тамағыңыз ауырса, мұрныңызға әсер етеді. Негізгі мамандығым – балалар хирургі. Ақтөбе медициналық институтын үздік бітіріп жатқанымда, облыста лор мамандығы тапшы болды. Сөйтіп сұраныс көп, бірақ кадр аз бұл мамандықты оқу үшін аспирантурада оқығым келді. Осылайша, Астана мемлекеттік медицина университетінде аспирантураға түстім, нәтижесінде мені осы жерде жұмысқа алып қалды. Кейіннен басқа жерге ауыссам да, бұл университетте әлі күнге дейін сабақ беремін.
– Ал Президенттік ауруханаға қай жылы шақырылдыңыз?
– Бұл ауруханаға 2008 жылы шақырылдым. Жалпы, мен 1999 жылдан бері эндоскопиялық ота жасаумен айналысып жүрген болатынмын. Бұл дегеніміз теріні сырттан кеспей, камерамен тексеру. Сөйтіп, аурухана басшылығы мен туралы естіп-біліп, ақырында жұмысқа шақырды.
– Ұлыбританиядан шығатын «ХХІ ғасырдың көрнекті ғалымдары» энциклопедиясына енген Райыс Төлебаевтың шәкірті екенсіз...
– Иә, ол кісінің ықпалы өте зор болды. Сондай ұстазымнан тәлім алғанымды мақтан тұтамын. Үнемі қолдап, қолпаштап отырады. Дүние жүзіндегі лор профессорлардың арасында ол кісінің беделі өте жоғары. Сондықтан сол кісі арқылы Ресей, Польша және Корея секілді елдермен үнемі байланыстамыз. Райыс Қажыкенұлы әлі күнге дейін кафедра меңгерушісі қызметін атқарады. Әлі күнге дейін қарауында жұмыс істейміз. Әлі де болса шапағатын көріп келе жатырмын.
– Өзіңіз жоғарыда айтып өткендей, облыстарда құлақ, тамақ және мұрынды емдейтін дәрігерлер бұрын тапшы болған, қазір де солай. Сіз секілді тәжірибелі мамандар түрлі аймақтарда еңбектенетін дәрігерлерге қалай көмектесе алады?
– Жаңылыспасам, екі жыл бұрын елімізде 1 000 лор дәрігері болды. Бұл аз да, көп те емес. Дегенмен лор мамандығының өзі хирургиялық және бақылау түрі болып екіге бөлінеді. Өзім дәріс беріп жүрген университетте бар білгенімізді үйретіп жатырмыз, алайда оларға бірден ота жасауға болмайды. Оның үстіне, олардың басым бөлігі ірі қалаларда қалғысы келеді. Себебі мұндай дамыған қалаларда құрал-жабдықтар да сапалы. Сондай-ақ бұл қалаларда білім мен біліктілікті арттыратын база көп, университеттер де осында. Десек те, шетелдік хирургтерді шақырып, тәжірибе алмасып отырамыз. Жыл сайын мастер-класс өткізіп тұрамыз.
– Құлақ, тамақ және мұрын ауруларына қай өңірдің тұрғындары жиі шағымданады?
– Елімізде Солтүстік және Орталық Қазақстан облысының тұрғындары гайморитпен жиі ауырады. Мұны бұл өңірлердегі ауа райының суық болуы себебінен деп түсінемін. Ал құлақ және тамақ ауруына Батыс Қазақстан облысы және Шымкент тұрғындары жиі шағымданады. Бұл сол аймақтардағы экологиялық жағдайдың салдарынан туындайды. Сондай-ақ маған Көкшетау, Петропавл өңірлерінен көмей ауруымен ауыратындар көп келеді. Олардың арасынан тамағында қатерлі ісігі бар адамдарды тауып аламыз. Шамамыз келсе, өзіміз алып тастаймыз, бірақ көбіне онколог дәрігерлерге тапсырамыз. Аурухана Нұр-Сұлтанда орналасса да, шалғайда жатқан елді мекендерден келіп қаралатындардың қарасы көп. Портал аштырып, бізге келіп, тегін қаралып кетеді. Пациенттерімнің арасында Америкадан арнайы келіп, мұрнына ота жасатып кеткендері де бар. Бұл соңғы жылдары дамып келе жатқан медициналық туризм жолымен жасалынды. Біз де жұмысымызды соған қарай бағыттап жатырмыз. Алдағы уақытта медициналық туризм арқылы Орта Азия, Ресейден де келіп қаралуы мүмкін. Себебі бұл елдердің бізбен шекаралас өңірлерінде біздегідей сапалы құрал-жабдық жоқтың қасы. Мәселен, бұрын құлағы, тамағы я мұрны ауыратын Атырау облысының тұрғындары Астраханға, батыс қазақстандықтар Самараға, солтүстіктегілер Омбыға барып қаралатын. Ал қазір біздің көмегімізге жүгінеді.
– Жуырда жеке клиникаңызды ашыпсыз. Сұраныстың көптігінен болар?
– Иә. Мұны ашқан себебім – Президенттік ауруханада түгел уақытымды ота жасауға арнаймын. Сөйтіп, емделушілерді жеке қабылдау мүмкіндігі болмай жатады. Сол себепті отаға дейінгі және отадан кейінгі науқастар мені іздейді, хабарласып, ақыл-кеңес сұрайды. Сұраныс көп болғандықтан, ашуды жөн санадым. Арнайы Президенттік ауруханаға жақын жерден аштым. Мұнда менен басқа екі дәрігер жұмыс істейді. Десек те, басы-қасында өзім жүремін.
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ