246
Bek Air ұшағының құлауына қандасымыз емес, қанатқа қатқан мұз кінәлі екен
Bek Air ұшағының құлауына қандасымыз емес, қанатқа қатқан мұз кінәлі екен
Газетіміздің 13 ақпан күнгі санында «Bek Air ұшақ апатына қандасымызды кінәлі етпек пе?» деген тақырыпта материал жариялағанбыз. Онда әуекомпаниясы ұшақ соғылған үйдің иесі, қандасымыз Решет Қалибекті сотқа бергендігін және ол соттың 21 ақпанда болатындығы жазылған. Сонымен қатар осы оқиғаға қатысты пікір білдірген заңгер мен қоғам белсенділері Bek Air компаниясының қылмыстық жауапкершіліктен қашып, қандасымызды сотқа бергендігін атап өткен.
Кеше мемлекетаралық авиация комитетінің бас директоры Виктор Сороченко Bek Air ұшағының апатқа ұшырауының басты себебін айтты. «Мен ұшақ апатының екі ғана себебін көріп отырмын. Олар: қанаттардың зақымдануы, бүлінуі, көтеру қабілеті төмендеуі немесе мұз қату. Комиссия авиациялық оқиға болғаннан кейін әуе кемесін қарап шығып, қанаттарының зақымданбағандығын анықтады. Менің тәжірибем мұнан өзге себебін көріп те тұрған жоқ. Сондықтан біз ұшақ қанаттарына мұз қатуы нұсқасына бірінші кезекте мән береміз», – деді Виктор Сороченко. Мамандардың пікіріне қарағанда ұшақтың апатқа ұшырауына қанатына қатқан мұз себеп болыпты. Ал Bek Air компаниясы не себептен қандасымызды сотқа сүйреп жүргені бізге беймәлім.