Құтты қоныс – көпке арман

Құтты қоныс – көпке арман

Құтты қоныс – көпке арман
ашық дереккөзі
448
  «Нұрлы жол» аясындағы әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асырудың алғашқы жылында «Бәйтерек» холдингі жоспарды 6,6 пайызға асыра орындады. Аймақтарды дамыту бағдарламасына сәйкес 2015 жылы холдингке 401 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 7 мыңға жуық пәтерді пайдалануға беру жүктелген болатын. Қой жылының қорытындысы бойынша бұл міндет мінсіз орындалып, 427,5 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 7237 пәтер тұрғындар игілігіне берілген. Жалға берілетін пәтерлер жергілікті атқарушы органдардың тізімінде кезекте тұрған азаматтар, атап айтсақ, бюджеттік мекеме еңбеккерлері, мемлекеттік қызметкерлер, көпбалалы отбасылар, мүгедек баланы немесе жетім балаларды асыраушы отбасылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, толық емес жанұялар, әскери қызметкерлер мен сырттан келген қандастарымызға берілетіні мәлім. Соның ішінде, берілетін пәтерлердің 50 пайызы жоғарыда аталған санаттарға жататын 35 жасқа дейінгі жас отбасыларға ұсынылады. 2014 жылдың қарашасында Қазақстан халқына жолдаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жолдауында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қолжетімді тұрғын үй салу жолдарын бір жүйеге келтіріп, қазақстандықтарды сапалы әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. «Агломерациялар қалыптастыру айтарлықтай тұрғындар ағынымен қатарласа жүреді. Бұл еңбек нарығы мен қалалардың инфрақұрылымына, соның ішінде, тұрғын үй қорына қысым туғызады. Сондықтан жалға берілетін тұрғын үй құрылысына көзқарасты қайта қараған жөн. Мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақ мерзімді жалға ұсынады. Баспананы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсыну оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Бастапқы жарнаның болмауы мен ипотека үшін төмен пайыздар баспананы қазақстандықтардың көптеген жіктері үшін қолжетімді ете түседі. Сондықтан 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қосымша 180 миллиард теңге сомасында ұлғайтамыз», – деген еді Президент. Елбасының Бұл тапсырмасын жүзеге асыру үшін Үкімет өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын әзірледі. Онда жалдамалы тұрғын үй құрылысы айрықша назарға алынған. Жалға берілетін баспанадан үміттілердің тізімін жергілікті атқарушы органдар іріктеп, төлемге қабілеттілігін растау үшін «Бәйтерекке» қарасты құрылым – «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ-ға жібереді. Астана мен Алматы қалаларында пәтердің әр шаршы метрінің құны орта есеппен 1120 теңгені құраса, өзге өңірлердің тұрғындары үшін 923 теңгеден айналады. Жалдамалы тұрғын үйлер бастапқы төлемсіз сатып алу құқығымен 20 жылға беріледі. Аталмыш мерзім аяқталған соң баспана жал құнын қабылдаушының қарамағына өтеді. Жалға алушы 5 жылдан соң үйді жеке меншікке алуға құқылы. Мұндай жағдайда баспананы сатып алу бағасы қалған айлардағы жал құнының жиынтық сомасына тең болады. Ұлттық экономика министрлігі құрылыс материалдарының құны қымбаттағанына қарамастан «Қолжетімді тұрғын үй» бойынша таратылатын пәтерлер құны өзгеріссіз қалатынына сендіріп отыр. Бұл туралы миниистрліктің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов хабарлады. «Құрылыс компаниялары құрылыс материалдарының қымбаттағанын алға тартуда. Егер «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы туралы айтар болсақ, құрылыс материалдары тек 2-3 пайызға қымбаттады, ал салынып біткен пәтерлердің құны көтерілген жоқ. Бұл 2015 жылдың қорытындысы, ал әрі қарай не боларын уақыт көрсетеді», – деді ведомство өкілі. Мархабат Жайымбетовтың айтуынша, сырттан тасымалданатын құрылыс материалдарының бағасы айтарлықтай көтерілген. Алайда Ұлт жоспарына сай жүзеге асырылатын ресурстық әдіс оңтайлы бағаларды бақылауда ұстап, жобалық-сметалық құжатты тиімді жасау жолдарын жеңілдетіпті. Осы орайда 2011-2014 жылдар аралығында 742 мың шаршы метр жалдамалы тұрғын үй пайдалануға берілгенін айта кеткен жөн. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 361,6 млн.доллар бөлінді. Сонымен қатар, Қазақстанда тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша несиелік баспаналар салу бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ел қазынасынан 694,4 млрд. теңге бөлудің арқасында 2011-2014 жылдары 907,2 мың шаршы метр тұрғын үй құрылыс сәтті аяқталды. Тағы бір айта кетерлік жайт, валютаның еркін айналым жүйесіне көшкелі бері «Қазақстанның тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» мен «Бәйтерек» холдингі Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында салаға жауапты жергілікті билік өкілдерімен бірге 2015 жылдың 18 тамызына дейін банкке салынған тұрғын үй салымдары үшін өтемақы төлеу механизмін жасады. Өтемақылар бюджет қаражаты және банктің жеке қаржысы есебінен төленбек. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Үкімет отырысында мәлімдеді. Алдағы уақытта «Қазақстанның тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» тұрғын үй құрылысы жинақтары жөніндегі 467 мыңнан астам келісімшарт бойынша салымшыларға өтемақы төлейтін болады. Оның ішінде, 1 млн.теңгеден астам салым салған қазақстандықтар да тиісті төлемдерін алады. Банк деректеріне сүйенсек, өтемақы төленуі тиіс салымдардың жалпы сомасы 171,9 млрд.теңгені құрайды. Министрлік берген уәдесін орындаса, валюта бағамы еркін айналымға жіберілгенге дейін жалдамалы баспана үшін банкке қомақты қаржы салған тұрғындар салымдарының тағдыры үшін алаңдамас еді.

Анар ЛЕПЕСОВА

  2015 жылы пайдалануға берілген жалдамалы тұрғын үйлер: Астанада – ауданы 23 мың шаршы метрді құрайтын 394 пәтер; Алматыда – ауданы 111,5 мың шаршы метрді құрайтын 1885 пәтер; Шымкентте – ауданы 85,9 мың шаршы метрді құрайтын 1572 пәтер; Ақтөбеде – ауданы 31,3 мың шаршы метрді құрайтын 478 пәтер; Таразда – ауданы 28,5 мың шаршы метрді құрайтын 450 пәтер; Қарағандыда – ауданы 10 мың шаршы метрді құрайтын 152 пәтер; Қостанайда – ауданы 5,5 мың шаршы метрді құрайтын 91 пәтер; Семейде – ауданы 9,5 мың шаршы метрді құрайтын 192 пәтер; Қызылордада – ауданы 59,6 мың шаршы метрді құрайтын 950 пәтер; Талдықорғанда – ауданы 1,7 мың шаршы метрді құрайтын 30 пәтер; Павлодарда – ауданы 10,6 мың шаршы метрді құрайтын 215 пәтер; Ақтауда – ауданы 19,4 мың шаршы метрді құрайтын 316 пәтер; Көкшетауда – ауданы 19,9 мың шаршы метрді құрайтын 337 пәтер; Өскеменде – ауданы 7,8 мың шаршы метрді құрайтын 140 пәтер; Қостанайда – ауданы 2,8 мың шаршы метрді құрайтын 35 пәтер.

Серіктес жаңалықтары